Терминдерді когнитивтік лингвистика тұрғысынан зерттеу

0
2710
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Терминдерді когнитивтік лингвистика тұрғысынан зерттеу

Терминология мәселелері – ғылымның өзекті мәселерінің бірі. ХХ ғасырдың 30-жылдары қалыптаса бастаған терминология саласы мәселелері әлі де шешуін таппаған, өзектілігін жоғалтпаған деп айтуымызға толық негіз бар. Ғылымның барлық салаларының жан – жақты дамуы терминология мәселелерімен тығыз байланысты, себебі қандай да бір жаңалық, жаңа ұғым терминмен белгіленіп, терминологиялық жүйеде өз орнын тауып отырады.

Ғылымның қай саласына назар аударсақ та, сол саланың қаншалықты деңгейге жетіп, қаншалықты дәрежеге көтерілгені терминологиялық жүйесінен көрініп тұрады. Ресей ғылымындағы терминологияны зерттеудегі арнайы бетбұрыс Д.С.Лотте, С.А.Чпалыгин, С.И.Коршунов есімдерімен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың 30-жылдары құрылған терминкомдар бұл күндері ғылымның дербес бір саласын құрап отыр және әлі де өз маңыздылығын жойған жоқ.

Орыс терминологиясының дамуына А.А.Реформатский, Н.А.Баскаков, Т.Л.Канделаки, Б.Н.Головин, Г.В.Степанов, В.П.Даниленко және т.б. ғалымдар, сонымен бірге бүгінгі таңда осы істің ізбасарлары, жалғастырушылары А.В.Суперанская, Н.В.Подольская, Н.В.Васильев, К.М.Мусаев және т.б. өз үлестерін қосып отыр. Бұл тілші – ғалымдардың қарастыратын мәселелері де жан – жақты, атап айтқанда, терминологиялық жүйенің құрылуы, терминнің мағыналық ерекшелігін зерттеу, оның басқа тілдермен байланысы, сол тілдердің лексикалық қорына еніп, терминология жүйесінен орын алуы т.б.

Тіл білімі ғылымында терминологиялық жүйенің психология, социология, семасиология, ономасиология т.б. экстралингвистикалық факторлармен байланыстырыла қаралуы – осы саладағы жаңа бағыттардың бастауларының бірі. Терминдік ұғым, терминологиялық жүйе, терминологиялық өріс, жоғарыда айтқандай, көптеген басқа ұғымдармен, тәсілдермен бірге зерттеліп жүр. Соның ішінде термин мен концепт, терминология мен когнитивтік лингвистика ұғымдарының бір қатарда қаралуы, жаңа көзқарасты талап етеді.

Әлемдік және отандық тіл білімінің қазіргі таңдағы дамуы лингвистикалық зерттеулердің антропоцентристік зерттеулерге көшу ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басындағы тіл білімінің ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Себебі тілдік құбылыстарды зерттеуде лингвистика тек қана тілдік, атап айтқанда, фонетикалық, грамматикалық, лексикалық т.б. жүйелермен шектеліп қана қоймайды.

Қазіргі таңда «тіл мен мәдениет», «адам және тіл» байланысын когнитивтік тұрғыдан қарастыру өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Когнитивті бағыттың маңыздылығы мен өзектілігі оның тек теориялық лингвистикадағы контексті полипарадигматизміндегі доминанттылығында емес, сонымен бірге ауқымды кең ғылыми бағдар ұсынуында, мәселен, тілдік құбылыстарды экспликациалау, тіл мен мәдениет байланысындағы адамның рөлі, адам және тіл мәселесі, басқа тіл құбылыстарын және аппаратын қарастыру (Е.С.Кубрякова, Ю.Д.Апресян, В.З.Демьянков, В.В.Колесов, Е.В.Рахилина, В.Б.Касевич, Ю.С.Степанов және т.б.). «Когнитивтік лингвистика лингвистикалық зерттеулердің шеңберін маңызды түрде күшейте түсетін қазіргі антропоцентристік парадигмалар шегіндегі когнитивизм негізінде туындайды» [1.9 б.].

Когнитивтік лингвистика адамның менталитетімен, білімімен байланысты болса, лингвистикалық мәдениеттану мәдениет пен тілдің арақатынасына көңіл бөледі. Лингвомәдениеттану тіл мен мәдениеттің өзара байланысын зерттейді. Оның негізі мақсаты – халықтың ойлау ерекшелігі мен оның мәдениетін тіл арқылы ашу. Тіл мен мәдениеттің ажырамас бөлігі, әрі ол лингвомәдениеттануда рухани болмыс ретінде танылады, яғни, тілде ұлттың дүниетанымы, әдет – ғұрпы, дәстүрлері, ұлттық мәдениеттің еркшеліктері – рухани өмірі көрініс табады.

Тіл зерттеушілері арқылы халықтың менталитетін, дүниеге, қоғамға, өздеріне көзқарасын түсінуге болады деп есептейді. Халықтың өмірі, дүниеге көзқарасы мақал – мәтелдерде, фразеологизмдерде, метафоралар мен символдарда сақталып қалған. Олар халықтың мәдениеті мен менталитетінің ең бағалы мәліметтерінің дереккөздері. Лингвомәдениеттану мәдениетте метафора мен символдардың, ғасырлар бойы тілде сақталып келген фразеологизмдердің рөлін анықтауға тырысады, себебі фразеологизмдер халықтың көзқарасын, белгілі қоғамдық кезеңдегі сол заманның идеологиясын жанама түрде жеткізеді, яғни, халықтың мәдениеті фразеологизмдерде, метафораларда, символдарда бейнеленген.

Когнитивтік лингвистика – «тілді жалпы когнитивтік механизм ретіндегі когнитив құрал, яғни, ақпарат етіп көрсету, репрезентациялау және трансформациялауда маңызды рөл атқаратын таңбалар жүйесі ретінде қарастыратын лингвистикалық бағыт» [2.53 б.].

Когнитивтік лингвистика терминдерді зерттеуде жаңа бағыттарға жол ашады. Өйткені бұған дейінгі дәстүрлі семантикалық, жүйелі – құрылымдық парадигмалар жоққа шығарылмай, қайта керісінше, терминологиялық процестерді жаңа тұрғыдан зерттеп ұғынуға ұмтылыс жасайды. Когнитивтік лингвистика жалпы лингвистиканың аумағынан шыға отырып, философия, психология, логика, әлеуметтану пәндерімен байланыс жасап, осы саладағы ғылымның ауқымын кеңейтеді.

Терминдер – өзіндік құрлымдық, семантикалық, деривациялық, функционалдық ерекшеліктері бар тілдің өзгеше категориясы. Аталған ерекшеліктерді ескерусіз термин жасау, басқа тілден терминдер алу, калькалау, терминдерді ұтымды қолдану мүмкін емес.  Терминдер адам қызметінің ерекше түрін атап көрсететін болса, біріншіден, ғылыми, кәсіби деңгейлерін анықтайды. Сондықтан терминдер ғылым мен техниканың, кәсіби және өндірістік салалардың, ғылыми таным мен әлем көрінісінің дамуын бейнелейді. Терминдер мен терминологиялық жүйелер қоғамның әлеуметтік құрылымының біртекті еместігін, әр түрлі топтарға, бірлестіктерге бөлініп, әрқайсысының өз тілі, өзіне ғана тән әрі түсінікті терминологиясы барлығын айқындайды. Термин тілдің ерекше негізін құрайды, себебі, терминсіз, терминологиялық жүйесіз бірде –бір ғылымның, техникалық, кәсіби, өндірістік саланың дамуы мүмкін емес. Яғни, терминдерде әлем түснігі жайлы арнайы білім, ұғымдар қамтылған, сонымен қатар, терминдер адамның ойлау қабілетінің, танымының, ақиқат шындықтың бейнеленуі мен көрінісінің ерекше бір түрдегі негізін сипаттайды.

Қазақ дәстүрлі терминологиясында қазақ тілінің терминдері, негізінен, семантикалық, құрылымдық тұрғысынан жүйелі түрде зерттелді, мұнда терминологиядағы семантикалық және құрылымдық қатынастардың типологиясына назар аударылды. Қазақ те,рминологиясында, бүкіл тіл білімінде тілдің таным шарттары мен құралдары ретіндегі рөлі мен транцформациялаудағы таңбалау жүйесі болып табылатынын айқындауға көп уақыт бөлінді, Мысалы, қазақ тілінің терминдері белгілі шамада терминологиялық аталымның соңғы нәтижесі, өнімі ретінде қарастырылды (Ш.Құрманбайұлы), сонымен қатар лингвистикалық бірліктері ретінде олардың тілдік қасиеттері мен белгілері толық зерттеліп пайдаланылды (Ө.Айтбаев). Дегенмен, қазақ терминдерін аталымдау мен функциялауда адамның танымдық және ментальдық қызметі (когниция) лингвистикалық зерттеу пәні болып қалыптса қойған жоқ.

Тіл – ұлттық мәдениеттің көрінісі. Осы ұлттық мәдениет, қоғамдық өзгерістер мен инновациялық атаулының барлығы тілдік көрініс табуы заңды құбылыс. Себебі тіл – халықтың рухани және материалдық мәдениетінің, барлық бітім–болмысының айнасы іспетті. Тіл біліміндегі таңба теориясының танымдық негізін салушы В.фон Гумбольдтың: «Халықтың тілі барда оның рухы бар, халықтың рухы бар да оның тілі бар, ал өзіме осыларға тең келетін нәрсені елестету қиын», деген пікірі біздің ойымызды негіздей алады [3.23 б.].

Адам өзін қоршаған ортаны бейнелейтін көптеген қызмет түрлерін – еңбекті, өнерді және т.б. шығармашылық, өндірістік салаларды біледі. Олардың әрқайсысы шындыққа апаратын психикалық болмыстың дербес жүйесін көздейді. Осымен байланысты танымдық деңгейге қатысты қазірде жиі айтылатын «концептуалдық ғылым» шындықты ұғынудың негізгі тәсілі болып табылады. Дүниетанымының құрылысы негіздерін анықтауға бағытталған тілдік бейненің когнитивті модельдері ғылыми талдаулар жасауға мүмкіндік береді. Дүниедегі заттар мен құбылыстардың жер шарын мекендейтін адамдарға ортақ болуымен қатар, әр халық сол заттар мен құбылыстарды өз мәдениетіне, танымына, болмысына қарай ыңғайлап, өзінің таным – түсінігінің деңгейі мен тану мүмкіндігіне сәйкес атау береді.

Атаудың танымдық – қызметтік табиғатын терең тану үшін оның теориялық негізін қалаушылардың ғылыми пайымдауларының маңызы зор. Ғалым А.А.Потебня еңбектерінде антропологиялық тіл білімі адамның шығармашылық рухы туралы әлемдік ілімнің ең ірі бөлгі ретінде концептілік негізде зерттеулерге бастау болғандығы белгілі.

А.А.Потебня адамзат сөзінің табиғи шығармашылығы туралы лингвопоэтикалық тұжырымдамасында «теориялық көркемдік және ғылыми шығарманың бір ғана мақсатты адамның ішкі жан дүниесін өзгертушілік болып табылады. Осылайша бұл мақсат жаратушының өзіне қатысты жаратуы бір мезгілде жетеді. Ендеше көркем және ғылыми шығармада бір және сол уақытта қанша құрал болса, соншалықты мақсат бар немесе ондағы мақсат категориялары және құралдары  барлық белгілермен сәйкес келе отырып, ажыратылуы мүмкін емес», – деп көрсетеді [4.85 б.].

Антропоцентристік парадигма өз шеңберінде лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, лингвопсихология сияқты жаңа бағыттарға жол ашады. Антропоцентристік бағыттағы зерттеулер төмендегідей когнитивтік құрылымдарға ерекше мән береді: қабылдау, ойлау, тіл, есте сақтау, әрекет ету т.б.

Қоршаған дүние – адам мен оның ортасының өзара байланысы, ал дүние белгісі – адам мен оның ортасы жайлы ақпараттарды өңдеудің нәтижесі. Дүние бейнесі – «тұрақсыз, үнемі өзгермелі құбылыс». Қазіргі таңда ғаламның тілдік бейнесі мәселесі Е.С.Кубрякова, В.И.Постовалова, Ю.М.Караулов, В.Н.Телия, А.А.Уфимцева, Э.Д.Сүлейменова және т.б. ғалымдар еңбектерінде қарастырылып жүр.

Әр ұлт тілінде, әлем туралы түсініктер, ұғымдар түрлі тілдік деректер арқылы таңбаланып, қоршаған әлемнің тілдік бейнесі, адамдар санасындағы дүниенің логикалық бейнеленуі жағынан ұқсас болып келеді. Құбылыстар арасындағы ұқсастықтар ұғым категорияларын жасайтын лексемалардың толығуына әсер етеді. Сол ұғым түрлерінің тұтастай алғандағы атаулары тілдің негізін құраса, әлемнің ондағы құбылыстардың тілдегі бейнесінен ұлт ерекшеліктерін танып–білуге болады.

Ғалым Э.Д.Сүлейменованың пікірі бойынша, ғаламның тілдік бейнесі, көбінесе, «түрлі дүниетаным мәселесі ретінде қаралады. Бүгінгі таңда ғаламның тілдік бейнесі ұғымында екі түрлі сипат бар. Оның біріншісінің нақты тілдерге және олардың арасындағы айырмашылықтарға қатысы жоқ болса, екіншісі нақты ұлт тілдерінің қатысуымен қалыптасқан лексикалық аталымдар жүйесі тәрізді тілдер арасындағы айырмашылықтарға бағыт – бағдар жасаушы ғаламның тілдік бейнесімен байланысты» [5.131 б.].

Автордың пайымдауынша, ғаламның тілдік бейнесі негізгі екі қызмет арқылы айқындалады: 1) ғаламның негізгі бейнесін негізгі элементтер білдіреді; 2) тілдік тәсілдердің көмегімен ғаламның ғылыми бейнесі түсіндіріледі [5.135 б.].

Е.С.Кубрякова, Б.А.Серебренников, А.А.Уфимцова т.б. ғалымдар ғаламның концептуалдық бейнесін тілдік бейнеге қарағанда әлдеқайда бай деп есептейді. Ғалымдардың пікірінше, ғаламның ғылыми бейнесін құруға ойлаудың түрлі типтері бейвербалды түрлері де қатысады.

Ғаламның ғылыми бейнесі мен тілдік бейнесі арасындағы айырмашылықтар турасында ғалым В.В.Воробьев төмендегідей тұжырымды ұсынады:

1. Когнитивтік жүйе әмбебап сипатта болады, оның көлемі мен тұтастығындағы айырмашылық түрлі ұлт өкілдері өркениетінің деңгейіне байланысты. Лексикалық жүйе ұлттық сипатта болады, түрлі тілдердің лексикалық жүйесі арасындағы айырмашылық, алдымен, ішкі бөліктерге бөлінуіне байланысты (Терминдер әмбебептаық сипатқа ие болғандықтан, когнитивтік жүйенің негізгі бір бөлігін құрайды);

2. Функционалдық айырмашылықтарға келсек, когнитивтік жүйе тану процесі мен еңбек әрекетене бағытталған болса, лексикалық жүйе коммуникацияға бағытталған (Терминдер аталаған екі қызметті де атқаруымен ерекшеленеді);

3. Генетикалық тұрғыдан когнитивтік жүйе лексикалық жүйеге қарағанда алғашқы болып табылады және табиғатынан консервативтік саналатын лексикалық жүйеге қарағанда тезірек қарқынды жетіліп, дамып отырады (Генетикалық тұрғыдан қарағанда терминологиялық жүйе лексикалық жүйенің бір бөлігі болып табылады. Бірақ даму тұрғысынан когнитивтік жүйенің құрамдас бір бөлшегі деп қабылдауға болады);

4. Когнитивтік жүйе лексикалық жүйеге және жалпы тілдік жүйеге қарағанда толығырақ, байырақ болып көрінеді, лексикалық жүйе когнитивтік жүйенің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады (Терминологиялық жүйе терминдік қоры жағынан лексикалық жүйе секілді когнитивтік жүйенің бір бөлігі болып саналады).

5. В.В.Воробьевтің пікірі бойынша: «Когнитивтік жүйе арқылы адам дүниені танып, өз көзқарасын лексикалық жүйенің көмегімен суреттей алады. Дүниенің әлдебір тұрақты ұлттық моделін айқындау үшін, ұлттық өмір элементтерінің өзара қарым – қатынасын, құрылысын білуге тырысу қажет» [6. 56 б.].

Когнитивтік лингвистика когнитивтік құрылымдарды қарастырумен қатар, адам санасында тілдік және тілдік емес білімдер жүйесінің құрылымын, сондай – ақ тілдік және тілдік емес ақпараттарды игеру, өңдеу, қолдану тәрізді әрекеттердің жүзеге асуын қарастырады. Тілдік таңба арқылы кодқа салынған ақпараттарды ашып немесе ақпараттарды кодқа салу тәрізді әрекеттер когнитивтік лингвистиканың құзырына жатады.

Зерттеуші С.Г.Воркачаевтың тіл мен таным, тіл мен ойлау мәселесі жөнінде  мынадай пікірі бар: «Тіл мен таным процестерінің арақатынасын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның арақатысы адам баласының интелектуалды өмірінде құндылықтар қаншалықты рөл атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен таным арақатысын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі» [7. 65б.].

Ғаламның тілдік, ғылыми бейнесі әр этноста әр түрлі болуы этностың тәжірибесі мен біліміне байланысты. Себебі тілдік таңбаның таңбалаушы қызметі сыртқы дүниемен тікелей байланысында емес, адамның өмірінен көрген – білген, көңілге түйген білімінің негізінде болып табылады. Әр халықтың тәжірибесі әр түрлі болғандықтан, ғаламның тілдік бейнесі мен ғылыми бейнесі де, адамдар тәжірибесі де әр түрлі болуы – заңды құбылыс. Осы ретте ғаламның бейнесі, ғаламның тілдік бейнесі, ғаламның ғылыми бейнесі, ұғым, концепт сияқты термин – ұғымдардың маңызы ерекше. Көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша, ұғым мен концепт арасында айырмашылық бар: «концепт – ұжымдық білімнің бірлігі, сана (жоғары рухани құндылықтарға жол ашушы) этномәдени ерекшелігі бар тілдік бірлік ретінде таңбаланады» [8. 269б.].

Ұғым белгілі бір нысанның ең мәнді және жалпылама белгілерін анықтайтын сананың нәтижесі болып табылады. Ал концептіде нысанның маңызды белгілерімен аралас маңызды емес белгілері де қамтылуы мүмкін. Сондықтан да терминологиялық бірліктер де аса күрделі таңба болғандықтан, оларды дәстүрлі тілдік тұрғыдан қарастыру ғана жеткіліксіз болады. Өйткені терминдер мазмұны көптеген экстралингистикалық факторларға байланысты болып келеді де, адам санасында тілдік және тілдік емес білімдер жүйесін құрайды. Терминдер ұлттың, халықтың тәжірибесін, қоғамдағы адамдардың бір – бірімен байланысын, шаруашылығын, рухани, материалды мәдениетін т.б. концептуалдық ғылым кешенінде өз бойына жинақтайды. Осы тұрғыдан терминдер антропоцентристік бағытта қарқынды дамып келе жатқан когнитивтік лингвистиканың жаңа саласы ретіндегі когнитивтік терминология арнасында зерттелуі тиіс деп санаймыз.

Қазақ тіл біліміндегі когнитивтік бағыттың қалыптасуында Э.Д.Сүлейменова, Н.Ж.Шаймерденова, Г.Г.Гиздатов, Ж.Манкеева, Қ.Жаманбаева, Г.Смағұлова, Б.Хасанов, Б.Қасым, А.Ислам еңбектерінің маңызы зор.

Когнитив ғылымының басты, негізгі ұғымы – «ғаламның тілдік бейнесі термині» «Ғаламның тілдік бейнесі термині» философия мен логикада Л.Витгенштейннің, ал антропология, семиотика, лингвистикада Л.Вайсгербердің ұсынуымен қолданған [9. 445б.].

Когнитивтік ғылым мен жасанды интеллект інің маңызды ұғымы «ғалам моделі» немесе «когнитивтік моделмен» тікелей байланысты. Ғалам моделі – концептуалды табиғатқы ие құрылым. Ғалам моделінде субъектінің ақиқат шындық туралы түсініктері, нақты деректер, оқиғалар туралы концептулды білімі тіркеледі [10. 457б.].

Когнитивтік лингвистикадағы сөз мағына мен семосиологиядағы сөз мағынаны ажыратудың қазіргі тіл білімі үшін маңызы зор. Когнитивтік лингвистикада мағына семиосологиядағыдай сөз мазмұны ретінде көрінбейді. Когнитивтік семантикада мағына когнитивтік моделдің еркеше «қорытындысы» ретінде көрінеді. Мағына концепт негізін құрауға мүмкіндік беріп, табиғи тілде ақпараттық құрылым арқылы ойша кодталған және санада бекітілген тілдік мазмұн болып табылады. Сонымен қатар, когнитивтік лингвистикада мағына екі жақты табиғатқа ие: біріншіден, жалпы адамзат білімі тіркелген қоғамдық сананы құрушы бірлік ретінде саналады, екінішіден, сананың нәтижесі ретінде қабылданады. Адам сөзді білгенде нені түсінеді, мағынаның таңбалық құрылымы неге негізделеді, семантикалық қабылдау, сөз таңдау барысында қандай әрекеттер орындалады дегендер когнитивтік семантика мәселері болып табылады. Семантикалық талдау мен когнитивтік семантикадағы концептуалды талдаудың да өзіндік ерекшеліктері бар. Концептуалды талдауды да концептілік талдаумен шатастыруға болмайды. Концепт теориясы – концептуалды білімнің бір ғана тәсілі. Концептуалды құрылым мағынасы одан кең, ол санадағы тұтас тілдік мазмұнын қамтиды.

Қазіргі тіл ғылымында тілдік мағынаның кең таралған семантикалық үштігі – шындық зат, оның таңбасы және ой туралы тілдік мағынаның табиғатын шешуге бағытталған. Когнитивтік семантикада тілді ұғыну және қолдау мәселесі негізге алына отырып, мағынаның санада кодталған процесс, ғаламның тілдік бейнесін құрушы элемент екені көрсетіледі. Соның нәтижесінде процесстік «әрекет етуші, әрекет, мақсат, нәтиже» қатынасы негізінде жүзеге асатыны айқындалады. Әрекет етуші әрекетті белгілі бір мақсат көздеп жасайды және ол белгілі бір нәтижеге бағытталады. Нәтиже –объективтік шындықтың тілдік бейнеленген формасының концептуалды жүйесі (семантикалық құрылымдар – прототип, фрейм т.с.с.), ал мағына – санада кодталатын процесс. Танымның кодталуы әрекет түрінде сөз, дыбыстық құрылым мен  мазмұн бірлігі арқылы ойша және әр түрлі бейвербалды, вербалды түрде жүзеге асады. Осындай вербалды түрде қалыптасқан таным кодталуының бір ерекше түрін терминдер жүйесі айқындайды.

Терминдердің концептуалдық құрылымын анықтауда ұғым мен мазмұн мәселесінің маңызы зор.  Себебі терминнің концептуалды құрылымы дегеніміз – белгілі бір ұғымдық сала иелерінің коммуникативтік байланысын қамтамасыз ететін референциялардың инвариянтты жүйесі. Концептуалды құрылымды тіл жүйереі мен арнайы ұғымдар арасын байланыстыратын негізгі буын деп қарастыруға болады. Бұл арада тілмен тікелей байланыс мазмұнды аспект арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан концептуалдық құрылымның өзі де белгілі бір семантикалық және ұғымдық категориялармен сипатталады.

Қолданылған әдебиеттер:

1.Маслова В.А. Когнитивная лингвистика: Учебное пособие. Минск.: Тетра Системе, 2004. – 225с.

2. Кубрякова Е.С., Демьянков В.З., Панкрац Ю.Г., Лузина Л.Г., Краткий словарь когнитивных терминов / Под общей ред. Е.С.Кубряковой. – М.: Наука., 1996. – 340 с.

3. Гумбольдт В.фон. Избранные труды по языкознанию: пер.с нем.под общей ред. Г.В.Рамишвили: посл. А.В.Гулыги. – 2-е изд.- Москва: Прогресс, 2000. – 400 с.

4. Потебня А.А. из лекции по теории словесности / Русская словесность: Антология. М., 1997. – 117 с.

5.  Сүлейменова Э.Д. Понятие смысла в современной лингвистике. – Алматы: Мектеп, 1989. – 152 с.

6.    www.TEMAKOSAN.net – қазақша рефераттар

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ