Ұлы күні ұлыстың

0
14268

Дидарласқан ұлы күні ұлыстың.

Адам сыйлас, бір-біріңе туыссың.

Бұрынғының жоралғысы, жолы осы,

Қолдаушысы болмақ барлық ұлы істің.

 

Қолда Қызыр, баба әулие, періштем,

Әкет басын жүдегеннің еңістен.

Бағы жанып батырлардың білекті,

Арылмасын ар-ожданы жеңістен.

 

Ай мен жұлдыз күн мекені жыр аспан,

Жатсын жолдап жерге сәлем жырақтан.

Жарқырасын мәңгі тірлік алауы,

Адам жаққан жер бетіне шырақтан.

 

Әділет пен шындық шығып төріме,

Салсын тәртіп тәрбиені жөніне.

Алтын нұрын ақ сәуленің жалатсын,

Кең даланың көсем көркі өңіне.

 

Пейілімен ынтасы артсын адамның,

Қалмасын де, ар астында табанның.

Қазақстан, алып тұлға Отаным,

Айтам тілек, ақ жүректен саған мың.

 

Бірлік орнап, бүтін болсын аумағың,

Жоғалтпасын бұлақ бастап, тау нәрін.

Ұлыс күні қуандырып қызықпен,

Аман сақта ей, жаратқан, сау бәрін.

                                                                                                 КҮЛМАРИЯ КӨКЕКОВА


ПІКІР ҚАЛДЫРУ