Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және оның зардаптары

0
5169

20-шы жылдардың басында қабылданған жаңа экономикалық саясат бойынша шаруаларды ұжымдастыру, халықтың материалдық әл-ауқаты мен мәдени дәрежесін көтеру сияқты күрделі мәселелер шешіледі деп есептелінді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік қысым күшімен емес, экономикалық тиімділік шарттарын сөзсіз орындау арқылы жүзеге асатын шаралар ретінде қаралды. Жаңа экономикалық саясаттың алғашқы жылдардағы тәжірибесі оның мүмкін екенін дәйектеп берді.\r\n\r\n \r\n\r\nАлайда, 20-шы жылдардың екінші жартысында жаңа экономикалық саясат негізінде қалыптасқан шынайы бағыт түбірінен өзгерді. Басты міндет — ең зәру көкейкесті мақсат индустрияландыруды қызу қарқынмен жүргізу деп жар салынды. Индустрияландыру қам-қарекетін қамтамасыз ететін қорды жинауды шаруалар қауымын тікелей және жанамалап экспроприяциялау есебінен жүргізу көзделді. Атап айтқанда, бұл мақсат мемлекеттендірілген колхоз жүйесін жасау, яғни шаруаларды ұжымдастыруды жаппай өткізу арқылы іске асырылды. Сөйтіп, 20-шы жылдардың аяқ шенінде бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда да колхоздастыру науқаны басталды. Бұл шараның іске асырылуына шаруалардың тілегі мен ықыласы себеп болған жоқ, ол жоғарыдан берілген әмір, нұсқаулар негізінде жүргізілді. Қазақстанда колхоздастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай аяқтау белгіленді. Шаруаларды күштеп ұжымдастырудың арқасында республикада колхоздар саны қауырт өсіп 1927 жылы 1072 болса, 1928 жылы — 2354, ал 1929 жылы — 4876-ға жетті. Бұлар колхоздастыру саясатын жүргізудегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін құрылған жасанды шаруашылықтар еді. Оларды құру барысында небір сұмдык зорлыққа, күштеуге жол берілді. Ол тұста қабылданған бірнеше қаулы-қарарлардың заңдылығын тексеру барысында Қазақстан Республикасы Жоғары Кенесінің Төралқа комиссиясының 1992 жылғы желтоқсанындағы қорытындылары жарияланды. Онда келтірілген деректер мен мағлұматтар колхоздастырудың қандай әдістермен жүргізілгені жөнінде толық түсінік береді.\r\n\r\n \r\n\r\nКолхоздастырудың 1929 жылдың орта шенінен басталғаны белгілі. Оның құлаш жаюы Сталиннің сол жылғы 7 қарашадағы «Правда» газетінде «Ұлы бетбұрыс» деп аталатын мақаласының шығуымен тұспа-тұс келді. Мұның алдында кулактарға шабуыл жөніндегі нұсқаулар негізінде Қазақстанда байлардың шаруашылықтарын тәркілеу аяқ-талған болатын. Енді жана экономикалық саясат негізінде жүргізілген шаруаларды кооперациялау ісі мемлекет бағыттап отырған күшпен ұжымдастыру шарасына орын берді. Ал, бұл шара шаруа қауымының игілігін ойлаудан тумады, тек индустрияландыру процесін қамтамасыз ету мақсатын қана көздеді. Сөйтіп, 20-30 жж. жаңа экономикалык саясатын дамыту бағыты тұйықталып тасталды. Ондаған жылдар бойына экономика мен қоғамдық саяси өмірде тек «күштеу» шарасының рухы үстемдік етті.\r\n\r\n \r\n\r\nБұл жағдай ауыл шаруашылығына қасіретті зардабын тигізді. Селодағы саясаттың ең басты шарты — әміршіл-әкімшіл террорға сүйенген экономикалық емес жарлықтар, шаруалар қауымын кооперациялау идеясын жаманатты қылып қоймай, оның пайдалы жақтарын да құртып жіберді.  «Ұлы бетбұрыс» селолық құрылымдарды қатігез қаталдықпен аяусыз қиратып, қоғамның болашақта туатын проблемаларын біртіндеп әзірлей бастады.\r\n\r\n \r\n\r\nКолхоздастыру барысында жүргізілген ауыл шаруашылығы өнімдері оның ішінде астықты күштеп дайындау шаруалардың күн көрісіне, көңіл-күйіне мейілінше кері әсер еткен, оларды кеңес өкіметін жек керуге итермелеген екінші бірүлкен шара болды. Ауылдарда мал саны өсіріліп көрсетіліп, алынатын еттің, жүннің көлемі белгілі есептен асып түсті. Салғыртты орындау үшін шаруалар қыс ішінде қой қырқуға мәжбүр болды. Мұның өзі қойлардың жаппай қырылуына соқтырды. Егіспен айналыспайтын шаруашылықтардан астық талап етілді. Салғыртты орындамаған қожалықтар сотқа тартылды. 1928-1929 жылдары осындай айыпқа ұшыраған 34 мың ауыл-село адамдары сотталды. Мұның өзі ауыл адамдарын қорқыту үшін де істелінді.\r\n\r\n \r\n\r\nКолхоздастыру осындай ауыр жағдайда басталды да, оны басқару әкімшілік, зорлық, күштеу әдістерімен жүргізілді. Егер 1928 жылы Қазақстанда колхозға барлық шаруашылықтардың екі пайызы ғана кірсе, 1931 жылдың күзінде шаруаларды 70-тен 100 пайызға дейін колхоздастырған аудандардың саны 78-ге жетті. Бұл тұста өлкеде 122 аудан болатын. Шаруаларды ұжымдастыру кезінде ауыл-селоларда бай-кулактарды тап ретінде жою шаралары іске асырылды. Жергілікті орындарға жеткізілген нұскау бойынша жойы-луға тиісті бай-кулак шаңырактары барлық шаруашылықтың жалпы санының 3-5 пайызынан аспауы керек деп ескертілді. Бірақ, осыған қарамастан әміршіл-әкімшіл жүйенің асыра сілтеу әрекетімен тәркіге салынғандар саны кез келген жерде ең жоғарғы көрсеткішке жеткізілді. Нәтижесінде тек 1930-1931 жж. республикадан тыс жерге бай-кулак деп «жер аударылып» жіберілген шаруалар саны 6765 адамға жетті. Ондаған мың шаруалар тұрған округтерінен республика ішінде басқа жерлерге көшірілді.\r\n\r\n \r\n\r\nҰжымдастыру мен отырықшыландыруды жүргізу үшін Қазақстан өлкелік партия комитеті жергілікті белсенділермен бірге кәсіпорындардан сегіз мың жұмысшыны тартты. Мұның үстіне республикаға Мәскеуден, Иваново-Вознесенскіден, Харьковтан, Ленинградтан партияның шақыруымен 1204 «жиырма бесмыңыншы» келді. Бірақ бұлардың өздері қазақ жерінде отырықшыланудың мәні мен механизмін жете түсінбеді. Көптеген әкімшілер үшін бұл шартараптан жүздеген шаруашылықты бір жерге жинау болды. Мұндай топтаудың салдарынан шаруалар мал өрісінен, су мен шөп іздеп, жайылым ауыстырып отыру мүмкіндігінен айырылды.\r\n\r\n \r\n\r\nӘміршіл-әкімшіл жүйенің нұсқауымен Қазақстанның барлық аймақтарында ұжымдастыру егіншілік шаруашылықтарында да қандай қарқынмен жүргізілсе, мал өсіретін шаруашылыктарда да ол сондай қарқынмен жүргізілсін деп талап етілді. Ойластырылмай алынған шешімнің зиянды қайтарымы өзін көп күттірген жоқ.\r\n\r\n \r\n\r\nКолдағы малды қоғамдастыру нәтижесінде колхоз фермалары құрылды. Кейбір жерлерде алып коммуналар ұйымдастырылып, олар өте көп шарушылықты біріктірді. Соның нәтижесінде фермаларға жиналған қисапсыз мал күтімнің кемдігінен, шөптің, жайылымның жетпеуінен қырылды. Колхозға кірмеген жеке шаруашылықтарда мал ұстауға ықылас болған жоқ. Сөйтіп, 1928-32 жылдар аралығында республикада ірі қара 6 млн. 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 млн. 566 мыңнан 1 млн. 386 мыңға, жылқы 3 млн. 516 мыңнан 316 мыңға, түйе 1 млн. 42 мыңнан 63 мыңға азайып кетті. Қазақстанның осы жылдары одақ бойынша тауарлы астық өндіруден үлес салмағы 9 пайыздан 3 пайызға кеміді. Халықтың тұрмысы нашарлап, қайыршылануы күшейді. Мұның өзі шаруалар бұқарасының наразылығын туғызбай қойған жоқ. 1929-1931 жылдарда шаруалардың 372 көтерілісі болып, оған 80 мындай адам қатысты. Созақ, Шемонаиха, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Самар, Абыралы, Биен-Ақсу, Шыңғыстау, Бөрібаев, Қастек, Балқаш, Шұбартау, Маңғыстау т.б. жерлердегі шаруалар көтерілісі аяусыз басылып, оған қатысқандардан 5551 адам сотталды, олардың 883-і атылды. Жалпы алғанда күштеп ұжымдастыру кезінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазаланды.\r\n\r\n \r\n\r\nКөшпелі қазақ мал шаруашылықтарын күштеп отрықшыландыру және ұжымдастыру Қазақстан экономикасын құлдыратып төмен түсіріп жіберді. Республика экономикасының құлдырап төмендеуі 1932-1933 жылдардағы қуаңшылықпен тұстас келді. Осындай елді арылмас сорға душар еткен қолдан жасалған қастандық пен табиғаттың рақымсыздығынан осы екі жылда республикада аштықтан өте көп адам қырылып, қазақ елі орны толмас қайғы мен қазаға ұшырады: 2 млн. 200 мың адамынан, яғни қазақ ұлтының 49 пайызынан айырылды. Республикада тұратын басқа халықтар да сан жағынан кеміді.\r\n\r\n \r\n\r\nҚазақстанға Ф. И. Голощекиннің елкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келуі қазақ халқына адам айтқысыз бақытсыздық әкелді. Голощекин әміршіл-әкімшіл басқару жүйесіне арқа сүйеп, небір сұмдық амал-айла, зымияндық әдіс қолдану арқылы қазақ зиялыларын бір-біріне айдап салды, «халық жауы» деп жала жауып, мындаған қазақ азаматтарының қанын төкті. Голощекиннің тікелей басшылығымен 1929 жылы — 31, 1930 жылы — 82, 1931 жылы — 80 жалған «контрреволюциялық ұйымдар» ашылып, бұл ұйымдардың мүшесі болды деген жаламен он мыңға тарта қазақтың бетке шығар азаматтары қамауға алынды.\r\n\r\n \r\n\r\nСөйтіп, тарихшы ғалымдардың соңғы жылдардағы зерттеулері көрсеткендей, қазақ халқы аса ауыр шығынға ұшырады. Ашаршылықтан және онымен байланысты туған эпидемиялардың салдарынан, сондай-ақ өлім-жітімнің көп болуы, халықтың басқа республикаларға, Қытайға, Иранға, Монғолияға т.б. елдерге ауа көшуі нәтижесінде Қазақстан бірнеше миллиондаған адамдарынан айырылды. Қазақстанда жіберілген орны толмас қателіктер мен бұрмалаушылықтарды Мәскеудегі орталық аппарат жергілікті басқару органдары айыпты деп, барлық бәлені соларға жапты. 1933 жылдың басында Ф. И. Голощекин орнынан алынып, Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып Л. И. Мирзоян сайланды. Осы жылдың көктемінен бастап енді жіберілген кателіктерді және республикада қалыптасқан ауыр жағдайды түзету басталды. Әсіресе, күштеп ұжымдастыру мен қазақ көшпелі шаруашылықтарын еріксіз отырықшыландыру мәселелеріне айырықша назар аударылды. Іске асырылған шаралардың нәтижесінде тек 1934 жылы мал саны 16,4 пайызға өсті. Бірақ, мұндай алғашқы қол жеткен табыстар орасан бүліншілікке ұшыраған республика өмірінің қоғамдық және экономикалық негіздерін қалпына келтіре алмады. Ұлы Отан соғысына дейін Қазақстаннан тыс ауа көшкен жүз мыңдаған қазақтар қайтып оралмады, өлкеде қырылған малдың орны толмады. 1941 жылдың басында олардың барлық саны 16 млн. басқа ғана жетті. Ал қазақ этносының бұрынғы санын калпына келтіру тек Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары болған күшті демографиялык өсудін арқасында, яғни 40 жылдан кейін ғана іске асты.\r\n\r\n \r\n\r\n.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ