Тәуелсіздікке тарту. «Тәуелсіздігім – қымбат қазынам!»

0
2668

І.Кіріспе бөлім\r\n\r\nТәуелсіздік туралы ой\r\n\r\nІІ.Негізгі бөлім\r\n\r\n1.Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ\r\n\r\n2.Әлемге танытқан Тәуелсіздік\r\n\r\nІІІ.Қорытынды бөлімі\r\n\r\n \r\n\r\nМен – бақыттымын! Себебі, мен – тәуелсіз елдің ұланымын! Иә, мұны мен бүкіл әлемге жар салып айқайлағым келеді, мақтанғым келеді! Көк байрақтың желбірегенін көріп, өзіңнің азат екеніңді сезіну қандай керемет көрініс десеңізші!? Өз еліңде, өз жеріңде тағлымды тарихыңды танып, ұлт мақтанышына айналған халық жанашырларын көкке көтеріп, ана тіліміз – қазақ тілінде пікірлесіп, тілдессек, еңселі елдермен бойымызды тік көтеріп, қатар тұрсақ, бұның өзі тәуелсіздіктің белгісі емес пе?!\r\n\r\n       Болмысы бөлек, бітімі ерекше, жаратылысынан дара туған қазақ елі осы еркіндіктің арқасында түнде ұйқы, күндіз  күлкі көрмей, найзаның ұшымен, білектің күшімен ұшқан  құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатын ұлан-байтақ қазақ жерін аждаһадай төніп, қазақ жерін бағындыруды көздеген жау елдерден аман алып қалды.\r\n\r\n       Мен өскелең ұрпақ ретінде еліміздің тәуелсіздікке жету жолдарын көп зерттеп,тарих беттерін парақтадым. Күлтөбенің басына жиналып, ел бірлігін сақтауды мақсат еткен ата-бабаларымыздың, үш жүздің басын біріктірген Абылай ханның, «Жеті жарғыны» құрастырған Тәуке ханның, «Қазақты қазақ басқарсын» деп, өз елінің тізгінін өзгеге ұстатпаған жалынды жастардың, бабалар арманын асқақтатып, көк байрағын желбіретіп отырған Нұрсұлтан Әбішұлының ерлігінің алдында басымды иіп, шексіз риза болдым. Балалардың жасымен, аналардың зарымен, әкелердің күшімен келген бұл тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес. Иә, армандаған тәуелсіздікке  халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайрат рухының арқасында қол жеткіздік.\r\n\r\n        Ақ түйенің қарны жарылып, бөркімізді аспанға лақтырғанымызға да – 25 жыл! Еркіндікті жырлаған тәуелсіз ел болғанымызға да -25 жыл! Көк туымыздың желбіреп, төрткүл дүниеге танылғанымызға да  — 25  жыл!\r\n\r\n        Дербес мемлекет болып қалыптасу үшін қыруар уақыттың қажет енені баршамызға мәлім. Бірақ біз бұл сынақтан да сүрінбей өттік. Тәй-тәй басып, енді ғана аяғына тұрып келе жатқан сәби секілді болса да, халқымыздың тума таланты мен асқан дарындылығының арқасында өзін бүкіл әлемге танытты және өзін мойындатты. Бұдан асқан бақ бар ма?!  Бұдан нұрлы шақ бар ма?!\r\n\r\n       «Қаз тұрып, қадам басқан тәуелсіздік сәбилік тұсауын өміршең уақытқа кестірген кезден бастап, осынау 25 жылдың бедерінде айшылық жерді алты рет аттаған алып секілді дәуір жалынын мығым ұстап, тізгінін бекем қаға білді»,-деп  Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, егемен Қазақстанды бүгінде барша әлем танып отыр. Тәуелсіздік алғандағы  алғашқы әрекеттердің арасында  мемлекетіміздің ұллтық валютасы-теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу Конституциямызды бекіту бар еді. Ата заңымызға сәйкес Қазақстан және қазақстандықтар ешкімнің жеріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бермейді. Мұндай істердің орындалуы – тарихи жетістік. Айта берсек, 24 жылда еліміздің жеткен жетістігі ұшан теңіз. Көптеген қиыншылықтарды көрген қазақ елі жас мемлекет болса да, көптеген дамыған елдерден көш ілгері. Қуанатын кез келді. Қуан, қазақ, өр рухты текті елім! Осы арқылы қалай мақтанбай тұрарсың?\r\n\r\n     Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан  құралған халқымен  ерекше екенін  ұмытпағанымыз абзал. Мен өз келешегімді қазақ ұлтының өрлеу жолындағы  Елбасының ерен еңбегінсіз елестете де алмаймын. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерге ұмтылу біздің буынның бағыты болуы тиіс.\r\n\r\n       Елбасымыздың  «Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады» деген салиқалы ойын негізге ала отырып, ел ертеңі қазақ жастары деп ой қорытындылағым келеді. Көк байрағы желбіреген, әнұраны асқақтаған, бірлігі жарасқан, даңқты Қазақстаным – тәуелсіз елімнің ұланы болғанымды мақтан тұтамын.\r\n\r\n        Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда ел тыныштығын сақтап, дамыған 30 елдің қатарына қосылып, мәңгілік елдің қатарынан табылуға жұмыс жасау біздің басты міндетіміз деп ойлаймын. Баға жетпес құндылығымыз саналатын Тәуелсіздікті көзіміздің қарашығындай сақтайық, Тәуелсіз елдің ұланы! Көк туың желбіреп, мәртебең биіктей берсін, қазақ елі!\r\n\r\n \r\n\r\nӘліш Ақұштап Сәкенқызы