«Хан – халықтың қазығы» Майқы би
XVI ғасырдың 90 жылдарынан XVII ғасырдың басына дейінгі Қазақ хандығының тарихы Тәуекел ханмен тікелей байланысты. Сыр өңіріндегі маңызы бар қалаларды қазақ хандығы территориясына қосуға бар күш — жігерін жұмсады. Осы шығарманы жазу арқылы Тәуекел тұсындағы елшіліктердің маңыздылығын ашып, ханның тапқыр саясатын дәріптегім келеді.
Тәуекел хан — (1583-1598 жылдары билік құрған) Шығай ханның ұлы. 1586-1594 жылдар аралығында ол өзге сұлтандармен хан тағына таласып, біраз уақытын соған жұмсады. Ақыры хандыққа қол жеткізді. Өзбек ханына қарсы күресте әскери одақтас ету үшін ол Мәскеумен қарым-қатынасын жолға қойды. Сөйтіп, 1598 жылы Орта Азияға жаңа жорық жасады. Сырдария бойындағы қалаларды қайтарып алар жолда ұрыстар жүргізілген кездеТәуекел ауыр жараланып, Ташкентте қайтыс болды.
XVI ғасырдың 90-жылдарынан XVII ғасырдың басына дейінгі Қазақ хандығының тарихы Шығайдың Абдаллахқа өтіп кетуі, Тәуекелдің одан қалуы, қазақ сұлтандары қатысқан 1588 жылғы Ташкент көтерілісі, 1594-1595 жылдардағы Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы, Самарқандты басып алған кездегі соғыс оқиғалары сияқты деректермен белгілі. Бұл аймақтардың Қазақ хандығы құрамына қосылуының тарихи маңызы зор болды, бір тарихи кезеңнің екіншісімен алмасуын көрсетті. Бұл оқиғалар тек Қазақ хандығына ғана емес, шайбанилік мемлекеттерге де елеулі ықпал жасады, өйткені Орта Азиядағы әулеттер ауысуының солармен тікелей байланысы болды. 1582 жылы Шығай хан өлгеннен кейін Тәуекел хан болды. Абдаллахқа вассалдық тәуелділік оның кезінде де сақталып қалды. Бірақ 1582 жылдың бас кезінде-ақ «Әндіжан мен Ферғанаға жорықтан қайтып келе жатқанда Тәуекел өзіне ханның теріс ниетінен күдіктеніп, оны тастап, өзінің Дешті Қыпшағына кетіп қалды» делінген дерек те бар.
Тәуекел Сыр өңірінің қалалары үшін күресті бастап, 1586 жылы Ташкентті алуға әрекет жасайды. Абдаллах ханның әскерлері оңтүстікте шоғырланғанын біліп, Тәуекел Мауараннахрдың солтүстік аймақтарына шабуылдайды. Оның шабуылы Түркістан, Ташкент, тіпті Самарқанд сияқты қалаларды талқандады. Тәуекел шайқасқа түспей, асығыс шегініп кетті. Сөйтіп, Тәуекелдің Ташкентті алуға жасаған алғашқы әрекеті сәтсіз аяқталды.Ташкент өңірінде болған 1588 жылғы көтеріліс сол кезіндегі қазақ халқы тарихындағы маңызды оқиғалар қатарына жатады. Ташкенттегі көтеріліс Абдолла хан мен оның немере інісі осы аймақтың билеушісі Рүстемнің ұлы Өзбек ханға қарсы болды. Бұл уақытта Абдолла хан Гератта соғысып жатты. Сөйтіп, Пскентте осы қаланың бай-бақуатты адамдары, ақсүйектер және әмірлер де болды. Бұл көтерілістің себебі Абдолланың заңсыз хандық билікке келуінде еді. Шайбанилық әулеттің дәстүрі бойынша ханды билікке шайбанилық әулет өкілдерінің қалауымен, мақұлдауымен отырғызатын. Бірақта, Абдолла билікке шайбанилық сұлтандардың емес, әмірлердің көмегімен келді. Өйткені, Абдолла тақтың заңды мұрагері болмағандықтан және шайбанилықтар хандық билікке Абдолладан жасы үлкен шайбанилықтардың бірін отырғызады деп қорқып, ол әкесі өлгеннен кейін тез арада әмірлермен келісіп, өзін хан жариялайды. Сондықтан да, ықпалды ақсүйектер мен шайбанилық сұлтандар бүлік шығарды. Осылайша, көтерілісшілер Абдолла ханның даруғасын өлтіріп, қазақ сұлтаны Жан-Әліні хан етіп көтереді. Ташкент уәлиятының билеушісі Өзбек сұлтан Абдолла мен басқа да шайбанилықтарға шабарман жіберіп, көмек сұрайды. Алайда, көмек келсе де, көтеріліс тоқтамады. Көп кешікпей бүлікшілерге Хақназардың ұлдары Мыңғытай мен Дін Мұхаммет сұлтандар келіп қосылады. Олар әкесінің кегін қайтару үшін ыңғайлы сәтті күткен тәрізді. Бұл көтеріліс үш айға созылып, бұқаралық сипат алғанымен тез басып, жаншылды. Ташкент Бұхара хандығының қол астына қайта кірді. 1588 жылғы оқиғалар содан кейінгі 1598-1599 жылдардағы оқиғалардың, атап айтқанда, Шайбани әулетін Аштархани әулетінің алмастыруы сияқты елеулі оқиғаның алғы шарты болды.Сонау 1585 жылы-ақ Абдаллахқа дербес қарсы шыққан Тәуекел бұл көтеріліске қатысқан жоқ. Ол жеңген жағдайда өзіне айтарлықтай пайда келтіретін болса да, басқа қазақ сұлтандары жүргізген бұл күреске қосылмады. Тәуекел 1582 жылдың аяғында Абдаллахтан кеткеннен кейін оның жоғарғы билік үшін ұзақ уақыт табан тіресе күресуіне тура келді. Тәуекелдің хан жағдайын 1586 және 1594 жылдар арасында жүргізілген ұзақ та табанды күрес нәтижесінде жеңіп алғаны, оның содан кейін Мәскеумен қатынастар жасау кезінде нағыз хан ретінде әрекет еткені анық болады.
1594 жылы Тәуекел өзін бодандығына қабылдауды өтініп, Федор патшаға Құл-Мұхамедті елші етіп жіберді. Қазақ елшілері орыс патшасына Қазақ хандығының жайы туралы бірқатар қызықты мәліметтер жеткізді. Мәселен, Құл-Мұхамед былай деп хабарлаған: «Ал қазір Бұхара патшасымен уақытша татумыз, ал ноғайлармен бауырлардай татумыз, Тинехматтың балаларымен де, ұрыс тұқымымен де ала-бөтен емеспіз». Бұл елшілік туралы істе Тәуекел хан «қазақ және қалмақ патшасы» деп те аталған, бұдан оған Орталық және Солтүстік Қазақстанды мекендеген қазақтарға жақын көшіп-қонып жүрген кейбір жоңғар рулары бағынған деген қорытынды жасауға болады. Сонымен қазақ елшілігінің алдында Ораз — Мұхаммедті қайтаруға қол жеткізу және Абдаллахқа қарсы күресте Мәскеудің көмегіне уәдесін алу міндеттері қойылды. 1595 жылғы наурыз айында елшіге патшаның жауап грамотасы тапсырылды, онда Тәуекелге қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына» алатынын хабарлаған. Тәуекелдің елшілері Мәскеуге Иран шахы Абдаллахқа қарсы бірлесіп күресуі туралы келісімге қол жеткізу үшін Иран елшісін өздерімен бірге Тәуекелге жіберуін сұрады. Елшілердің өтініші орындалды.Құл-Мұхаммед елшілігіне жауап ретінде 1595 жылдың наурыз айында Мәскеуден Тәуекел ханға тілмаш Вельямин Степанов жіберілді. Федор Иванович патшаның қазақтарды Москва мемлекетінің бодандығына қабылдау туралы Тәуекел ханға берген грамотасында былай делінген: Біздің ұлы мәртебелі патшамызға өзіңіздің Құлмағамбет деген адамыңызды грамотаңмен жіберіп, ал өз грамотаңызда біздің ұлы мәртебелі патшамызға жазғаныңыздай, ал сіздің елшіңіз біздің ұлы мәртебелі патшамызға басын иіп, тағзым етіп, бұрынғы жылдарда Үлкен Ноғайлардың сіздерге жау болғанын, ал сіздердің өз ордаларыңыздан қуып жіберілгендеріңізді, ал қазір құдайдың рақымымен екі ордаға — Қазақ және Қалмақ ордасына патша болғаныңызды, бізден, ұлы мәртебелі тақсыр әрі князь бүкіл Русьтің самодержесі Федор Ивановичтен, өзіңізді екі ордаңызбен – Қазақ және Қалмақ ордаларымен қоса патшаның қол астына алуды сұрағаныңызды жеткізді. Ал сіз Сібір патшасы Көшімнің бізге опасыздық жасағанындай, біздің патшаның айтқанынан шықпайтын болыңыз. Сондықтан біз сол теріс қылықтары үшін өз жасақтарыңызды жіберіп, біздің адамдар оның жұртын айдап әкетті, сол кезде сіздің інініз Ораз-Мұхаммед ханзада біздің жауынгер адамдарымыздың қолына түсті. Ал сіз ініңіз Ораз-Мұхаммед ханзаданы сізге қайтаруға әмір береміз, ал сізге біздің патшалық әміріміз мынадай болмақ: біздің ұлы мәртебелі патшамыздың жанында біздің патшадан айлық алып тұратын сіздің бауырларыңыз бен ханзада балаларының болуы үшін оның орнына аманатқа бауырларыңыз бен балаларыңыздан ханзада жіберіңіз. Ал сіздің бауырларыңызды немесе балаларыңызды біздің ұлы мәртебелі патшамыз ұмыт қалдырмайды. Ал сіз біздің патшаның қол астында болып және біздің патшаның әмірімен Бұхар патшасына және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшімге қарсы соғысып, атамекенін тартып алып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға хабар жібересіз. Ал бізге, бүкіл Русьтің самодержеці ұлы патша ағзам және ұлы князь Федор Ивановичке, біздің қызметшіміз, әрі атшы бояр және сарай воеводасы, әрі Қазан және Астрахань патшалығы ұлы мемлекеттерінің иесі Борис Федорович Годунов сіздің бас иіп жасаған өтінішіңізді жеткізді. Ал біз Борис Федоровичтен сіздің грамотаңызды естідік және сіздің бас июіңіз бен өтінішіңіз жақсы әсер қалдырды, сөйтіп көп кешікпей сіздің армандарыңызға патшамен жүзбе-жүз көрісуге жағдай туды және оларға патша өзінің сый-сыяпатын көрсетіп, кешіктірілмей сізге қайтарылды. Және де, Тәуекел хан, сені және бауырларыңды Шах-Мұхаммед ханзадамен Күшік ханзаданы патшаның өзі айлық беріп, сіздердің бүкіл жауларыңыздан қорғап отырмақпыз. Осындай дипломатиялық қатынастар, сондай-ақ сауда байланыстары XVI ғасырдың кейінгі жылдарында да жалғаса берді. Қазақ-орыс дипломатиялық қатынастарының дамуы керуен саудасының одан әрі кеңеюіне жағдай жасады. Қазақтар рынокқа өз тауарларын: малын, мал өнімдерін апарып отырды. Ресейден Орта Азия мен Сібірге апаратын жол Қазақ хандығының аумағы арқылы өтті. Тобыл қаласынан Орта Азияға апаратын сауда жолы Ертіс өзені арқылы Есіл өзенінің бас жағына қарай, ал ол жақтан Ұлытауды айналып өтіп, Сарысу арқылы Түркістанға дейін, сонан соң Сырдария өзені арқылы Бұхараға өтетін еді. Тәуекел ханның қазақ тарихындағы орны ерекше.
Қазақ хандығының территориясын ұлғайтудағы үлесі де өте зор. Орыс мемлекетімен жасаған дипламатиялық қатынастары қазақ хандығының экономикалық дамуына ілгерілеу жасады.
Керей мен Жәнібек негізін қалаған қазақ хандығының іргесін шайқалтпай, Сыр өңірі бойындағы стратегиялық маңызы бар қалаларды қорғап, қазақ хандығын нығайтты.
Аспан ашық болса,
Күн шуақты болады.
Хан әділ болса,
Халық ынтымақты болады, — деп Майқы би айтқандай Тәуекел хан қазақ халқының ынтымағы мен бірлігін арттырып, елді әділ билеп, сыртқы саясатта көрші мемлекетермен тапқыр ұтымды елшілік жасау арқасында қазақ хандығын олармен иық тіресе алатындай дәрежеге жеткізген хан.
Авторы: Еркінқызы Гүлсімай