Тарбағатайлық жауынгерлер

0
2934

Тарбағатайлық жауынгерлер

(ҰОС-ға ШҚО Тарбағатай ауданынан қатысқан жауынгерлер туралы мақала)

Жалпы бізде белгісіз солдаттар жоқ,

\ Барлығының бар аты туған жылы.

Олар сонау

Қырық бірінші жыл құрбандары,

Олар сонау қырық бесінші жылдың құрбандығы.

Біз көтердік оларды белгісіз деп,

Белгілі ерлігі мен болашағы үшін.

Олар қайтадан оралды жер-су іздеп,

Туған елдің қорғады ар-намысын.

Сырбай Мәуленов

27 миллионнан астам адамның өмірін қиған ҰОС талай боздақты қыршыннан қиып,ананы жесір,баланы жетім етті.Қанды шайқастарға толы 1418 күн мен түн ешқашан ұмытылмайды. Осы жанкешті жойқынға ел халқымен бірге еліміздің шығыс өңірінде орналасқан Тарбағатайлық азаматтар да аттанып,жеңіс үшін жан алып,жан берісті.

Соғысқа аттанған 4831 тарбағатайлық жауынгердің 1630 –ы соғыста қаза тапса,майданнан 1228-і аман оралды, ал 1973 боздақ хабарсыздар қатарында.

Тарбағатайлық жауынгерлер Москва,Ленинград,Курск,Тула,Азия және Европа елдерін азат етуде көптеген шайқастарға қатысты.Неміс басқыншылары Ленинград,Москва,Сталинград бағыты мен күшейе түскен кезде, ондаған қазақстандық жауынгерлер соғыс өртінің ішінде жүрді. Олардың арасында тарбағатайлықтардың да болғандығын кейінгі ұрпақ,сол аталарымыздың естеліктері мен соғыстан келген «қара қағаздар» арқылы білді.

І-ші Белорусь майданында жауынгер Сейітахмет Құрманғалиевтің ерлігі туралы 1943 ж 23 шілдеде шыққан «Вперед» атты газетте ерекше жазылды. Жерлес атамыз 1945 жылы Польша еліндегі Белосток жерінде қаза болған.Тұғыл ауылының тұрғаны ерлер мен иық тіресе соғысқан, қайсар қыз Майра Ахмадиева 1941 жылы соғысқа аттанып 731-ші зенитшілер артилерия

полкінде болып,кейін партизандар қатарына қосылған.Жеңісті Берлинде қарсы алған жауынгер апамыз,бейбіт өмірде де ерен еңбек етті.

Жетірал ауылының тұрғыны Әшіржан Жақаев соғысты басынан аяғына дейін жүріп өтті.Әскери борышын Кросноярск өлкесінде өтеп келген соң Терісайрық колхозында бригадир болып еңбек жолын бастайды.1941жылы соғыс басталғанда майданға бірден алынады. Қиыр Шығыс жеріндегі Хабаров өлкесінде әскери дайындықтан өтіп, 1942 жылы 133-ші артиллериялық полк құрамында батысқа аттанады. Беларусия, Польша жерлерін жаудан азат етіп ерекше ерлік көрсеткен. 120-2 миллиметрлік зеңбірегі бар полкттың көздеушісі Ә.Жақаев ұрысқа сақадай сай болды. Немістердің әйгілі әскери техникасы «Королевский тигр» деп аталатын танкісіне оқ атып, танкіні отқа орайды. Осы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз орденін» тағады. Сонымен бірге ІІ ші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен «Берлинді алғаны үшін» медальімен марапатталады.

ҰОС-да көрсеткен ерліктері үшін ІІ –ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің иегерлері болған:Иманов Мұхаметбек, Баяхмет Сайыров ,Мұсанов Баймұханбет, ӘбділденовНиғымәділ, БекбаевМырзахмет, ОрдабаевАйтқазы, Шаяхметов Қабден, Досмұханбетов Рафих, Рахманбердин Асылхан, Қасымбаев Кәрім,Самат Оразғалиев,Сәйленов Сләмбай, Жүрекбаев Сейітқазы аталарымыздың есімдері бүгінгі ұрпақ есінде.

Осындай аталарымызбен бірге Жаналық ауылының тұрғыны Тұржанов Ахмет атамыз да соғыста ерен ерлік көрсетіп, көзге түскен. Бұл кісі жайында ел аузында «Тұржанов Ахмет Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылған» — деген ақпарат бар.Ахмет ата 1943 жылы кыркүйекте ауыр жарадан қаза болып,Смоленск облысы,Духовщинск ауданы Улегенка деревнясында жерленген.

Менің өз атам мен нағашы атам да ҰОС ардагерлері.Атам Жантұрсынов Қабидолда 33 жасында 1941 жылы соғысқа аттанып Қырымнан Кенисбергке дейінгі жорыққа қатысқан. Көрсеткен ерліктеріне орай «Қырағылығы үшін», «Германияны алғаны үшін» және «Кенисбергті алғаны үшін» медальдары мен және Сталиннің қолы қойылған алғыс хатпен марапатталған. Нағашы атам Адамбаев Баласай 1941 жылы 25 жасында соғысқа аттанып, Киев әскери округы маршал С.Тимошенко баскаруындағы 690-шы полкінде артиллерист болған. Жауынгерлік жолда орындаған тапсырмалары үшін «Маршал Жуков» және «Соғыс ардагері» медальдарымен марапатталған. Соғыс салған сойқан Тарбағатай жұртының да жүрегінде мәңгі қалды.Әрбір ауылдан аттанған небір жайсаң жастар соғыстан оралмады. Шаңырағы шайқалмаған отбасы болмады. Сарыөлең ауылының тұрғыны , ауыл болып Бопы деп атайтын анамыздың жалғыз ұлы

Сарқыт соғыстан оралмаса, сол ауылға жақын Бозша ауылындағы Көбен деген ақсақалдың төрт бірдей ұлы майданнан қайтпады,артында ұрпақ та қалмады.

Бүгінгі ұрпақ осы ата-апаларымыздың ерен ерліктеріне бас иіп олардың есімін мәңгі жүрегінде сақтайды!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ә.Қайырбаев. С.Тыныбаев. Барқытбелдің баурайында. Өскемен.1998ж.

2. К.Жылқайдарова. Жеңісті жақындатқан жерлестеріміз. Ақмектеп. 2005ж.

3. Ш.Көпшікпаева. Өшпес ерлік. Семей 2005ж.

4. Тарбағатай газеті. №39 09.05.2013ж.

5. Қазақ күнтізбесі Алматы.2005ж.
(Бұл еңбек 2016 жылы республикалық « Педагогикалық ой » атты журналдың 9 санында жарияланды)

Қабидолдин Қуаныш Тілеуханұлы

ШҚО, Тарбағатай ауданы Ақжар ауылы.

Абай атындағы орта мектебінің жоғары санатты тарих пәні мұғалімі.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ