Тарихшы ұстаздардың оқушыларды тәрбиелеудегі және қоғамдағы рөлі

0
2458

       Бала ағзасына қажет түрлі азық, түлік пен дәрумендер секілді, әр пәннің балалардың өсіп жетілуіне, өзінше жеке тұлға болып  қалыптасуына өз қажеттіліктері бар.

Оқушы бойына, әлемдегі әртүрлі қарапайым және күрделі қозғалыстар туралы физика пәні түсінік берсе, адамзат өміріндегі, әр дәуірдегі қоғамдық, мемлекеттік және жаһандық қозғалыстар туралы тарих пәні мағлұмат береді.

Осыған орай тарих пәнінің бала өмірінде алатын орны зор. Өркениетті елдерде ата-аналар балаларын кіші жастан театрға әкеліп, балам, бұл жерде сенің ата бабаңның тарихы, тілі, салт — дәстүрі, діні мен ділі баяндалады. Сен оларды біліп өсуге тиіссің деп үйретеді екен. Осы барлық аталған ұлттық құндылықтарды жас ұрпақ бойына дарытушы пән — тарих пәні. Тарих ғылым және пән ретінде аса маңызды білім саласы. Бүкіл адам баласының басынан өткізген тіршілік тауқыметі мен тарихи тәжірибесін баяндайды.

Ғұлама ғалымдардың тарих ғылымы туралы сөздері осы іс-әрекеттің мән мағынасын ашқандай. Әл-Фараби: «Тарихты білмей- өткенді, қазіргі жағдайды, келешекті болжау қиын» — деп орынды пікір қалдырған.

Осы істе тарих ғылымының мақсаты, тарих пәні мұғалімінің атқаратын қызметі ерекше және елеулі. Бұл қызмет ауқымды іс-шараны қамтиды. Ол тек жас ұрпақ тәрбиелеуші маман ғана емес, сонымен бірге ол қоғамның саяси хабаршысы. Тарих пәні мұғалімі қоғам мен мемлекеттің тарихы мен тынысын баяндаушы.

Тарих пәні мұғалімінің қызметі
Пәндік сала:

  1. Қоғамдық құрылыстар тарихы.
  2. Өлкетану
  3. Дінтану
  4. Шежіре
  5. Рәміздер
  6. Патриотизм

Қоғамдық сала:

  1. Ғаламдық проблемалар
  2. Ұлттық идея. Идеология.
  3. Ел саясаты
  4. Елбасы жолдаулары
  5. Мемлекет заңдары
  6. Мемлекеттік бағдарламалар

2013 — 14 оқу жылынан бастап қолданысқа енген жаңа білім стандартында қоғамдық пәндер «Адам және қоғам» деген бөлімді құрайды. Осы бөлімдегі Адам.Қоғам.Құқық пәні бойынша ең алғаш оқушыға заң ұғымын түсіндіру ісі тарих пәні мұғалімінің міндетінде.

Дамыған  мемлекеттерде «мекеме заңгері» деген қызмет бар. Кейбір қажетті уақыттарда тарих пәні мұғалімі осы қызметті атқарады. Қоғамдық негізде кәсіподақ ұйымы мен даушар алқасының жұмыстарын жүргізеді. Кеңес кезінде тарихшы мұғалімдер қоғамның алдыңғы қатарлы өкілі болды. Партия жетекшілігімен басшылық орындарға тағайындалды. Елімізде осыдан біраз жыл бұрын тарихшы мұғалімдерге «мемлекеттік қызметкер» статусы берілсе деген пікірлер болды. Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-де «Тарих және халықаралық қатынастар» факультеті «тарихшы мұғалім», «тарихшы бакалавр»  мамандықтары мен бірге ішкісаясат және әкімшілік ісінің маманы сияқты кадрлар даярлайды.

2013ж  елімізде қоғамдық маңызы бар үлкен игі шара болды. Ол Астана қаласында мемлекеттік хатшы М.Тәжиннің төрағалығымен өткен алқалы жиын. Ел ғалымдарының басын қосқан отырыста елге «Халық тарих толқынында» атты мемлекеттік бағдарлама ұсынылды. Осы жоспарға сәйкес көптеген жұмыстар атқарылды. Бұл ауқымды жұмысты іске асырған және алда тағы да көп жоспарларды жүзеге асырушы адамдар ол тарих мамандары.

Халқымыздың біртуар  ақыны Мұхтар Шахановтың «Төрт ана» атты өлеңінде  ұлттық құндылықтарымыз ерекше жырланады.

Әр адамда өз анасынан басқа да,
Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада
Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жері-түп қазығы, айбыны,
Туған тілі-сатылмайтын байлығы,
Туған дәстүр, салт-санасы-тірегі
Және туған тарихы, еске алуға қаншама
Ауыр әрі қасіретті болса да.
Құдірет жоқ төрт анаға тең келер,

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап сенделер.

 

Осы өлең жолдарындағы төрт анаға теңелген ұғымдарды өскелең ұрпақ бойына қалыптастырушы және қоғамға түсіндіруші тағы да тарихшы ұстаздар.

Ел басының «Қазақстан 2050» жолдауында  «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз және оны қалыптастыру басты міндетіміздің бірі» деген. Осы маңызыды істің басы қасында әрине тарихшы ұстаздар жүретіні заңдылық.

Біраз уақыттан бері  орта мектеп жүйесіне «Алаштану» және «Қазақ елі» пәндері енгізілді. Бұл іс қоғам мен болашақ үшін қуантарлық жайт. Бұл істе, тарих пәні мұғалімдерінің үлесіндегі қызмет.

Қорыта келгенде тарихшы ұстаздар олар қоғам мен мемлекеттің тынысы мен тарихын халыққа жеткізуші дәнекер мамандар, жас ұрпақ бойында адамзаттық және ұлттық құндылықтарды қалыптастырушы тәрбиешілер.
Т — ұлғаға

А — қиқатты

Р — уханиятты

И — мандылықты

Х — абарлаушы

 

Ұ — рпаққа

С — аналы

Т — әрбие

А — рнап

З – ейінге

Ы — қпал етуші.

Әдебиеттер тізімі:

  1. // Аңыз Адам  М.Шаханов №6   2012ж.
  1. Б.Білімжанов «Тарих пәнінің мұғалімі»  // Қазақ тарихы 2010ж.

3.Н.Назарбаев «Қазақстан 2050 стратегиясы» / Егемен Қазақстан    2012ж.     15 желтоқсан

  1. Т.Тұрлұғұл Мектепте Қазақстан тарихы пәнін оқытудың әдістемесі. А.2003ж.

Қабидолдин Қуаныш Тілеуханұлы

Абай атындағы орта мектебі Коммуналды Мемлекеттік мекемесі

Ақжар ауылы

 

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ