Тәрбиеші үшін балалар — өмір гүлі (Эссе)

0
3448

Дәл қазіргі уақыт біздер үшін маңызға ие, қандай жоғарғы оқу орнына түсіп, қандай мамандық тандаймын деген маңызды сұраққа жауап іздейтін, болашақты бағдарлайтын кездеріміз де тақалып қалды.

Адам өзінің болашақ кәсібіне әр түрлі жолдармен келеді. Біреулер үшін – ол ойға алған арманның орындалуы, отбасы дәстүрін жалғастыру, келесі біреулер үшін – жаңалыққа, дербестікке талпыныс, үшінші біреулерге — әйтеуір бір мамандық алу керек болған соң т.б. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз-өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоймайтын адам кем де кем. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы қажет және оның мамандығы өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істеген іс – табыс биігіне жеткізетін қанат.Мұндай өмірлік сұрақтар ойланып, толғанып барып шешім қабылдауды қажет етеді. Білім алу бүгінгі таңда маңызды болып отыр.

Мен Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру» мамандығы бойынша білім алып, өз жолымды таңдадым. Оқу орнынан сапалы да, жоғары білім алдым.

Бұл мамандықты көп ойланып таңдадым десем де болады. Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі менің болашақ мамандығымды дұрыс таңдауыма көмектесті. Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде тек теория жағынан ғана емес, сонымен қатар өзіңді іс-тәжірибеде көрсете білуге мүмкіндік берді. Мен болашақта тек тәрбиеші ғана емес, сонымен қатар болашақ анамын. Сол себепті өз баламның дамуына, жетілуіне, тәрбиесіне, психологиясына, біліміне көп көңіл бөлетін боламын.

Оқуымды аяқтап, Өскемен қаласында №1 «Балапан» балабақша-бөбекжайында жұмыс жасап жүрмін. Балалармен жұмыс жасап жүргеніме екі жарым жылдай болды. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Ол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Тәрбиешінің қолында әр кезде сол кілт жүруі керек» деп Мұқтар Шаханов айтқандай балалардың тілін таба білу керек. Балалардың балабақшаға тез бейімделуі үшін әр түрлі ойындар: қимылды, үстел үсті ойындар, қозғалмалы, сюжетті-рөлдік ойындар ойнатылды. Ертегілер айтылып, сергіту жаттығуы жүргізілді. Балабақшаға алғаш келген күннен бастап ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болдым.

І-ші кіші, ІІ кіші және ересек топ балаларымен әр түрлі мерекелік іс-шаралар өткіздік. Олар «Күз жомарт»,  «Төрлет, төрлет жаңа жыл», «Аяулы аналар» , «Ұлыстың ұлы күні 22 Наурыз», «1-Мамыр Бірлік күні» мерекелері тойланды. Балаларға осы мерекелік шаралардың маңызын түсіндірдік. Мерекелер балаларға қуаныш, шаттық сыйлады. Жаттаған өлең, тақпақтарын айтып, өз білімдерін көрсете білді. Қазақ халқының ұлттық мерекесінде- балалармен ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүрлер туралы айтып, дастархан жасалып, ұлттық киімдер киіп жүрді. Мерекенің ұлттық тағамы – наурыз көже дайындалды. Мереке кезінде ата-аналармен тікелей қарым-қатынас жасадық.  Балалар, ата-аналары мерекеден жақсы әсерде болды.

Жұмыс істеу барысында «Коммуникация» білім беру саласы бойынша ұйымдастырылған ашық оқу қызметін өткіздім. Ұйымдастырылған жұмысымның тақырыбы «Үй жануарлары». Бұл оқу іс-әрекетінде үй жануарлары мен төлдері, адамға пайдасы, оларға деген қамқорлық жайлы түсінік берілді. Балабақша ішінде «Көптілді білім беру жағдайында мектеп жасына дейінгі балалардың креативті тұлғасын қалыптастыру» тақырыбында облыстық семинар-практикумына қатысып, қонақтарға ашық оқу қызметін жүргіздім. Ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрі- кіріктірілген сабақ болды. Коммуникация мен шығармашылық білім беру саласы бойынша өтті. Ашық оқу қызметінің тақырыбы «Қыстап қалған құстар». Бұл оқу іс әрекетінде қыстап қалған құстар туралы түсініктерін жетілдіру. Балалар сурет бойынша әңгімелеу және грамматикалық формада дұрыс сөйлеу іскерліктерін дамыту. Қыстайтын құстарға сүйіспеншілік, қамқорлық және адамгершілік сезіміне тәрбиелеу. Балалар оқу іс-әрекетіне белсенді қатысып отырды. Балабақшада ашық есік күніне орай ұйымдастылған оқу іс-әрекетін жүргіздім. Таным мен қатынас білім беру саласы бойынша өтті. Ашық оқу іс-әрекетінің тақырыбы «Гүлдер әлеміне саяхат». Бұл оқу іс-әрекетінде балалардың гүлдер туралы түсініктерін бекіту. Бөлме гүлдері жайлы білімдерін қайталау. Сонымен бірге гүлдердің аттарын және оларды бір-бірінен ажырата білуге үйрету. Бөлме гүлдеріне деген сүйіспеншіліктерін арттырып, гүлдерді қорғап, аялай білуге тәрбиелеу. Сабақ кезінде экологиялық тренинг «Гүлдер әлемінде қонақта», сұрақ-жауап, әңгімелесу, тыныс алу жаттығуы, дидактикалық ойын «Ажыратып қой»,  гүлдерді бақылау әдістерін пайдаландым. Сабақ балалардық жасына сай құрылған. Балалардық креативтіліген арттыруға байланысты  гүлдердің суретіне қарап, өз ойларынан гүлдердің ерекшеліктеріне байланысты топқа бөле білу көзделген болатын.

Жұмыс істеу барысында 2014-2015жылдар арасында жеткен жетістігім  «Жас маман 2015» сайысына  қатыстым. Кезең бойынша таныстыру, портфолио, өз өнерін көрсету, білімін жетілдіру кезеңдер қойылды. Жас маман байқауына қатысып, өзіме керекті мәліметтерді жинақтай білдім. Осы жарыста жүлделі орынға ие болдым. «Педагогикалық топ-2016» байқауына қатыстым. Мен «Жалын» тобында болдым. Байқаудың кезеңдері айтылды. Кезең бойынша таныстыру, портфолио, өз білімін жетілдіру папкаларын алдын ала өткізілді.  «Педагогикалық топ-2016» байқауына қатысып, өз білімімді дамытып, өзіме керекті мәліметтерді жинақтай білдім. Байқауда ұжыммен белсенді қатысып ІІ-ші орынға ие болдық. Жарыстан бәріміз білімізді көрсетіп, өз ойларымызды ашық айта білдік. Қатысушылардың барлығы жақсы көңіл күйде болды.

Бұл менің болашаққа деген алғашқы қадамым. Мен өз мамандығымды жетік біліп, оны одан әрі қарай дамытсам деген ойдамын. Тәрбиешінің жұмысы күрделі де қызықты. Шынымды айтсам, кейде жұмыстан үйге келгенде қатты шаршағанымды сеземін. Бірақ сол өткізген  күндерімді ой елегінен өткізе отырып, балаларымның ыстық ықыласын, маған ұмтылған үміт толы көздерін, тәтті қылықтарымен, сәбилік шын жүректерімен айтқан сөздері есіме түскенде шаршағанымды ұмытып кетемін. «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген сияқты оның бойына бар жақсы қасиеттерді сіңіргін келеді. Балабақшада тәрбиеленуші күннің көп бөлігін сенің жанында жүріп, өткізеді. Әрбір балаларға бауыр басып қаласын, әр баланың мінезін, оның қызығушылығын да білемін.

Мен сәбилерге арнаған  уақыттарды ең бақытты кездер деп айта аламын. Себебі, біздер баланың жүзіне күлкі сыйлауға, оны қуантуға зор ықпал етеміз. Француз ағартушысы, жазушы Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып таза туды, оның үстіне шыймайды қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді»деген нақыл сөзі осы мектепке дейінгі балаларына арналғандай. Балабақшаға кіргенде жас бүлдіршіндердің жағымды үндері, сыңғырлаған күлкілері «Сәлеметсіздер ме, балалар!» деген сөзіме берген балалардың «Сәлеметсіз бе» деген жауабы бір сергітіп, серпілдіріп тастайды. Балалармен бірге болған әрбір уақытым мені жаңа әлемге жетелегендей болады.

Осындай тынымсыз еңбектің жемісін көру үшін, тәрбиешілік жұмыс тәрбиешінің бойынан – жігерлілік пен еңбекқорлықты  қажет ететінін айқын аңғардым. Бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыра отырып, бала жүрегіне жылылық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсінемін.

Балалармен жұмыс жасау – үлкен бақыт. Тәбиеші- бала жанының бағбаны деп айта отырып. Тәрбиеші үшін балалар — өмір гүлі. Ал гүлдер ешқандай жасандылықсыз, шынайылықпен баптағанда ғана өседі дегім келеді.

 

Айтанова Шырын Әскербекқызы

Өскемен қаласы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ