Жаңа жыл (Сценарий)

0
25564

                                  (Балалар музыкамен кіреді)

Жүргізуші:  Құрметті қонақтар, ата-аналар! Сіздерді жаңа жыл мерекелеріңізбен құттықтаймыз.   Баршаңызға денсаулық, өмірлеріңізге шаттық тілейміз. Жаңа жылдық ертеңгілігімізді әсем әнмен бастауға рұқсат етіңіздер.

                                          Ән «Жаңа жыл»

Жүргізуші: Мінеки балалар, табалдырығымызды тауық жылы аттағалы отыр. Жаңа жылдан бәріміз көп қуаныш, жақсылық күтеміз. Ендеше, жаңа жылымыз тауықты қарсы алайық.

                                (Музыкамен тауық келеді)

Жүргізуші:               Жаңа жыл да келді міне!

Кең байтақ менің жеріме.

Шаттыққа бөлеп  әр үйді,

Шыға ғой менің төріме.

Тауық:     Мен келген жаңа жылмын

Жаңа бақыт, жаңа нұрмын

Сендерді мерекемен

Құттықтауға келіп тұрмын.

Жүргізуші: Қош келдің жаңа жыл! Төрімізден орын ал. Енді жыл бойы біз сенімен бірге боламыз. Өзіңе арнаған жаңа жылдық тақпақтарымызды қабыл ал!

                                    Тақпақтар

Жүргізуші: Жаңа жыл! Мінеки, жасыл шаршамыз ортамызда жайнап тұр. Біздің де арамызда кішкентай шыршаларымыз бар. Олай болса, солардың биін қабыл ал!

                                                Би  «Шыршалар»

(Тауық қоқақтап шошып кетеді)

Жүргізуші: Жаңа жыл сізге не болды? Соншама неге шошып кеттіңіз?

Тауық: Мына үйшіктен бір  дауыс естіледі. Тыңдаңдаршы.

Жүргізуші: Иә, расымен де біреу қорылдап жатқан сияқты. Бұл өзі кімнің үйі болды екен ә? Кірген-шыққан із көрінбейді.

Тауық: Онда жақынырақ барып көрейік, бұл үйде кім тұрады екен? (екеуі тыңдайды, қорылдаған дыбыс естіледі, олар есікті қағады)

(Үйшіктен ұйқылы-ояу аю шығады)

Тауық: Ее, бұл аюдың үйі екен ғой.

Аю:  Бұл не қылған тыпыр-тыпыр, не шу?  Мені ұйқымнан ояттыңдар ғой.

Жүргізуші: Сені ұйқыңнан оятып жіберсек ренжіме.  Біз шырша тойын  тойлатып отырмыз. Бізге жаңа жылымыз тауық та келді. Енді аяз ата мен ақшақарды сағына күтіп отырмыз.

Аю: Жаңа жыл дейсіңдер ме, жаңа жыл деген не? Аяз ата деген кім?

Тауық: Балалар, аю  жаңа жылдың не екенін білмейді екен.

Жүргізуші: Әрине, ол қайдан білсін? Үнемі қыста тәтті ұйқыда жатады ғой.

Жүргізуші: Онда мен айтып түсіндірейін. Аю аға! Жаңа жылда балалар бір жасқа өседі, ал біз ортамызға сәнді шырша құрып оны безендіреміз. Осы шырша мерекесіне аяз ата мен ақшақар келеді. Өнер көрсеткен балаларға сыйлық береді. Жаңа жыл деген осы аюжан.

Аю: Мен қысқы ұйқыда жатқанда сендер керемет мерекені тойлайды екенсіңдер ғой.

Жүргізуші: Аю ағасы! Сен оған ренжіме. Аюлар қыстың ұзақ күндерін ұйқыда өткізеді емес пе, ақыры оянып кеткен екенсің, кел мерекені бірге тойлайық.

Аю: Мен әлі ұйқымды аша алмай тұрмын.

Жүргізуші: Кәне, балалар аюдың ұйқысын ашып онымен ойын ойнайық.

Ойын

Аю: Ооо, міне енді ұйқым шайдай ашылды. Ал енді маған аяз атаны көрсетіңдер, ол қайды өзі? Аяз ата деген өзі қандай болады?

Жүргізуші: Балалар, кәне бәріміз аяз ата мен ақшақарды ортаға шақырайық. (айғайлап шақырады)

                                    (Аяз ата мен ақшақар келеді)

Аяз:           Балаларым, балғыным

Өмір гүлім шалғыным

Тілейтінім-жыл бойы

Сендердің денсаулығың!

Жаңа жылдарың құтты болсын, қарақтарым. Асу-асу бел асып, асқар-асқар тау асып, өздеріңе әрең жеттім-ау!

Жүргізуші: Қош келдіңіздер, аяз ата, ақшақар! Біздің балалар сіздерді сағына күтіп отыр. Тіпті сізді көрсем деп аю да ұйқысынан оянып келіп отыр. Салтанатты шыршамыз да ортамызда жайнап тұр.

Жүргізуші: Ой, балалар, сендердің шыршаларыңның шамы  жанбапты ғой, кәне  шыршамыздың шамын жағайық. Ол үшін бәріміз сиқырлы сөзді айтайық.

1-2-3,  шырша шамы жана түс!     (Бәрі айтады)

Аяз: Мінеки шыршамыздың шамы жанып, көңілі көтерілді.

Жүргізуші: Ендеше, әсем шыршамызға арнап ән шырқайық.

                                           Ән  «Шырша әнге қосылшы »

Жүргізуші: Аяз ата! Сіз алыс жолдан шаршаған боларсыз, сәл тынығып, жайғасып отырыңыз.

Аю: Жаңа жыл деген керемет мереке екен ғой. Балалардың өнерін көріп өте риза болдым. Мен де өзімнің кішкентай достарыммен би билеп берейін.

Би  «Қонжықтар»

Аю: Ой, билеймін деп шаршап қалдым. Рұқсат болса мен кетейін. Әйтпесе, ұйқым кеп барады  (есінейді) Жылы үйіме барып ұйқымды жалғастырайын.

Аяз: Олай болса, менің сыйлығымды қабыл ал.  (сыйлық береді)

Аю: Рахмет аяз ата. Сау болыңдар, балалар!  (Аю кетеді)

Аяз:  Ал балалар, маған көрсетер тағы қандай өнерлерің бар?

Жүргізуші: Сізге арнап тақпақтар айтып берсін..

                                 Балалар тақпақтар айтады.

Аяз:     Қандай өнерлі балалар өздері.

Жүргізуші: Ата, біз сізді бір жыл бойы сағына күттік. Сізбен ойын ойнасақ бола ма?

                                                   Ойын

Жүргізуші:     Аяз ата, балалар сізбен қосылып ән шырқамақшы. Қарсы емессіз бе?

Аяз: Әрине, қарсы емеспін.

                                              Ән «Аяз ата»

Жүргізуші: Балалар, аяз атамызға тамаша би билеп беріп, атамыздың сыйлығын алайық.

                                 Би  «Аққала мен ақшақарлар»

Аяз ата: Өркендерің өссін, қарақтарым! Енді менің өздеріңе әкелген сыйлығымды қабыл алыңдар. (сыйлық таратады)

 

Жыл айналып келгенше,

Өздеріңді көргенше,

Қош аман сау болыңдар!

Бүлдіршіндер, балалар!

Жүргізуші: Сау болыңыз, Аяз ата, Ақшақар.   (Екеуі  кетеді)

Жүргізуші: Жаңа жыл баршаңызға құтты болсын дей отырып, ертеңгілігімізді аяқтаймыз. Келесі жылы кездескенше сау болыңыздар.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ