Жаңартылған білім мазмұны аясында «Қазақ тілі» пәнінің алатын орны (шығарма)

1
3667
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты
Жаңартылған білім мазмұны аясында «Қазақ тілі» пәнінің алатын орны

         Білім беру жүйесіндегі сапалы білім – бүгінгі күннің басты талабы. «Сабақ беру – үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңаны табатын өнер» — деп, Ж.Аймаутов айтқандай, ұстаз әрқашан сабақты қызықты етіп, түрлендіріп өткізіп отыруы тиіс. Сонда оқушылардың пәнге деген қызығушылығы артып, өз беттерінше ізденіске ұмтылады. Сондай оқушының өз ізденісін тудыру соңғы кездері қатты қолға алынуда. Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында білім саласына байланысты «Орта білім жүйесінде орта мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек» — деген еді. Бүгінде сол Жолдауы жүзеге асырылып, білім саласында үлкен өзгерістер болып жатыр. Соның бірі – орта білім беру мазмұнының жаңаруы. Бүгінгі күні әлемдегі барлық елдер жоғары сапалы да нәтижелі білім жүйесіне ұмтылуда. Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса,дағды да сондай қажет деген ойдың жақсы тұстары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді.

Жаңартылған білім беру бағдарламасын іс-жүзінде асырудың алғы қадамдары қолайлы білім беру ортасын құра отырып, сын тұрғысынан ойлау, өздігінен зерттеу, теорияны тәжірибемен байланыстыру, ақпараттық-технологияны қолдану, тілдік дағды бойынша коммуникативтік ортаны құру, жеке, жұппен, топта, үштікте жұмыс жасай білу, функционалдық сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті оқыту әдіс-тәсілдерін меңгеру болып табылады.

Білім мазмұнын жаңарту аясындағы «Қазақ тілі» пәнінің орны ерекше. Себебі, Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, Қазақстанның болашағы қазақ тілінің дамуына, тағдырына тікелей байланысты. Сондықтан да мемлекеттік тілдің оқытылу жағдайына көп көңіл бөлініп отыр.

«Қазақ тілі» пәні жаңартылған оқу бағдарламасының мазмұндық ерекшеліктеріне пән мазмұнының спиральділік қағидатқа құрылуын, оқу мақсаттарының Блум таксиономиясына негізделуін, пәнаралық байланысты жүзеге асыру барасында «ортақ тақырыптар» қамтылуын, бөлімдер мен ұсынылған тақырыптардың мазмұны уақыт талабына сай негізделгенін айтуға болады. Осы ерекшеліктерге тоқталатын болсақ:

  • Қазақ тілін функционалдық-коммуникативтік тұрғыдан оқытуға назар аударылып, төрт дағдыға негізделген. Қазақ тілінде тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым коммуникативтік дағдыларын жағдаятқа сай дұрыс қолдана білуді дамытады;
  • Оқу бағдарламасында коммуникативтік әрекеттер мен дағдыларды жүзеге асыратын оқу мақсаттары ұсынылған. Оқу мақсаттары әр сынып деңгейіне сәйкес динамикалық даму бағытында жасалған;
  • Бағдарлама «спиральді оқыту» тәсіліне негізделе құрылған. Әр сынып сайын оқу мақсаттары қарапайымнан күрделіге қарай өсіп, қайталанып отырады;
  • Бағдарлама мазмұны орыс тілі, әдебиет, тарих, биология, география, физика сияқты өзге пәндермен тығыз байланысты. Лексикалық тақырыптарды меңгерту осы пәндермен тығыз байланыста жүргізіледі;
  • Бағдарлама оқушылардың функционалдық сауаттылығынарттыруға, сыни тұрғыдан ойлау дағдысын дамытуға ықпал етеді;
  • Оқу бағдарламасында оқушылардың жас ерекшелігіне сай оларға қызықты болатын өмірмен байланысты тақырыптар ұсынылған. Бұндай тақырыптар оқушының белсенді сөздік қорын байытуға, алған білімін күнделікті өмірде қолдана алуға, өз ойын ашық, еркін жеткізе білуге мүмкіндік береді.
Жалпы сабақ барысында ең бастысы төмендегідей мәселелерге көбірек көңіл аудару қажет:
  • Оқытудағы басты ұстаным – оқушының жеке, өзіндік мүмкіндіктерін ескеру;
  • Тапсырмалар арқылы оқу материалын өмірмен байланыстыра отырып, оқушыларды білімді өз бетімен меңгеруге талпындыру;
  • Оқу үрдісінде мұғалім емес, оқушы неғұрлым белсенді болуына назар аудару;
  • Мұғалім оқу материалын дайын күйінде бермей, ашық сұрақ қою, назарын шоғырландырып оқу, шолу жасау, тәжірибе және зерттеу жасауға бағыттау;
  • Оқылым және жазылымға негізделген сабақтарды құрылымды етіп құру арқылы сын тұрғысынан ойлауға мүмкіндік беру, яғни қызығушылығын ояту, мағынаны ажырату және рефлексия кезеңдерін әзірлеу;
  • Әр кезеңде белгілі бір оқу мақсатын қоя отырып, оқушыларды мақсатқа жетуге, мәселені анықтауға, жауаптарды іздеуге, мәселені талдауға, қорытынды жасай отырып, өз ойын білдіруге баулу;
  • Интерактивті оқыту әдіс-тәсілі арқылы оқушы интелектісіне әсер ету;
  • Белсенді оқыта отырып, оқушыларды өз пікірін айта білуді және өзгенің пікіріне құрметпен қарауды үйрету;
  • Ұжымдық оқыту технологиясы арқылы жаңа идеяларды ұсынуға және жаңа мүмкіндіктерді қолданып көруге бағыттау.
Ал енді «Қазақ тілі» пәнін жаңартылған білім мазмұнда оқыту тұлғаны қандай өзгерістерге бейімдейді?» деген сұраққа жауап іздеп көрелік.

         Ең алдымен қазақ тілін ана тілі ретінде тани отырып, өмірлік қажеттіліктерінде коммуникативтік дағдыларды, атап айтқанда тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым дағдыларын сауатты қолдануға үйретеді. Сондай-ақ, «Қазақ тілі» бағдарламасы оқушының тілдік сауаттылығы мен сөйлеу сауаттылығын, яғни тілдік бірліктердің табиғатына сай мәтін құрауға, мәтін құраудағы заңдылықтарды сақтауға, тілдік жағдаяттардағы ауызша және жазбаша сөйлеудің нормаларын меңгеруге, сөз байлығын, басқалармен еркін қарым-қатынасқа түсу қабілетін дамытуды және оқушының ойлау қабілеті мен танымдық дағдыларын жетілдіруді көздейді.

         «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасы білім деңгейі жоғары, ой-өрісі дамыған, өз ойын еркін жеткізе алатын, туындаған мәселелерді  шеше білетін және шынайы өмрге бейім жаңашыл ұрпақ тәрбиелеу мәселесін жүзеге асыруға маңызды үлес қосады. Бір сөзбен, жаңартылған білім мазмұны аясында «Қазақ тілі» пәнінің алатын орны ерекше екенін байқадық.

         Міржақып Дулатов «Ұрпағы білімді халықтың болашағы бұлыңғыр болмайды» дегендей, бүгінгі таңда жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, олардың біртұтас дүниетанымын қалыптастыруға, әлемдік сапа деңгейін, білім негіздерін меңгеруіне мұғалімнің тапқырлығына, жылдамдығына, икемділігіне, көшбасшылық қабілеттеріне тікелей байланысты. Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Ұстаз үздіксіз ізденгенде ғана, шәкірт жанына нұр құя алады» — деп бекер айтпаса керек. Себебі, өзіміз не үйретсек, соның жемісін көреміз, сол үшін береріміздің мәні мен маңызы зор болуға тиіс. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі!

Мағзұм Гүлнұр Әмірханқызы,
филология магистрі,
қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі
«Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға
арналған мектеп-интернаты»
Қостанай қаласы, Қостанай облысы

Ұқсас материалдарды оқу

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ