Алматы қалалық туризм басқармасы қаланың халықаралық және ішкі нарықтағы брендтерін әлемге таныту мақсатында оңтүстік астанамызға шетелдік блогерлерді шақыруды жоспарлап отыр.
Грузия, Армения, Беларусь, Ресей, Украина, Түркия, Корея, БАӘ және Гонконгтен 20 блогер шақырылады. Олар Алматы аумағындағы Қазақстанның тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін киелі орындарды аралайтын болады. Блогерлердің турына бюджеттен 26 млн теңге бөлінетін көрінеді. Шетелдік қонақтар үшін қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеу бойынша шеберлік сыныбы және ұлттық киімдегі фотосессия мен қолөнершілер шеберханасына бару ұйымдастырылатын болады.
Осыған ұқсас жоба осыдан 2 жыл бұрын Жастар жылы аясында ұйымдастырылған болатын. Бір айырмашылығы, 2019 жылы келген блогерлер еліміздегі бірнеше аймақтарды шолып шықты. Атап айтар болсақ: Рахман қайнарлары, Берел қорғаны, Қатон-Қарағай ауданы, «Косы Вероники» сарқырамасы, Зырян және Осиновка асуы. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Арыстан баб кесенелері, Отырар, Сауран қалалары мен Ақсу Жабағылы қорығы. «Бурабай» ұлттық табиғи паркі, «Ботай-Бурабай» және «АЛЖИР» мұражайлары. Ақтау қаласы, Бозжыра шатқалдары мен алқабы, Кендірлі, Тоқмақ мысы, Қарақия және Түйес. Алматы қаласы, Үлкен Алматы көлі, Шарын шатқалы, Қайыңды көлі, Тамғалы тас пен Алтын Емел жерлерінде болды. Шетелдік блогерлерден талап етілетіні: саяхат барысында түсірген бейнематериалдарын Youtube-ке жүктеп, алған әсерлерімен бөлісу.
Мұндай жобалар еліміздегі туризмді дамыту және оны шетелге таныту мақсатында ұйымдастырылады. Нәтижесінде, Қазақстанға келетін туристер саны артатын болады деп күтілуде.
Гүлманат Райымбаева