Тіл алғыш бала мектепті алтын медальге тәмамдауы мүмкін, бірақ оған өмір сүру қызықсыз

0
2230

Егер ата-ана бақытты бала тәрбиелегісі келсе, оған өзінің дүниені тануына және өзі біліп бір іс етуіне кедергі келтірмеуі керек.
Баланы қалайша өздігінен сабақ оқып, шашқан ойыншығын жинап, тамақты қасықпен жеп, қолын салмайтын қып, болмашыға жыламай, тілазар болмай, боқтамай сөйлеуге үйретуге болады? Ата-ананың көкейінде көбіне осындай сауалдар болады. Бұндай сұраққа жаттанды жауап айту артық. Ересек пен баланың араласуы – өте күрделі ойлау жүйеге негізделеді. Сан алуан ұстанымдар, көңіл-күй, әдеттер жинақталады. Бәрінің негізі әке-шеше баласын кім қылып өсіргісі келетіндікке тіреледі.
Өскенде балаңыз кім болғанын қалайсыз? Әркімнің санасында өзіндік жауап. Бақытты, жетістікке жеткен адам болсын дейтіндер бар. Жетістікке жеткен адам қандай болуы шарт? Материалды және рухани жетістік екі бөлек ұғым. Егер бақытты адам аса бай болмаса ше? Мүмкін. Бала бақытты болып өсуі үшін қандай тетіктерге басу керектігін алдын ала ойлану керек.

Айналып өтуге тиісті психологтардың 5 кеңесі хақында 
Атақты психолог Маслоудың зерттеуінде негізінен бақытты адамдардың өмірбаяны қарастырылған. Өмірден рақат ала білген адамдар тізілген. Маслоу бақытты адамдарға тән бірқатар мінез-құлықты атап өтеді. Бақытты жан оптимист, қайырымды, мейірімді, бірен-саран адал достары бар, терең сезімге берік, қарым-қатынаста ылғи бақытты болған. Ондай адамдардың өзін бағалауы төмен де емес, шектен тыс биік те емес. Еңбекті ойын деп қарастырғандықтан, кез келген жұмысқа оңай иліккен. Сіз солай өмір сүргіңіз келе ме? Мен солай өмір сүргім келер еді.
Әр бала өмірді осылай қабылдай алатын әлеуетпен дүние есігін ашады. Баланың болмысына тек ми қатпарымен таразыланатын психофизиологиялық даму ғана берілмеген. Әр баланың өмірлік күші, шығармашыл қуаты бар. Егер адамның даму кестесін сызсақ, бастапқыда ол бірден жоғарыға бағытталады. Сосын бәсеңсиді. Тоқтауы да мүмкін. Кейде тіпті құлдилайды. Есейген адамның да өмір сызығы жоғары қарай өсуі үшін оның өмірлік күш-қуатына бала күнінен қамқор болу керек. Оған еркін өсуге мүмкіндік беру қажет.

Еркіндік беру деген балаға дүниені тануға кедергі келтірмеу. Бала әр жерге кіріп, бірдеңені сындырып, шағып, түсіріп, құртып, үстін бүлдіріп, лайға құлап, қарға аунап алуы керек. Осының бәрі баланың өзін дамытуы. Балаға өте керек әрекеттер. Ең жаманы өмірді тану сәулесі өшіп қалуы да ықтимал екен. Егер балаға: «өскенде білесің», «жынды боп кеттің бе», «білмеймін» деген жауаптар үнемі айтылса, оның әлемді білуге деген құмарлығы сөніп қалады.
Ал, егер ата-анасы баласының әлемді тануына еркіндік бермей, барлық ойыны мен ісіне араласа берсе, ол да кері әсер беріп, дамуға деген талпынысын басып тастайды. Біз балаға дәл қазір керектіні бермейміз. Яки, баладан артық нәрсені талап етеміз. Бала қарсылық білдірсе, ата-ана тағы да оның болмысындағы дамуға деген талпысына кедергі келтіргені. Адамның қарсылығын басып тастау деген зор қиянат. Жазалау балаға қысым жасау. Жазалау – ата-ана басқаны, баласы басқаны қалағанда жүзеге асады. Егер менің айтқанымды істемесең, онда таяқ жейсің деу. Бестік алсаң, жүз сом берем деу. Екі алсаң – таяқ жеу.
Баланы ерте дамыту деген мәселеге әр ата-ана мұқият болуы тиіс. Ерте дамытудың сан алуан әдістемеліктері пайда болды. Кітапты ерте оқыту, мектепке ерте даярлау. Есіңізде болсын: бала мектепке дейінгі мерзімде ойнауы керек.

Мектепалды даярлық неге зиян? 

Маслоу зерттеген адамдар өмір бойы ойнап өткен жандар. Олардың арасында Ричард Фейнман болған. Атақты физик, Нобель сыйлығының лауреаты. Оның әкесі қарапайым жұмыс киімін сатушы болып істеген. Баласын серуенге апарғанда ылғи бірдеңе сұрайды екен. «Неге құстар қанаттарын тазалап отыр, білесің бе?» деген сыңайлы. Осындай тәсілмен әкесі баласының өмірді тануына деген ықыласын оята білген. Фейнман балалық шағы туралы былай депті: «Менің қолым ойыннан бір босаған емес. Маған айналамның бәрі қызық болып көрінетін. Неге су шүмектен ағып тұр? Мен оның қандай қисық сызықпен ағып келетініне бас қатыратынмын. Неге онда қисық сызық бар? Білмеймін, неге екенін мен осыны есептей бастадым. Мүмкін ол баяғыда есептеліп қойған қисық шығар. Бірақ мен үшін соның өзі қызық еді».
Баланың еркіндігіне кедергі келтірмеу үшін Монтессоридің кеңестеріне құлақ асқан артық емес. Мария Монтессори: «егер бала бірдеңемен шұғылданып отырса, оған ешқашан кедергі келтірмеңіз, араласпаңыз, жасарын жасап болсын, қолындағысын жұлып алмаңыз – бауын байласа да, орындыққа мініп отырса да, өзінің жасап болғанын күтіңіз. Ақыл айтпаңыз, сынамаңыз, зекімеңіз. Баланы түзесеңіз оның бірдеңе істеуге деген ниетін өшіріп аласыз. Баланың өзінің істеуіне мүмкіндік беріңіз. Баланың ырқы мен ықтиярына, талпынысына деген зор құрмет болуы тиіс». Асығыстық жасап, баланы түзеуге бейім болу, ол үшін өзім істей салам демеңіз. Мұндай әрекет мектепке дейінгі баланың өз бетімен ойлануына, бірдеңе істеуге деген ниетін, дұрыс жауап іздеуіне кедергі жасайды.
Ата-ана сабырлы болмаса, баласының дүниетануын, өзін дамыту қабілетін жойып алады. Бала орындыққа өзі отырғысы келетін жастан бастап, «кел мен отырғызайын» дегенді естіп өседі. Ары қарай мектепте ата-анасы қадағалауға көшеді. Бала тіл алмаса, жазаланады. Тыңдаса, ынтасыз, ықылассыз, ішпыстырарлық боп өседі. Тіл алғыш бала, мектепті алтын медальге бітіруі мүмкін, бірақ оған өмір сүру еш қызық емес. Әңгіменің басында сипаттаған бақытты, жетістікке жеткен адам шықпай қалды. Ата-ана өз парызын артығымен орындаса да солай боп шықты. Сондықтан баланы шектен тыс тәрбиелеп, ұрыса бермеңіз.
Ата-ананың қамқорлығында белгілі бір шек болуы тиіс. Баланың өмірін сақтауға тірелген қиын мәселе кезінде ғана тікелей араласуға тура келеді. Бала есейген сайын еркін таңдау жасауына мүмкіндік тудыру шарт.

Юлия Гиппенрейтер 
Аударған Шынар Әбілдә

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ