ЖАНАЗАДА ЖИНАЛҒАН 100 ЛАЙК

0
892

        Алтыншы ауданның бесінші ауылында бүгінгі күн қаралы күнтізбеге енді. Ат төбеліндей ғана жұрттың жазғырғаны өмір, жоқтағаны Мәрия апа болатын. Небәрі жетпіс үшінде бақилық болған марқұмның жаназасына қаладағы Пединститутта оқитын Әшірбай да келген. \r\n — Әшірбай, әнеубір жіпті алып жіберші,- деді Бейсен алаңсыз отырған студенттің ойын бұзып. Мына шатырды кәдеге асыру қажет. Меймандардың басынан күн өтпесін.\r\n Жартылай жарылған еріндерімен «ләббай тақсыр» дегендей жарым дыбыспен ишарат білдірді де, қолын межелі жерге тосты. Сөйтті де:\r\n — Бейсен аға, қырық жыл бойы апамыздың тәрбиесін көрдіңіз ғой. Ол кісі қандай мақал-мәтел, қанатты сөздерді жиі қолданушы еді?\r\n — Бос сөздеріңді доғар, одан да мына жерден тартып байла,- деді қаладан келген жиенінің сөзін елемегенсіп. Мұнан соң Әшірбай да, қабағы қатулы Бейсен ағасы да үнсіз қалды. Бірер сәттен соң інісінің әлгі сұрағы есіне түскендей:\r\n — Оны не істейін деп едің?\r\n — Нені айтасыз?\r\n — Әжеңнің сөздерін айтамын..\r\n — Фейсбукке «марқұм апам осылай деуші еді, жарықтық» деп жариялағым келген.\r\n — Дұрыс-ақ.. Алайда «бейзбук» дегенді естімеппін. Ол не өзі тәйірі? Газет пе?\r\n — Бейзбук емес, «фейсбук». Бастапқы әрпі «ф» ! Фейсбук деп — интернет кеңістігіндегі әлеуметтік желілердің бірін айтады. \r\n — Төуф, адам тілінде түсіндірсеңші. Желі, мелі деген қалалық сөздеріңді ауылдан бір елі аттап баспаған мына Бейсен ағаң қайдан білсін?!\r\n — Қысқасы, интернет деп түсініңіз. Қазіргі таңда фейсбукты дені дұрыс адамдардың бәрі қолданады. Ақын-жазушылардан бастап министрлерге дейін.\r\n — Сорлы-ау, біздің деніміз сенің тақияңа тар келіп тұр ма?! Өзің қолдана бер сол бейзбугыңды. Бар, бар әрмен, жеңгелеріңе көмектес, — деп жанына жуытпастан жас Әшірбайды төргі бөлмеге қарай жұмсады.\r\nАғасынан ұзаған ол ұялы телефонын қолына алды да түсініксіз траекториямен әрлі-берлі жүре бастады. Оның бұл әрекетін жастар жағы көбірек түсінетін. Интернетте еркін отыруына тосқауыл жасап жатқан желінің мардымсыздығы Әшірбайдың шымбайына тиіп бітті. Аздан соң пияз турап, көзі жасаурап отырған жеңгесінің жанына отырды. \r\n — Жеңеше, жыламаңыз. Өмір деген осындай. Бірде бармыз, бірде жоқпыз, — деп үйдегі жеңгесін жұбатқандай болды.\r\n — Әшөк, өкіріп жылағанымды шын қаламасаң, мына шелектегі бар пиязды өзің турап берші, — деді де қалтасындағы шүберекпен көзін сүртіп, бір күліп алды. Айсаның бұл келемежіне іштей кіжінсе де міз бақпады. Ұялы телефонын қайта қолына алып әлденені ақтара бастады. Кенет:\r\n — Айса жеңеше, Мәрия апаны қай бөлмеге жатқызып еді? — деп құлағына сыбырлаған болды.\r\n — Жатын бөлмеде жатыр, қайтейін деп едің?\r\n — Менімен бірге сонда жүріңізші, — деп жеңгесінің қолтығынан тартты. Діттеген жеріне жеткен соң Әшірбай тағы да тілемсектене бастады.\r\n — Жеңге, мені мына жерде суретке түсіріп жіберіңізші, өтініш. Сосын, мейлінше алыстан алғаныңыз жөн. Суреттің бір бұрышында апамның мәйіті қылаң беріп тұрса «инстаграмдағылар» бірден-ақ түсіне жатар.\r\n — Мырза бала, денің сау ма өзіңнің? Не деп тұрсың? Қандай сурет? Қандай инстаграм? — деп абдырап қалды.\r\n — Жә жеңге, кері тартқаныңды қойшы! Әжемнің о дүниелік болғанынан интернеттегі достарым да хабардар бола берсін. Оның несі айып?\r\n Қайын інісінің не жайлы айтып жатқандығын жеңгесі жөн-жобасымен ғана түсінді. Әйтсе де мән бермеді.\r\n — Мақұл, тек тездетейік. Әлі ыдыс-аяқтарды түгендеуім керек. \r\n Жаназа намазы таяғанда Әшірбай маңдайы терлеген Айса жеңгесінің жанына қайта келіп сүйінші сұрағандай болды.\r\n — Жеңеше-ау, сіз түсірген сурет интернетте танымалдылыққа ие болып жатыр. Қараңыз, небәрі жарты сағаттың ішінде жүз лайк жинап үлгерді. Керемет емес пе?\r\n — Жарайсың қайным! Ғаламтордағылар көңіл білдіріп жатыр ма сонда? Лайк дегенің сол ғой?!\r\n — Көңіл білдіріп жатыр десе де болады, жеңеше.. \r\n — Ә, онда дұрыс-ақ екен. Ендеше, лайкың көбейе берсін Әшөк! — деді де шелегін көтеріп Айса жеңгесі тысқа қарай шығып кетті. Жеңгесінің тілегіне бас изеп қана қойған Әшірбай, жаназаның соңына дейін лайк санаумен болды. \r\n\r\n © Сағым Матқали


ПІКІР ҚАЛДЫРУ