Туған өлке тарихы бойынша оқушыларды ғылыми жоба жұмысына баулу

0
7759
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

«Жалпақ жұртыңды, Алашыңды құрметтеу, алдымен, өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан адамдарын ардақтаудан басталады»

Н.Ә.Назарбаев

 

«Туған жер» деген кезде әрбір азаматтың, әрбір адамның жүрегіне тулаған шабыт пен сезім ұялайтыны анық. Себебі, адам – өзінің туған жерінің төлі. Сол даланың, сол жердің, сол мекеннің меншігі. Туған жерге деген сезім мен махаббаттың өлшемі шектеулі болмайды. Ол шексіз. Осы бір ерекше шексіз патриоттық сезімді әрбір азамат пен жастардың бойына етене сіңіріп, қандарына дарыту үшін, сөздің ұғымын кең мағынасында түсіну үшін, Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында орындалу керек міндеттердің ішіне «Туған жер» бағдарламасын ұсынды. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Батырлар мен ақындар бірі найзамен, бірі жырмен қорғап қалған ұлан байтақ даланың қазіргі иесі ретінде, әрбір Қазақстан азаматы өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқару керек. «Туған жер» бағдарламасының жаппай халық арасында үлкен күшке ие болуы, жастардың бойына патриоттық тәрбие ұялату үлкен міндет. Берілген тапсырманың үдесінен шығу ғана емес, оны бүгінгі күнмен өлшемей, ертеңгі ұрпаққа жету үшін еңбек ету — парыз.

Қазіргі таңдағы оқу процесінде қолданылатын кез келген оқыту технологиясы өскелең ұрпақ бойында ұлттық рухты қалыптастыруға бағытталуы тиіс деп ойлаймын. Ұлттық рух – халықтың өзін-өзі танумен айқындалатын, өскелең ұрпақтың арман – мұраттарымен сипатталатын, елдің тұтастық идеясымен негізделетін өміршеңдік күш-қуаты. Қай халықтың болсын бойында өз табиғатына тән өзге де қайталанбас қасиеттері, мінезі, тілі болуы ұлттық рухпен тікелей байланысты. Сондықтан да ұлттық рухты қалыптастырудың негізі өлке тарихын танудан, оқып білуден басталатынына еш күмән жоқ. «Жалпақ жұртыңды, Алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», — деп Елбасы айтқандай, әркім өзінің туып өскен мекенінің тарихын, жер-су аттарын, олардың аталу себептерін, сол топырақта дүниеге келген батырлардың ерліктерін, ұлы адамдардың өмір жолын біліп өссе, туған жерге деген жанашырлықтары да жастайынан қалыптасады.[2]

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің іргелі еңбегінің «Таяу жылдардағы міндеттер» тарауында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынады. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықты әшейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.[1]

Өлке тарихы – ол біздің ата-бабаларымыздың ұзақ жылғы еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Өлке тарихын зерттеу отан тарихының мазмұнын байытады, тарихи санамызды қалыптастырады. Ғылыми жоба жұмысын өлке тарихынан ала отырып алдыма мынадай мақсат қойдым: өлкетану материалдарын оқыту арқылы оқушылардың бойына елдің тарихын оқып меңгерген тарихи сананы қалыптастыру, өлке тарихы туралы материалдарды жинақтай отырып, оны ғылыми тұрғыда зерттеп, шығармашылықпен қолдана білу іскерліктерін дамыту, мемлекетімізді іргелі ел етіп, айбынын асқақтатудың және оны әлемге паш етудің бірден-бір жолы өлке тарихын зерттеп, ата-бабаларымыздың ерлік істерін үлгі етіп отыру екендігін түсіндіру.

2014 жылы 10-сынып оқушысы Қамалова Парасат «Гурьев-Астрахан теміржолын салудағы тыл еңбеккерлерінің тағылымды еңбегін насихаттау» деген тақырыпта ғылыми жоба жұмысын қорғады. Өткенсіз бүгін жоқ, өткен күндердің тарих бетіне қалдырған өрнегі бар. Сол тарихтың бір кезеңі Ұлы Отан соғысы жылдары болса, 1942-1943 жылдардағы Гурьев-Астрахан темір жолының құрылысы – соның бір парағы. Зерттеу мақсаты Ұлы Отан соғысы жылдарында Гурьев-Астрахан темір жолын салуға қатысқан, маңдай терін аямай төккен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбектері мен көрген қиыншылықтарын, теміржол саласында еңбек еткен теміржолшылардың еңбегін насихаттау болды. Зерттеу міндеттері Ұлы Отан соғысы кезіндегі Гурьев-Астрахан темір жолын салу кезіндегі Еділ-Жайық тұрғындарының бастан кешкен қиындықтары мен ерен еңбектерінің жанқиярлық көріністерін айта отырып, достары мен замандастарын адами қасиеттерге, өзін-өзі тануға тәрбиелеу; аудан еңбекшілерінің, теміржолшылардың өнегелі еңбек жолын, ел экономикасын өркендетуге қосқан үлестерін дәріптеу; тарихи мұраны сақтауға шақыра отырып, тарих беттерінде жазылған бабалар ерлігі мен еңбегін бағалау мақсатында кітапша құрастыру, замандастарын патриотизмге, ұлттық құндылықтарды қастерлеуге шақыру. 2015 жылы оқушым Парасат осы ғылыми жобаны одан әрі толықтырып «Новобогат ауданы еңбекшілерінің Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қосқан үлестері» деген тақырыпта қорғап, облыстық ғылыми жобалар сайысында жүлделі ІІІ орынды алды.  Парасаттың ғылыми жобаны жазу барысында алдына қойған мақсаты – Ұлы Отан соғысы сияқты орасан зор оқиғаның бір көрінісін бейнелеу арқылы сол ұлы дүбірден хабар бере білу, оның ауыр шындығына елдің көзін жеткізу, майданға араласқан азаматтармен тылдағы өмірдің арақатынасын айқындау, Новобогат ауданы тыл еңбеккерлерінің өнегелі еңбек жолын, Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі мен өшпес өнегесін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа жан-жақты насихаттау.

2015 жылы шәкіртім Қаржауова Жадыра «Махмиден Шұғайыпұлының рухани-адамгершілік қағидалары» деген тақырыпта ғылыми жоба байқауына қатысып, ауданнан жүлделі ІІІ орын иеленді. Бұл жоба жұмысында оқушы халықтың замандар бойында екшелген, саф алтындай таза, өміршең дана көркемсөз қазынасын жетілдіруде, ұлы мұра жырды дәріптеп, әлеумет тілегіне орай насихаттауда майда қоңыр даусымен, туа біткен қабілетімен, жігерімен, айтулы ақын-жыраулардың асыл сөздерін қажымай-талмай жинастырып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуде игілікті қызметімен танылған, Атырау өңірінде ислам діні қайта жаңғырған күндерден-ақ дінге бет бұрған, өз парасат ықыласымен дінге қызмет еткен азаматтардың бірі – Махмиден Шұғайыпұлының өмір жолы, ұрпақтары туралы зерттеу жұмыстарын жүргізді. «Отанды сүю — иманнан» деген хазірет Мұхаммед пайғамбарымыздың мағынасы терең хадисі бар, өйткені иманды адам Отанның қадір-қасиетін біледі, үлкенге құрмет көрсетеді, ата-ананы сыйлау, туған елге деген құрмет сезімдері имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылманның адамгершілік қасиеті болып табылады. Махмиден Шұғайыпұлының өткен өмір жолы – біздің баға жетпес асылымыз. Оған дақ түсірмей, болашақ ұрпаққа жеткізу – абзал борышымыз. Осындай жұмыстар оқушылардың ғылыми жоба жұмыстарына қатысуларына септігін тигізеді.

2017 жылы шәкіртім 11-сынып оқушысы Абзалова Жайнардың «Тарихи тұлға, аруақты ер Құттығай Сатыбалдыұлының ерлік жолына тағзым» деген ғылыми жоба жұмысы аудандық, облыстық ғылыми жобалар сайысында жүлделі орындар алды. Осы ғылыми жоба жазу барысында оқушы жоңғар шапқыншылығы кезінде Нарын өңірінде еліне қамқор, жеріне қорған болған батыр Құттығай Сатыбалдыұлының өмірі, ерлігі, өнегелі қасиеттерін зерттеуді мақсат етті. Халқымыздың тәуелсіздік үшін күресіп, қаһарман ерлік көрсеткен батырды дәріптеу арқылы жас ұрпақты елін сыртқы жаулардан қорғауға шақыруға, Отанын сүюге, қорғауға дәріптеді.

2018 жылы 11-сынып оқушысы Набидоллаева Айгерім «Өнеге тұнған ғибратты ғұмыр» (Маштахов Ғатих Садиқұлының өнегелі өмір жолы туралы) тақырыбындағы ғылыми жоба жұмысын жазу барысында Атыраудың абызы атанған, Атырау облысының және Исатай, Индер аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Маштахов Ғатих Садықұлының өнегелі өмір жолдары, өнегелі қасиеттерін дәріптеп құндылықтарға дәріптеу, адам жолын ізгілендіру мақсаты көзделді. Айгерім бұл ғылыми жобаны жазу барысында жастар тәрбиесіне жанашыр болғандығын, адам тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, ұзақ жылдар партия басшылығында болған саясаткер, ауылшаруашылық өндірісінің қабілетті ұйымдастырушысы болғандығын, ұлағатты сөздерін дәріптеу міндетін қойды.

Санамызға айрықша сілкініс берген, рухани қайта түлеуге тікелей жол ашқан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір өлкенің… есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар»,- деп көрсеткен болатын. Біздің өлкеміздегі сондай біртуар тарихи перзенттердің бірі және бірегейі Атырау облысының және Исатай, Индер аудандарының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Маштахов Ғатих Садықұлының өнегелі өмір жолдары екендігі күмәнсіз.

Түптеп келгенде, өмірдің мәні де, сәні де ұрпақтар сабақтастығында, өзара байланыста жатыр. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады. Халқымыздың шежірелік зердесінде адам – тарихтың басты тұлғасы, ал адам сапасы – тарихтың негізгі қозғаушы күші. Тарихымызда болмыс-бітімі алуан түрлі тұлғалардың болғаны және олардың қоғамдық-саяси қызметтері сан түрлі болғандығы шындық. Сондықтан жеке тұлғаның еңбегін тарихымызда айрықша көрсете білуіміз керек. Бұл ғылыми жоба жұмысы облыстық, республикалық ғылыми жобалар сайысында қорғалды.

Тарих сабағында жергілікті материалдарды тиімді пайдалану жас ұрпақтың бойында туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті, патриоттық сезімді арттырады. «Дүниеде туған еліңнен артық ел де, жер де жоқ» — деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, баланы туған өлке тарихымен сусындату, тарих пәнінің негізгі міндеті. Осыны басшылыққа ала отырып, ұрпақты ел тарихын білуге, құрметтеуге тәрбиелеймін. Ол жүйелі зерттеу нәтижесінде ықпалдырақ болады. Өлке тарихы бойынша оқушыларды ғылыми жұмысқа баулу арқылы мынадай нәтижеге қол жеткіздім:

  • Оқушылардың туған жерге деген құрмет сезімімен бірге өлке тарихын зерттеуге құлшынысы артты;
  • Шығармашылыққа бет бұрды, өзіндік ой-тұжырымын еркін білдіре алды;
  • Өзінің шығармашыл тұлға екендігін дәлелдеуіне мүмкіндік туды, құнды зерттеулерін басылымдарда жариялай алды;
  • Өзіндік көзқарасы, ұстанымы, қағидасы қалыптасты;
  • Архив деректерімен, тарихи әдебиеттермен, құнды құжаттармен таныса отырып, өз пікірін еркін айта алатын жан-жақты тұлға ретінде қалыптасты;
  • Тарихи оқиғаларды тарихи тілмен жеткізетін дағдысы қалыптасты;
  • Көнекөз қариялардан ауызекі деректер жинау арқылы сөйлеу мәдениеті қалыптасты.

Мұражайлар, архив, баспасөз материалдары, кітапханалармен жұмыс жас жеткіншекті аға ұрпақтың ерлік істерінен хабардар етіп, сол арқылы азаматтық рухты бойына сіңіртеді деп ойлаймын.

Елімізде көп тілді меңгеріп, осы заманғы ақпараттық технологияны еркін игерген жас ұрпақ өсіп келеді. Ал олардың ертеңгі күні төл тарихын білмейтін, ата-бабасын танымайтын, өздерінің ұлы мәдениетін мұрагерлері екенін түсінбейтін, жаны жалаң ұрпақ болмауына біздер жауаптымыз деп ойлаймын. Сондықтан да әлем сахнасына рухы күшті, дені сау, білімді, ұлтын, тілін, тарихын құрметтейтін ұрпақ дайындау біздің парызымыз деп білемін.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиясында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» және «Болашаққа біздің қадам енді басталды, оның қандай болуы сіз бен бізге байланысты» деген сөзін есте сақтай отырып, оны күнделікті қызметіміз арқылы жүзеге асыруға атсалысу басты міндетіміз дегім келеді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.»Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», атты халыққа арнаған жолдауы. «Егемен Қазақстан» газеті, 2014 жыл, 17 қаңтар [ 1]

  1. Сатай Сыздықов. «Мәңгілік Ел» Бұл көне тарихтан тін тартқан идеяның жаңа дәуірмен ұштасуы», Егемен Қазақстан
  2. Амангелді Айталы. «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи тамыры», «Егемен Қазақстан», 2014 ж 26 ақпан
  3. «Қазақстан мектебі» № 7, 2016 ж
  4. Шмидт.С.О. «Краеведение и документальные памятники» -Тверь , 1992 г

 

Қойшекен Светлана Жақсығұлқызы

Атырау облысы Исатай ауданы Жалпы білім беретін

Аққыстау орта мектебінің тарих пәні мұғалімі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ