Жетістікке жетудің жолдары: алдымен неден бастау керек?

0
15682

Танымал адамдардың жетістіктерін сараптайтын зерттеушілер қызметтің көптеген саласында ең елеулі жаңалықтар жас кезде жасалғанын байқаған. Эйнштейн ең басты еңбектерін 26 жасында жариялаған, ал Моцарт алғашқы симфониясын небәрі 8 жасында жазған. Ал біз ше? Шынымен,  өмірге келген  әр қайсымыздың  көздеген мақсатымыз, бағындыруға бекінген өзіндік биігіміздің бары сөзсіз. Сол процестің жолында түрлі қиындық көріп, кейде психологиялық күйзеліске де ұшырап  жатамыз.  Ғалымдардың пікірінше жетістік адамға екі жолмен келеді: сәттілік және еңбек.
Сәттілікті де елемеуге болмайды. Дұрыс жоба мен онымен жұмыс істеуге дұрыс уақыт таңдай білу де жетістікке жетуде аса маңызды. Алайда мұндай сәтті таңдау ғылымға жасалған үлес деп көпшілікпен қабылданады ма – бұл тағы бір компонентке байланысты, оны ғалымдар Q деп атаған.  Q –интеллект деңгейі, жігерлігі, ынтасы, жаңа идеяларға ашықтығы және басқа адамдармен жұмыс істей алу қабілеттерінен тұрады.
Қысқаша айтқанда, бұл жұмысыңнан максимум пайда көру: қарапайым эксперименттен өзектілікті байқау және өз идеяңды ұрымтал іске асыра алу. Сәттілікке сенгенмен ол үнемі өз нәтижесін көрсете бермейді. Абзалы, ерекше қабілетіңді еңбекпен ұштастырып, өмірден татқан әр қуанышыңды сәттілік деп бағалаған дұрыс.
Еңбек — танымалдылық пен көздеген мақсатқа жетудің қарапайым кілті. КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова өзінің журналистерге берген сұхбатында: Адамда 2 пайыз талант болса жеткілікті екендігін, ал жетістіктің қалған 98 пайызы еңбекпен келетіндігін айтады. Бұл оңтайлы пікірді әлем ғалымдары да қолдап отыр. Мәселен, Бостондағы Солтүстік-Шығыс университетінің танымал физигі Альберт-Ласло Барабаши:
— Бастысы — берілмеу. Берілсеңіз тапсырмаға шығармашылық тұрғыдан қарау қабілетінен айырыласыз деген пікірді ұдайы айтып жүр. Енді жетістікке жетудің уақыт өзі дәлелдеген басты 11 принципіне тоқталайық:
1.Өз-өзіңді инвестициялау. Күнделікті өзіңмен жұмыс жасау. Мінезіңнің теріс жақтарын, әлсіз жақтарын өзгерту әркімнің өз қолында. Және де кез-келген жерден тапқан табысыңды пайда түседі-ау деген жерге салу, яғни кірісті реинвестициялау.
2.«Жоқ» деп айтып үйреніңіз! Сіз «Жоқ» деп айтпасаңыз өзіңіздің уақытыңызды толық игере де, жұмыс істей де алмайсыз.
3.Өзгеге ұқсаудан аулақ болыңыз. Ешқашан өзгелердің пікіріне сүйеніп шешім қабылдамаңыз. Және де адам өзін басқаларға қарап емес, өзімен ғана салыстыруы керек.
4.Тез әрі жан-жақты ойланып шешім қабылдаңыз. Ұзақ ойланып уақыт созғанша жылдам мәселені талдап сізге пайдалы жақтарын, атап айтқанда «маған бұл істен пайда қандай?» және «бұл жобадан қанша кіріс табам» деген секілді сұрақтар ғана сізді мазалауы қажет.
5. Алдын-ала келісім жүргізіңіз. Кез-келген жұмысты бастамас бұрын төлемі жайлы, қаражат мәселесін келіскеніңіз абзал, әйтпесе сізді алдап соғып кету қаупі бар.
6. Ұсақ-түйек назардан тыс қалмасын. Үнемдеу арқылы көп нәрсеге қол жеткізесіз.
7. Өз есебіңізден өмір сүріңіз. Ешкімнен қарыз алмаған абзал. Әсіресе, кредит әлі ешкімді байытқан емес. Кез-келген жұмысты, жобаны өз қаражатыңыздан бастаған дұрыс.
8. Әрдайым бірбеткей болу. Тіпті, аз қаражат пен айтқанынан қайтпайтын бірбейткелік, талпыныс үлкен нәтиже берері сөзсіз.
9. Дер кезінде ойыннан шыға білу. Сізге пайдасыз жұмыстардан, тіпті артқа сүйрейтін жағдайлардан шыға білу керек.
10. Тәуекелге бару, я бармау жағдайларын бағалай біліңіз. Жан-жақта болып жатқан нәрселерге мұқият көңіл бөліңіз, көп нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік бар.
11. Сіз үшін «жетістік» деген не? Соны ойланыңыз. Ешқашан жетістігіңізді ақшамен бағаламаңыз. Жетістікке жету- ол көп адамдардың сені сыйлауы мен бағалауы, құрметтеуі. Ол адамдардың сенімі мен махаббатына ие болу. Қаншалықты адамдардың сеніміне ие болсаңыз, соншалықты жетістікке жеткеніңіз.
Тағы бір айтарлығы, жетістікке жетудің жолы алдымен оны үйренуден басталады. Кітаптар мен үлкендердің тәжірибесі – бұл тұрғыда таптырмайтын қазына. Олардан үлгі алып, әдіс-тәсілдерін іс жүзінде пайдалана алған жан жетістікке жетпей қоймасы хақ. Олар әр көрген нәрселерін өмірлерінің қай жерінде һәм қалай қолданудың қамын жейді. Мұндай уайым оларды осы үйренгендерін қалай қолдануға итермелейді. Бұл жағдай кісіден болаттай ерік-жігерді талап етеді. Ақиқатында, кітаптан оқығанды көңілге тоқу керек.
Жетістік тұғырынан көрініп, табыстан табысқа жетіп жүрген кісіні жақсы танып, онымен бірге болған, бірге жұмыс істеген адам бақытты. Өйткені, жолбасшысы бар адам әрдайым жолын табады. Ең бастысы, жетістікке жетуді үйренуге болатынын біліп, алғашқы адымды аттай алу керек. Жетістікке жетудің бірінші қадамы – оны үйрену.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ