Тағдырын өлеңі ұрлаған ақын

0
2402

Мейірімділігі ішінде тұнған ақын бір өлеңінде: «Ұйықтауды қойшы, мен үшін ояну қымбат»,- деп жазды. Расымен, кішкентай кезінде жолдан тапқан ауруы ғұмырын ғана емес, ақындығын да жұтып жатқандығын ол іштей сезетін. Тіршілігінде емен-жарқын, аузын ашса жүрегі көрінетін ақын жігітті бәрі жақын тартты. Алайда, ғұмырында ешкімнің соңына шам алып түспеген Меңдекешті тағдыры мүлде басынан сипап жарытқан жоқ. Ата — атасынан ерте айырылған ол өзге қатарластары мектепті бітіріп, бөріктерін аспанға атқанында, «күнін көру» үшін азаппен еңбек етті. Бір қызығы, мейрімге жұтаған, тек өзінің руxани лаззаты үшін ғана жазған ақын мүсіркеуді ұнатпайтын еді. Тіпті, әдебиет классигі Әбіш Кекілбаевтың да оның сиясы бөтен сүрлеуіне басын шайқап:
-Меңдекештің тірі қалуынан бастап, тірілердің есінде қаларлықтай өмір кешуі — нағыз ерлік!- деп пікір білдіргені көбінің әлі есінде… Шығармашылығында: «…Азырақ болып ортаңда, көңіліңде тұрсам көбірек»,-дейтін ақынның бұл жалғандағы ғұмыры ұзаққа барған жоқ. Ол ішкі интуициясын сезе тұра, өзімен арпалысты. Өле-өлгенінше ойындағыны жазып қалуға тырысты. «Жіңішке ауруы» асқынып, жөтел қысқанда да өлең жазды.
Ғұмыр оты сөнгеннен кейін кейбір зерттеушілер мен замандастарының: «Меңдекеш Сатыбалдиев — ұмыт болған ақын!» — деп баршаға жар салуы әйелі Рузия мен руxани сырластарының ренішін тудырды. Шындығында, шуы көп әдеби орта Меңдекеш Сатыбалдиевті көзінің тірісінде мойындады. Шын ақынмен тіршілігінде бетпе-бет келуден қорықты.
© Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ