Мен-қазіргі заман педагогімін (эссе)

0
4251
Jennie Kim: кәріс айдолының Голливудтық дебюты
Мен-қазіргі заман педагогімін  

Ұстаздық еткен жалықпас,үйретуден балаға.
(А.Құнанбаев)

      Барлық мамандық өзінше қызықты және күрделі. Ал, осы мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, төзімділікті, ерекше мейірімділікті қажет ететін мамандықтың бірі-мұғалім мамандығы. Мұғалім мамандығы киелі де көне мамандықтың бірі. Адамзатты ежелден ойландырып, толғандырып келе жатқан,қоғамдық құрылыс өзгеріп жатса да, қажеттілігін жоймайтын маңызды  мәселе-жас ұрпақты өмір сүруге дайындау. Бұл, әрине, қиынның қиыны. Себебі, әр адам-қайталанбас тұлға. Менің ойымша, сондықтан да жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру ұстаздар қауымынан үлкен жауапкершілікті талап етеді.

Мен бұл жауапкершілікті алғашқы Е.Айшуақұлы атындағы орта мектепте алғашқы еңбек жолын бастаған сәттен-ақ сезіне бастадым. Өзім білім нәрімен сусындаған С.Жаңғабылов атындағы орта мектеп қабырғасында жүрген кезімде сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздарымның ерен еңбегін еш уақытта есімнен шығарған емеспін. Сол кезден-ақ мен ұстаз болуға шешім қабылдаған едім. Әрине,ол кезде ұстаз мәртебесі өте жоғары болатын. Алайда кейінгі жылдары қоғамдағы түрлі саяси-экономикалық жағдайларға,шаруашылық дағдарыстарға байланысты мұғалім мамандығының беделін түсірген рас. Дегенмен Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында еліміз көптеген қиындықтарды жеңіп шықты. Ұстаз мәртебесі де көтеріліп келеді.                                                                   

Мен-қазіргі заман педагогімін. Қазіргі әлемдегі қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарламалар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды өзгертуде. Әлем елдерінің тәжірибесінде әр елдің, әр мемлекеттің өзіне тән жалпы орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әрқайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы мен мазмұнының ерекшеліктері бар. Білім беру саласын ізгілендірудің басты бағыттарының бірі — белсенді оқыту түрлері мен әдістерін жетілдіру. Дәстүрлі білім беруді ығыстыра отырып, елімізде білім берудің ұлттық үлгісі қалыптасуда. «Адамзат қоғамын алға апаратын құдіретті күш – білім» дегендей, қазіргі кезде егемен елімізде білім берудің жаңа жүйесі жасалып, әлемдік білім беру кеңістігіне енуге бағыт алуда.Қазіргі заман педагогінің мақсаты-бәсекеге қабілетті өмір сүре алатын білімді,жаңадан танымы бар,білімге деген қызығушылық деңгейі жоғары,экономика деңгейіне шыға білетін ұрпақты тәрбиелеу.Иә,бұл кез –келген мұғалімнің қолынан келе бермейтін қасиет.Тек қажырлы да өз жұмысын жақсы көретін,өз оқушыларын биік шыңға жетелегісі келетін ұстаздың қолынан ғана келеді.Қазіргі заман педагогі ретінде түрлі біліктілік арттыру курстарынан өттім.

Қазақстанға (2012) Кембридж университеті ғалымдарының оқыту тәсілі, яғни жеті модуль идеяларынан тұратын білім беру мен білім алудағы жаңа бағдарлама енгізілді. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға көмектесу, яғни оқушыға дайын білім бермей,оны дамыта оқытып, ізденушілік-зерттеушілік әрекетінің ұйымдастырылуын, игерген білімін іс-әрекетте пайдалана алуын көздейді, ал негізгі мазмұны жеке жеті модуль түрінде берілген. Осы курстардан ерекше көңіліме түйгенім — әр күнде түрліше сабақты ұйымдастыру түрлері, яғни, балаға қолайлы орта жасау және оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері болды. Бұл бағдарламаны оқып-үйреніп, оны өз жұмысымда қолданып  кәсібімнің қыр-сырына тереңдей түстім. Әрине, әр сабаққа дайындық керек, оқушыларға шығармашылық бағыт-бағдар бере отырып, үздіксіз іс-әрекетке жетеледім.Қазіргі заман педагогі-ол «фасилитатор» яғни,бағыт беруші,баланың өздігінен білім алуына бағыт-бағдар беріп,оның білім алуына көмектесу.

Осы мақсатта мен өз сабақтарымда оқушылардың өзіндік жұмыс жасауларына көп мән беремін.Өз тәжірибемде осы тапсырмаларды сабақ сабақ барысында жиі орындату жақсы нәтиже беретініне көзім жетті. Ұлтымыздың ұлы ұстазы А.Байтұрсыновтың пікірі бойынша, бала білімді тәжірибе арқылы өздігінен алуы керек. Мұғалімнің қызметі- оның білімнің, шеберлігі ұзақ жолды қысқарту үшін, балаға жұмысты әліне қарай шағындап,беру мен бетін белгілеген мақсатқа қарай түзеп отыру керек.Тарих сабақтарында оқушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыруда мынадай шарттарды орындаймын.Әуелі нақты тапсырма беремін.Сосын уақытын белгілеймін.Оқулықпен жұмыс жасауға мүмкіндік беремін.Мен көбіне жоғары сынып (9-11) оқушыларына сабақ беремін.Оларға алдағы мемлекеттік сынақтарға дайындалу керек.Сондықтан көбіне ашық тест түрінде тапсырмалар беремін.Бұл жерде оқушылар берілеген сұрақтарға жауапты өздері іздеп табуы керек.Әсіресе бұл тапсырмаларды 9-сынып оқулығынан өте көп дайындадым.Және бұл әдісті қолданып жүргеніме бірнеше жылдан бері өз  жоғары нәтижесін беріп келеді.ҰБТ-ден шәкірттерім жоғары ұпай жинап келеді.Оларға Қазақстан тарихы міндетті пән болып келеді.

Егеменді еліміздің ең басты мақсаты- өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған рухани бай тұлғаның орны айрықша.

Қазіргі заман  педагогі  жан-жақты болуы заңды деп ойлаймын. Оқыта отырып тәрбиелеу-қазіргі заман педагогінен талап етілетін басты мәселе. Сондықтан жаңашыл педагог, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат,өйткені,мұғалім –мектептің жүрегі» деген ұлы сөзі көп нәрсені аңғартады. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.

Басқа да жариялымдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ