Мен – қазіргі заманның педагогімін

0
1447
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты

«Педагог – жаңа ұрпаққа ғасырлар бойы жинақталған барлық бағалы дүниелерді беріп, жалған сенімдерді, кінәраттар мен кеселдерді бермеуге тиісті адам».

                   А. В. Луначарский

Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан» деген қанатты сөзі бар. Бұл тура айтылған сөз, себебі ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында  жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер –білімге құштар, аса қанағатшыл, жалпы асқақ және ар – намысын ардақтайтын, жақындарын да, жат адамдарды да жатсынбайтын, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан.

Ұстаз – шәкірттерінің жан дүниесін қалыптастырады

Ұстаз – әрдайым үлкен әріптермен жазылуға тиіс мағыналы сөз деп танимын. Өйткені, осы сөзде каншама мағына, қаншама мән жатыр. Ұстаз – шәкірттерінің жан дүниесін қалыптастыратын және шәкірттердің жақсы қасиеттерінің өсуіне себепкер болатын, сонымен қатар шәкірттің жүрегін, жанын азықтандыратын адам. Менің ата-анам қарапайым кісілер болғанымен, кітап оқығанды жақсы көретін жандар еді.  Әсіресе, әкем қолы қалт етсе, кітап оқитын. Кішкентайымнан кітаптың бағалы екенін біліп өстім, үйдегі бағалы дүние де әкемнің жинаған кітаптары еді.

Алғашқы ұстазым

1993 жылдың 1 қыркүйегінде ең алғаш рет  мектеп табалдырығын аттадым. Мектепте жүзі жайдары, көзі күлімдеген ұстаз қарсы алды. Ұстаздың әр сөзі мейірімге толы болды. Ол менің алғашқы ұстазым – Асқарова Аманкүл апайым  еді. Ұстазымның киім үлгісі, шашы, сөйлеген сөзі – бәрі-бәрі– маған қатты ұнады.  Сол күні мектептен келе сала үйдегілердің бәрін отырғызып қойып, ұстазымнан естіген сөздерімді қайталап, апай болып шыға келдім. Міне сол кезден бастап ұстаз болу басты мақсатыма айналды. Мұғалім болуды риясыз жақсы көрдім, жан – жүрегіммен шын қаладым.

Осы – қиын болғанымен қасиетті, ауыр болғанымен абыройлы – мұғалім мамандығын таңдағанымды мақтан етемін, өзімді мақсатына жеткен бақытты жандардың бірі санаймын.«Үлкен бір жұмысты сәтті орындаудың бір  ғана жолы бар. Ол істі жан – тәнімен сүю қажет» демекші мұғалім мамандығы- тек жүрек қалауымен келетіндердің кәсібі. Ұстаздар арасында кездейсоқ келген немесе «күн көрістің көзі» деп жүрген жандар болмауы керек. Өйткені мұғалімнің қолында «жас ұрпақтың тағдыры» тұр.

Менің өмір жолымда әрқашан дана адамдар қасымнан көп табылды. Олар менің ұстаз боп қалыптасуыма өздерінің өнеге-үлгісімен, ақыл-кеңесімен, әсіресе, маған артқан сенімдерімен үлкен әсер етіп, жөн сілтеді. Бірінші – анам, өмірдің даналығын бойына жинаған асыл анам арқылы ұлылық пен кішілікті түсініп, өсіп келемін. Екінші – жетелеп келе жатқан ұлағат иесі, ұстаздардың ұстазы болған Асқарова Аманкүл, Өтешова Зұлқия, Төлегенова Ғазиза, Төлемісова Күлайша апайлар білімдерін бойыма құйса, әдістемелік көмегін аямай, ұстаздықтың қыр-сырын меңгерткен Жұмабаев Қайрош Түлкібайұлы, Әбіқай Гүлжан Айтанқызы және ақыл-кеңесін беріп, үйретуден жалықпаған, екінші анам болған Ахылбекова Күлсін Пашыралықызы. Олар әрқашанда қасымнан табылып, бүгінгі күнге жөн сілтеп, менің таңдауымның дұрыс екеніне сенімімді одан әрі нығайта түсті. Мен бүгінде басымды иіп, ұстаздарыма алғысымды айтамын. Олардан алған өнеге, олардың биік тұлғасы әрдайым жадымда болады.

Қытайдың дана ойшылы Конфуций: «Ескіден қол үзіп, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады» — деген. Қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда. Заман жаңарып, білім беру жүйесі де өзгеріп жатыр. Дамыған заманнан қалмай үнемі алға қадам басу керек болып тұр. Жай ғана  қадам баспай, жаңалықты меңгерген  педагог болуымыз керек. Жаңа заманның педагогі деген атқа лайық болу үшін  әрдайым ізденіс үстіндемін.

Ұстаз ұлтжанды патриот болуы керек

Шәкірттерімді білім нәрімен сусындатумен қатар, өз білімімді де толықтырып келемін. Ертеңгі болашағымыздың  сапалы білім, саналы тәрбие алуы – қазіргі қоғамдағы ұстаздарға, соның ішінде маған да байланысты. Сол себепті мен әр сабағымда білім берудің қазіргі заманғы озық технологияларын, әсіресе, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тиімді пайдалануға тырысамын. Өйткені, ақпараттар ағыны ағылған, түрлі хабарлар тасқыны тасыған жаңа ғасырда мұғалім озық техниканы, электрондық құралдарды, компьютерді жетік меңгерген, өз пәнін өмірмен байланыстыра алатын, ақпаратшыл және ұлтының кемеліне келіп толысуына, рухани өсуіне, әдеби-мәдени дамуына басты ықпал жасаушы, ұлтжанды патриот болу керек.

«Бір жылын  алдын-ала ойлаған ел – нан өсіреді. Он жылын  алдын-ала ойлаған ел – бау өсіреді. Жүз жылын алдын-ала ойлаған ел – жас ұрпақ өсіреді» дегендей, алдымдағы әр баланың болашағы – менің қолымда. Оқушыларымның қоғамның белді азаматы болып қалыптасып кетуіне Қазақстан Республикасының ұрпақ тағдырын сеніп тапсырған азаматы ретінде үлес қосамын.

Қазақта «Ұстаздан шәкірт озар» деген жақсы бір сөз бар. Біздің міндетіміз –қазіргі заман  ұстазынан  асып түсетін  білімді шәкірт тәрбиелеу. Өзім жан – жағыма жиналған шәкірттерімді көргенде, жапырағамның жайқалып өскеніне, еңбегімнің жемісті болғанына шүкіршілік етемін. Жапырақтармен бірге діңім де қатайып, бұтақтарым да бір – бір ұстаздармен ұштасады. Әрбір шәкірт мені үлгі тұтып, менімен мақсатқа бірігуге талпынса, бір мүддеге бағыт алса одан артықты тілемеймін де.

Сөз соңында айтарым: Қиындығы мен қызығы қатар жүретін, «өзінің уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған» маман иесі болғанымды мақтан тұтамын. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, білімің мен ақылың екі жақтап…» деген Абай атамның сөзін өмірлік ұстанымым етіп, өмір бойы білімімді толықтырып, шәкірттерімді шабыттандырып, жасампаз істерге, кемел келешекке бастайтын өз мамандығымды жан-тәніммен сүйіп, ұлы қасиеттің иесі, тіл жанашыры болып, ұстаздық өмірімді – өнеге, ісімді – үлгі етемін.

 

Сарсенова Лаззат Сейтовна

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы,
№30 Көктөбе орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

 

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ