«Зерде» танымдық зияткерлік ойыны

0
4696
ҚазҰУ – Ғылымға құштар жандар үшін үздік таңдау

Оқушылардың білімін жан-жақты тексеріп, таным көкжиегін кеңейтетін зияткерлік сайыс жоспарын назарларыңызға ұсынамыз. 

Сынып сағатының тақырыбы: Зерде танымдық ойын

Мақсаты: Оқушылардың жан — жақты білімдерін тексеру, логикалық ойлау, есте сақтау қабілеттерін шыңдау. Өз ойын жеткізе білуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: нақыл сөздер, тапсырмалар, логикалық тапсырмалар, әр топқа даярлаған үстел, интерактивті тақта.

Түрі: Топтық сайыс

Барысы:

  1. 1. Ұйымдастыру кезеңі.

(Оқушыларды берген тапсырманы дұрыс орындауға, нақты жауап беруге дайындау)

  1. Кіріспе бөлім.

Армысыздар қадірлі қонақтар, ұстаздар және оқушылар!

1-жүргізуші: Ал келіңдер, келіңдер,

Біріңе — бірің еріңдер.
Біліміңді тексеріп,
Ойынға қатысып көріңдер,

2-жүргізуші: Көңілді тапқыштар, алғырлар,
Бар өнерін алдарыңа салады.
Кім білімді, көп оқыған болса егер,
Бүгінгі күн жеңімпазы болады

— дей отырып, « Зерде» атты сыныптан тыс зияткерлік ойынымызды бастаймыз.

Әділқазы алқасына бір сәлем!
Әділдікке бас иеді күллі әлем!
Жүйрік озар сайыстарда неше бір.
Сарапқа сап әділдікпен шеше біл!
— оқушылар хормен айтады

2 жүргізуші: Сайыстың әділ бағасын беретін, әділқазы алқасымен таныс болыңыздар —  Кулибекова А.К. Сулейменова А.М. ата –ана. ( әр жауапқа 1 балл)
1 жүргізуші: Енді сайыскерлерімізді қошеметтеп қояйық. «Алғырлар» тобы, «Тапқырлар» тобы «Қыран»  тобы

1 жүргізуші: Бөлімдермен таныстырып өтейін:

1 кезең — Таныстыру

2 кезең -«Білімді болсаң, бақ сына?»

3 кезең -«Шым-шытырық сұрақтар»

4 кезең -«Бейнелер құрастыр»

2 жүргізуші: 5 кезең -«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»

6 кезең -«Құпия қонақ»

7 кезең «Кім жылдам?»

Білген сайын келеді біле бергім,
Біле беру емес пе тілегі елдің.
Бүгін осы сайыста жеңіске жет,
Білімді, әрі білікті жас жеткіншек
— деп сайысымыздың 1 — бөлімін бастаймыз.

1 жүргізуші: І – кезең: Таныстыру. Енді топ мүшелерімен танысуға көшейік. (әр топ – топ аты, топ ұранын, сәлемдесуімен таныстырады, әр топта 7 оқушыдан қатысады)

 

2 жүргізуші: ІІ – кезең: «Білімді болсаң, бақ сына»

Ұшқыр ойға ерік болып шеберлік,

Сөз кезегін математикаға берелік

Арамызда тапқыш достар көп екен

Солардың енді жауаптарын көрелік

-Бұл кезеңде пән бойынша білім деңгейлерін тексереміз. Яғни математика пәні бойынша.

  1жүргізуші:   Алғырлар тобына:

  1. 28-19 =9
  2. Алмұрт 9, алма одан 2-еуі кем. Барлығы неше жеміс? ( 16 )
  3. 1 ғасырда неше жыл бар? (100 жыл)
  4. 2 апта 2  күн неше күнге тең? (16)
  5. Сенде барлығы 80 теңге. Оның 25 теңгесіне дәптер, 15 теңгесіне қалам алдың. Сенде қанша теңге қалды? (40)
  6. 45+32= 77
  7. 1 жұмыртқа 2 минутта піссе, 3 жұмыртқа неше минутта піседі? (2 минутта)

2 жүргізуші: Тапқырлар тобына:

  1. 49 — 27=22
  2. Құлпынай 13, шие одан 10-ы артық. Барлығы қанша жеміс болды? (36)
  3. 1ц неше кг бар? (100 кг)
  4. 1 сағ 20 минут неше минутқа тең? (80минут)
  5. Айнұрда 15 кітап, 12 қалам және 3 сызғыш бар. Айнұрда барлығы неше құрал бар? (30)
  6. 24+32= 56
  7. Ағашта 12 торғай отыр еді. Аңшы оның 4-еуін атып алды. Нешеуі қалды? (8)

1 жүргізуші: Қыран тобына:

1.36-25=11

2.Картоп 15,пияз одан 10 артық.Барлығы қанша көкөніс болды?(40)

3.1 дм неше см ? (10см)

4.1 минутта неше секунд? (60 секунд)

5.Арманда 20 шахмат,10 дойбы,5 тоғызқұмалақ ойыны бар.Арманда барлығы қанша ойын бар? (35)

  1. 52+24= 76

7.Қаз екі аяқпен салмағы 5 кг ,ал бір аяқпен салмағы қанша болады?

Мұғалім:

Әрбір тілде сөйле адамды таң қылып

Ана тілін білмеу қандай заңдылық

Өсер болсаң байтақ далаң тұрғанда

Қазақ тілі жасау керек мәңгілік

—         Олай болса, қазақ тілі пәнінен білімдеріңізді тексерейік.

1 жүргізуші: Алғырлар тобына:

  1. Сұраулы сөйлемге мысал келтір.
  2. «Қалам» сөзі қандай дауыстылардан құралған? (жуан)
  3. «Аңшылықтың» сөзінде неше буын бар? (4 буын)
  4. Еңбек туралы бір мақал айт.
  5. Дауысты дыбыстар нешеге бөлінеді, ата. (2-ге, жуан, жіңішке)
  6. Й қандай дыбыс?

2 жүргізуші:Тапқырлар тобына:

  1. Хабарлы сөйлемге мысал келтір.
  2. Қ, к, т, с әріптері қандай дауыссыздар? (қатаң)
  3. «Қанаттан» сөзінде неше буын бар? (3 буын)
  4. Оқу, білім туралы мақал айт.
  5. Дауыссыз дыбыстар нешеге бөлінеді, оларды ата. (3-ке, ұяң, үнді, қатаң)
  6. Мәтіннің неше түрі бар? (Пайымдау ,сипаттау,әңгімелеу.)

1 жүргізуші: Қыран тобына:

1.Лепті сөйлемге мысал келтір.

2.б,в,г,ғ,д қандай дауыссыздар?( ұяң)

3.Қазақстан сөзінде неше буын? (3 буын)

4.Достық  туралы мақал айт.

5.Сөзде қанша буын болатынын қайдан анықтауға болады?

6.Жуан дауыстыларды атаңдар.

2 жүргізуші: 3- кезең «Шым-шытырық сұрақтар»

«Алғырлар» тобына:

  1. Жердің пішіні қандай? (дөңгелек, шар тәрізді)
  2. Бір жылда неше мезгіл, неше ай бар? (4мезгіл, 12 ай бар)
  3. Қойдың төлі (қошақан)
  4. ҚР рәміздерін ата (Ту, Елтаңба, Әнұран)

1 жүргізуші: «Тапқырлар» тобына

  1. 7 күнді не дейміз? (апта)
  2. Білім ұясы? (мектеп)
  3. Түн ұйқысын төрт бөлген адам кім?  (ана)
  4. Жұлдыздар қай кезде пайда болады? (түнде)

 

2 жүргізуші:Қыран тобына:

  1. Әкеңнің шешесі қалай аталады? (Әже)
  2. Тудың түсі қандай? (Көгілдір)
  1. Қасиетті тағам (нан)
  1. Мемлекетіміз қалай аталады?

 

4- кезең «Бейнелер құрастыру» ( геометриялық фигуралардан)

 

5- кезең «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні», Мен сендерге ертегі оқимын, сол ертегінің мазмұнына байланысты бір мақал айтасыңдар.  «Алғырлар» тобына

Алты түлкі

Ертеде алты түлкі дос болыпты. Біреуінің құйрығы шолақ екен. Құйрығы ұзын бес түлкі:

-«Сенің құйрығың жоқ» — деп келеке қылып, күле беріпті. Сол уақытта шолақ түлкі «осы бес түлкінің де құйрығын шолақ қылып қояйын» деп ойлап, бес түлкіге айтыпты.

— «Біз бір жақсы ойын ойнайық» — деп түлкілерді алып келіп, қарағайға байлап қойып, өзі бір талдың басына шығып түлкілерге:

— «Мына жақта бүркіттер келе жатыр» дейді де, өзі қаша жөнеледі. Сонда бес түлкі қашамын деп құйрықтарын үзіп, бәрі де шолақ болып қалады. Бесеуі бірдей шолақ болғаннан кейін мазақ етіп, күлмейтін болыпты.  «Күлме досқа – келер басқа»

«Тапқырлар» тобына

Атасы мен немересі
Ата қартайып, күші кеміді, нашар көретін, нашар еститін болды, ішкен тамағын алдына төгетін болды. Не үшін десеңіз, оның аяқ қолы кәріліктен қалтыраушы еді.
Шалдың бұл ісі баласы мен келініне ұнамады. Олар шалға алдына жаман дастарқан жайып, тамақты жаман ыдысқа құйып, бөлек беретін болды.
Немересі өзінің әкесіне атамды бөлек отырғызба деуге бата алмайды. Бір күні ол ағаш жонып отырады. Әкесі көріп; «Шырағым не істеп жатырсың?» — дейді. Сонда баласы; «Аяқ істеп жатырмын, шешем мен екеуің атам кұсап қартайғанда, сендерге тамақты осы аяққа құйып беремін»- дейді.
Бұл сөзді естіп, шалдың баласы ұялып, әкесін бөлек отырғызып тамақ беруді қояды
«Әкеңе не қылсаң, Алдыңа сол келер»

Қыран тобына: Ерекше жаңа жыл

2-сынып  оқушысы Әкежан анасы мен әкесінің жалғыз баласы болғандықтан, өте ерке  болып өсті.  Ата-анасы да ерекше мәпелеп айтқанын екі етпейді. Міне көптен күткен жаңа  жыл да  келді.  Әкежан үшін  басқа мерекелерден  гөрі  жаңа жыл сыйлығы  мол, тәттіге тоятын ерекеше күн.  Ата-анасы былтырғы  жылы бағасы  қымбат тұратын ұялы  телефон  сыйлаған болатын.  Аяз ата беріп жіберді деп ата-анасы  алдаса да,  Әкежан сыйлықтың қайдан келгенін жақсы біледі.

Биыл да ата-анасына  Аяз атадан  қандай сыйлық күтетінін алдын-ала ескертіп қойған еді.  Бірақ, жаңа жыл күні түні ақ халатты дәрігерлер келіп, анасын алып кетті. Аң-таң  болған Әкежан  әкесіне: «Әке, менің сыйлығым қайда? Аяз ата мені биыл ұмытып кетті ме? Анам қайда кетті?  Қалай жаңа жылды қарсы аламыз?»-деді жылам- сырап.  Сәлден соң телефон шырылдады.  Қуана жымиған әкесі: «Сен биыл ерекше сыйлыққа ие болдың , Аяз ата саған іні сыйлады»-деді. Бауырлары бар өзге балаларға  ерекше  қызғаныш- пен қарайтын,  Әкежанның  қуанышында шек жоқ.  Қатты қуанғаны сондай, қолын шапалақтап секіріп жіберді.  Әкежан үшін бұл жаңа жыл ерекше болды. Ол тіпті армандаған сыйлығын ала алмағанына да өкінген жоқ (Балалы үй базар,
Баласыз үй қу мазар)

6 – кезең «Құпия қонақ», яғни қонақ өз құпиясымен бөліседі,ал балалар оған көмек береді) Қане, тығырықтан шығып көрейік.

«Алғырлар» тобына:

Құрметті достар! Менің көршімнің бір баласы бар. Өзі өтірікші, көзбе – көз өтірік айта қояды. Маған күнде келіп ойнағысы келеді. Мен өтірік айтқанды жаным сүймейді. Менің онымен ойнағаным дұрыс па?
«Тапқырлар» тобына

Құрметті оқырмандар! Менің бір досым бар. Өзі мақтаншақ. Ойнап жүргенде үй – ішін айтып, алған ойыншықтарын көрсетіп мақтанады. Және өзінен кіші балаларды үнемі ренжітеді. Мен онысын ұнатпаймын. Бірақ ойынды жақсы ойнайды. Мен осы баламен дос болайын ба, айтыңдаршы?

«Қыран» тобына

Мен аулаға шықтым.  Онда балалар ойнап жүр еді. Кенет сол жерге ересек балалар келді де біреуі мені ұстап алып : „Анау балалардан бізге допты алып кел, біз ойнаймыз“,- деді. Мен ересек балалардың қорқыққанына қарамастан оларға қарсыласып,  кішілерді қорғауға тырыстым. Кішілерді  қорғауда тағы қандай қулық ойлап табуы ма болар еді?

Өз ойыңды ашық айтып,

Түйіндейміз білімді.
Әр нәрсенің жауабын тез
Айтайықшы ұғымды.

 

7 – кезең «Кім жылдам?», яғни бұл сайыста тақтада жазылған сөздерді қимылмен түсіндіру. Қарсы топ сол сөздерді шешеді.

Алғырлар         1. «Етік, кітап, тауық,»

Тапқырлар     2. «Ауыз, сағат, мұғалім»

Қырандар         3. «Терезе, бақа,дәрігер»

 

Әділқазылар баллдарын санағанша  домбырада ойнап, өнер көрсетеді. 

Марапаттау кезеңі

Марапаттау сөз кезегі әділ-қазы алқасына беріледі.

Ең белсенді оқушыға марапат және мантия кигізіледі.

 

Абуева Райса Турлыбековна,

СҚО, Петропавл қаласы, Сафуан Шәймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия


ПІКІР ҚАЛДЫРУ