Ұлттық психологияны құраушы элементтер

0
3308
Бүгінгі күні ғылыми білім жүйесінде ұлттық психология мәселелерін зерттеу, аса маңызды проблемалардың бірі. 
Біріншіден, әлемдегі көптеген мемлекет әртүрлі ұлттардан, ұлыстардан тұрады. 
Екіншіден, ұлт болмысының мәні, ұлттық қатынастардың астары ұлттық келешегі сияқты мәселелер бағзы заманнан бері адамзатты ойландырып келеді. 
Үшіншіден, жер бетінде ұлт мәселелерінің қордалануы, тарихи-әлеуметтік, саяси факторлардың шиеленесуі, ұлт пен ұлыстардың арасындағы қақтығысу мен дүдараздық көбеюі, жекелеген ұлттардың тарихтағы өз орнын табуға ұмтылуы ұлттық сананың өсуі аталған проблемаларды шешу сияқты әрекеттер, жалпы ұлт болмысына жаңа қырынан қарауға көз салуға мүмкіндік туғызды. Ендеше ұлттық психология теориясын терең зерттеп, оның ұсыныстарын күнделікті өмірде қолдану уақыт және заман талабынан туындаса керек. Адам дамуының негізгі ерекшеліктері ХХ ғасырдың екінші жартысындағы «этникалық ренессанс» процесін әлеуметтік ғылымның дамуын отандық және шетелдік өкілдері зерттеді. Одақ кезінде ұлттар мен халықтың жақындасу процесі болып, социалистік санадағы жаңа тарихи қоғам тұтас кеңес халқы қалыптасты. Бірақ мұның көлеңкелі жақтары болмай қалған жоқ.
Соңғы жылдары халықаралық қарым-қатынастарға ұлттық факторлардың маңызы артты. Бұл процесс қазіргі заманғы, яғни оқымыстылардың атауы бойынша, ұлттық сананың артуы «этникалық парадокс». Әлеуметтік мәселелердің этникалық аспектілеріне кешендерді әрі терең талдау жасау – ұлтаралық шиеленістерді ұтымды шешуге, осыған байланысты туындайтын мәселелердің нақты  себептерін анықтауға және әртүрлі ұлт-ұлыс өкілдерінің мүмкіндіктер мен құқық теңдігін қамтамасыз етуге жаңа серпін береді. Егер ұлттық табиғаты күрделі әрі нәзік құбылыс екенін ескерсек, этнопсихологиянызерттеу-этникааралық байланыстарда тұрақты әрі орнықты ахуал құру және ғылымға негізделген ұстамдылығы мемлекеттік саясат түзуге көмектесетіні даусыз. Ұлтаралық және мемлекетаралық қарым-қатынастардың кешенді даму жағдайында бір мақсатқа бағытталған этникалық сана-сезім қалыптастыру өте маңызды іс. Оған қоса тарих сахнасына ұлттардың шығуы, олардың жеке тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылуы және ұлт өкілдерінің қоғамдағы  қозғаушы күшке айналуы этнопсихология ғылымына үлкен жүк әрі жауапкершілік артып отыр.
Әр халықтың өз мәдениетін, тілін қайта жандандыруға ұмтылуы– заңды, сонымен қатар құптарлық құбылыс. Қазақстанның тәуелсіздігі елімізге жаңа саяси болмыс, геосаяси мән берсе, мұнда тұрып жатқан халықтарға үлкен күш-жігер, саналық және сапалық өзгерістер әкелді.Тіпті қазақ ұлтының халықаралық деңгейде танылуы халқымыздың өзін басқаша бағалауға, халықаралық қатынастың субъектісі ретінде қарауға мүмкіндік туғызса, этнопсихология ғылымын қоғамдық ғылымдардың алдыңғы қатарына шығарып қана қойған жоқ, оған жаңа сипат, мазмұн берді.
Тәуелсіз Қазақстанда ұлтаралық мәселелерді шешуге ұмтылу басқаларға үлгі болғандай. Сөзіміз дәлелді болу үшін бұл бағытта атқарылған шараларға тоқтала кетсек артық болмас.Ұлт ретінде құрылу шарттарының бірі мемлекеттік тілдің дамуы болып табылады. Қазіргі кезде қазақ тілінің дамуында үлкен үрдіс жоқ. Сол себепті бірінші кезектегі мәселесі қазақ тілінің сақталуы мен мәдениетінің қазақтардың өздеріне тікелей қатысты. Еліміздің көп ұлысты болуына қарамастан ұлтаралық келісімнің орнығуы, ұлттар арасында этникалық қарым-қатынастардың  дамуы әрі тереңдеуі этникалық психология зерттеушілердің назарынан тыс қалған жоқ.Әр құбылыстың, нақты бағасы − тек салыстыру барысында шығатынын кәрі тарих талай дәлелдеген. Қазақстанның егемендік алуы, жаһандану процесі мемлекеттің қайта түлеуі, салт-дәстүрлердің жаңа мазмұнға ие болуы және халықтың өткен жолына, тарихына жаңаша қарау − заман талабынан туындап отыр десек қателеспейміз.
Қазіргі кезде этникалық қатынастардың заңдылықтарын зерттеу осы мәселеге байланысты адам болмысын қоғам өмірін алға шығару қажеттілігінен туындаса керек. Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы  басқаша түсіндірсек, әлеуметтік-саяси орта қоғамның мүшесіне әсер етпей қоймайды. Ал өз кезегінде тұлғаның психологиялық ерекшеліктері қоғамның дамуына ықпалы болады. Жеке тұлғаның қалыптасуы мәдени-психологиялық құбылыстармен ғана емес, сонымен бірге оның этникалық құбылыстарға әсері – қоғамдағы әлеуметтендіруді тереңдете түсуде. Бұл заңдылықтарды жете бағаланбауы ұлтаралық қатынастардың ырғақты дамуына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан этнопсихология мәселелері терең әрі жүйелі зерттеу – бүгінгі күннің талабынан туындайды.Ұлттық феноменге қызығушылықты сан қырлы себеп − салдарлармен түсіндіруге болады. Алдымен бұл бағытта терең ғылыми зерттеулердің жүргізілмеуі − қазіргі бұл ғылым саласындағы мамандарға үлкен жүк артып отыр.Көне тарих көрсетіп отырғандай, этникалық проблемалар әдетте көпұлтты мемлекеттерде туындайды. Ал Қазақстанның көпұлтты мемлекет екендігін ескерсек, бұл мәселелерді айналып өтуі мүмкін емес. Сонымен бүгінгі күннің шындығы мынаған саяды. Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде халықаралық қарым-қатынастарға араласуы, дербес саясат жүргізе бастауы нәтижесінде ұлттық психологиялық өзгешелікті салмақтап, саралауға бетбұрыс байқалады. Шын мәнінде ұлттық психологияның дамуы тек егеменді елде ғана мәуесін беріп, кең қанат жайып, өріс алады. Онсыз еліміздің  негізін қалаушы ұлт өзінің сол халыққа тән сипаттарын жоғалтады. Мемлекет те дербес бола алмайды. Қозғалып отырған мәселенің басқаша шешілуі мүмкін емес.Қазақстан Республикасындағы тәуелсіз және өркениетті ел болуымен өзіміздің тарихи құндылығымыз ретінде ұлттық психология ерекшелігіне көңіл бөлінуде. Қазір этникалық жаңару процесі қазақ халқының адамгершілікті дамытудың бір жолы ретінде қарастырылуда.Қандай да болмасын құбылыс белгілі бір сұранысқа ие болғанда ғылым тұрғысынан зерделеу мен талдау мұқтаждығы туындайды. Дәл осындай рухани құбылыстардың бірі − қазіргі қазақ этнопсихологиясының қалыптасуы мен даму ерекшеліктері.
Халықтың өткен тарихи жолына терең үңіліп, келешегіне көз жүгірту үшін алдымен алған асуларымызды, кемшін тұстарымызды жан−жақты саралап, бүгінгі күн талабына сай болашағымызды мақсат − мұрат етіп қоюымыз керек. Басқаша айтқанда, дәл бүгін халықтың болмысын, оның психологиялық, дүниетанымдық ерекшеліктерін көрсетуді бұл процесті рухани өсуге әсері және ұлттық даму тарихына талдау жасап көрсету қажеттілігі туындайды. Олай болса, қазақ ұлт психологиясының даму, өсу−өзгеру жолдарын, өмір тарихын зерттеу арқылы, мәдени−әлеуметтік құндылықтарын басқа халықтармен салыстыра отырып және ғылыми тұрғыдан зерделей отырып қана білеміз.Әр ғылымның өзіндік даму жолдары бар. Оның кейбірі зиялы қауым тарапынан бірден танылып жатса, басқасы ұзақ сонар қалыптасу кезеңін басынан кешіреді. Этникалық психология  ғылым көкжиегінде әзір өмірге келген сала болғандықтан ол туралы әртүрлі пікір-тұжырымдардың айтылуы заңды құбылыс. 
Басқаша айтқанда, этнопсихологияның мәндік сипаты әлі анықталған жоқ.Оған деген мамандар тарапынан қызығушылық пен мүдделілікті осындай себептермен түсіндіру қажет. Соңғы кездегі этнопсихология ақпаратқа сұраныстың көбеюі басқа да объективті және субъективті  жағдайлармен тығыз байланысты. Кеңес үкіметі дәуірлеп тұрған заманда этнос мәселесі жүйелі зерделенбеді. Ұзақ жылдар бойы елімізде ұлттар арасындағы айырмашылықтар, олардың өзіндік ерекшеліктері туралы мәселелер баспасөз бетінде қарастырылады. Ол кезде ұлт проблемаларын терең әрі кешенді зерттеуге мүмкіндік те болмады. Әдетте мұндай бағыттағы ізденістерге саяси астар беріліп, мәселе  халықтар достығы шеңберінде ғана талқыланатын. Ұлттар арасындағы туындайтын қарама−қайшылықтар, келіспеушіліктер туралы сөз қозғау қауіпсіз емес еді.Қазір этнопсихология үлкен қызығушылық болғанымен оның мазмұны мен мағынасы толық ашыла қоймаған. Осы орайда қазақ этнопсихологиясының теориялық мәселелеріне терең үңілу бір жағынан уақыт талабы болса, екінші жағынан – елімізде этнопсихологияның жедел дамуына даңғыл жол ашатыны сөзсіз. Енді қазақ этнопсихологиясының зерделеніп, сараптау дәрежесіне келсек, өкінішке орай бұл бағытта түйіні шешілмеген келелі сұрақтар аз емес. Сөйте тұра, елімізде этнопсихология саласы бойынша зерттеулер жүйелі жүргізілген жоқ. Әйтсе де жаңа ғылым саясында ешқандай жұмыс атқарылмады деуге тағы болмайды. Қазақ пәлсафашылары, тарихшылары, психологтары бұл бағытта біраз жұмыстар атқарды.Ұлттың ұлт болып есептелуі үшін белгілі деңгей қажеттілігі дау тұдырмайды.  Ұлттың мынандай нышандары белгілі болуы керек. 
Алдымен ол ұлттық бірге өмір сүретін аймағы, тілі, мемлекеті, ұлттық және мәдени ерекшеліктерін сипаттайтын қасиеттері және экономикалық байланыстары болуы ләзім. Десекте, қоғамның қалыптасуы кездейсоқ немесе бір мезетте жүзеге асырылатын құбылыс емес.Ұлттық сана-сезімнің қалыптасу факторлары мен механизмдеріне психогенездік талдау жасауды осы үрдістегі кезек күттірмейтін шаралардың бірі. Егер біз бұл бағытта жүйелі ғылыми негізде зерттеулер жүргізсек, қазақтың қоғамдық санасының қалыптасу, даму, өсу жүйесінің генезисін ашуға мүмкіндік беретінін байқау қиын емес. Сонымен бірге бұл зерттеулерде қажеттіліктер мен түрткілерін, коммуникативті жүріс-тұрыстың әрекет, этнопсихологиялық әлеуметтік, тарихи мәселелерді егжей-тегжейлі, әрі түбегейлі қарастырылуы керек.ТМД  республикаларының тәуелсіздік алуы, оның нәтижесінде ұлты мен ұлыстардың сана-сезімінің оянуы, полиэтникалық мемлекеттерде әртүрлі халықтардың арасында қарама-қайшылық пен дұдараздықтың сызат беруі, көші-қон мәселесінің жедел іске асырылу қажеттілігі туындауы – аталмыш проблемалардың қордаланып қалғанын көрсетті. Бұл жағдаяттар тәуелсіздік алған жаңа құрылымдағы мемлекеттерді ұлт және оған байланысты мәселелерді жедел әрі тиянақты шешуге итермеледі. Мұның бәрі айналып келгенде этнопсихология ғылымының үрдіс дамуына жол ашты.
Этнопсихологияның жеке аспектерін зерттеуде қозғалыс бар. Бұл жерде біз мынаны айтуымыз керек. Қазақстанның тарихи тағдырында кездескен сан қилы өзгерістер мен қиындықтар қазақтың халықтық қалпын өзгерте алмады. Тіпті, республикада орын тепкен жаңа экономикалық саясат нарықтық қарым-қатынастардың қалыптасуы – қазақ халқына тән емес қылықтарға кеңінен жол ашқанымен ұлт өзінің бет-бейнесін жоғалтқан жоқ. Бұл біздің ұлт үшін үлкен мерей. Сол себепті осы үрдісте халықтың сана-сезімінің өсуі, ұлтымыздың жаңа сипатта, атап айтқанда, халықаралық сахнада толысқан этнос ретінде көрінуі оны адамзат тарихынан өзінің лайықты орнын алуға жетелейді.Өткенімізді саралап, келешегімізді зерделей отырып, төмендегі пікірді айтқанды және орынды көрдік. Уақыт өте келе этнопсихология білімі қоғамдық құрылымның идеологиялық тірегіне айналуы керек. Неге десеңіз, оның ұлттық болмысты қалыптастыруға үлкен көмегі әрі тәрбиелік мәні бар. Ендеше «ұлт зерттеу ғылымы», «ұлттану» мәселесі білім беру, адам тәрбиелеу ісінің бірден-бір құралы болуға тиіс. Келешекте бұл ғылымның ұлттық тәрбие мен білім беру жүйесінде жетекші орын алатынына ешқандай күмән жоқ. 
Этнопсихология, оқу, тәрбие деген түсініктер үлкен де, кешенді жүйенің құрамдас бөлігіндей бір-бірімен жымдасып жатыр. Демек, бұлардың арақатынасын одан әрі күшейтудің оң нәтижесінде үлкен белестерге шығудың ең оңтайлы жолы – ол еліміздің ұлттық оқу жүйесінің бағытын өзгерте отырып, қоғамның белсенді әрі саналы азаматын тәрбиелеу.Этнопсихология ғылымындағы орын алып отырған көкейкесті мәселелерді қарастыра отырып, осы саланың әлі толық зерттелмеген қырларын бүгінгі күн тұрғысынан бағамдау керек. Еліміздің мемлекет ретінде қалыптасуы этникалық құбылыстармен тығыз байланысты. Бұдан туатын қорытынды – заман талабына сай этнопсихологияның білім жүйесіндегі орны үздіксіз өсу үстінде.Ұлт мәселесінің күн тәртібінен түспей тұруына соңғы жылдары этникалық процестің әлемдік қоғамдастықты түгелімен қамтуымен түсіндіруге болады. Ұлтаралық қатынас саласындағы жағдай күрт өзгеріп динамикалық дамудың шиыршық атуымен сипатталады.Ендеше ғалым зертеушілердің алдында тұрған келелі міндет − жоғарыда атап өткен мәселелерді зерделеп саралау.Олай болса, этнопсихология бағыт-бағдарын қалыптасу мен даму ерекшеліктерін егжей-тегжейлі зерттеу − келешектің ісі. Ғылым жетістіктерін күнделікті өмірде пайдалана білу − өркениетті елдердің дәстүрі.
Әдебиеттер
1. Айталы А. Ұлттану. – Алматы: Арыс, 2003. – 226 б.
2. Амирова Б.А. Тұлғаның әлеуметтену және этностық  әлеуметтену процесінің кейбір мәселелері //«Шоқан тағылымы -14».–ғыл.-практ.конф.матер. — Көкшетау, 2009. – 107-111 бб.
3. Жукеш Н. Ұлттық психологияның сипаты. – Алматы: Респ. баспа каб., 1993.
4. Сәдуақасұлы Ә. Қазақтың ұлттық психологиясының қалыптасуы // «Қазақстандағы білім проблемалары: бүгіні мен болашағы» атты конф. матер. — Алматы, 1993. – 13-15 бб.
Әсия Хайрошқызы КӨКЕБАЕВА
психология ғылымының докторы, 
«Көкше» академияның профессоры.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ