Ұстаз – ұлылықтың, адалдықтың символы (Эссе)

0
4189
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Елдің келешегі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ол жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында.

Н.Ә.Назарбаев.

Қазақтың қайсар азаматы Ахмет Байтұрсынұлы «Адамдық диқаншысы» деп ұстазды бекер атамаған.

Әркім мұғалім мамандығын оқи алады, бірақ нағыз ұстаз болып қалыптасу өте қиын. Ұлағатты ұстаз алдындағы талап қай кезде де күшті болған, бірақ бүгінгі күні ұстаз – жаңалыққа жол бағыттаушы бағдаршам болуы қажет. Сән салтанаты келіскен кезеңде заңғар заманның бәсекеге қабілетті азаматын тәрбиелеп шығару – ұстаз шарапаты мен шапағаты екені сөзсіз.

       Ұстаз – ұлылықтың, адалдықтың символы.

Қай кезде де болмасын ұстазды ұлықтаған ұлы халықпыз. Шыбық тіксе, шынар болатын, таяқ тіксе, тал болатын, қыран ұшса, қанаты талатын кең байтақ қазақ даласының небір дарынды дарабоздарын дана еткен де ұстаз. Түркі әлеміне мәшһүр Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздікі» дегендей, ұстазға деген құрметті осы бір сөздің өзінен-ақ аңғаруға болады. Осындай ұлы істің, қызығы мен шыжығы мол мамандықтың иесі болу – үлкен бақыт. Себебі, аузынан ана сүті кеппеген, оңы мен солын білмейтін бүлдіршін баладан, еліміздің келер күнгі келбетін, бүгінгі заман талап етіп отырған маманды дайындап шығару оңай емес.

       Ұстаз – ұлттың тәрбиешісі.

Ұлт тәрбиесімен айналысқан адамның бойынан ізгі қасиеттер табыла білу абзал. Ұстаз болған адам өз алдына мемлкеттен не аламын деп емес, мемлекетке не беремін деп мақсат қойып қызмет етуі шарт. Халықтың баласын тәрбиелеген адам – халықтың анасына, әкесіне айналады. Сондықтан, ұстаз аңқау елге арамза молданың кейіпінде болмауы керек. Екі аяққа тар етік киген заманда қоғам көшінен қалмасын деп қазаққа қызмет етіп, білім ордаларын ашып, алашқа ардақты бола білген, жас ұрпақты білімнің сырынан, ғылымның шыңына шығуға шақырып, не нәрседен қашық болып, не нәрсеге жақын болу керектігінің сара жолын салып, тура жолмен жүруді анықтап берген ағартушы-ғалымдарымыз Абай, Ыбырай, Шоқан сынды даналарымыздың дара жолы – қазіргі ұшқыр ойлы ұлтты қалыптастыратын ұстаздарымызға өлмес мұра.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», — деген тамаша сөзді тіліне тиек етіп, осы айтылған ойдағы ізгі қасиеттердің барлығын жаңашыл ұстаз ұрпақ бойына сіңіре алады деп сенім білдіргендей. «Ескіден қол үзбей, жаңаға қол жеткізгендер ғана мұғалім бола алады», — деп қытайдың дана ойшылы Конфуций айтқандай, өмірлері өнегеге толы, ұлылықтан ұлтын биік қойған тұлғаларымыздың жолы – жаңалыққа жаны құмар ұстазды қалыптастыратыны һақ.

Міне, осы жолда ұстаздық қызметке бет бұрып, бала жанының бағбаны болуға бел будым. Соның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу – мен үшін мәңгілік мәртебе. Өйткені, көзінің тірісінде қасықтай қаны, шығардай жаны қалғанша қазаққа қызмет еткен Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып, Ахметтей арыстарымыздың өмірі үзілгенмен, артында арманы болып қалған, үзілмеген үмітін жалғау маған жүктелген міндет деп білемін.

«ХХІ ғасыр бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман», — деп кемеңгер көшбасшымыз айтқандай, ХХІ ғасырдың бәсекеге қабілетті, ойы озық, жоғары мәдениетті, тарих толқынымен өз әдебиетінің әлемінен ой қорыта алатын білімі бар азаматты тәрбиелеу – менің ұстаздық ұстанымым және міндетім. Менің танымымда білім әлемдік, тәрбие ұлттық деңгейде болуы шарт. Қаншалықты жаңашылдыққа бет бұрсақ та, ескіліктің естелігінде тау қатпарындай болып қалған салт-дәстүрлерімізді, ұлттық-рухани құндылықтарымызды айта отырып, бала санасын сәулелендіруіміз қажет.

Бүгінгі күні білім мен ғылым саласына енген түрлі жаңалықтарға ұстаз жаны құмар болып, соны үйренудің жолында құмырсқаша еңбектенуді талап етеді. Білім саласында еніп жатқан игі-жақсы жаңалықтарды игеру арқылы өз сабағымда оқушыға берілген тапсырманы қалай оқу керектігін үйретіп, соның нәтижесінде өзіндік ойларын ашық, әрі анық жеткізе білетін тұлға ретінде сыни көзқарасы қалыптасқан, замана көші талап етіп отырған технологияларда құзырлылық танытатын талапты жасты қалыптастыруға тырысамын.

Сонымен қоса, оқушының пәнге деген қызығушылығын түрлі тиімді әсдіс-тәсілдер арқылы оятып, пәннен алған азығын кез-келген ортада кеңінен қолдануына барынша жағдай жасаймын. Білім мен білік дағдыларын игере отырып, күнделікті сабағымда «Блум» таксономиясының сын тұрғысынан ойлауды қарастыруға болатын ойлау дағдыларын кеңінен қолданылатын иерархиялық моделін тәжірибеме енгізіп, сабақта тек білімділік мақсаттарды шешіп қана қоймай, Елбасының «Мәңгілік Ел – Жалпыұлттық патриоттық идеясын» жүзеге асыру арқылы оқушылардың шығармашылық қасиеттерін, рухани-адамгершілік, азаматтық-патриоттық сезімдерін дамытудың жолдарын қарастырамын. Мен үшін қоғамға жарамды, көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалыны бар, жанынан арын биік қоятын, жұмсақ мінезді жібектей, жүрегінде жігері бар, кешегі Мағжан сенген жастарды тәрбиелеп шығарудың маңызы ерекше.

Оқу үдерісінде жаңа технологияны ұтымды қолдану – менің шеберлігімді шыңдап, кәсібилігімді кемелдендірудің бірден-бір тиімді жолы. Оқытудың басты ерекшелігі – оқушылардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасы арқылы шешендік өнерін дамыту, оқушының дамуына жағдай жасау, білім алушы білім алушымен, топпен, ұжыммен, мұғаліммен коммуникативтік қарым-қатынасқа түсіп, ойын еркін жеткізуіне жағдай жасау. Өзара бір-бірінің пікірін тыңдай отырып, сыйластықта, ынтымақтастықта бір тоқтамға келіп, өз бетімен шешім қабылдай білуге, сыни көзқарасты қалыптастыруға үйрету. Оқушы сабақ үстінде тек тыңдаушы ғана болмай, әрекет үстінде болса, олардың білімдері нәтижелі болып, таным көкжиектері кеңейе түседі, ал мен сол білімнің сапалы болуына бағыттаушы боламын.

ХХІ ғасырдың ұстазы – ізденімпаз, зерттеуші, көзі ашық, көкірегі ояу, бәсекеге қабілетті, ойы озық, шығармашылықпен айналысатын тұлға. Ол – өзінің мәдениетімен, білімділігімен, парасаттылығымен, тән тазалығымен, шынайылығымен оқушының ғана емес, қоғам ассоциациясында ұстаздықтың эталоны. Жаһандану заманында инновация мен ғаламдастыруды қатар алып, білім мен тәрбиені егіз ұғым етіп бере алған мұғалімнің ғана жұмысы жемісті болмақ.

Осы орайда, ұлы ақын Абай Құнанбайұлының: «Ақырын жүріп анық бас, Еңбегің кетпес далаға, Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөздері ойыма еріксіз оралады. Алдыңнан түлеп ұшқан шәкіртің шыңға шықса, ұстаз еңбегінің ақталғаны. Ол үшін ұстаз үздіксіз өмірбақи ізденіс үстінде болуы тиіс. Сонда ғана бүгінгі заңғар заманның бәсекеге қабілетті азаматын тәрбиелеп шығасың. Өзінің пәнін сүйетін, ұлтының болашағы үшін шынайы күрескер, әр қазақтың баласын жақыным деп жақсы көрген ұстаз ғана ел ықыласына, шәкірттерінің риясыз қуанышына бөленген тұлға болып жұртшылық жүрегінде мәңгі сақталмақ.

«Өмір деген – күрес», — деп ұстазым Аягүл Төреқызы айтқандай, шәкірттеріме парасаттылық ұлағатын ұялатып, үлгі болар биік тұлғамыз аласармай, жаңа мектептің – жаңашыл ұстазы болып, асулардан аса берейік!

 

Жумабеков Самат Суюмбекович

«№104 жалпы білім беретін мектеп» КММ,

директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,

Білім беру саласының үздігі,

Сулейман Демирель университетінің магистранты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ