«Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» идеясының маңызы

0
3095

Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласына қатысты Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ерлан Кәрібаевың арнайы сұхбаты

Қ.Р-ның Мәдениет және спорт Министрлігі тарапынан Қ.Р. Мемлекеттік хатшысының 2015 жылғы 30 қазанындағы №8 өкімімен бекітілген «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» идеясына көзқарасыңыз қандай?

Е.Кәрібаев: Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам идеясы – бұл жақсы үрдіс, дұрыс бастама. Неге десеңіз, ежелгі дүниедегі мемлекеттердің қалыптасуы кезінде басқару, үнемдеу, қорғану мәселелерін шешу барысында адамдар бірлестігі жаңа сапалық қасиеттерді бойына сіңіріп отырғаны байқалады. Ертедегі грек ойшылы Платон: «Мемлекет дегеніміз – адамдардың азаматтық борышын өтеу үшін бірігуі»,– деп анықтама беріп, оның пайда болуына еңбек бөлінісі әсер етті деп түсіндірді. Ал көне Рим ойшылы Цицерон: «Мемлекет дегеніміз – ортақ іс, халық игілігі, ал халық дегеніміз – адамдардың көрінген бір қосындысы емес, ол көптеген адамдардың құқық мәселесі бойынша келісімі мен мүдделер бірлігінің нәтижесінде байланысқан бірігуі»,– дейді. Осыдан аңғаратынымыз, еңбек қоғамы мемлекеттердің пайда болуына ғана емес, оның дамыған өркениет болып қалыптасуына ықпал еткен.

Жалпы, мемлекет пайда болғалы бері түрлі қоғамдық кезеңдерді басынан өткерсе де, адамзаттың әлеу­мет­тік тұрмысының жақсы, жаман болуы — оның еңбек етуіне байланысты. Тарихтың тамырын қопарып, тереңді қазбаламай-ақ, еңбек қоғамын өткен ғасырдағы барша жұртты бір арнаға бұрып, еңбекке тартқан Кеңестік кезеңнен іздеуге болады. Себебі, ол кезде кеңес адамы­ның жұмыссыз болмауы қатаң ескертілетін. Осындай сая­саттың арқасында сол заманында мем­лекеттің экономика­лық-әлеу­меттік жағ­дайы даму үстінде болғаны барлығына белгілі.

Елінің басына қиын қыстау күн туып, дағдарысқа түсіп, болашағы жойылуға шақ қалған мемлекеттің бүкіл қиыншылықтарымен күресе отырып, оны әлемнің алдыңғы қатарына шы­ғарған көшбасшылардың есімдері тарихта алтын әріптермен жазылған. Оның ішінде қиын да күрделі кезеңді басынан кешкен Сингапур елінің Ли Куан Ю атты данышпан көшбас­шысы: «Мемлекеттегі ресурстардың жетіспеушілігін өтеу үшін азаматтар: ой-өріс, тәртіп және тапқырлық қасиеттерінде басым болу керек», – деген қағидаға сүйенген екен. Оның ұстанған саясатының арқасында 40-50 жылдың ішін­де халқы әлеуметтік-экономикалық тұр­ғы­дан әлем мойындайтын деңгейге көтерілді. Ал біздің еліміз – өзге елдерге қарағанда тарихы терең, көкірегі ояу, көзі ашық, халқы сауатты,  та­биғаты мен жері бай мемлекет санатында. Сондықтан да, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мақаласында айтылғандай, қазақстандықтар ең­бекке тартылып, елім үшін деп қызмет етсе, қазақ елінің Сингапурдың тәжірибесін қайта көрсетуіне толықтай мүмкіншілігі бар. Меніңше, қазіргі кезең әрбір адам үшін қоғам­ның өміріне батыл да, белсенді араласатын уақыт тәрізді. Себебі, елімізде тәртіп орнатылып, жариялылық қа­ғи­дасы басшылыққа алынуда.

Ел болашағының бағытын түзеген кешенді бағдарламалық тапсырмалар топтамасы халықтың әлауқаты мен сапалық деңгейін көтереді деп ойлайсыз ба?

    Е.Кәрібаев: Әрине, ел болашағының бағытын түзеген кешенді бағдарламалық тапсырмалар топтамасы халықтың әл-ауқаты мен сапалық деңгейін көтеретініне сенімім мол. Өйткені, Президент Н. Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы – Қазақстанның тиімді және әлеуметтік даму жолында екендігінің нақты белгісі. Мақалада халықтың әл-ауқатын көтеруде көптеген жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеген. Негізінен, біздің еліміз – заң ғылымында дамушы ел ретінде мемлекеттік реттеу мен қоғамның өзін-өзі басқаруында үйлесімділігі бар ел танылады. Ал осы кезге дейін мемлекетіміз батыста  әл-ауқатты мемлекет қатарынан көрініп келген болатын. Қазіргі кезде ғалымдар арасында бұл теореманың орнына жаңа, яғни еңбекке қолайлы жағдай жасау мемлекеті туралы идея қалыптастырған. Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» идеясы әлемдік қоғамтану ғылымының негізгі дамуымен ұштасатындығы байқалып, бағыттары саралануда. Сондықтан да, мақалада әрбір азамат өзіне-өзі талап қойып, жаңғыртуды ең алдымен, өзінен бастауы қажеттігі туралы қадамдары орынды айтылған. Яғни, бүгінгі заман әрбір қазақстандықтар өз елі үшін аянбай қызмет етуді талап етіп отыр. Бүгінгі қоғамда билікке қатысты сын айтып, мемлекеттің саясатын жоққа шығарушылар да аз емес. Алайда, мемлекеттік ор­гандардың жұмысын жетілдіру­ге, түрлі олқылықтарды жоюға, басқарудың тиімді жолдарын ұсынуға келгенде бастама жасайтындар жоқтың қасы. Қолданыстағы заңнаманы жетілдіру мәселесі оңай нәрсе емес. Өйткені ол түрлі салалардан тұрады. Атап айтсақ: білім, ғылым, денсау­лық, мәдениет пен көп­теген әлеуметтік салалар және т.б. Ол салалардың әрқайсы­сын рет­тейтін көптеген құ­қықтық актілерден тұ­ра­тын заң­намалар әрекет етеді. Заң­нама­ны заман талабына сай жетілдіріп отыру үшін қажырлы еңбек қажет.

Тағыда айта кететін бір жайт: біздің елде ғылым мен білім сатылмауы керек. Әлем­дік тәжірибеде көрсетіп отырған­дай, тек бір ғана жағдайда білім беру арқылы мемлекетке қаржы түсіру рұқсат етілген. Ақылы білім бе­руді тек білім-ғылым қызметі экспортталатын жағ­дайда ғана дамытуға болады. Ал, өз елі­нің азаматтарына жаппай ақылы білім беру мемлекеттік қауіпсіздікті аяқпен таптаумен тең. Сондықтан да, қарапайым халыққа жағдай жасап, гранттарды көбейтуді нысанадан тыс қалдырмаса екен деген тілегім бар. Және де, қай сала болмасын тамырын тереңге жайып бара жатқан жемқорлықты жоюмыз абзал.

      Қазақстан жаһандық тұрақсыздық уақытында қандай болуы керек және дағдарыспен күресте қандай мүмкіндіктерді жүзеге асырған дұрыс?

–   Е.Кәрібаев: Қазақстан жаһандық тұрақсыздық уақытында жоғарыда айтылған Сингапур мен Малайзияның ұстанған қағидаларын назарға ала отырып, елбасымыздың жаңа көзқарас қалыптастырған еңбек қоғамына бетбұрыс жасауды жөн санаймын. Себебі, кез келген дағдарыс – үнемшілділікті талап етеді. Расында, ғылыми сараптамаларға сүйенсек, еліміздің жер койнауынан Менделеев кестесіндегі 105 элементтің бар екенділігі анықталды. Соны өзге елдерде өндірмей, өз жерімізде өндіретіндей жағдай болса нұр үстіне нұр болар еді. Тағыда айта кететін бір жайт:  дағдарыспен күресте қоғамдағы масылдық мінезін жою қажет. Өйткен, бүгінгі экономикалық жағдай кез келген адамға өз күш-қуатын белгілі бір бағытта жұмсауға мүмкіндік беріп тұр. Әрбір азамат өзінің қолынан келетін істі жауапкершілікпен жасауы керек. Шынымен, тек таза еңбек қана қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сапасын арттыра алады, шынайы өнімді еңбек – біздің әлеуметтік саясатымыздың негізі болуы тиіс деп есептеймін.

Елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай нұсқаған 20 тапсырмасындағы өзекті мәселенің бірі мәдениет саласындағы жұмысты жаңа сапаға көтеру. Осы жайында, өнер ошақтарының бүгінгі жағдайы туралы не айтасыз?

Е.Кәрібаев: Президенттің мұндай мәсе­леге тоқталуына себеп, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайынан бөлек, еліміздің басты құндылықтарының бірі – рухани-адамгершілік нормалары болып табылады. Дағдарысқа түскен мемлекетте ең алдымен адам рухы кез келген психологиялық жағдайларға дайын болуы керек. Өйткені, рухы мықтының еңбекке қабілеттілігі де зор. Ал адамзаттың рухына азық берер орта – білім мен ғылым, мәдениет пен өнер ордасы. Оның ішінде негізгісі – театр әлемі. Қоғамдағы күйбең тіршілік, күнделікті мәселелер мен жүйкенің тозуы адамның ішіндегі сезімдерін тұншықтыра бастайды. Сөйтіп бірте-бірте адам роботқа айналады. Ал роботқа айналған адам – ол өз жеке басынан басқа еш нәрсені ойлай айлмайды. Өз қара басын ғана ойлаған адам – қоғамға пайдасын асыруы екіталай. Сондықтан да, бүкіл синтездік өнердің басын біріктірген театр өнерінің қазіргі қоғамда алатын орны ерекше. Роботқа айналып бара жатқан адамдардың сезімдерін оятып, рухани жандандыратын сапалы спектакльдерді қоғамға көптеп насихаттау керек деп ойлаймын. Сол себепті де жалпы мәдениет пен театр ордаларына көбірек көңіл мен қаражат бөлінсе екен. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қолда бар потенциалды пайдаланып, жаңаша, жанашырлықпен жұмыс жасау деген ұғым деп санаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 Назерке Құмарғалиева

Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық

академиясының 2 курс магистранты

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ