Тәрбиеші туралы ой толғау

0
15420

Тәрбиеші деген кім?  Алдымен осы сұрақтың жауабын тағы да бір айқындап бағайық.

Тәрбиеші – адамшылық ар-ожданы жоғары, намысшыл, қайталанбайтын жеке тұлға. Тәрбиеші мамандығы – біліктілікті, икемділікті, шеберлікті, ерекеше шәкірт жандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» — деген екен ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәби кезінен бастап берілетін тәлім – тәрбиенің маңызы өте зор. Баланың тұлға болып қалыптасуына отбасының тәрбиесі аздық етеді. Бұл орайда бала тәрбиесінде  балабақшаның орны ерекше. Өйтекені, әр бала әр үйдің ерке – тотай тентегі. Әжесі мен атасының төбесіне шығарып отырған елдегі жоқ тәттісі. Ата – ананың әлпештеген ардақтысы. Бағындырып көріңіз осындай әр үйдің еркесін. Олар оңайлықпен бағынбайды. Айтқанды қылмайды. Олар жүген – құрық тиген тайдан бетер асау. Бұған енді үлкен шыдам, шексіз сабыр, терең ақыл, парасат – пайым, кез келген адамда бола бермейтін әдіс, айла керек. Өйткені, адам баласын ұрып жөндей алмайсың. Қатты сөйлеп, қорқыта алмайсың. Сондықтан жауқазындай жаңа ғана бүр жарып, көктеп келе жатқан, әлі оң-солын танып білмеген жас бүлдіршіндердің өмір атты үлкен мектепке алғашқы қадамы балабақшадан басталады. Әр үйдің еркелерін тәрбиелеген балабақша тәрбиешісінің еңбегі жеңілге жатпайды. Баланың тілін табу үшін де терең білім, сабырлылық, шыдамдылық керек – ақ. Осындай қиын да, қызықты, ең құрметті мамандықты жанына серік еткендердің бірі – мен. Кейде: «мен шаршадым, мына дәптер, мына қағаз» — деп бәріне қолыңды бір сілтегің келеді. Алайда, мен осылай салғырттық танытсам, менен қандай тәрбиеші шығады?  Ал мен үшін осының бәрін жеңуде, өз мақсаттарыма жетудің ең біріншісі төзімділігімнің арқасында. Шынында да, төзімділік бар болса, көптеген биік жетістіктерге жетіп, өз жұмысыңды нақты және бапты да ойластырып, атқарасың. Төзімділік – адам бойындағы жақсы қасиеттердің бірі. Төзімді болғанда ғана жақсы бір нәтижелерге жетуге, нақты дұрыс шешім қабылдауға болады. Таң сәріден көзін тырнап ашып, ұйқысы қанбай қыңқылға басқан балдырғандарды жайдары мінезбен құшақ жая қарсы алу да төзімділікті талап етеді.

Бала – әрі болашағың, әрі өсіріп, баптап отырған бәйтерегің. Бүгінгі бүлдіршін – еліміздің байрағын желбіретер ертеңгі азамат. Бірақ, бала тәрбиесі оңай іс емес. Ал, сол сәбилердің қызығы мен шышығын көріп, еркелігін көтеріп, анасындай бауырына басқан, тәрбиеші қауымның атқарар ісі мен көтерер жүгі ауыр да жауапты.

Отбасы мен балабақша бірлесіп тәрбиелеген бала – жеміс берген ағашпен тең. Бұлай деуімнің себебі – жаңа отырғызылған бұтақ пен бала бойындағы қасиеттер ұқсас келеді. Ең алдымен бұтақты отырғызбас бұрын, топыраққа үлкен мән беру керек. Сол сияқты мықты отбасы пайда болмас бұрын, екі жастың бойында бір-біріне деген сүйіспеншілік, сыйластық, құрмет болу керек, міне, осылардың барлығы құнарлы топырақ сынды. Жаңа отырғызылған бұтақ нәзік секілді, отбасында да аппақ, кіршіксіз, таза сәби дүниеге есігін ашады. Бұтақ – ағашқа айналып, қисық бұтақтарын шығара бастайды, онымен қоса, жан – жағына арам шөптер өседі. Сол сияқты, сәби балабақша жасына жеткенше өз бойына бірнеше қасиеттер жинап үлгереді. Олар: жылауық, қырсықтық, еркелік т.б. дәл сондай күйде көптеген бала балабақша табалдырығын аттайды.Яғни, ағаш өсіруші бір ғана бағбан болса, бала тәрбиесіне жауапты отбасы мен балабақша болып есептеледі. Бағбан ағашының қисық бұтақтарын кесіп баптаса, тәрбиеші де дәл сол сияқты бала бойындағы теріс әрекеттерін, кейбір қасиеттерін түзеуге кіріседі. Ағашқа су құйып, жылуын беріп, баптаған секілді, балаға тәрбие беру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде: тәртіпке баулу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету т.б. Ағашымыз өсіп, қатайғаннан кейін өз кезегінде жапырақтар шығара бастайды, яғни бүлдіршіндер жақсы қасиеттерді бойына жинап, өзгелерге үлгі көрсете бастайды. Үлкен еңбектен кейін ағаш жеміс берген секілді, тәрбиешінің атқарған жұмысының нәтижесі көрініс табады. Бұдан шығатын қорытынды: «Ағашты қалай ексең, солай өседі. Қисық ексең  — қисық, түзу ексең – түзу шығады». Яғни, балаға кішкене күнінен тәрбиені бойына сіңіріп берсең, ол оған өмір бойына азық болады.

Сөзімді қорыта келгенде, «Бағбанның ағашы, балабақшаның баласы», яғни, біз балаларымыздың болашағына, тәрбиесіне жауапты жандармыз.

 

Айтқазы Баян

«Жас маман 2017» байқауының қатысушысы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ