Мұхтар Әуезовке арнау

0
17395

Данышпан ойы сомдаған алғыр тұлғасың,

Ақылы сүзген алтынның таза тұнбасын.

Алып шың асқар тауына қазақ балаған.

Маңдайға біткен жұлдызы жайлы тыңдасын.

 

Ұрпаққа мұра, өшпейтін ізі мәңгілік,

Жырлайды ғасыр, ғажайып сырын ән қылып.

Кең байтақ дала, дәуірдің жүгін арқалап,

Жазира белден, атары анық таң күліп.

 

Әлемге алғаш, танытып Абай дананы,

Ұлылық сынды, бөледі сыйға даланы.

Абай мен Мұхтар секілді ғұламаларды,

Піріме балап өтемін туған ананы.

 

Беріліп сүйіп, беделін елдің асырған,

Кезі жоқ өмір шындығын айтпай жасырған.

Кемеңгер ойдан көсем сөз туындататын,

Шебердің сырын жүздегі сұра ғасырдан.

 

Адам, тағдыр, замана, зарын шерткен заңғарым,

Аңсап өткен өмірдің, тап-таза ауа таң нәрін.

Шегі жетпес даласын, шебер тілмен өрнектеп,

Мәңгі мүсін мұзарттан құйып кеткен тауларын.

 

Саралапты саңлақ ой, сөз асылын сапырып,

Айта алған жоқ әлі ешкім, Мұхтарынан асырып.

Өзегінің нәрі алтын, өсиетті сөзіне,

Төрт күл дүние, күллі әлем, отыр бүгін бас иіп.

                                                                                                 КҮЛМАРИЯ КӨКЕКОВА

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ