Ішкі арпалысын жазған жазушы

0
1618

Оның шығармаларын оқығандардың көбі: «Мен француз емеспін, сондықтан маған оны қабылдау тіптен қиын»,-деп ақталады. Шындығында табиғатынан таршылық көрген, кітапты жастанып оқып, жазушы болған Онере де Бальзакты түсіну — өзіңді түсіну еді. Басында заң факультетінде оқитын, санасы жарғылармен уланған, бірізділікпен күн кешкен студенттен әлемді мойындатқан жазушы шығатынын, әрине, ешкім білген жоқ. Керісінше оны көбі жұпыны тұрмысы мен басынан асқан қарызына қарап көп жазғыратын. Бұрқасын шығармаларынан «жан тыныштығын» іздеген жазушы да кейде өзді өзінен түңіліп:
— жарты жыл проза жазумен еңбектенсем, бар қарызымнан құтыларым сөзсіз-, деп жазды. Расымен, айтқанынан танбайтын Бальзак өз мұратына кешігіп болсын жетті де! Себебі, ешкімге ұқсамайтын, шынайылықтың иісі аңқыған оның шығармаларын баспатабақтың құлағында ойнаған Париж баспагерлері іздеп жүріп жарыса басатын. Алайда, талантының салтанат құрғанына қарамастан Бальзак «материалдық балшықтан» бірден шыға қойған жоқ… Осыған ашынған ол бірде тағдырының мәнін қаламұшы мен қауырсынынан үйлестіріп, бір түн ішінде 15 000 сөзден тұратын шығарма жазып шықты. Тіпті, оның минутына 30 сөз жаза алатын қасиетіне кейде қатарластарының біразы қызғанышпен қарайтын… Ойы ұшқыр, жазуы жылдам Бальзактың шығармалары да шартарапқа, сәйкесінше, лезде тарап кетті. 1832 жылы ол өзінің ішкі ойларымен арпалысып жүргенде «Беймәлім жаннан» xат алады. Оның Бальзакқа әсер еткені сондай ол xаттың иесі граф Венцослав Ганскийдің әйелі Эвелинамен 16 жыл бойы xабар алысты. Неміс,француз және ағылшын тілдерінде өте сауатты сөйлеген Ева (Евелина) ақырында графты тастап Бальзакпен қосылып тынды. Өмірінің соңына дейін Евамен бірге болғанына қарамастан жазушы толыққанды бақытты бола қойған жоқ. Тіпті кейбір ғалымдар ауыр науқастан қайтыс болған Оноре де Бальзактың өліміне әйелі Еваны әлі күнге дейін кінәлап жүр. Еңбекқор, бірбеткей Бальзак дәуірінің өз кезеңінде «нағыз жазарманның» бейнесін жасады. Ол әлемнен бөлек өзінің «әдеби әлемінде» өмір сүрді. Қайтыс боларында да «Адам комедиясы» эпопеясындағы дәрігер Орас Бьяншонның атын дауыстап шақырып, мәңгілік ұйқыға кетті. Ғұмырында кейіпкерлерімен сырласты, өзі де кейіпкерлерінің тоқтаусыз рөлін сомдады. Кейіпкерлерінің шашбауын көтеруімен ерекшеленгісі келген О. Бальзак мақсатына ақыры жетіп тынды. Оны оқырмандар әлі күнге дейін кейіпкерлерімен таниды. Тани береді де!.. Себебі, Бальзақ жоқтан барды жазған жалғыз ұлы жазушы.
© Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ