Жазушылардың өмірі мен шығармашылығын оқыту

0
10691

Жазушылардың өмірі және шығармашылығын оқыту

Сабақтың жоспары:

1.Сабақ барысында ақын жазушылардың шығармашылығын талдау.

2.Танымдық ой-пікірлерді қолдану.

Сабақтың мақсаты:

Педагогикалық әр-түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып,ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығын оқыту.

Әдістемелік нұсқау:

Сабақ барысында ақын-жазушылардың өмірі мен шығапрмашылығын оқытуды жоғарғы дәрежеде жүргізу үшін Қ.Бітібаева сынды методистердің әдістемелік жаңа технологиялармен танысуды нұсқадым.

Оқулық-хрестоматияның жаңа нұсқасындағы өзгешеліктің бірі – ақын-жазушылардың өмірінен берілген мәліметтер.

Оқушыларға көркем шығарманы оқытқанда олардың қабылдау, сезіну қабілеттерімен бірге көркем тексті ғылыми негізде талдай білуге үйретіледі. Бұның өзі жазушы не ақынның эстетикалық және тарихи көзқарасымен, дүниетанымымен, ол өмір сүрген дәуірмен, өзіндік ерекшелігімен тығыз байланысты.

Тарих адамға әр қырынан әсер қалдыратын болса, соған орай әр жазушының әсемдік әлемін қабылдауы да, сезінуі де әр түрлі болады. Демек, табиғат сұлулығын, адамның сезім тереңдігін, әсемдігін әр жазушы шығармаларында өзіндік ерекшелігімен танытады. Олай болса, белгілі бір шығарманы өтерде жазушының өмірбаянынан мәлімет берудің мәні зор. Айталық, 5-класта Абайдың “Күз” өлеңі мен Ә. Сәрсекбаевтың “Алтын күз” өлеңдері тақырып, жанр жағынан ұқсағанымен, олардың өмір сүрген дәуірі әр басқа болғандықтан, дүниеге көзқарастары да түрліше. Ендеше, “Күз” суретін сезінуі де, осы күз арқылы айтайын деген ой-сезімі мен көңіл күйлері де басқаша. 7-класта М. Өтемісов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, С. Торайғыров, Ж. Жабаев, С. Сейуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Қ. Бекқожин, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, Б. Бұлқышев, т.б. шығармалары оқылады.

Шығарманың идеялық мазмұнын ғылыми тұрғыда талдап ашуда жазушының эстетикалық талғамын, дүниетанымын, дүниеге көзқарасын танып білудің үлкен мәні бар дедік. Ал ол ақын-жазушылардың өмірінен мәлімет беру арқылы жүзеге асады. Соған орай орта кластардың өзінде оқылатын шығармалардың идеялық, композициялық,и жанрлық негіздеріне қарай жазушы өмірінің белгілі бір кезеңіне (қоғамдық көзқарасы, дүниетанымы т.б.) оқушылардың назары аударыла, ерекше мән беріле оқытылады. 1993 жылы 7-класқа арналған оқулық-хрестоматияның өңделіп, толықтырылған басылымында М. Өтемісов жайында Қ. Жұмалиевтің “Махамбет Өтемісов” деген еңбегінен берілген шағын мәліметтің өзі ақын өлеңдерінің шығу тарихын түсуге көмектеседі.

Мұғалімнің сөзі неғұрлым жазушының ой-өрісін, көзқарасы мен өзіндік ерекшелігін танытатындай дәрежеде болса, бұл оқушыларды ойландырады, ізгі әсер қалдырады.

Жазушының өмірбаянын оқытудың түрлі тәсілдері бар. Мұғалім жазушының өмірін әсерлі етіп баяндағаны жөн. Оның замандастарының жазушы жайында айтқан пікірлерінен үзінділер келтіріп, жазушының өзінің күнделіктері мен жазған хаттарынан немесе оның өмірі жайында жазылған көркем шығармалардан оқып берсе, сабақтың тартымды өтетіні сөзсіз. Мысалы, Ы. Алтынсариннің алғашқы хрестоматиясының «Кел, балар оқылық!», «Өнер- білім бар жұрттар» өлеңімен ашылуын, С. Тоғайғыров шығармаларындағы ащы мысқыл мен зілді кекесіннің орын алуын ұғыну арқылы оқушылар ақын, жазушы өміріне қатысты кейбір деректерді білумен шектелмей, шығармаларындағы өзіндік ерекшеліктерін аңғарады, сондай- ақ олардың шығармашылығына әсерін тигізген кезең, не бір оқиғаға, болмаса шығармадағы негізгі тақырыпқа оқушылардың көңілін аударады. Ал мұның өзі жазушы шығармаларының идеялық мазмұнын ашуға көмектеседі. Мұғалімніңм негізгі көздеген мақсатын айқындайды.

Автор туралы өмірбаяндық мәлімет оның шығармаларының идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшелігін танытатындай дәрежеде берілген жағдайда да ғана көркем текстің идеясы, ондағы бейнелі сөздер оқушыға ұғымдырақ болады.

Демек, 7-класта ақын-жазушылардың өмірінен берілетін мәлімет қайткенде де оқылатын шығармаларының идеялық мазмұнын, композициялық ерекшелігін, суреттелетін кезеңін анықтайтындай дәрежеде болғаны абзал. Әрине, мұғалім оқулықтағы өмірбаяндық мәліметтерден тыс, қосымша материалдарды да қарастырып, сабаққа күні бұрын дайындалады. Соның бірі – ақын-жазушы өмірбаянына байланысты қолданылатын көрнекі құрал. Ол сабақтың ғылыми және тәрбиелік жағын тереңдете түседі. Осыған орай көрнекіліктің үш түрі қолданылады. Солардың бірі – көзбен көретін, екіншісі – құлақпен еститін, үшіншісі – сөзбен берілетін көрнекілік. Оларды сабақта жеке-жеке не аралас қолдануға да болады. Айталық, құлақпен еститін көрнекілікке күйтабақтан жазкшының сөйлеген сөзін, шығармаларынан оқылған үзінділер мен өлеңдерін, оларды сүйіп тыңдайтын музыкалық шығармаларын тыңдату оқушылардың ішкі сезімдерін оятып, сабақты қызықты өткізуге көмектеседі. Жазушының өмірбаянын өтуге байланысты сабақта портреттер, фотосуреттер, тағы да басқа көрнекіліктерді пайдалануға болады. Бірнеше фотосуреттерді салыстыра әңгімелесу де, жазушы өміріне сырттай ой жүгірту де сабақтың көрнекілігіне жатады.

Сабақта қолданылатын осындай жұмыс түрлері оқушыларға жазушының әр кезеңіндегі рухани өсу жолын танытады. Бұл арқылы оқушы мұғалімнің сөзін ғана тыңдап қоймай, жазушы туралы, оның ойы мен көзқарасы, жалпы ой-сезімі жайында мағлұмат алады. Демек, орта буында ақын-жазушылардың өмірбаянынан мәлімет беру оның шығармаларының мазмұнын ашуға, эстетикалық табиғатын танытуға бағыттала өткізілетін болғандықтан, мұғалім олардың өміріне байланысты оқулықтағыдан тыс естеліктер, өмірбаяндық шығармалар, хаттар, очерктер, сын мақалалар т.б. шығармалардан іріктеп материалдар дайындауға болады.

Айталық, әдебиет оқу құралындағы С. Сейфуллин шығармаларын оқуға орай, М. Әуезовтен бас-аяғы 2-3 сөйлемдік мәлімет берілген. Бұл – аз сөзбен берілсе де, терең мағынаға ие. Онда ақынның өмірі мен шығармашылық жолы – күрес жолы екендігінен, бірақ ақын басынан өткен қиыншылықтар оны мойыта алмағанынан хабардар етеді. Енді осыны толықтыра анықтай түсу үшін мұғалім қосымша материалдар пайдалануына да болады. Ол мұғалімнің ізденістеріне, іскерлігіне байланысты. Қайткенде де мұндай кіріспе сабақтар оқушыларды жалықтырмайтын нақты да шағын болғаны абзал. Мұндайда көркем шығармалардан үзінді, өлеңдерден шумақтар оқып беруге болады. Ол сабақты қызықты өткізуге мұрындық болады. Мағынасын, көрнекілігін арттырады. Осыған орай Ілияс Жансүгіровтің Сәкен Сейфуллинге арнаған “Тұлпарға” өлеңінің біннеше шумақтарын алып көрелік.

Шырқа, шырқа, көкке өрле,

Қыран “Қызыл сұңқарым”.

Қуанамын бәйгіңе,

Тарпаң “Асау тұлпарым!”.

Асау әсем күйменен

Әндеттің “Сыр сандығын”.

Тәтті ой, өткір тілменен

Кең даланы жарды үнің.
Қызыл желдей гулеткен

Сөзді сенің қаламың.

Ұлы ұранға күй шерткен

“Домбырасы” далаңның.
Жырламасқа теңіздей,

Қуаныштың шегі жоқ.

Ардақталған өзіңдей,

Қазақта ақын тегі жоқ.

Жазушы туралы осы сияқты мәліметтің оның сол класта оқылатын шығармаларын жан-жақты танып білуге көмектесетіні сөзсіз. Қайткенде де, оқулыққа енген ақын- жазушыларжайында оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыру мақсатымен, мұғалімнің қосымша материалдар арқылы сабақты ғылыми және тәрбиелік жағынан тартымды да қызғылықты өткізуге мүмкіншілігі мол.

Осыған орай тағы бір мысалға жүгінейік. Әдебиет оқулығында Б. Бұлқышевтың шығармасын оқытуға орай өте шағын мәлімет, оның шығармаларының атаулары ғана берілген. Мұнымен, әрине, оқушыларға бар болғаны 28 жыл өмір сүрген, осы қысқа ғұмырының ішінде артына өлмес мұра қалдырған, елін, халқын мейлінше сүйгеніп патриот жазушы Б. Бұлқышев бейнесін таныту мүмкін емес. Сондықтан өтілетін тақырыпқа лайықты, сонымен үндес, шағын және нақты қосымша материалдар қарастырылады. Ондай материалдардың бірі – Ғ. Мүсіреповтің “Өшпес мұра” атты шағын мақаласы. Ол мақаланы мұғалім уақыты жетсе, түгел, не үзінділер алып оқуына болады. Мысалы:

“Баубек заман біздікі дейді. Баубек майдандағы қазақ жастарының атынан сөйлейді. Тереңірек ойлансаңыз мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер. Ісіне, күшіне де еркін сенетін жас жазушы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Заман жастардікі екені даусыз ғой, бірақ қандай жастардікі? Желбуаз, даурықпа жастардікі емес, Баубек сияқты өнімді еңбек иесі деп танырлық өнерлі де өнегелі жастардікі.

Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді.

Амал не, Баубек майданнан қайтқан жоқ, қаза тапты.

Енді сол Баубекті еске алсам, көз алдыма аса бір дарынды жас келеді. Тұлғасына қызыға қарап қалар бір жігерлі жас болады ғой, Баубек маған солай елестеді”. (Ғ. Мүсірепов. “Өшпес өмір”, 1965 ж.)

Бұл жолдар, біріншіден, шәкірттерді Б. Бұлқышевтің адамгершілік, азаматтың бейнесіне тәнті етсе, екіншіден, оқылмақ шығарманың (“Шығыс ұлына хат”) идеялық мазмұнын ашуға көмектеседі.

Қорыта айтқанда, 5-8 кластардың аралығында ақын-жазушылар жайында өмірбаяндық мәліметтерді оқытудың әдіс-тәсілдері көбіне олардың шығармаларын таныту үшін жүргізілетін кіріспе сабақтардың дәрежесінде өтеді. Олай болса, ол сабақтардың 5-6 минуттан аспайтын мүмкіндіктерін қарастырған орынды. Қалай болғанда да мұғалімнің сабақтың бұл сатысын әр түрлі қосымша материалдар, көрнекі құралдар пайдалану арқылы қызғылықты да тартымды өткізуіне әбден болады.

Пайдаланған әдебиеттер

Бітібаева Қ. Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары. Алматы, 1990.

 

  1. Жалпы орта білім беретін мектептердің қоғамдық- гуманитарлық бағдарындағы 10-сынып «Қазақ әдебиеті» оқу бағдарламасы. Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы, 2006.
  2. Ш.Ахметов. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. А. 1965.
  3. Қазақ әдебиеті тарихы Іт. Ікіт.-Алматы,1960.
  4. Ғабдуллин М. Қазақ халық ауыз әдебиеті.-1974.
  5. Бердібаев Р. Қазақ эпосы. Алматы,1982.
  6. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. –Алматы, 1993.
  7. Батырлар жыры 1-6т. –Алматы, 1986-1990.
  8. Тарихи жыр. Іт. Алматы 1995.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ