Тіл әлеуетін танудың ұлттық құндылықтар жүйесіндегі маңызы

0
1640
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

«Өткен өмір өрнектері ұлт мәдениетіне материалдық негіз ретінде қаланып, ал оның сыры мен сымбаты  тілде ғана өшпей қалған»

Қазақстандық философтар құндылықтар мәселесіне еліміздің тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап терең мән бере бастады. Көптеген еңбектерде құндылықтар мәселесі қарастырыла бастады. Бұл – заңды құбылыс. Себебі, дербестіктің дара жолына түскен жас мемлекетке жаңа құндылықтар жүйесі керек екені анық.

Құндылықтардың мәні мен табиғатын айқындауды ақиқатты іздеумен, еркіндіктің маңыздылығымен шығармашылықтың және руханилықтың арқауымен байланыстырған зерттеушілерге Қ.Әбішевті, М.Изотовты, У.Ерғалиды, А.Қасабекті, А.Қасымжановты, А.Қапышевты, С.Колчигинді, А.Косиченконы, Б.Құдайбергеновты, Г.Соловьеваны жатқызуға болады.

Руханилық пен рухани құндылықтар мәселелері діни санамен, оның ғасырлар бойы қордаланған құндылықтарымен де астасып жатады. Бұл жерде дінге категориялық, құбылыстық деңгейде жан-жақты талдаулар жасаған қазақстандық философтар — А.Артемьев, Ғ.Есім, Қ.Шүлембаев, А.Сұлтанғалиева.

Бұл зерттеушілердің еңбектерінде аксиологиялық аспектілер танымдық, онтологиялық мәселелермен ұштасып жатады. Көп авторлардың концепциялары адам мәселесін өзекті, негізгі етіп алудан басталады.

Осыған сәйкес мынадай қорытындыға келеміз: құндылықтар қоғам мен адамнан тыс өмір сүрмейді; адамға қатыссыз ешбір зат өздігінен құндылық болмайды; құндылықтар адамның қызметіне, әрекетіне байланысты қалыптасады. Осылайша адам мен құндылықтар өзара тығыз байланыста болады екен.

Мәдениеттануда құндылықтар мәселесі ерекше орын алады, себебі мәдениет адам баласы жасаған барлық құндылықтардың жиынтығы деген түсінік қалыптасқан. Бұл туралы жоғарыда да бірнеше пікірлер келтірілді.

Құндылықтардың болмыстық сипатын және мәнін ашуға бағытталған аксиологияның философиялық қырынан, оның мәдениеттанымдық өлшемі өзгеше болып келеді.

Аксиология әртүрлі өркениеттердің жетістіктерін, мәдени құндылықтардың қалыптасуын, нақтылы даму тектерін және бағдарларын айқындайтын білімдердің нақтылы-тарихи жүйесі ретінде көрініс тапты.

Аксиологияның ілім ретінде қалыптасуына үлесін қосқан философ Ф.Ницше болды. Ол құндылықтар дүниесімен философ ғалымдар айналысуы қажет екендігіне, негізінен, адамдардың «жақсы және жаман», «игілік және зұлымдық» сияқты қарама-қарсы ұғымдарды бөліп қарастыратын дәстүрін талдаудан өткізу қажеттілігіне назар аударады.

Шет елдік ғалымдар арасында 70-80-жылдары құндылықтар әлемінің өзгеріп отыруы мәселесі кең көлемде зерттелінді. Мәселен, Р. Уильямс құндылықтың өзгеру типологиясынадамдардың қауымдастығындағы әлеуметтік, саяси өзгерістеріне, жеке және топтық көзқарастардың ауытқуларына сүйене отырып қалыптастырды:

  1. Құндылықтардың жасалынуы (креация)- тәжірибені кең ауқымда жүргізілуіне байланысты бағалаудың жаңа түрлерін, критериаларын жасау және оны іс-қимылды, мінез-құлықты реттеп отырып үшін қолдану.
  2. Құндылықтар деструкциясы— әлеуметтік өзгерістерге байланысты белгілі бір құндылықтардың жойылып, жоғалып кетуі.
  3. Құндылықтардың әлсіреуі— адамдар арасында белгілі бір құндылықтардың маңыздылығының төмендей бастауы.
  4. Құндылықтардың күшеюі— керісінше, құндылықтардың әлеуметтік ортада жаңа беделдерге ие болып, ауқымын кеңейтіп, жаңа объектілерді қамтуы.
  5. Құндылықтарды қолдану— қоғамда бұл құбылысты рационалды түрде қолдану, оның рәміздік деңгейін ескеріп отыру.
  6. Құндылықтық қатынастарды нақытылау яғни құндылықтардың әрекет ету ауқымын анықтау.
  7. Құндылықтарды шектеу— басқа бір маңыздылығы бар құндылықтарды қолдану арқылы әр құбылыстың мөлшерші әсер ету облысын қалыптастыру.
  8. Құндылықтар эксплификациясы, бұл құндылықтардың жасырын күйге жарыққа шығып, белгілі бір формаларға, пішімдерге ие болуы.
  9. Құндылықтар келісімі, яғни құндылықтар аралық шиеленістерді шешу мақсатында әрбір құндылықтың басымдылығын анықтап, жүйедегі орнын белгілеу арқылы үйлесімділкке қол жеткізу.
  10. Құндылықтарды интенсификациялау және абсолюттеу — белгілі бір құндылықтардың адамдардың өмірлік бағдарларында шешуші рөл атқарушы күшке айналуы, көп адамдар үшін маңыздылығының артуы [1].

Жалпы аксиологиядан біз тілге қатысты «лингвистикалық аксиологияны» қарастырамыз. Аксиология мен тіл білімінің арақатынасы бізге тілдің аксиологиялық аймағын қарастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Адам – Тіл — Әлем» жүйесінде адам және қоғам болмысы қалыптасуының негізгі мағыналар арқылы көрініс табуы назарға алынады.

Бұл бағыттың мақсаты — тілдік тұлғаның ішкі әлемін танудың әдісі мен технологиясын анықтау, тілдік мәліметтер арқылы тұлға мен қоғамның құндылыққа деген көзқарасын зерттеу.

Ұлттық сананың тірегі – тіл. Сол себептен де «тіл білімінде қазақ ұлтының таным парасатын, жарық дүниені танудағы көркемдік көкжиегін, ой-қиялын жаңа ғасыр табалдырығында тұрған жас буын, келер ұрпақ алдында ұлттық мәдени ерекшеліктерін өзі жасаған тілі арқылы зерделеу – ең маңызды мәселе» [2,8].

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихының барысында қалыптасып, өзгеріп, дамып отырған дүниетаным көкжиегі, ұлттық-мәдени және ойлау ерекшелігі, мінез-құлқы, материалдық және рухани игіліктерге деген көзқарасы т.б. тілінде айқын көрініс тапқан.

Біз мұны қарапайым халықтың күнделікті коммуникациясынан да, тілдік тұлға ретінде арнайы зерттеу нысаны болатын шығармашылық тұлғаларының да туындылары мен еңбектерінен анық байқаймыз.

Ойымызды Елбасының «ұлттық сана ұлттық тілмен ғана қалыптасады» [3,64] — деген сөзі нақтылай түседі. Демек, ұлтқа тән құндылықтар жүйесін жасақтауда міндетті түрде этномәдени архетиптің маңызды бөлігі саналатын бай тіліміздің негізінде қалыптасқан тілдік материалдарды терең талдау және зерттеу қажеттігі туады.

Себебі, «тіл біздің ойымызды туғызып, оны жеткізіп қана қоймайды, сонымен қатар, ол адамдардың сан ғасырлық тәжірибесін сақтайды және оларды ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады» [4,51].Бұл – тілдің кумулятивтік қызметінің жемісі. Бұл тұрғыда ф.ғ.д., профессор Г.Н.Смағұлова: «Өткен өмір өрнектері ұлт мәдениетіне материалдық негіз ретінде қаланып, ал оның сыры мен сымбаты тілде ғана өшпей қалған» — дейді [2,6].

Осы арқылы тілші-ғалымдар қазақ халқының бітім-болмысы мен өмірлік тәжірибелерінің нәтижесі, қорытындысы, ұстанымдары, көзқарастары т.б. тіл арқылы көрініс табатынын айта келе, оның ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастырудағы маңызын көрсетеді.

Ұлттық болмыстың өзіне тән сипаты мен бедерін туған тіл табиғаты мен тіл арқылы қалыптасқан шығармашылық-әдеби мұра негізінде іздеп тауып, оның мазмұндық-мағыналық қасиетін терең тану, таныту мәселесі бүгінгі лингвоаксиологиялық зерттеулердің негізгі нысаны болып отыр.

Тіл арқылы өз мәдениетінің ғасырлық тәжірибесін жинақтаған халқымыздың «рухани иммунитетін» көтеруде ұлт тілі қалыптастырған шығармашылық жүйеге назар аудару қажет. Себебі, кез-келген ұлт, халық өз өміріндегі және мәдениетіндегі атаулар мен ұғым-түсініктерді ана тілінің арнасынан табады.

Ұлт тілінің өрісі бізге ұлт болашағының кепілі саналатын ұлттық құндылықтар жүйесін жаңғыртуға, жаңартуға мүмкіндік беретін күрделі жүйе. Оның әрбір мағыналық қабатына тереңдеп, әр парағын ашқан сайын қазақ халқының тарихи негіздері мен рухани түп-тамыры, уақыттың өзі ұлт санасынан ұмыт қалдырған ерекшеліктері, рухани-мәдени жетістіктері мен құндылықтар жүйесі аршыла береді. Осылайша ұлт болмысының өзгелерден ерек, өзінше бітімі танылады.

Жаһандану дәуірінің ұлт болашағына қатысты туғызып отырған маңызды мәселерінің бірі де – осы. Бұл тұрғыда, ғасырлар бойында ұлттық болмыстың өзіне тән бедерін бұзбай сақтаған тіліміз ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруда да өз әлеуетін танытуы тиіс.

Лингвоаксиологияның да мақсаты  осы – тілдік бірліктер арқылы бедерленген құндылықтар жүйесін зерттеу, зерделеу. Сондықтан да біз үшін ұлттық құндылықтық бағдарларымызды ұлттық әдеби мұрамыздың шеңберінен іздеудің қажеттігі – бүгінгі таңдағы өзекті мәселе.

 

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Raymond Williams (Рэймонд Уильямс). Culture and Society.-Ұлыбритания: Penguin Books, 1971. – 352.
  2. Смағұлова Г. Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық-мәдени аспектілері. – Алматы: Елтаным, 2010. – 244 бет.
  3. Назарбаев Н. Өзекжарды ойлар. – Алматы: Мектеп, 2003. – 172 бет.
  4. Қалиұлы Б. Жалпы тіл білімі: Оқулық. – Алматы: Қазақ университеті, 2005. – 118 бет.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ