Термин сөздер және олардың қалыптасу жолдары

0
23015
Әбіш Кекілбаев

Термин сөздер және олардың қалыптасу жолдары.

Жоспар:

І. Кіріспе

ІІ. Қазақ терминологиясының дамуы мен оның қалыптасуының тарихы.

а) Қазақ лексикасының терминденуінің төрт кезеңге бөлінуі.

ә) Қазақ лексикасы терминденуінің алғашқы кезеңі

б) ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ лексикасының терминденуі.

в) 30-90-жылдар аралығындағы қазақ лексикасының терминденуі.

г) Қазақ лексикасының қазіргі кездегі терминденуі

ІІІ. Қорытынды

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

Кіріспе

Әлемдік қауымдастық Қазақстан Республикасын демократиялық және зайырлы мемлекет ретінде таныды. Кез келген елдің мемлекеттілігін айқындайтын негіз қалаушы фоктор оның тілі болып табылады.

Көп ғасырлық тарихы бар қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілуіне байланысты оның қоғамдық маңызы арта түсті. Мемлекеттік тілдің әлеуметтік – қоғамдық функциясын дамытуда, оның қолданылу аясын кеңейтуде ұлттық терминологияны реттеудің, жүйелеу мен дамытудың ерекше маңызы бар.

Ұлттық тілді дамытуда мүдделі өркениетті тіл саясатының маңызды құрамдас бөлігі ретінде териминология проблемаларына үлкен мән беріледі. Германия, Франция, Ресей сияқты елдерде терминология комитеттерінің, комиссиялары мен қоғамдық институттарының жұмысы жолға қойылған. Олар өздерінің терминологиялық жұмыстарды үйлестіру және ұйымдастыру жөніндегі қызметін мемлекеттік деңгейде жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар терминологиялық жұмыстардың негізі салалық ғылыми — әдістемелік бағыттарын да айқындайды. Бұл ретте нысаны жағынан айрықша мән беріледі.

Қазақстан тілдің өзара іс – қимылын, тіл құрылымын, оның ішінде терминологиялық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі қызметте халықаралық қатынастардың тең құқықты субъектісі ретіндегі тәуелсіз мемлекет бола отырып, әлемдік тәжірибенің неғұрлым оң үрдістерін тиімді пайдалануға тиіс. Тәуелсіз мемлекеттің тілді дамыту саласындағы ғылымы елдің барлық рухани – мәдени өмірінің оң ілгерілеуіне және прогресіне сәйкес келуі тиіс. Қоғамдық өмірдің маңызы салаларында қолданылуы аясын кеңейтуді талап ететін мемлекеттік тілдің қазіргі жай – күйі, оның даму перспективалары ұлттық терминологияның даму деңгейімен, оны реттеумен, жүйелілігімен, тұрақтылығымен және оның қолданылу аясының ауқымымен өзара тығыз байланысты.

Ұлттық терминология саласында қол жеткен нәтижелер мен орын алған кемшіліктиерді талдай отырып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының қазіргі кезеңіндегі өзекті негізгі мақсаттар мен міндеттерді басшылыққа ала отырып, оны дамытудың қағидаттары мен бағыттарын белгілеу қажет, осыған байланысты еліміздегі демократиялық өзгерістерге сәйкес келетін терминология саласындағы жұмыстарды одан әрі дамыту, жүйелеу мен үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасындағы терминологиялық жұмыстың біртұтас тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туындап отыр.

Тұжырымдамада сасалық және салааралық ғылыми терминдерді қалыптастыруға, ғылым салалары бойынша сөздік дайындауға, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуге, оны бір жүйеге келтіруге, терминдер жасауға негізгі бағыттар сілтейді.

Термин – (лат. terminus деген сөзі, қазақша мағынасы – бір нәрсенің шегі, шекара) шекралық белгі. Терминдер – ғылым мен техника, мәдениеттің әр саласына қатысты белгілі бір ұғымды дәл білдіретін арнаулы сөздері. Терминдер – нақты бір ұғым атауы. Терминдердің лексмканың басқа түрлерінен басты айырмашылығы олар көп мағыналы емес, бір ғана нақты мағыналы болып келеді: оларда эмоционалды бояу, экспрессивті – стилистикалық қызмет болмайды.

Терминдер ғылым – білімнің бір саласына – бір терминологияға тән болып келеді. Сонымен бірге кейбір термин ғылымның бірнеше саласында қолданылуы мүмкін. Жеке бір ғылымның өзіне тән негізгі терминдері мен терминологиясы болады.

Терминология кең мағынасында «адамның кәсіптік қызмет саласындағы қолданылатын арнаулы лексиканы қамтитын, тілдік сөздік құрамынының бөлігі». Терминология – арнаулы ұғымдарының жүйелік ерекшелігін көрсете отырып, оның коммуникативтік қажеттілігін өтеуге қызмет ететін атаулар жиынтығы.

Терминология терминінің өзі көп мағыналы термин. Ғалымдар оынң 5 түрлі мағынаны білдіретінін көрсетеді.

  1. Термин – сөздердің жиынтығы немесе жалпы көптеген саны белгісіз терминдер;
  2. Қандай да бір сала терминдерінің (ұғымдары мен атауларының) жиынтығы (медицина терминологиясы, география терминологиясы);
  3. Терминдердің жасалуы, құрамы мен қызметі туралы ілім;
  4. Белгілі бір тілде қолданылатын белгілі бір білім саласы терминдердің жасалуы, құрамы мен қызметі жәгне олардың басқа тілдердегі баламалары туралы ілім;
  5. Жалпы терминологиялық ілім.

Осы көпмағыналықтан арылу мақсатымен болса керек, соңғы он шақты жыл көлемсінде Ресей ғалымдары термин, терминология мәселелерін зерттейтін ілімді терминоведение деп атап жүр. Біз де ұғымдар ара – жігінің бұлайша ажыратылуын қолдаймыз. Сондықтанда терминоведение атауын терминтану деп қолданып жүрміз. Тілдегі барлық терминдер жиынтығын – терминология, ал белгілі бір арнаулы сала терминдерінің жиынтығын — салалық терминология, ал общая терминология атауын – жалпы терминтану деп бір ізді атаған дұрыс болар деп ойлаймыз.

Терминологиялық лексиканың әдеби тілге қатысы туралы мәселеге деген ғылымдардың көзқарасы да бірдей болмай келгендігі белгілі. А. Суперсканская және басқа ғалымдар ондай пікірлерді үш топқа жіктейді:

  1. Терминология — әдеби тіл лексикасының құрамына кіретін бір бөлігі.
  2. Терминология — әдеби тілмен аз ғана ортақтығы бар ұлттық тілдің дербес лексикалық бөлігін құрайды.
  3. Терминология — ешқандай тіл емес, ол жасанды таңбалардың жүйесі болып табылады.

Бұл үш түрлі пікірдлің алғашқы екеуінің қайсысы дұрыс деген мәселе туралы ойлануға, пікір таластыруға болар, ал үшіншісінің ғылыми негізі берік деп аутуға болмайды.

Терминдердің негізгі басым бөлігі белгілі бір ұлт негізінде жасалған сөздер екендігін ескерсек, бүкіл терминологияны жасанды таңбалар жиынтығы деп оны тілден мүлде бөліп қарастырудың реті бар деп айту қиын. Ал алдыңғы екі көзқаоасты жақтаушылардың да алға тартатын өзіндік деректері мен дәлеледері бар. Қазақ тіл білімінде соңғы жылдарға дейін тек «Терминология — әдеби тіл лексикасының құрамына кіретін бір бөлігі» деген пікір ғана орын алып келеді. Екінші көзқарасқа назар аударушы зерттеушілер бізде соңғы кездері ғана пайда болды. Жалпы терминологиялық әдеби тілге қатысы туралы мәселе әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді.

Ғылым мен техниканың, өндіріс пен өнердің алуан түрлі сондай арнаулы салаларындағы деректі және дерексіз ғымдардың атаулары мыңдап саналады. Сонда белгілі бір арнаулы сала атауларының жиынтығын – салалық терминология деп атайды. Мұндай терминдер жиынтығын география терминологиясы, физика терминологиясы, математика терминологиясы, музыка терминологиясы деп саласының атауларын негізінен осы салаларды зерттейтін ғалымдар мен практик мамандар жасайды.

І тарау. Қазақ терминологиясының дамуы мен оның қалыптасуының тарихы.

А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, Е. Омаров, Т. Шонанов, Ә. Ермеков, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, Қ. Кемеңгерұлы, Ж. Күдерин, М. Жұмабаев, Н. Төреқұлұлы сияқты ағартушы қазақ зиялыларының өкілдері өткен ғасырдың бірінші он жылдығынан бастап қазақ тілінде алғғашқы оқулықтарды шығарып, орыс тілінен кейбір шығармаларды ауыстыра бастады. Қазақ зиялыларының өкілдері ғылымның кейбір салалары бойынша сол тарихи кезеңнің қажеттіліктеріне сәйкес терминологиялық атаулар жүйесін іріктеуді ғылыми негізінде жүргізді.

Ұлттық терминологияның қалыптасуына, әсіресе нақты ғылыми салалар жекелеген пәндерге деген мұқтаждықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосқан ұлы ғалым Б. Байтұрсыновтың еңбегі айрықша маңызға ие болды.

Қоғамдық санасын ғылыми нысанын дамытуда және оны тереңдетуде, ғылыми танымның ауқымын кеңейтуде жоғарыдағы аталған ғалымдар еңбектерінің ықпалы өлшеусі мол болды. Осылайша, тілде терминологиялық сипаттағы жаңа атаулар мен сөз орамдары пайда болды.

ХХ ғасырдың 10-30 жылдарындағы, А. Байтұрсынов кезеңіндегі ұлттық терминологияның ең басты ерекшелігі – бұл термин ретінде қазақтың байырғы сөздерін кәдеге жарату және жалпы халық тілінің сөз байлығын барынша пайдалану болды. Алайда, бұл қағидаттың ғұмыры қысқа болды. [3.5]

1940 жылдан бастап идеологиялық қысымның салдарынан терминдерді аудармасыз қолдану не орын тіліндегі нысанын өзгеріссіз сақтак практикасы кеңінен енгізіле бастады. Әсіресе, 1960 жылдардан бастап жасалған тер терминдердің ішінде қазақ терминдерінің саны шектеулі болды. Дегенмен, 1940-1990 жылдар кезеңінде 150-ден астам терминологиялық сөздік шығарылды. Олардың ұлттық терминологияны қалыптастырудағы сөздік шығарылды. Олардың ұлттық терминологияны қалыптастырудағы оң маңызын теріске шығаруға болмады.

Кеңес дәуіріндегі қазақ терминологиясында орыс және шетел терминдері сыни талғамсыз қолданылды, қазақ терминологиясының басты қағидаттары еленбей қалды. Орыс тілінен енгізілген терминдер және орыс тілі арқылы келген халықаралық терминдер орыс тіліндегі сияқты өзгеріссіз қолданылуы тиіс деген реже күштеп енгізілді және нұсқау заңдастырылды.

Осы кезде шығарылған терминолгиялық сөздіктердің көпшілігі басқа тілдерден алынған терминдердің негізінде әзірленді. Нәтижесінде терминология жүйесінде қазақ сөзінің үлес салмағы мүлдем аз болды. Осылайша қазақ терминологиясыны өзінің ұлттық келбетін жоғалта бастады.

Егемендік алуға және қазақ тіоліне мемлекеттік тіл мәртебесінің берілуіне байланысты ұлттық терминология проблемаларына ерекше мән беріле бастады. Қазақ терминологиясының ұлттық ерекшелігін жаңғырту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Бұрынғы ондаған шет ел терминдері сәтті қазақша баламалар таңдалып алынды. Тәулсіздік жылдары әртүрлі ғылым салалары бойынша шығарылған сөздіктердің жалпы саны жүзден асып жығылады.

Соңғы жылдары ресми іс жүргізу саласында, бұқаралық ақпарат құралдарында және білім беру мекемелерінде мемлекеттік тілді пайдаланудың үлес салмағы арта бастады. Қазақ тілін жазбаша және ауызша нысанда қолданудың жандануына байланысты зерттеушілердің басым көпшілігінің назары тілдің ішкі мүмкіндіктерін зерттеуге аударылды. Сондай-ақ, сөзжасамдық белсенділік те жаңа сапалы деңгейге көтерілді.

Іс-тәжірибесінде қолданылып жүрген терминдердің едуәір бөлігі ғылым – білім, оқу – тәрбие, әлеуметтік – саяи салалардағы ежелгі сөздерді «жаңғырту» жолымен жасалды.

Алайда, соңғы жылдары қазақ тілінің терминологиялық жүйесін әзірлеу белсенділігінің күрт өсуіне қарамастан, ұлттық нақыштағы терминдерді жасау кезінде қазақ тілінің ішкі ресурстары, лингвистикалық ғылымның жетістіктері барынша толық пайдаланылмай келеді. Қолданылып жатқан шаралар жеткіліксіз болуда. Оның басты себептері: өзара әрекеттесетін екі негізгі фактордың — тілдік фактордың әсіресе бағалауынан және тілдік емес (әлеуметтік, саяси, экономикалық, психологиялық, тарихи, географиялық, өзге де) фактордың ескерулерінен тілдік ахуалдың қалыптасуы болып табылады.

1.1. Қазақ лексикасының терминденуінің кезеңге бөлінуі.

Ұлттық қоғамдық – саси, рухани – мәдени өмірінде болып жататын өзгерістердің барлығы оның тілінен көрініс таппай қалмайды. Тіл тек қатынас құралы ғана емес, халықтың танысы мен білімінің жинақтаушысы да болғандықтан солай болуы заңды да. Ғылым тілінің даму тарихын да халық өмірінде болған өзгерістермен байланыстырмай, бөліп алып қарауға болмайды. Сондықтан да біз бүкіл термин шығармашылығын, терминологиялық лексиканың барлық тәсілдері арқылы жасалған терминдерді қоғам өмірінде болған сондай өзгерістермен тікелей байланыста қарастыру қажет.

Қазақ терминологиясының қалыптасу, даму тарихы термин шығармашылығының барлық уақытта бір қалыпты жүріп жататын процесс емес екендігін көрсетеді. Түрлі себептердің әсерінен белгілі бір мерзім аралығында терминдер қатары тез өсіп, терминологиялық лексиканың ауқымы молая түсс, келесі бір уақыт аралығында ондай қарқындылық болмайды. Оның бірнеше себептері бар. Солардың ішіндегі термин шығармашылығына тікелей ықпал ететін ең басты факторлардың бірі – ғылым мен техниканың дамуы болса, екіншісі – сол елде үстемдік етуші тіл саясаты.

Ғылым жақсы дамыған тұста көптеген жаңа ұғымдар пайда болып, олар тілден өзінің таңбалаушысын табуды қажет етеді. Мұндай құбылыс арнаулы саланың барлығына емес, санаулы бір ғылым салаларына ғана тән болуы да мүмкін. Көбіне солай болады да. Ұлт тілінің саласындағы қызметі, термин шығармашылығына қатыстырылуы сол тілдің қоғамда атқаратын рөлімен тікелей байланысты. Ал тілдің қоғамда қандай рөл атқаратындығын сол елдің тіл саясаты белгілейтіндігіне өткен ғасырдағы қазақ терминологиясының даму жолдары куә бола алады.

Терминологияның дамуы мен қалыптасуының өзіндік тарихы бар. оны ғылым мен техниканың өркендеуінен, қоғам өмірінде болып жататын саяси – экономикалық, рухани – мәдени, тарихи — әлеуметтік өзгерістерден мүлде бөліп алып қарауға болмайды.

Қазақтың ғылыми терминологиясының даму тарихына үңілер болсақ, оның қалыптасуна қоғам өмірінде болған өзгерістердің айқын із қалдырғанын көруге болады. Жалпы терминологиялық лексика қорының жасалуы ғылым мен техника салаларының игерілуіне, дамуына тікелей тәуелді. Сондықтан қазақтың ғылыми терминологиясының қалыптасуын Қазақстан ғылымының даму тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Соған сәйкес біз қазақ тілінің терминологиялық лексикасының қалыптасуын кезеңдік тұрғыдан сипаттауда осы шындыққа табан тіреуімізге тура келді. Сонымен бірге терминологиялық жұмыстың жүргізілуіе тікелей әсері болған тілдік және тілден тыс факторларды ескерусіз қалдырмсау жағынан да көңіл бөлінеді. Өзімізге дейінгі қазақ терминологиясының даму тарихын кездестіру мәселесіне тоқталған ғалымдардың пікірлері де назарынан тыс қалмады.

Қазақ тілінің терминологиялық лексикасының қалыптасуы осындай факторларға сәйкес кездестіріледі. Төменде қазақ лексикасының терминденуі төрт кезеңге бөліп қарастырылады.. Олар:

  1. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 10-жылдарына дейінгі бірінші кезең;
  2. 1910 жылдан 1930 жылға дейінгі екінші кезең;
  3. 1930 жылдар мен 1990 жылдарға дейінгі аралықты қамтитын үшінші кезең
  4. 1990 жылдан бергі төртінші кезең.

Енді осы кезеңдердің әрқайсысына жеке – жеке тоқталамыз.

1.2. Қазақ лексикасы терминденуінің алғашқы кезеңі

Ұлттық ғылыми терминологияның қалыптасуын алғашқы басылымдардың, оқулықтардың, ғылыми еңбектердің жарық көріп, ғылым салаларының саралана бастауымен байланыстыра қарастыру дұрыс. Алайда жазу мен алғашқы баспа өнімдері пайда болмастан көп бұрынғы кезеңдерде де халық өмірінің материалдық және рухани мәдениетінің сан түрлі салаларының, әлеуметтік – экономикалық, қоғамдық қатынастар, халықтың әдет- ғұрып, салт – дәстүрін т.б. көрсететін лексикалық қабаттың болғанын, ғылыми терминологияның қалыптасуына негіз болған сол бай мұраның арнайы зерттелмей келе жатқанын тілші ғалымдар айтып жүр.

Мәселен, осындай пікір айтушыдлардың бірі – түрколог ғалым К. Мұсаев. Ол өз пікірін былай білдіреді: «Айналысатын шаруашылықтарына орай әр түрлі тілдерде терминологияның түрлі салалары дамыған. Мысалы, эстондардарда балық шаруашылығы, әзірбайжандарда мұнай өндіру мен өңдеу, қазақта мал шаруашылығы мен халық шаруашылығы, армяндарда құрылыс, грузиндерде қолөнер, өзбектерде жібек және мақта шаруашылығы, бақша өсіру мен суармалы шаруашылыққа қатысты атаулары мол кездеседі».

Осыған ұқсас пікірлерді жекелеген ұлттық тілдердің терминологиясын зерттеген ғалымдардың көпшілігінің еңбектерінен ұшыратуға болады. Қазақ терминологиясының 80-жылдардың ортасына дейінгі даму жайын сөз еткен еңбектерінде тілші ғалымдар Ә. Қайдаров пен А. Әбдірахманов саналы түрде жасалатын терминологиялық лексиканың ең алдымен бай халықтық терминологияға негізделетінін, терминологияны түзетін жалпыхалықтық көздердің тамыры тереңде жатқанын сөз қыла келіп, терминдік мәнде жұмсалатын көптеген сөздердің бізге көне түркі жазба ескерткіштерінен жеткенін айтады. Олардың қатарына көне түркі сөздігінде берілген мынадай терминдерді жатқызады:

  1. туыстық атаулар: ата, әже, апа, сіңілі, келін, жиен, т.б.
  2. табиғат құбылыстары мен олардың байлығын көрсететін терминдер: жер, тау, тас, алтын, күміс, темір, т.б.
  3. қоғамдық – саяси құрылысты көрсететін терминдер: қаған, бек, тархан, құл, күң, шығай, т.б.
  4. мал шаруашылығы терминдері: ат, айғыр, тай, бұқа, т.б.
  5. анатомиялық атаулар: бас, аяқ, құлақ, жүрек, т.б.

Сондай – ақ ғалымдар көшпелі өмір салтын кешіп кең байтақ жерді иеленген қазақ халқының тілі жер бедерін және өсімдіктиер дүниесін білдіретін жағрафия, өсімдіктені атауларына бай екендігін де өте орынды көрсеткен.

Ең алдымен, бұл мерзім ішінбе түрлі ғылым салалары бойынша жекелеген терминдердің жасала бастағанынан қарамастан, салалық және жалпы терминдер жүйесінің қалыптасуына әлі біршама ертерек еді. Оның өзіндік себептері болды. Терминдер жүйесі қалыптасу үшін – ғылым мен техниканың дербес салалары өз алдына дамып, ұғымдар жүйесінің жасалуы қажет. Ал ғылым салаларын дамытып, ұғымдар жүйесін қалыптастыру үшін немесе ғылымы ертерек дамыған елдердің ғылымын игеріп, оны ұлт тілінде сөйлету үшін білікті ұлттық кадрлар, салалық мамандар өсіп шығуы тиіс.

Бұл кезеңде қазақ халқының тарихында орны айрықша Абай, Шоқан, Ыбырай сынды ұлы тұлғалардың өмір сүріп, ұлт мәдениетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқандығына қарамастан, ғылымның сан саласын дамытып, ғылыми терминологияны жасайтын ұлттық кадрлар шоғыры өсіп жетіле қоймап еді. Ондай кезеңге біз тек ХХ ғасырдың басында жеттік деуге болады. Міне, сондықтан да сөз болып отырған кезеңде ұлттық ғылыми терминология қалыптаса қоймады. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі де, жетістігі де осы тұрғыдан бағалануға тиіс.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ лексикасының терминденуі.

ХХ ғасырдың бас кезі қазақ терминологиясының қалыптасуындағы айрықша кезең болып табылады. Бұл кезең 1910 жылдар мен 1930 жылдардың бас жағына дейінгі аралықты қамтиды. Өйткені дәл осы мерзім ішінде қазақтың білікті ұлттық кадрлары қалыптасып, білім бері мен ғылымды ұлт тілінде дамытудың негізі берік қаланған еді.

Ғылымның көптеген салалары бойынша қазақ тіліндегі төл оқулықтардың жазылуы және өзге тілдерден аударылуы салалық терминологияның қалыптасуына жол ашты. Сол кезеңге дейін термин жасаудың белгілі бір орныққан дәстүрі, басшылыққа алатын, тұрақты принциптері болмағандықтан, ондай күрделі міндеттерді атқару ісі – қазақ оқымыстыларының өздеріне жүктелді.

Ғылымы ертерек дамыған елдердің жетістіктеріне сүйене отырып, ана тілінде оқулықтар жазу барысында сол салалардағы арнаулы ұғымдарды қазақша атау қажеттілігі туындады. Сол кезге дейін тіліміздің ғылыми – техникалық прогреске икемделіп, терминжасам тәжірибесі қалыптаса қомағанын ескерсек, бұл қажеттілікті өтеудің оңай жұмыс болмағандығын пайымдау қиындық тудырмаса керек. Дәлірек айтқанда, қазақ зиялыларының алдына термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, қазақ терминологиясын қалыптастырудың бағыт – бағдарын айқындау міндеті тұрды.

Термин шығармашылығынң сөз болып отырған тәсілін пайдалану арқылы жасаған терминдерді ғасыр басында оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған авторлардың барлығының еңбектерінен кездестіруге болады. Мысалы, Сұлтанбек Қожанұлының 1924 жылы Ташкентте басылған «Есептану құралында» дәреже (разряд), түбір (корень), сыр (свойство), дүркін (период) сияқты терминдер болса, Елдес Омарұлының 1928 жылы Қызыолрдада басылған «Пішіндеме» (геометрия) оқулығында түйін (теорема), қар (катет), пішін (фигура), қия (диагональ), өріс (радиус), өре (диаметр), саты (таблица) тәрізді терминдер, ал 1923 жылы Ташкентте жарық көрген М. Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығында абай, әсер, елес, әдет, ес, жан, хиял, қайрат, құлық сияқты терминдер кездеседі.

Жалпы ұлттық ғылыми терминологияны қалыптастыруда осы кезеңде жарық көрген оқулықтардың орны айрықша болғанын айтқан жөн. Өйткені ғылым мен техниканың басқа да арнаулы салаларындағы ұғымдар атауларын қазақ тілінің ішкі байлығы мен сөзжасам тәсілдерін пайдалану арқылы жасау ісі жаппай жанданып, салалық терминологиялық лексиканың сараланып, тілдің терминологиялық жүйесінің қалыптаса бастауы осы кезеңнің еншісіне тиеді. Жалпы қазақ тілінің ғылым саласындағы функционалдық стильдік қызметін атқаруға бейімдеу мен тілді термин жасау ісіне қосу, яғни термин шығармашылығында пайдалану арқылы ұлттық ғылыми терминологияны қалыптастыруда отызыншы жылдарға дейін жарық көрген оқулықтардың орны айрықша болғанын атап айтпасқа болмайды.

ХХ ғасырдың бас кезінен бастап 30-жылдарға дейінгі аралықтағы ғылым тілінің ғылыми терминологияның дамуы мен қалыптасуына байланысты осы кезеңді арнайы зерттеген Исаев С. М., Айтбаев Ө., Жанпейісов Е., Барлыбаев Р. Сияқты ғалымдардың еңбектеріне мол мәлімет алуға болады. Осы кезде жарық көрген басылымдардың материалдары негізінде бірнеше кандидаттық дисертациялар қорғалды. Осының бәрі сөз болып отырған кезеңнің тілші ғалымдар назарынан тыс қалмағандығын көрсетеді.

Сөйтіп, өткен ғасырдың 10-жылдарынан бастап, ғылымның түрлі салалары бойынша қазақ тілінде оқулықтар жазылып, қазақ баспасөзінің ел арасына ғылым – білімді кеңінен насихаттауы ғылыми терминологияның қалыптасуына негіз болды. Бұл кезеңдегі терминжасам ісінде айрықша көзге түсетін тұлға – А. Байтұрсынұлы.

2.1. 30-90-жылдар аралығындағы қазақ лексикасының терминденуі.

Термин шығармашылығының бұл кезеңі 1930 жылдардың басынан 1990 жылдарға дейінгі аралықты қамтиды.

1933 жылы КСРО ҒА –ның техникалық терминология комиссиясы құрылып, ол кейінірек ғылыми – техникалық терминология комитеті болып қайта өзгертілді. 1933 жылы Қазақстанда да Мемлекеттік терминология комиссиясы құрылды. Мемлекеттік комиссия болғандықтан да бұл комиссия құрылған күннен бастап өз жұмысын КСРО деп аталған алып мемлекеттің тіл саясатына сәйкес жүргізілді.

1935 жылы майда өткен Бүкілқазақстандық мәдениет қызметкерлерінің съезінде профессор Қ. Жұбанов ұсынған қазақ терминологиясының жаңа принциптері бекітілді.

Термин шығармашылығына партиялық басшылық шектен тыс күшейтіліп, ғылыми терминологияны дамытудың өз уақытына лайық жаңа кезеңі басталды. Бұл істе кейбір партия қызметкерлері барынша белсенділік танытты.

30- жылдарға дейін термин мәселесімен айналысқан, ұлттық ғылыми терминологияның даму бағытын белгілеген А. Байтұрсынұлы бастаған кадрлар 1937-38 жылдары әкімшіл — әмәршәл жүйе тарапынан жойылды. 1940-50 жылдар аралығында қоғамның назары екінші дүниежүзілік соғысқа және одан кейінгі бесжылдықта соғыс зардаптарын жоюға аударылда да, термин қалыптасытырудың 40-жылдарға дейінгі қарқыны біршама бәсеңдеп қалды.

Ал 50- жылдардан бастап қоғамның рухани өміріне көңіл аударыла бастауына байланысты ғылыми терминологияны қалыптастыру, дамыту жұмыстары қайтадан жандана бастады. Әсіресе 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың бірінші жартысында терминология мәселесіне едәуір мән берілді. Осы тұста ғылым мен техниканың әр түрлі салалары бойынша көптеген терминологиялық сөздіктер жарық көрді. Бұдан кейінгі уақытта термин қалыптастыру ісінің орныққан дәстүрге сәйкес бірсыдырғы жүргізіліп отырғандығы байқалды.

Ғылымның бұл пікірінің орынды айтылғандығына күмәніміз жоқ. Терминдердің бәрін шет тілдеріне алатын, жаңа ұғымдарды белгілеуге икемсіз, термин шығармашылығында пайдаланылмайтын тілді бай, жан – жақты дамыған тіл деп тану қиын. Ондай тілдің ғылым тіліне айналуы да күмәнді.

Ал ұлт тілі негізінде ғылым тілін қалыптастыру оны термин шығармашылығында шеберлікпен пайдалану сол тілді тұтынушы халықтың, адам қызметінің әр түрлі саласында еңбек ететін мамандардың, жалпы ұлт кадрларының қолындағы іс. Солардың атқаруға тиісті міндеті болуы керек. Ол міндетті орыстың М. Ломоносовы, қазақтың А. Байтұрсынұлы т.б. сынды түсінген мамандардың ұлт тілінде термин жасауға қарсы болуы, біздің тіл ондай ұғымдарды бере алмайды деуі, болмаса өзге тілдерден қабылданатын терминдерді сол тілдердегі қалпына сақтау керек деуі мүмкін емес.

Бұл кезеңде жалпы қолданыстағы сөздердің терминденуі термин шығармашылығының өнімді тәсілі ретінде көріне алмаса да, қолданыстан мүлде шығып қалмаған. Мәселен, 1962 жылы жарық көрген «құрылыс және құрылыс материалдары» сөздігінде қамтылған тақта (лист), сүймен (лом), құрсау (бандаж), қалқа (навес), ою (резьба), ошақ (жаровня) сияқты терминдер осы тәсілмен жасалған.

Жалпыхалық тілдегі сөздердің терминденуі арқылы жасалған мұндай терминдерді әр жылдары жарық көрген терминологиялық, сөздіктерден ұшыратуға болады. Олар негізінен терминденудің әр түрлі жолдарымен туындаған. Көнерген сөздер мен диалектизмдердің терминдер қатарынан орын алуы өте сирек кездеседі. Қорыта айтқанда, бұл кезең терминологияның ұлттық сипатын арттырудан гөрі совет халқына ортақ терминологиялық қор құруды мақсат еткендігімен ерекшеленеді.

2.2. Қазақ лексикасының қазіргі кездегі терминденуі

Бір орталықтан басқарылып келген кеңес одағының ыдырауы сол құрама кіретін республикалардың саяси – экономикалық, рухани – мәдени өміріне үлкен өзгерістер әкелді.

Тәуелсіздікке қолы жеткен елдердің тілдері Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болып, сол елдерде қоғамдық өмірдің барлық саласында қызмет ете бастады. Қазақ тілінің сол қатарға қосылуына байланысты кешегі комунистік идеологияның талаптарын толық қанағаттандырып келген қағидалар мен ережелердің біразы бүгінгі күннің ерекшеліктеріне орай сөзсіз өзгертілуі қажеттілігі айқын көрініп отыр. Солардың бірі қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың принциптері.

Кеңестік дәуірде жасалған терминдердің біразының бүгінгі таңда өзгертіліп жатуының ең басты себептерінің бірі – олардың қазақ тілінің өз ерекшелікетері ескерілмеген терминжасам принциптері бойынша жасалғандығынан екендігін мойындауымызға тура келеді.

Тіл – халық өмірінің айнасы іспетті. Ұлттың өміріндегі болып жататын барлық өзгерістер мен жаңылықтар тілден көрініс табады. Әсіресе терминологиялық лексикадан мұны анық көруге болады. Қазақ тіліндегі термин шығармашылығының әрбір кезеңі халық өміріндегі тарихи – мәдени және әлеуметтік – экономикалық өзгерістермен тікелей байланыстылығымен ерекшеленеді.

Сөз болып отырған қазіргі кезеңде лт тіліне термин жасау, жалпыхалықтық тілдің әр түрлі қабаттарын құрайтын лексиканың терминденуі біршама жанданып отыр. Бұл ғылыми – техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыруға бағытталған дұрыс үрдіс. Оған теріс баға берудің орны жоқ. Тек қазіргі кезде термин шығармашылығында орын алып отырған кемшіліктерді түзетіп, терминологияны жетілдіру жолындағы терминологиялық жұмысарды жоғары кәсіби деңгейде жүргізу – ең басты міндет.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, термин шығармашылығында жасандылыққа, шарттылыққа бару кезінде сол шарттылықтың жүзеге асуына негіз болатын заңдылыққа табан тіреуге тура келеді. Басқаша айтқанда, шарттылықтың да өз заңдылығы бар. Ол заңдылық ұғымға тікелей қатысты. Кез келген арнаулы саладағы жаңы ұғымға ат қою кезінде сол ұғым бұрыннан белгілі ұғымдармен салыстырылады.

Ойша ойластырылып отырған ұғымдар арасындағы қандай да бір ұқсастық (форма, қызмет, түр, т,б,) бұрыннан белгілі ұғым атауының жаңа ұғымға алмасуына себеп болады. Бұрыннан белгілі ұғым атауы әр түрлі дәрежедегі өзгеріске ұшырауы да немесе бастапқы қалпын сақтауы да мүмкін. Бұрыннан белгілі ұғым атауының, яғни, лексеманың жаңа ұғымға еш өзгеріссіз көшуі – терминжасамның лексика – семантикалық жолымен жүзеге асырылса, жаңа лексеманың пайда болуы, тіркес құрамына енуі өзге тәсілдер арқылы іске асады.

Бүгінгі қазақ терминологиясының көптеген мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешудің қажеттілігін уақыттың өзі алға тартып отыр. Өткен ғасырдың соңғы он жылының төңірегінде қоғамдық – саяси өмірімізде болған түбегейлі өзгерістер терминология саласын да айналып өтпеді. Кеңестік дәуірде қалыптасқан терминологияға да сол терминологиялық жүйені қалыптастыруда басшылыққа алынған теориялар мен принциптерге да жаңаша көзқарас кешегі Кеңес одағы тұсында үстемдік еткен тіл саясатына сәйкес жасалған қағидаттарға қайша келетін тың тұжырымдарды, тосын пікірлерді туғызды.

Бұл орайда соңғы жылдары қызу қарқын ала бастаған тың үрдістің табиғатын тануға бағышталған және мәселені дер кезінде көтерген зерттеулердің бастамасы ретінде 90-жылдардың басында жарық көрген академик Ә. Т. Қайдаровтың «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» атты шағын еңбегін атауға болады. Одан бергі уақытта терминологияда жаңа үрдіс жалғасын таба берді.

Бұған дейін орыс тілінің жазу ережесіне сәйкестендірілген қалпына шет тілдерден (негізінен батыс еуропа тілдерінен) қабылдаған терминдерді көбейту арқылы терминологиямыздың халықаралық сипатын арттыру бағытын ұстанып келсек, ендігі жерде ғылыми – техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыру қажет, ал өзге тілдерден енген терминдер крген тілінің заңдылықтарына бағынуға тиіс пікірді қолдайтын тілші ғалымдар қатары көбейе түсті.

Соған сәйкес қазақ тіліндегі термин шығармашылығы біршама жанданды. Термин жасауда жетістіктермен бірге жауапсыздық пен кәсіби шеберліктің жетіспеуінен кемшшіліктерге жол берілді. Бұл құбылыс тілші ғалымдар тарапынан да әр түрлі бағалана бастады. Нәтижесінде қазақ терминологиясының тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі даму үрдісі туралы тіл мамандарының пікірі екі арнаға жарылды.

Тілші ғалымдардың бір тобы бұрынғыша терминологияны халықаралықтандыру бағытын ұстанса, екінші тобы терминологияның ұлттық сипатын арттыру бағытын алға тартты. Ғалымдар бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмауына байланысты қоғамдық пікір де соған сәйкес қалыптасып отыр.

Сонымен, жаңа ұғымға ат қою кезінде міндетті түрде шарттылыққа жүгінуге тура келеді. Егер ондай шарттылықты мойындамасақ, онда жаңа термин жасау мүмкін болмаған болар еді.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Айғабылұлы Айтбай. Қазақ тілінің лексикологиясы. – Алматы, 1995

2. Әбілқасымов Б. ХҮІІІ – ХІХ ғасырлардағы қазақ әдеби тілінің жазба нұсқалары. – Алматы, 1988.

3. Батұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, 1992

4. Барлыбаев Р. Қазіргі қазақ тіліндегі қоғамдық – саяси лексика. – Алматы, 1978.

5. Біләлов Ш. Ұлттық ғылым тілін қалытастырудың өзекті мәселелері. – Алматы, 1996.

6. Қайдаров Ә. Т. Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас. – Алматы, 1993.

7. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологисы дамуының кезеңдік сипаты. – Астана: Елорда, 2002.

8. Айтбаев О. Қазақ сөзі . Алматы , 1997 ж.

9. Болғанбаев Ә. Қазіргі қазақ тілінің лексикасы. Алматы 1989 ж.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ