І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы «Бай-бай, Құлагерім!..» жоқтауындағы ақын өміріндегі Құлагердің орнын білдіретін өлең жолдарын талдап жазыңыз.

1
73678

Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы – сюжетті поэма. Поэма сюжетін құрайтын оқиғалар асты бейнелеген тарауларда ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, сонымен байланысты Ақанның қайғы-шерге көмілуін суреттеген тарауларда баяндалған. Өзге поэмаларға қарағанда, бұл поэманың сюжеттік-композициялық бітімінде өзгешелікте бар екені рас. Мәселен, оқиғаны басынан бастамай, аяғынан алып қарасақ та жеткілікті. «Туған жер» атты басқы тарауда ақын Көкшетауда жападан-жалғыз қайыңды көлеңкелеп отырған қара шалды, оның үстінде ілулі тұрған аттың қу басын әңгімелейді. Міне, осы әңгіме-жұмбақтың сырын айтпақ боп ақын шегініс жасайды. Бүкіл оқиғаны сол шегініс арқылы береді де, «Аттың азалы әні» деген соңғы тарауда баяғы алдыңғы тараудағы қара шал мен аттың қу басына қайта оралады. Поэма сюжетін құрудағы бұл қаусырмалы композицияны ақын шебер де ұтқыр пайдаланады. 

Поэманың бас қаһарманы – Ақан сері Қорамсаұлы. Осы бас кейіпкер өмірін бейнелеген поэма жанрының шеңберінен аспай, осы жанрдың адам образын мүсіндеудегі көркемдік мүмкіншілігін белгілі дәрежеде ұтымды пайдаланғанын көреміз. Ол ең алдымен оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып өтеді. Бұл ретте ақын Ақан серіге кең көлемде мінездеме беріп кетеді. Сол мінездеме арқылы Ақан серінің ұнамды тұлғасы анықтала бастайды. 

Поэмадағы ақынның авторлық мінездемесіне қарағанда: Ақан билік айтқан ел жуаны би емес, «ауыл торып, ел шулатқан ұры» емес, «мешіт салып, зекет алып, дүниенің нәжісін бойға жаққан  молда» емес, тіпті, байдың жалшысы да емес, өз малын баққан қарапайым шаруа да емес. Поэманы оқып отырған оқырманның осы тұста  заңды сұрағы туатыны аян. Ақан енді кім? Бұған жауап ақынның Ақанға берген мына сипаттамасынан табылады: 
                  
“Жүйрік ат, сонар саят, қыз-қырқынмен,
Өмірді өткізген жан өз қырқынмен.
Өмірдің ащы емес, тұщысын да
Қызықтап жігіт ойын, қыз күлкіңмен.
Саңлақ ед шыққан мыңнан, озған жүзден,
Көп сұлу көзін сүзген күнді өткізген.
Қызықтың айдынына құлаш ұрып,
Армансыз қаздай қалқып, қудай жүзген…
Кісі емескөп қатынды үйірлеген,
Болған жоқ бір пендеге тию деген.
Текті құс тазалықты қолына ұстап,
Арманы-ақ сұлулықты сүю деген”.

Міне, осылайша ақын Ақан серінің халық ішінен шыққан көркемөнердің көрнекті өкілі – асқан өнерпаз ретінде көрсетеді. 

Поэмадағы Ақан сері образын сөз еткенде Құлагерді айту аса қажет. Ақынның Құлагерді суреттеуі  және оның қадір-қасиеттерін баяндауы бас кейіпкер бейнесін тұлғаландырып тұр. Ақан серінің Құлагері туралы және сол Құлагердің өкінішті қазасы жайлы шығарған әнінің  хикаясы жөнінде  ақынның поэма жазуы – қазақ поэмасының тақырыптық-мазмұндық арнасындағы ұлттық ерекшелікті де аңғартады. Атқа байланысты оқиға жайлы арнайы поэма жазуы ақынның өз халқының ежелден келе жатқан ұлттық психологиясымен тығыз байланысын танытады. 

Ілияс Жансүгіров ауыз әдебиетіндегі, жазба әдебиеттегі дәстүрді тек қана жалғастырып қойған жоқ, өзінше өрістетті.  Мәселен, Ілияс суреттеген Құлагердің  Қобыландының Тайбурылынан, Алпамыстың Бйшұбарынан, Қамбардың қара қасқасынан, Төлегеннің  Көкжорғасынан өзгешелігі бар. Ауыз әдебиетіндегі  аттар әсірелеу арқылы берілсе, Ілияс Құлагерді әсірелемейді де, кейіптеп суреттемейді. 

Құлагер – Ақан серінің сұлулығы, идеалы. Оның түсінігінде ондай тұлпар енді келмесі анық. Сол тұлпармен жүрек түкпіріне ұялаған әсемдік, көркемдік бәрі жоғалған. Оның бұрынғыдай ән айтуы да, ел арасында жайраңдап жүруі де екі талай. Құлагерге жұмсалған айбалта, Ақанның өзіне тиген, ол енді тірі өлік. 

Сол заманның зұлым-күшінің нақтылы өкілі ретінде  поэмада көрінетін кейіпкер – Батыраш. Ол – Ақан серіге қарама-қарсы бейне. Ақан серімен майданданға ашық шықпай, жар астынан бұқпантайлап келіп, өз арам ниетін іске асырады. Ашық әрекетке баспайтыны – ол Ақан серінің жақтайтын дүйім елден  қаймығады, жасқанады. Батыраштың ұнамсыз кейіпкер екені оған ақын берген мінездемеден көреміз. Бір жерде ол туралы: 
                    

  “Батыраш бала жастан атқа құмар,
Айқайшыл ат әперген баққа құмар.
Арам ой, атанамыс ұр-шоқпары,
Кір көңіл, сарайының батпағы бар”, —

деп сипатталған Батыраш. Осы Батыраштың зұлымдығы поэма оқиғасының шиеленісуі, әрі шешілуі үстінде көрінеді. 

Ал, поэманың тіл байлығы төтенше. Өзге поэмалардағыдай, бұнда да ақын еркін төгілген, образды бейнеге бай құнарлы тілімен оқырманды эстетикалық ләззатқа бөлеп, бірден баурап алады. 

«Құлагер» поэмасындағы ақынның көркемдік шеберлігі, тілінің аса шұрайлығы  жайлы М. Қаратаев «Қазақ поэзиясының Құлагері» деген ғылыми зерттеуінде: «Мұндағы ұмытылмас сұлу картиналар, айқын, әдемі образдар, шындықтан туған романтикалық леп, бұлақша сылдыраған нәзік лирикалық сезім, серпінде, кең эпикалық құлаш, балы сорғалаған құнарлы бай тіл, ұйқасы сыңғыраған кәдімгі он бір буынды  қара өлеңнің мінсіз-мүлтіксіз үлгілері «Құлагер» поэмасын шын мәнінде поэзияның «сұлу сарайы», Жансүгіров творчествосының биік шыңы деуге толық дәлел бола алады» — деп түйген болатын. Тілінің байлығы, тазалығы, мөлдірлігі мен бейнелілігі жағынан «Құлагер» — қазақ поэзиясындағы ең үздік поэмалардың бірі.  

Қысқасы «Құлагер»  дастаны  ақын  туралы, оның тағдыры десек те, оның негізгі өзегі – Ақан трагедиясы арқылы әлеуметтік орта және замана лебі, қуанышы мен қайғысы кең  көлемде жырланған ірі лиро-эпикалық поэма. 

Оның бұл қылығы өзінің қатыгез заманына мойынсұнбай өткен тәкаппар ақынның бейнесін танытады. Тіршіліктің ұсақ-түйегіне алданбай, бойын тік ұстап кетті. Сондықтан да Ілияс:
«Тұсында сері болсын, пері болсын,
Ұнайды өмірімен Ақан маған», — деп кейіпкеріне деген ілтипатын жасырмай, ашық айтқан.
Ақан өмірі — өнер адамының, жалпы адамның рухани тазалығының үлгісі, өнердің тіршілік тартысынан жоғары тұрғанының белгісі. Қанды қол жеткенде таңба басқан, қазақ қиялының ғажайып аты өрен тұлпарға ескерткіш орнатқан «Құлагердей» ән шығарып, халқына таратқан Ақан — өз кезіндегі әнші — ақындар тобының аса көрнекті өкілі. Әлеуметтік өмірдің өзекті мәселелерін өлеңіне арқау еткен Ақан өнерімен де, ерлік өмірімен де кейінгі ұрпаққа, туған халқына үлгі болды.
«Халық жадында Ақан мен Құлагер есімі егіз ұғым болып мәңгі қалмақ!»


1 ПІКІР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ