Жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі

0
2147

Суицид жасау жасөспірімдер арасында өте белең алып бара жатыр. 2019 жылдың қортындысы бойынша елімізде жасөспірімдер арасында өз — өзіне қол жұмсап, өмір жолының қысқа болуын қалағандар саны 180 адамды құраған. Сонымен қатар 350-ге жуық кәмілет жасына жетпеген жеткіншектер өмірмен қоштасқысы келген сәтінде құтқарылған.

Өз өзіне қол жұмсау – жаһандық сипаттағы кесел, аса күрделі проблема. Әлeмдe  әр 40 се­­кунд сaйын бір адaм өзін өзі мерт қы­­лады. Сол сәттe тағы кемінде 10 адaм өзін өзі өлтіругe талпыныс жа­сaйды. Мұны аяқталмаған суи­цид дeйді. Соңғы 50 жылда бар­лық ел­дегі суицид жасайтын адамдардың жасы aйтарлықтай жа­сар­ған, осы күнде өз қолынан ажал та­ба­­тындардың 60 пайызының жасы 40-қа да жетпейді. Суицид жиілігінің ғаламдық кар­тасына қарасақ, Қазақстан – жағ­дайы ең нашар елдердің санатында тұр. Ресми деректерге сүйенсек, БҰҰ ЮНИСЕФ балалар қорының анықтауымен кәмелеттік жасқа толмаған, өз-өзіне қол жұмсаған балалардың арасында, дүниежүзі бойынша Қазақстан ІІ орында.

ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің келтірген деректері бойынша, Қазақстанда 2019 жылы 3,8 мың суицид жасалған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,4%-ға көп. Өз-өзіне қол жұмсаудың жалпы санының 180-ін кәмелетке толмағандар жасаса, оның 121-і ұл мен 59-ы қыз. Суицид көрсеткіштерінің 2020 жылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығындағы статистикалық дерегіне сәйкес кәмелетке толмаған жасөспірімдердің суицид көрсеткіші 103.

ДДҰ мәліметтері бойынша жасөспірімдер арасындағы суицидтің кем дегенде 800 себебі бар. Оның ішінде: 41% — себебі белгісіз, 19% — жазадан қорқу, 18% — психикалық ауру, 16% — үйдегі қайғы-қасірет болса, қалғаны ақшалай шығындарға, тұрмыстық жағдайларға байланысты болады. Бұл ретте, қазақстандық психологтардың пікірінше, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау себептерінің 30%-ы – психикалық патология, ал қалған 70%-ы қолжетімді тұрғын үйдің, білімнің болмауы сынды қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа тіреледі екен. Осы ретте, баланың өмір сүруге деген құлшынысын жоятын бірнеше себептер бар. Қоғамнан көретін қысым, отбасылық кикілжің, күнделікті ата-анадан таяқ жеу сияқты іс – әрекеттер. Нәтижесінде бала өз өміріне балта шабу, аталған қиындықтардан құтылудың ең оңай жолы деп ойлайды. Суицидке апаратын бұданда басқа бірнеше негізгі себептері бар:

  1. Тұқым қуалау. Атадан балаға беріп кететін мұра секілді, суицидта тұқым арқылы, қан арқылы берілетіні дәлелденген. Отбасыңыздың, жақындарыңыздың арасында көп жылдар бұрын бұл нәрсе болған болса, кейін сіздің балаларыңыздан өз – өзіне қол жұмсау белгілерін байқасаңыз таң қалмаңыз. Алдын алып, өмірімен қоштасуына жол бермеңіз.
  2. Оқыс әрекет – психикалық жарақат. Тәрбие тал бесіктен басталады. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі деген мақалдар бекер айтылмаса керек. Бала өзінің ұясында қанатын қатайтып, жылу мен мейірімге зәру болады. Ал қазіргі көптеген отбасылар керісінше баланың көзінше ұрысып, керісіп тіпті төбелесіп те жатады. Не болмаса балаға жекіп, «бәле болдың» деген сияқты ауыр сөздер айтып жатады. Бұл балаға жылу да, мейірімділік те бермейді. Керісінше қорқыныш пен үрей сыйлайды. Сондықтан оқыста жасаған кез – келген әрекетіңіз балаңызға жарақат салатынын ескергеніңіз жөн.
  3. Тылсым күш. Құлағына түрлі дыбыстар естілетін, түсінде де, өңінде де белгісіз біреу көрінетін адамдар ортамызда бар көрінеді. Бұл өте тереңінен зерттейтін тақырыптардың бірі. Бұл өте қауіпті және қорқынышты жағдайлар. Себебі белгісіз делінген статистикалардың көбі осындай тылсым бір жан түршігерлік жағдайлардың нәтижесінде орын алған секілді. Осындай әрекеттер сіздердің өмірлеріңізде де орын алып жатқан болса, уақытында психологқа қаралып, керекті емді алған жөн.
  4. Нашақорлық. Қазіргі уақытта нашақорлық проблемасы әлемдік қоғамдастықтан бөлек Қазақстанда да өзекті мәселенің бірі. Нашақорлық- жеке тұлғаның кері кетуіне, жастар арасындағы өлімнің көбеюіне алып келетін негізгі фактордың бірі болып табылады. БҰҰ есірткілер мен қылмыс бойынша Басқармасының 2008 жылғы деректеріне сәйкес, әлемде есірткі тұтынуда тәжірибесі бар 200 млн. адам бар, 110 млн. есірткілерді салына тұтынады және 25 млн. адам есірткілерге тәуелділіктен зардап шегеді. Ал елімізде жыл сайын 17 — ге толмаған мыңдаған жасөспірім нашақорлық салдарынан өмірмен ерте қоштасады екен.
  5. Жауапсыз махаббат. Жасөспірімдер арасындағы махаббат жағдайы да өз- өзіне қол жұмсауға дейін әкеліп жататыны белгілі. Жауапсыз махаббат салдары күйзеліске әкеліп, соңында бұл күйзелестен шығу жолын көп жасөспірім осылай іздейді. Мысалы, америкалық отбасы асырап алған Айсұлу есімді қазақ қызының өлімі де дәл осы жауапсыз махаббат салдарынан болған. «Дэвин бір жігітке деген жауапсыз махаббаттан көп зардап шекті. Оның үстіне жаңа, жоғары мектепте үлкен қысымға тап болды. Салдарынан өзіне қол салды. Бұл суицид», — деп хабарлаған Айсұлудың әкесі Уэйн Тэкабари.
  6. Науқас. Дертке шалдыққан балалардың көбі ата- анасының қиналғанын, масыл болғанын көріп өзін іштей жеу арқылы күйзелуі мүмкін. Ең бірінші жақындарының қиналғанын көргісі келмеген бала осы жол арқылы барлық қиындықтан құтыламын деп ойлайды. Дегенмен, әр ата- ана мейірімін жеткілікті бөліп, науқас баласының жігерін жанып, қолдау білдірсе, аталған жағдайдың орын алмауына септігін тигізуі мүмкін.

Енді ғана оң-солын танып, үлкен өмірге қадам жасағалы тұрған жасөспірімдердің санасына проблемалар өз-өзіне қол жұмсаумен шешілмейтінін қалай түсіндіре аламыз? Суицидтің алдын алу жолдары бар ма? Өтпелі кезеңде олар үшін маңызды фактор не? Осы сұрақтар төңірегінде суицидтің алдын алу шараларын қарастырып көрелік… Ең алдымен, отбасындағы ашық, еркін қарым-қатынас. Бұл күрделі кедергі тек суицид мәселесінде ғана емес, өзге де кеселді дүниелердің басты себебі болып отыр. Көптеген жеткіншектер мен жасөсіпірмдер ата-аналарынан жасқанып, кез келген тақырыпта ашық пікірін білдіре алмайды. Оның себебі – жастайынан ата-ана тарапынан болған асқан шектеу немесе салқын қабақ таныту. Яғни, әр ата-ана бала есін білетін жастан бастап, оның ойын тыңдап, пікіріне құлақ асуды үйрену керек. Күйбең тіршіліктің қамымен жүрсе де балаға әрдайым көңіл бөлуді ұмытпаған жөн.

Екінші – психологтардың жүйелі жұмысы. Отбасы тәрбиесінен кейін баланың дамитын ортасы мектепте қалыптасады. Сондықтан мектеп психологі әр баламен жеке жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Атүсті қарамай, әр индивидке мінез-құлқы бойынша нақты сараптама жасалса, оқушы бойындағы түйткілді уақытылы байқау ықтималдығы жоғары. Психологиялық әлсіз балалармен көбірек уақыт өткізіп, әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың уақытша екенін, тұрмыстық кикілжіңдерді елеумеуге болатынын түсіндірсе суицид жасауды көздеген бала райынан қайтуы әбден мүмкін. Бастысы досындай сырлас болу білген жөн. Тек оқушымен ғана шектеліп қалмай, ата-анасымен байланысқа шығып, психолог-бала-ата-ана циклі бойынша жұмыс жүргізу аса маңызды.

Үшінші әрі негізгісі – қоғамдық пікір қалыптастыру. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында, жалпы адамдар арасында суицидтің тығырықтан шығатын жол еместігін насихаттау. Жай ғана насихаттап қоймай, оның салдары қандай болатынын түсіндіру. Жасөсіпірімдердің құлағына жетіп, санасына сіңіретіндей жұмыстар жүргізу.

Еліміздің суицид мәселесі бойынша алдыңғы орынға шығуына 800 түрлі салдар, нақты 6 себеп болатын болса, жоғарыда көрсетілген үш тәсілді алгоритммен мүлдем суицид тізіміне ілікпейтіндей етуге болады. Ол үшін әрине сіз болып, біз болып, қоғам болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару керек. Бірлік барда алынбайтын қамал жоқ. Нақты қадамдар мен жүйелі стратегия қажет. Ел ертеңі болар жастарымыздың жалындайтын шағында жаға ұстатар әрекетке баруына тосқауыл болайық! Өмірді лайықты сүруге ұмтылайық! Аман болайық!

                         Мади МӘЛІК
Еркеназ СЕЙТҚАЛИЕВА
 Гүлманат РАЙЫМБАЕВА
 Дина МАКСОТОВА
 Бибақыт ЕРСАЙЫНОВА


ПІКІР ҚАЛДЫРУ