«Үлкенге- құрмет, кішіге – ізет» тақырыбында сабақ жоспары

0
5841

Мұғалiм: Абуева Райса Турлыбековна

Мектеп: Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназия

Сабақ №10

Тақырып: Үлкенге- құрмет, кішіге – ізет

Құндылық: Дұрыс әрекет

Қасиеттер: үлкендерді сыйлау,әдепті болу, қамқор болу

Сынып :  2        Оқушылар саны: 19

Сабақ мақсаты: Дұрыс әрекет құндылығын негізге ала отыра, оқушылардың бойында сыйластық, құрмет, адамгершілік қасиеттері туралы түсінік беру.

Міндеттері:

1. Оқушыларға үлкен мен кіші арасындағы сыйластықты түсіндіру.

2. Оқушылардың бойында сыйластық қарым-қатынас жасау іскерлігін  дамыту.

3. Оқушыларды үлкендерді сыйлауға, кішіге  қамқор болуға тәрбиелеу.

 

Ресурстар:(құралдар, мәлiметтер)

АКТ мүмкіндігі, оқулық, дәптер,суреттер,

А3қағазы, маркер, тақия,таяқ,құрт,ірімшік,қыз сөмкесі, кіші,үлкен ағаштың суретінің дайын үлгілері,стикерлер.

Сабақ барысы:

•         Ұйымдастыру кезеңi.

1.Тыныштық сәтi. Орманға саяхат.

Көзімізді жұмамыз, терең демаламыз, әр демімізбен өзімізді  еркін, тыныштықта сезінеміз.

Қазір біз орманға дем алуға барамыз. Елестетіңіз, сыныптан шығып, дәлізден өтіп, далаға бет алдыңыз.

Таза ауаны сеземіз, самал ескен жылы жел мен  күннің нұры ақырын ғана бетімізден өбеді, шашымызды сипайды.

Біз ақырын орманға қарай бет аламыз. Абай болайық, жердегі жәндіктерді аяғымызбен басып кетпеуге тырысайық.  Бір минутқа тоқтап, айналамыздағы әсемдікке көз салайық. Құлпырып өскен гүлдердің иісі мұрынды жарады, қандай керемет иіс! Айналамыздағы әрбір әсемдікті  көзімізден таса қылмай, ары қарай бет аламыз.

Орманның ішіне де келдік. Құстардың әсем әуені, шөптердің сыбдыры жан дүниемізді жаулап алғандай. Айналамызда түрлі ағаштар. Сол ағаштың ішінен бір қайыңды таңдап алыңыз. Бауырында отырып, біраз тыныстап алыңыз.

Мен бақыттымын, менің жан дүнием тыныш. Табиғат қандай тамаша! Мен табиғаттың бір бөлшегімін, менің табиғатқа зияным тимеуі керек, кез- келген уақытта мен осы ағаштың түбіне келіп дем аламын.

Енді орнымыздан ақырын тұрып, айналамызға  тағы  көз жібереміз. Келген ізімізбен,сыныпқа  қарай аяңдаймыз. Сыныпқа келіп өз орнымызға отырайық.

Тыныштық пен разылықты жүрегімізде сақтап, көзімізді ашамыз, бір-бірімізге қарап күлімсірейміз.

 

2.Үй тапсырмасын тексеру:

№ 9 сабақ. 35-36 беттегі мәтінді оқу.

 

Сабақ барысын талдау:

3. Дәйексөз.

Өзгеге жасаған ізетің —

Өзіңе жасаған құрметің. Халық даналығы

3.1.Дәйексөзді оқу.

3.2. Дәйексөзді  дәптерге жатқа жазу.

3.3. Дәйексөздің мағынасын ашу, қалай түсінесіңдер?

 

4. Әңгімелеу  Рақмет ата!            

Авторы: М.Төрежанов.

Баламның амандығын біліп, немеремді иіскеп қайтайын деп үйден шықтым. Мен өтетін жолдың қиылысында төрт-бес жасар шамасындағы қыз тұрды.

Қасына келіп:

– Бұл жерде неғып тұрсың? – дедім.

– Сізді күтіп тұрмын. Үлкен кісінің алдын кесіп өтуге болмайды ғой.

– Ой, айналып кетейін, көп жаса! Атың кім?

-Гүлнар.

– Кімнің баласысың?

– Әжемнің баласымын.

Немереме алып шыққан құрт, ірімшігім бар болатын.Соларды Гүлнарға бердім.

– Үйде кішкентай Сая бар. Соған беремін. Рақмет, ата! – деп жүзіме қуана қарады. Кіп-кішкентай Гүлнардың тәрбиелі, тәртіптілігіне риза болып қоштастым.

Сұрақтар:

1. Мәтінде кімдер туралы айтылған?

2. Гүлнардың бойынан қандай қасиеттерді аңғаруға болады?

3. «Үлкенге –құрмет, кішіге – ізет» дегенді қалай түсінесің?

4. Өз достарыңа, туыстарыңа және жақын адамдарыңа қандай құрмет көрсетесің?

 

5.Шығармашылық жұмыс. Топтық жұмыс.

5.1.Топқа бөлу: ата,әже,ана мен әке суреттерінің қиындылары бойынша бөлінеді.

5.2. Ата тобы: Ассосация-Үлкендерге қай кездерде көмек бере аламыз.

Әже тобы: Коллаж-Сурет қиындыларын жапсырмалай отыра Кімді? Не үшін?      құрметтеу керек екендігін баяндап беру.

Әке мен ана тобы: Сахналау-Рақмет ата!

5.3.Әр топ жұмыстарын қорғайды.

5.4. Ойын — жаттығу бойынша орындалған тапсырма нәтижесін қорытындылау:

— Балалар, енді үлкен ағашқа ілінген сөздер үлкенге құрметті білдіреді, сондықтан оны «Құрмет ағашы», ал кіші ағашқа ілінген сөздер кішіге ізетті білдіреді, сондықтан оны «Ізет ағашы» деп атайық.

Рахмет! Балалар, тапсырманы ойдағыдай орындап шықтыңдар деп ойлаймын.

 

6.Үй тапсырмасы.  «Отбасы» тақырыбына сурет салу.

№11-сабақ:Қандай жағдайларда кешірім жасаймыз.  Дәптерге 3 мысал жазып келу.

 

7.Топпен ән айту  

  Ата – ананы тыңдаймыз.     Сөзі мен әнін жазған:Б.Бейсенова

    

1.Айтқан таңда тыңдаймыз

Әке мен ананың

Еңбек етіп шыңдаймыз

Білім мен сананы

 

Қайырмасы

Біз бақытты баламыз

Айтқан тілді аламыз

Аман  болсын әке мен анамыз  2 рет

 

2.Мейірім мен шапағат

Анашымнан тарайды

Әділдік пен парасат

Әкешімнен арайлы

Қайырмасы

Біз бақытты баламыз

Айтқан тілді аламыз

Аман  болсын әке мен анамыз  2 рет

 

 

•         Соңғы тыныштық сәтi.

(Ақырын баяу әуен қосып қою керек)

Балалар көздерін жұмады. Мұғалім сөйлейді. Сендердің жүректерің — сендердің кішкене жарқыраған күндерің. Ол да күн сияқты жылытады. Сендердің күндерің сендерге жылулық береді. Өздеріңнің жақсылықтарыңмен адамдармен бөлісесіңдер. Ал, кәне жақсылық сезімдерімізді өздеріміздің әке-шешемізге, аға-әпкелерімізге, өздеріміздің достарымызға, барлық адамзатқа, келген қонақтарға,  маған және өзіміздің кішкене ғана әдемі жер шарымызға, бәріне-бәріне жіберейік, жақсылық тілейік.

-Ал, енді көздеріңді ашыңдар, жымиыңдар және осы сезімдеріңді, қуаныштарыңды күні бойы сақтауға тырысыңдар.

   

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ