ҚАЗАҚТЫҢ ТЕКТІ ҚЫРАНЫ. ТАЛҒАТ БИГЕЛДТИНОВ ТУРАЛЫ

0
2858

Талғат Бигелдиновтің еншісіне ерекше тағдыр бұйырған\r\n\r\nОл тағдыр – қазақтың текті қыранының тағдыры. Қыран бүркіт қашан да мәрт келеді. Қыран мекені қияда. Қыран аңсары – күн астындағы шексіз, шетсіз кеңістік. Қыран самғауы зеңгір көктің төрінде. Қыранның шырқау биікті көксемейтін күні жоқ. Мұзбалақ қыран тұғыры – мәңгілік мұзарттар. Қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бигелдинов даңқының, соны сүйіншілеп қуанған халық мерейінің биігі екі дүркін Кеңес Одағы Батыры жұлдыздарының сөнбес жарығымен сараланады.\r\n\r\n \r\n\r\nҚарт қыран бүгінде сексеннің жетеуінде. Әлі де сол мұзарттағы тұғырында. Мәшинесін өзі айдайды. Көптен бергі сүйікті хоббиі – бал арасын бабымен ұстап, омартасын Алатау аңғарларында мұқияттап сайлайды. Жетпістен асқанда күркіреп жауға шапқан баяғы Бөгенбай бабасындай “Бетін аулақ қылсын, бірақ күн туа қалса ұшаққа отырып қайтадан самғауға әзірмін!” деп ширығуынан-ақ қайтпаған батыр сұсы білінгендей. Соған қарамастан батыр көңілі баладай риясыз. Күркірей күлімсіреген батыр ағаның бала мінезінен қилы-қияпат жылдарға мойынсұнбаған жан тазалығын танығандай жадырай түсеміз. Осынау қыран қазақпен аз-кем де болса әңгімелескен адам оның сөзінен, мінезінен ертегі батырларының ерекшелігін байқамай тұра алмас еді. Өзіміз байқадық.\r\n\r\n \r\n\r\nОсы Кеңес Одағының Батыры атағын бір емес, екі рет алған қазақ аз ба, көп пе? Мүлдем қисынға келмейтін сұрақ. Екеудің бірі де емес, бірдің өзі, нағыз дүрдің өзі Бигелдинов Талғат. Мұны айтып елдің есіне салғанда Американы қайтадан ашқалы отырған жоқпыз. Тек сонау қаһарлы соғыс жылдарында Сталиннің жарлығы бойынша 80 жауынгерлік ұшуды табысты орындаған ұшқышқа Батыр атағы бері­летін болып белгіленген екен. Ал біздің Талғат ағамыз болса, 305 мәрте жауын­герлік тапсырмамен ұшып шығып, жауға  соншама рет ойран салып шайқасқан, соншама рет өліммен беттесіп, арпалысып айқасқан. Қарапайым арифметикаға сал­сақ та, төрт немесе, кем дегенде, үш мәрте Кеңес Одағының Батыры болғандай екен! Әрине, екі Жұлдыз да тақиямызға тар келмес. Күпірлік болмасын, бірақ көңілде күмән барын қайтіп жасырайық. Қазаққа одан артықты қимаған, осы да жетер деген кердең пиғыл да болмай қалмаған-ау деп шамалаймыз. Ал мына екі мәрте Батыр атағын бермеске де Талғаттай өреннің бірінен бірі асқан, үдемелеген ерен ерлігі ерікке қоймаған. Шабытты шағындағы болат топшылы қызылшыл қыран қайтпас қайсарлығымен Жұлдызды жұлып алған, іліп түскен. Қиян-кескі сол күндердің өзінде неміс-кеңес майдан шебінің екі жағында да қысық көзді азиат Бигелдиновтің жаужүрек жалыны мен ұшқыш ретіндегі шеберлік  шалымы аңызға айналғанын көзкөрген куәлар хатқа түсірген, құжаттарда таңбаланып қалған. Шабуылдағы қазақ сұңқарының айла-тәсілі, қабілет-қарымы, ұшақты қапысыз меңгеруі, ұрыстағы ұрымталдығы, өжеттігі өзгелерден оқ бойы озық болып дараланғанын да сарғайған құжаттар, ескірмес естеліктер жырдай қып жеткізген. Осылайша жердегі жаяу әскердің жортуыл-жорықтарында ғана емес, қазақ аты аспандағы айқастарда да бірден-бір Бигелдиновтің арқасында айдай әлемге әйгілене танылып, туған халқына мерей-мақтаныштың кенен олжасын асқан бір дарқандықпен молынан салғанына алғыс-рахметіміз де әрқашан айтыла беруі керек-ақ.\r\n\r\n \r\n\r\nСол бір отты күндерден бері де  алпыстан астам жыл өтіп, соғыс жаңғырығы алыстап барады. Бір майданда, бір елдің қосыны болып тізе қоса соғысқан Ресейден де ірге ажыратып, дербес байрақ көтергенімізге де жиырма жылға таяп келеді. Ендеше, осынау, дүниені тітіренткен сұрапыл соғыстың сол кездегі бас қаһармандарының бірі, қазіргі қарт қыраны, ардагер жауынгер Талғат Бигелдинов хақында жаңа пайымды жүрекжарды сөзді еліміздің бас газетінің бетінде айтқан жөн сияқты. Алға озған уақыт, өркендеп өрлеген заман Батыр орайындағы  көзқарас-бағаны бір қағып-сілкіп, шаң-тозаңнан тазартып, өмір жолын көз алдымызға елестете, оған деген ілтипат-құрметіміздің деңгейін сыни тұрғыдан тағы бір бағамдап өтуге ишара ететіндей.\r\n\r\n \r\n\r\nЖә, олай болса, аспан шайқастары ақиығының тәңірім жарылқап тарту еткен талайлы тағдыры қалай, қай жерде, қашан басталып еді?\r\n\r\n \r\n\r\nБұрынғы Ақмола-Қараөткел төңірегіндегі атақоныс, қазіргі Астана әуежайының орнындағы ескі Майбалық ауылында, Бигелді қарттың әулетінде қазақтың болашақ даңқты ұшқышы Талғат Бигелдинов дүниеге келеді. Сол бір аумалы-төкпелі заманда Майбалықтан басталған хикая Қордайдан асып, қырғыз жеріне қарай бет алады. Ғали деген татар байының көп малын айдаған Бигелді балалары Жүсіпбек пен Жақыпбек Пішпек қаласының маңына жетеді. Ғали байдың өзі жоқ, қашып кеткен. Малшылардың бастығы ағайынды жігіттер сол арада қызыл әскербасы Михаил Фрунзенің корпусына тап келіп, өзіне жолығады. “Ғали байдың малын айдап келдік, өзі жоқ, малды не істерге білмей тұрмыз” дейді. “Сендер кімсіңдер?” десе, “Бигелді балаларымыз” дейді. Фрунзе: “Ғали бай Қытайға қашып кетті, малды бізге тапсырыңдар” дейді. “Олай болса, мейлі, алыңыздар, – дейді Жүсіпбек, – тек, әй, русский нәшәндік, бізді мал берді деп пиши бумага, пиши бумага!”. Фрунзе сөзге келместен дереу: “Я, главнокомандующий Туркестанским военным округом М.В.Фрунзе, принимаю скота Гали бая от чабанов Бегельдиновых Жусупбека и Жакупбека и других, в составе: 20 тыс. овец, 500 крупного скота” деген мағынадағы қолхат жазып, мөрін басып береді. Малшыларды да қанатының астына алып қолдарына бір-бір мылтық ұстатады, етік, шинель, буденновкамен жарылқап, әскерше киіндіріп қойып, малды одан әрі қаратады. Сойыс-мұқтажға мал сұраса беріп тұрыңдар деп тапсырады. Ал мұның нағыз әуселесі басқада. Тағдыр жазуының ғажабына қараңызшы, қызыл сардар Фрунзенің нақ осы қолхаты он сегіз жыл өткенде жасөспірім Талғаттың ұшқыштар мектебіне оқуға қабылдануына бірден-бір шарапат-септігін тигізген ақжолтай құжат болды.\r\n\r\n \r\n\r\nБатырдың балалық шағы қалай өтті дегенде, соншалықты бір тауқымет, қиын­шылық көрді деуге келмес. Ел қатарлы күн кешті. Бәлкім, басқа құралпыластары­нан бақуаттырақ та болған шығар. Атасы Жүсіпбек “Кожа-Синдикат” мекемесінде жұмысшы боп, кейін мал базарында істеді, әкесі Жақыпбек арбакеш болды. Екі отбасы Пішпектің шет жағында, бөлектенбей, бір қорада тұрды. Асып кетпегенмен, ашқұрсақ емес. Береке-бірлікте, тату-тәтті. Мейір де жеткілікті. Төрт-бес бала. Ең кішкентайы Талғат. Райхан, Рахима, Кәрім деген бауырларымен ойнайды. Сол кезде Пішпекте орыс, ұйғыр, татар мектептері болып, қырғызша және қазақша мектептер болмаған екен. Сөйтіп, Талғат татар мектебіне барып тіл сындырады. Осы жағдай қазақшасына ара-тұра қырғыз және татар мәнерін араластыра сөйлейтін Талғат ағамыздың лексиконынан әлі күнге байқалады. Әрі сонысы, батырдың тағы бір ерекшелігіндей, құлаққа әуезді де жағымды естіледі.\r\n\r\n \r\n\r\nБигелді атасының 101 жасап қайтқан қарындасы – Қадиша әжесі кішкентай Тал­ғатты керемет жақсы көрді, бар мейірімін төге тәрбиеледі. Әкелері 1931-1932 жылдардағы ашаршылық қысыңқыраған уақыттарда еттірілік танытып, колхоздан жалға жер алып, тау жақтағы ай далада пияз, жүгері екті. Үй іші алты ай жаз бойы тайлы-тұяғымен түгелдей егістік басында болады. Сонда әжесімен бірге қалып үйді қарайтын, бие мен сиырды бағып, сауатын да Талғат еді. Өстіп еңбекке, елгезектікке баулынды. Қара жұмысқа қаршадайдан қатып-пісіп шынықты.\r\n\r\n \r\n\r\nОсындай шыныққан шымыр жасөспірімнің Фрунзе аэроклубында үздіктер қатарында болуы таңданарлық та жайт емес-тұғын. Тек аэроклубтың ұшу даярлығы жөніндегі бастығы Цурановтың: “Тамаша ұшады. Нағыз жас қыран! Барлау авиациясы мектебіне жіберсе, тіптен жақсы” деп қолдап мақтағанына қарамастан, ұшқыштар мектебіне іріктеу үшін келген комиссияны басқарушы капитан шалбары жамау, көзге қораштау бұған қарап: “Ей, ты, байский сын, тебя не возьмем!” дейді. “Какой я байский сын” деп жылап жіберердей тұра жүгірген бойы құстай ұшып үйіне келеді. “Әке, сен бай болған екенсің ғой! Мені алмай жатыр анда!”. “Айналайын, балам-ау, ана күзгінің артында қағаз бар, соны апарып көрсетші”, дейді әкесі Жақыпбек. Сол арада Талғат Фрунзе берген қолхатты тауып алып, аэроклубқа қайтадан жүгіреді. Екі лейтенантымен бірге әлгі капитан отыр екен, алқынысы басылмай: “Никакой я байский сын! Вот! Скот сдавал  советской власти. На-те!” деп дауысы қаттырақ шығып, қолхатты алдарына атып ұрады. Аналардың көздері адырайып кетті дейді. Қолхатты бірінен соң бірі алып оқып, бір-біріне қарап, ұзақтау үнсіздіктен кейін капитан айтады:\r\n\r\n \r\n\r\n– Бигельдинов, ты принят в летную школу!\r\n\r\n \r\n\r\nҚыран самғауының алғашқы ақ жолы атақты Фрунзе берген бір жапырақ қағаздың арқасында осылай ашылып еді. Ол кездерде қазақ баласына тым сирек бұйырған бақыт болатын бұл.  Әуелі Саратовтың арнайы барлаушылық ұшқыштар авиамек­тебіне оқуға жіберілді. Оны бітірген соң Чкаловтағы 3-ші бомбалаушы және 1-ші жойғыш авиациялық ұшқыштар мектептерінде аспан қыраны мамандығының қыры мен сырын тәптіштеп меңгерді. Одан соң ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында ұшуға үйренуден өтті. Осының бәріне ұзын-ырғасы екі жарым жыл шамасында уақыт кет­ті. Тек содан кейін ғана, 1942 жылғы желтоқсан айында Талғат Бигелдинов кейіннен 144-ші гвардиялық деп аталған алғы шептегі 800-ші шабылдаушы авиа­полкке келіп қосылып, соның құрамында соғыстың соңғы күндеріне дейінгі бүкіл от-жалынды бастан өткере кешіп өтті.\r\n\r\n \r\n\r\nОсы арада Талғаттай қыранның пырағы – ИЛ-2 ұшағына сипаттама берудің кезі келген сияқты. Жалпы авиация шабуылдаушы, қырып-жойғыш, бомбалаушы, барлаушылық деп бірнеше түрге бөлінеді ғой. Соның ішінде шабуылдаушы авиа­цияның негізгі міндеті жер бетіндегі жаудың адам күші мен техникасын құрту бо­лып табылады. Осы міндетті атқарушы ИЛ-2 ұшағы екі зеңбірек, екі пулеметпен жабдықталған. Жеткілікті мөлшерде “Катюша” атымен реактивті снарядтары мен бомбалары бар. Зеңбірек гашеткаларын басып оқ атқан кезде сырт-сырт еткен фотоқондырғылар қоса жұмыс істейді. Сөйтіп, ол кездегі ИЛ-2 дегендеріңіз алапат күш-қару саналып, оларды көргенде жаудың үрейі ұшатын. \r\n\r\n \r\n\r\nАтап көрсететін бір жағдай сол, болашақ батырдың ұшу-техникалық даярлығының ғаламат тиянақтылығы мен тыңғылықтылығы. Бигелдиновке берілген сипаттама-мінездемелерден оның қырандық қасиетінің қалыптасқан нышандары бай­қалғандай. “ИЛ-2 ұшағын меңгеруі тамаша. Ұшуды жақсы көреді, ұшқан кезде шаршамайды. Еңбексүйгіш. Үйренудегі ұғымталдығы ғажап. Әуеде сабырлы, се­німмен ұшады” деген бағаларға лайықтылығын ол соғысқа кірген алғашқы күн­дерде-ақ дәлелдейді.\r\n\r\n \r\n\r\nБір ғажабы, Бигелдинов үшін соғыста үйрену кезеңі, біртіндеп бейімделу мерзімі болған жоқ. Алғашқы шайқастан-ақ жауға жасындай тиді. 292-ші шабылдаушы авиадивизияның бұрынғы командирі, авиация генерал-полковнигі, Кеңес Одағының Батыры Н.Каманиннің куәлігіне жүгінсек, тұңғыш жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде-ақ оның салған беттен нысанаға сәтті шүйілгендігі сонша, бомбалар бензин қоймасына қолмен қойғандай дәлдікпен түсіп, ал екінші мәрте шүйілгенде қару-жарақ қоймасының күлін көкке ұшырып өртеп жібереді. Кәнігі ұшқыштардың өздерінде де мұндай тас-түйін шалымдылық сирек кездеседі екен. Ал, Бигелдинов болса бірден-ақ кемел шеберлікке жеткен. Сорғалап құйылғанда түлкінің ғана емес, арлан қасқырдың да белін үзіп жіберетін қазақ қыранының алғырлық қасиеті осындай болса керек-ті.\r\n\r\n \r\n\r\nМайдандағы қазақ қыраны тынымсыз ұшты. Ол шабуыл соққыларының қапысыз шеберіне, мүлтіксіз мергеніне, өткір жанары қиядағыны шалатын аспан бар­лаушысына айналды. Көк тәңірісі қыран бүркіт десек, сол қанқасап соғыстың аспандағы айқастарының құдіретті қыран бүркіті осы Талғат еді. Келе-келе оны ұрыстарға топтың сардар серкесі етіп салатын болды. Нақ 1943 жылы майдангер ақын Қасым: “Білмеймін, қайда жоғалттым Сескену, қорқу дегенді!” деп тура дәл осы шақта жау аспанында нажағайдай жарқылдап, жасын ойната шаңқылдаған жас қыран інісі Талғатқа арнап айтқандай екен. Жаңағы жарқын тұлға Каманин: “Қазақ халқының осынау даңқты ұлы күрес пен жеңістердің тамаша жолынан өтті. Мен үшін оның марапатқа, офицерлік атаққа ұсынылған қағаздарына қол қою да бір ғанибет болатын еді” дейді. Бұдан біздің қайсар батырдың от кешкен ортасындағы сыйлы-сүйкімділігі де аңғарылғандай.\r\n\r\n \r\n\r\nҮш жүз бес рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып, ұрыс салып майдандасты деп айтуға ғана оңай. Басты гәп жан алып, жан берісе жағаласқан сол жанталастарда жеңіп шығу болса, Талғат соғыста 305 рет жеңіске жетті, жауынан мерейін 305 рет үстем етті. Ерліктің мақсаты әрдайым жеңіске жетіп отыру болса, сол қасиетті мақсат биігіне Бигелдинов мәрттікпен көтеріле білді. Ол жер жастандырған жау саны, талқандаған техника мен жабдық-жарақ, дұшпанды ойрандатқан шығын молая берді. Бір өзі алғашқы он ұшу жорығында-ақ дұшпанның Демьян тобындағы 10 автомәшинесін, 2 зеңбірек, 4 дзотын, 100 шақты гитлершіл мен бір жойғыш-қырғиын құртып жіберген. Сол ерлігі үшін ең алғаш рет Екінші дәрежелі Отан соғысы орденін алды.\r\n\r\n \r\n\r\nХарьковтегі жау аэродромын шабуылдау кезінде жағдайдың  аса күрделі қиын­дығына қарамастан, Талғат Бигелдинов зениткалардан жауған қалың оқтың ара­сынан аман өте біліп, жеке өзі фашистік екі истребительді жойып, бірнеше бом­балағышын зақымдап, қатардан шығарды. Осы Харьковтың түбінде өз ұшағы құла­тып түсірілгенде тіршілік тайталасындағы қыңбас қайсарлығы тағы танылды. Жау тылында адаса жүріп, азапқа төзген жаралы сайыпқыран өзін әлдеқашан өлдіге санаған үйіріне қайта қосылып, сауыққан соң шайқас көгінде, сайыс төрінде қайтадан қиқулап самғады, жау көзіне әзірейілдей көрініп, ажал төндірді. “Мені атып түсірген ер кім, соны көрсетіңдерші” дейтін неміс офицерінің сол кездерде Талғаттың өнеріне табынды демесек те, таң қалғаны шындық. Бигелдинов бара-бара ұрыстарға штурмовиктердің үлкен топтарын бастап шығатын болды. Қиян-кескі қатал ұрыстардың от-жалынында шыныға түсті,  шайқастағы шеберлігін шар­болаттай шыңдай түсті, шабуыл соққысының нағыз сойқан көкдауыл перісіне айналды. “Ұшатын танк” атандырып, ИЛ-2 ұшағына да дем салып, даңқын шығарушылар осы Талғаттар. Ал неміс солдаттары ИЛ-2-лерге “Қара ажал” деп ат қойған екен.\r\n\r\n \r\n\r\nСоғыста ерлік көрсеткіші жауға келтірілген шығынмен есептеледі. Тек Днепрдің оң жағалауынан плацдарм алу жолындағы ұрыстарда ғана Т.Бигелдинов 10 танкті, 32 автомәшинені, 18 атарбаны, 8 зеңбіректі жоқ қылып, 180 неміс солдатын жер жастандырды, әскери қоймаларда жойқын өрт шығарды. 1943 жылдың жел­тоқсанында Талғаттың звеносы Шевченко қаласы маңында 16 истребитель қорғаған, әскер, техника мен қару-жарақ әкеле жатқан үш эшелонды талқандап, жау ұшақтарының үшеуін құлатты. Жол істен шығарылып, пойыздар қозғалысы тоқтап, соның нәтижесінде дұшпанның белгілеген қарсы шабуылын болдырмай тастады.\r\n\r\n \r\n\r\nАйта берсе, мұндай мысалдар көп. Жермен-жексен етілген танк колонналары, автомәшинелер керуені, қару-жарақ пен бензин қоймаларында қисап жоқ. Бұл ғажап ерліктердің барлығы Талғат аға штурмовигі фотоаппаратының суреттерінде паш етілген, Ұлы Отан соғысының жәдігерлі шежіресіндегі өлмес, өшпес жырдай қатталып сақталған. Күллі адамзаттың жан-жүрегіне алапат жара түсірген сол қанды қырғын, қияпат соғыста неше неміс өлтіріліп, қанша паровоз бен қару-жарақ қоймасы қиратылып, неше “мессершмит” атып түсірілгенінің дәл есебіне бәрібір жете алмаспыз. Оны тізбелей бергенмен, ерлік  киесін солдаттың ғашық жары жолдаған кестелі орамалдың шетіне сусардай түйе де алмаспыз. Бізге де Бигелдиновтің қанша жауды өлтіргені қызық емес, сол арқылы қанша отандас бауырларының өмірін сақтағаны қымбатырақ. Қыран ерлігінің ұрпақ жатқа айтар өмір жырына айналуы да сондықтан болар. \r\n\r\n \r\n\r\nСол жырдан бір мысал келтірсек, 144-ші гвардия авиаполкінің ардагері Я.Шапочка Талғат ағамыз жөнінде былай деп тебіренеді: “Біздің әуе армиясында Бигелдинов ең сайыпқыран ұшқыш-штурмовиктердің бірі деп саналды. Ол полкымыз үшін ғана емес, сонымен бірге дивизия, корпус және бүкіл әуе армиясы үшін және тіпті жаяу әскер бөлімдері үшін де барлау жүргізді. Мен нақ осы Талғат Бигелдинов басқарған барлау эскадрильясының ұшақтарын ұшуға дайындағанымды мақтаныш етемін”. \r\n\r\n \r\n\r\nИә, алып-қосары жоқ риясыз сезім, батырға деген ізгі ілтипат осылай ақтарылған. Айлар өте берді. Талғат Воронеж, Далалық, 2-ші және 1-ші Украин майдан­дарындағы шайқастарға қатынасты. Ерлік қимылдары ұлғая берді, батырлығы мен батылдығына ешкім талас тудырмады. Соғыс жылдарында ІІ дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте І дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Ту, Александр Невский, ІІІ дәрежелі Даңқ, “Қызыл Жұлдыз”, “Жеңіс” ордендерімен, Поляк Әскерінің “Алтын Кресімен” марапатталып үлгерді. Абайша толғасақ, сүйінерге жарар ұлды елі де сүйді. 1944 жылдың 26 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Талғат Бигелдиновке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 1945 жылдың 27 маусымындағы Жарлық оның төсіне екінші Жұлдызды жарқырата тақты. Бүкіл соғыстың өн бойында жау жайлаған жерлердің аспанында жалпы жиыны 500 сағаттан астам ұшқанда бір де бір рет бағытынан жаңылып көрмеген бағдаршыл болжампаз да біздің Бигелдинов болып шықты. Бірінші Украин май­данында 420 жауынгерлік ұшуды шығынсыз атқарған оның эскадрильясы полкта бірінші орынды ұстап тұрды. Оның жауынгерлік іс-қимылының асқан тиімділігі мен пәрменділігін 158-ші истребительдер авиаполкының командирі, Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры Н.Лощак, 152-ші гвардиялық истребительдер авиаполкының командирі, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, гвардия майоры С.Луганский растап айғақтады, фотобақылаулар куәландырды. Оған Батыр атағы берілуін даңқты қолбасшылар, армия генералы Р.Малиновский мен маршал И.Конев және басқа сардарлар қызу қуаттап қолдады.\r\n\r\n \r\n\r\nАлғашқы Батыр атағына ұсынылған құжатта Талғат ағамыздың ұрыстағы қаһар­мандығы неғұрлым дәлірек сипатталған деп ойлаймыз. Онда былай деп көр­сетілген: “Бірінші гвардиялық шабуылдаушы авиакорпустың 800-ші полкының құрамында Калинин, Воронеж, Далалық және 2-ші Украин майдандарындағы ұрыстарға қатыса отырып, 155 жауынгерлік ұшу жасады. Өзі басқаратын эскадрильясымен 1670 жауынгерлік ұшуды орындап, бірде-бір рет бағдардан жаңылмады, өз әскерлеріне жаңсақтан соққы жасау оқиғасын болдырмады. “Круг” ұрыс тәртібімен жауға соққы жасау жөніндегі тактикалық тәсілді тамаша меңгеріп, неғұрлым тиімді әрі шығынсыз шабуылды қамтамасыз ету үшін өз ұшқыштарын осы тәсілге күнделікті үйретіп отырды.\r\n\r\n \r\n\r\nСәтті орындалған 155 жауынгерлік ұшуда көрсеткен ерлігі мен жаужүректігі, жаудың бес ұшағын атып түсіргені үшін, Александрия, Знаменск, Кировоград қала­ларын азат ету жолындағы шайқастарда қаһармандық танытқаны үшін, біздің әскерлердің мемлекеттік шекараға шығуы кезіндегі ұрыстарға қатысқаны үшін, дұшпанның адам күші мен техникасына ойсыратқан үлкен шығын келтіргені үшін – Кеңес Одағының Батыры атағына лайық”. \r\n\r\n \r\n\r\nСоғыс жылдарының сарғайған парақтары осындай ерлік сырларын шертеді. Екінші Жұлдызға ұсынылған сипаттамада да жеке өзінің қаншама ұрыс техникасы мен жау әскерін жойғандығы жөнінде бұлтартпас деректер келтірілген. Бұл жолы да Львов-Сандомир операциялары кезінде жеке өзі және топ бойынша 420 сәтті жауынгерлік ұшуларда көрсеткен ерлігі мен өжеттігі және Висла, Шпрея, Нейса өзендерінен өтуді қамтамасыз еткендігі, осынау сайыпқырандықтың батыр атағына әбден лайықтылығы атап көрсетілген.\r\n\r\n \r\n\r\nТалғат Бигелдинов аспан шайқастарының саясат-сырларын, ұңғыл-шұңғылын жете меңгерген саңлақ болды. Польшаға кірген уақыт. Бір батальон  Висла өзенінің ар жағына өтіп, Сандомир қаласы тұсынан шағын плацдарм алып бекініпті. Немістер қайткен күнде де осы плацдармды құртуды ойлайды. Талғаттың бір әдеті, барлауға түнгі уақытта шығатын. Бір жолы таң атып қалған кезде алыстан бұрқылдаған шаңды көреді. Анықтап қараса, 40 шамалы танк соқтыртып келе жатыр. Біздің плацдармдағы батальонға 50 шақырымдай қалған. Жетсе болды, тып-типыл қылып өтпек. Талғат дереу жерге хабарлайды: Резеда! Резеда! Мен – Бигелдинов! Осындай да осындай. Жақын маңдағы кез-келген аэродромға қонып, ұшақтар тобын алып шабуылдауға рұқсат етіңіз… Сол арада Талғат аэродромға қонып, жа­нармай құйғызып алады да, әзір тұрған 24 ұшақты бастап барып әлгі мұздай құр­санған танктердің тас-талқанын шығарады. Сонда танктер плацдармға 10 шақы­рымдай жақындап келіп қалыпты. Енді 10 минут кешіккенде батальонды құртады екен… Маршал Коневтің айрықша алғысын алып, ықыласына бөленгені осы жолы еді.\r\n\r\n \r\n\r\nДәл Жеңіс күні, 9 мамырда соғыстың соңғы нүктесін қою құрметі де қазақ қы­ранының пешенесіне жазылыпты. Сол күні ертемен Талғат комдив Дольченкодан:  “Бүкіл эскадрильяңмен Праганың күнгей  шетінен жер бауырлап ұшып өт!” деген шұғыл жауынгерлік тапсырма алады. Сөйтсе, қаланың оңтүстік жағына орнығып алған бір эсэс дивизиясы “сөзсіз тізе бүгуді” мойындамай, қарсыласып жатқан көрінеді. Үстерінен қара бұлттай төніп Талғат эскадрильясының болат беренді сұңқарлары шүйіле қаптап ұшқанда жау жүйкесі бырт-бырт үзіліп, қолдарын көтеріп беріле бастады. Оқ жұмсамаған психологиялық әуе шабуылы діттеген мақ­­­сатына осылайша жетті. Сонда құлақтағы радиоқондырмадан: “Молодец, Бигельдинов! Задание выполнено! Возвращайся домой!” деген командирінің саңқылдаған шат дауысын естіген Талғат сұңқарларын соңынан ертіп, соғыстың соңғы нүктесін қойып, Дрезден түбіндегі тұрақтарына жеңіс жалауын желбіретіп оралып еді-ау.\r\n\r\n \r\n\r\nСоғыс біткеннен кейін Талғат Жақыпбекұлы Әскери-әуе академиясында оқып, кеңес армиясындағы бөлімдер мен құрамалар командирі, штаб бастығы мәрте­бесін еншілеткен диплом алып шықты. Әскер қызметінде реактивті ұшақтарды игерумен шұғылданды. Бір жолғы сынақ ұшуы кезінде апатқа ұшырады, алты ай бойы ажалмен арпалысты. Асыл тек бұл ретте де арымады. Екінші топтағы соғыс мүгедегі болса да, бейбіт өмірден өз орнын табуға құлшынды. Фрунзеден лайықты жұмыс бере қоймағасын, онсыз да туған ел, туған жерге бүйрегі бүлкілдей бұрып аңсап жүрген Талғат ағамыз ордалы отбасымен қотарыла көшіп, Алматыға келген. Бейбіт өмірдің де ой-шұқыры соғыстағыдан көп болмаса аз емес қой. Ақыры, Кеңес Одағының Азаматтық авиация бас басқармасына жағдайын айтып хат жазуға мәжбүр болған. Сөйтіп, Қазақстанның  Азаматтық авиация басқармасы бастығының орынбасары болуға Талғат Жақыпбекұлының келісімін сұраған сәлем­хат та көп ұзатпай келіп қалды. Иә, әрине, келіседі! Бұл 1956 жыл болатын. Сөз басында айтқанымыздай, Бигелдиновтің маңдайына бұйырған ерекше тағдырдың екінші бір арналы тарауы, аса маңызды саласы осы тұста, туған елінің төрінде бастау алды.\r\n\r\n \r\n\r\nОл нендей тарау десеңіз, азаматтық авиацияның Қазақстандағы жай-күйі мүлдем нашар еді. Тіптен, республика басшылары Мәскеуге бару үшін сағатына 200 шақырымдық ЛИ-12 ұшағымен әуелі Ташкентке жетеді. Ондағы әуежайда сағаттап сарыла күтіп, билет алып, содан кейін ғана ИЛ-18 ұшағымен Мәскеуге ұшады. Қайтарда тағы солай. Себебі, Алматыда ИЛ-18 ұшып-қонатын асфальтты, бетонды берік алаң жоқ. Бұл жағдайға намыстанбаса Бигелдинов бола ма! Батырлығына баспай тұра алмады. Басшыларға тынымсыз талап қойды. “Мынау сұмдық қой” деді Жұмабек Тәшеновке. Республиканың басқа басшыларына да мән-жайды баяндап, тиісті ұсыныспен шықты. Сөйтіп, көп ұзамай батырдың қамшылауымен, белсенді бастамасымен Үкімет республикада азаматтық авиацияны өркендетудің, оның негізін құрудың жоспарын әзірледі. Құдіреттің бұйрығымен осы тағдыршешті жоспарды жүзеге асырушы да еліміздің бас ұшқышы, бас қыраны Талғат Бигел­динов болғандығына қайран қалудың өзі де қисынға келмес. Оның басшылығымен һәм тікелей қатысуымен ауыр ұшақтарға арналған Алматы аэродромының, ондағы ұшатын және қонатын жолтабанның құрылысы қолға алынды. Жұмыс жоғары сапада, жедел қарқынмен жүргізілді. Жолтабан салу жөніндегі үкімет тапсырмасын мерзімінен бұрын табысты орындағаны үшін 1958 жылдың 18 қазанында Талғат Жақыпбекұлы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Батыр ағамызға Тәшенов сынды атпал тұлғаның қолынан алған осы бір грамота тым ыстық, Батыр Жұлдызынан кем санамайды. Осылайша Алматыдан Мәскеуге тікелей әуе жолын тартудың да бастауында Бигелдиновтің тұрғаны тегін емес, жазмышты нышан демеске лажымыз қайсы.\r\n\r\n \r\n\r\nОсыдан соң-ақ аэродромдар мен ұшып-қонатын жолтабандар салу бүкіл Қазақстан бойынша кең қанат жайды. Талғат Жақыпбекұлы бұл іске асқан жігер-құлшыныспен, жанкештілікпен кіріскені сонша, осы орайда өзіне республика тас жолдар бас басқармасы бастығының орынбасары Леонид Гончаров сынды пікірлестер, әріптестер іздеп тапты, облыстар мен қалалардың басшыларын осы замандық әуежайлар мен ұшақтарды  қондырып-ұшыратын алаңдар салуға үгіттеді. Өзі жаңа мамандығын жете меңгеру үшін Мәскеудің инженерлік-құрылыс институтына сырттай түсіп, бітіріп алды. Ұшқыштығына қоса енді құрылысшы да болды. Аэродромдар құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын жасау­дағы, басқадай шаруаларын реттестірудегі Бигелдинов – Гончаров тандемі аза­маттық авиациямызды дамытуда таңдай қағарлық толымды нәтижелерге қол жеткізді дей аламыз.\r\n\r\n \r\n\r\nАлматыдан соң Балқаштың әуежайын қолға алған. Одан соң Бигелдиновтің басшылығымен Ақмолада, Павлодарда және Гурьев пен Оралдан басқа барлық облыс орталықтарында сол уақыттардың талабына әбден сәйкесетін ұшу-қону алаңдары бар аэродромдар салынды. Қазақстан үшін бұл жағдайдың әрі экономикалық та, әрі әлеуметтік әрі моральдық-психологиялық та маңызы зорлығын айтып жатудың өзі артық. Сондықтан да Талғат Жақыпбекұлын 1963 жылдың 9 ақпанында марапаттаған өз Құрмет грамотасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы “республикада азаматтық аваицияны өркендетуге белсенді қа­тысқаны үшін” деп айрықша атап көрсеткен болатын.\r\n\r\n \r\n\r\nОсы арада Талғат Бигелдиновке тәңір тарапынан ерекше бақыт бұйырғанын тағы бір қайталап айтпай кете алмаймыз. Ақмола төңірегін зерттеп, тексеріп қарай келгенде әуежай құрылысын салуға барлық параметрлері бойынша Талғат ағаның туған ауылы Майбалықтың маңайы сәйкес боп шықты. Құдай әдейі аэродром салуға арнап жаратқандай! Құрылысын да қыран перзентінің өзі жүргізді. Мәскеуден алғаш ИЛ-18 ұшағы келіп қонғанда Майбалық ауылының кемпір-шалда­рын, келіншектері мен балаларын ұшаққа отырғызып, Ақмола аспанында серуендеткен сері күндер-ай десейші! Еліміздің бас қаласы Астананың әуежайы халқымыздың бас ұшқышы, батыр қыранының ауылына осылай орнаған. Мұны қалай тәңірдің бұйрығы, тағдырдың сыйы демессің.\r\n\r\n \r\n\r\nБұдан соң құрылысқа құсы түскен Бигелдинов тағы да Үкімет тапсырмасымен Лисаков кен байыту комбинатының құрылысына кірісті, одан соң Жамбыл суперфосфат комбинатын, Алматыдағы Республика сарайын, республикалық кітапхана ғимаратын салды. Осы жылдарда өзінің құрылысшылар ұжымымен барлық облыстарда автодромды автомектептер тұрғызды. Осынау адамның осындай таусылмас қажыр-қайратына кім де болсын тәнті болғандай. Сөйтіп, 1972 жылы шаруашылық органдардағы белсенді жұмысы үшін берілген Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы да көп күттірмеді. Осылайша Талғат Бигелдинов ағамыздың республикаға сіңірген ерен еңбегі, еңбектегі ерлігі майдандағы қыран қаһармандығымен парапар болды деп айта алсақ керек. Өнеге, ғибрат осындай-ақ болар.\r\n\r\n \r\n\r\nБүгінде Талғат Жақыпбекұлы тәуелсіз елінің өркендеріне қуанулы. Халық құрметіне бөленген. Елбасы да ілтипатынан әсте қалдырмайды. Егемен елінің де марапаттарынан кенде емес. “Отан”, І дәрежелі Даңқ ордендерімен мерейленуі соның айғағы. Ақтөбе Жоғары азаматтық авиация ұшқыштар институты мен Қарағанды  республикалық авиациялық училищесіне екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің есімі берілген. Бірнеше қалалардың құрметті азаматы. Ел өмірін қадағалап, үн қосып отырады. Кейбір өкпе-назы болса ішінде шығар, сыртқа шығармайды.\r\n\r\n \r\n\r\nЕрекше тағдыр еншілеген қазақтың осындай текті қыраны болғанына мың шүкір. Қарт қыранға қарап бой түзейтін ұлан-ұрпақтарымыз мол болғай…\r\n\r\n \r\n\r\n \r\n\r\nАвторы: Қорғанбек АМАНЖОЛ.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ