Лязат Айғалиқызы: «Жүлде әмсе шын мықтының жетегінде кетуі тиіс!..»

0
2569
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

Ерболаева Лязат Айғалиқызы. Алматы  облысы, Сарқан ауданы, Сарқан қаласы. Абай атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.
Ұстаз — балауса көңіліміздің ажарында жасынынған талап пен жанарымыздағы жылт еткен  ұшқынның байқампаз бағбаны. Оның парасат даңғылында әрдайым ар мен ынсап, игілік пен ілтипат қасиеттері көмескіленбей, көкжиеттен атқан көркем таң секілді жарқырайды да тұрады. Салиқалы сарқыты іліммен астасып, ілгерілеуімізге дем береді. Тұлғалығы  тұншыққан талантымызды түртіп, талабымызды ұлғайтады…
… Әлі есімде. 11 — сыныпты аяқтап, ҚазҰУ-дың журфағына тапсырамын деп жүрген кезім. Мақсұтым — жазу арқылы, жазғанда ұлтымның тарихын жазу арқылы қарымы қуатты жазушы болу еді.  Бұл даңғылда ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің сүрлеуінен өтуді қажетіме — міндет, құзіретіме — ар  деп тапқам… Ұлтымның мүддесін көтерем, тілім мен ділімнің зергері атанам деп жүрген  көп талапкерлер сол жылы аудандық қазақ тілім мен әдебиеті олимпиадасында бас қостық. Олимпиада мүлкі ескі, дәліздері қараңғылықтан үңірейіп тұратын аудан орталығының  бір  мектебінде өтті. Бірінші кезеңнің тапсырмасы — берілген  тақырып бойынша шығарма жазу болатын. Сөз  нақышы мен сөйлем өрнегіне әдеби мұралар арқылы кішкентайымнан қанығып, тіркестерді табиғатымнан құрастырып өскен маған, әрине, бұл тапсырма қиынға соға қоймады. Жазғаным жалқыдан асып, жалпыға ұнайтындығына кәміл сенім білдірдім. Сол себептен де, нәтижесін білуге өзге қатарластарым секілді асығыстық танытпағам. Бесіннің уақыты. Олимпиаданың нәтижесі жарияланатын кез. Қатысушылармен өзара әдебиет, қазіргі поэзияның жай-күйі, прозадағы тың жаңалықтар жайлы пікірлесіп отырғанбыз. Мейірімділік келбеті жанарында тұнған бір ұстаз бөлмеге кіріп келді де менің шығармамды дауыстап оқи бастады. Маған тамсанған көңілмен бір қарап, шығармамның сәтті шыққан тұстарына тоқталды. Болашақта бойымдағы жазу мәнері  арқылы ұлтық мұрат пен рухани танымды көтеруге тиісті екендігімді қадап айтты. Мен сол уақыттан бастап, мойыныма — міндет, мекеніме сенім жүктелгенін аңдадым… Ал, пікірі ұнамды, білімі мен біліктілігі келіскен сол ұстаз  Сарқан аудандағы  Абай атындағы мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Ерболаева Лязат Айғалиқызы болатын…Сол күнгі  жүзі жылы ұстаздан сұқбат алу бақыты еншіме бүгін бұйырыпты.

ЖАНАРЫНДА ЖЫЛЫЛЫҚ, ЖҮРЕГІНДЕ МЕЙІРІМ… Бір топ шәкірттер арасында

Армысыз, Ләззат апай! Әңгімеміздің әлқиссасын мамандығыңыздан бастасақ. Ұстаз болуыңызға негізі қандай факторлар әсер етті? Мектептегі алғашқы ұстаздарыңыз кімдер болатын?  – Рақмет, балам. Иә, мамандық таңдау – үлкен жауапкершілікті қажет етеді ғой. Менің ең бірінші мұғалімдік мамандықты таңдауыма себепкер болған бірден-бір адам – әкем деп ойлаймын. Өзің білесің, қазақта «әке – балаға сыншы» деген жақсы сөз бар. Әрі біздің бала күнімізде қазіргідей мамандықтың да  көп түрі болған жоқ. Ол кездегі ең қадірлі, ең құрметті, ең сыйлы мамандық – мұғалімдік болатын. Осылай менің ұстаздық жолын таңдауыма  қоғамдағы бұл құбылыс үлкен әсерін тигізді.  Екіншіден, менің мұғалімдік мамандықты таңдауыма себепкер болған физика пәнінің мұғалімі – Асылбеков Абай деген ағайымыз еді. Ол кісі үнемі маған сенен мықты физика пәнінің мұғалімі шығады деп қанаттандырып отыратын. Бірақ кейіннен мен физика пәнінің емес, қазақ тілі пәнінің мұғалімі боламын деген кезде ағайым қатты ренжіді. Қазір менің мамандық таңдауда қателеспей, қатардағы қарапайым мұғалімнен ұстаз деген ұлағатты атқа қол жеткізуімде осы екі кісінің алатын орны айырықша. Мен осы адамдарға өзімді әлі күнге өмірлік қарыздармын санаймын.
 – Сіздің Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келгендігіңізді білеміз. Сол өлкеден  Қ.Бұғыбаева, Ғ.Орманов, С. Мұратбеков, І. Жансүгіров, С.Иманасов сынды әдебиетіміздің ірі тұлғалары шыққан.  Ал, осындай майталмандармен жерлес болғандығыңыздың ұстаздықтың тізгінін нық ұстауға қаншалықты әсері бар?
– 
Енді бұл кісілер қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан ақын-жазушылар, былайша айтқанда, әдебиет әлемінің шашасына шаң жұқпақаған марғасқалары емес пе? Олар біздің өңірдің ғана емес, бүкіл бір ұлттың, бір халықтың мақтаныштары. Мысалы: Қанипа апайымыз — алашқа белгілі үлкен ақын. Сайын атамыз да өзіндің стилімен айрықшаланып жүрден талантты жазушы. Сәкен, Ғали, Ілиястардың өзі бір төбе. Осы кісілер дүниеге келген өңірдің тумасы болғаныма әрине, мақтанамын. Шығармаларын да үнемі оқушыларыма ұсынып, бұл кісілер сендердің әдебиеттегі нағыз жерлес ата — апаларың деп айтып отыратыным бар.

ӘР ЖУСАНЫ БІР ӨЛЕҢ, БІР ШЫҒАРМА… Ақсу ауданы

–  Ұстаздықтан бөлек өміріңізде ана образын әдемі сомдай алдыңыз ба? Өзіңізге салса, балаларыңызға мұғалім бол деп кеңес берер ме едіңіз?

Отбасымызда жарым екеуіміз үш бала тәрбиелеп отырмыз: екі қыз, бір  ұлым бар. Балаларымызды өміріміздің жалғастығы, ғұмырымыздың болашағы санаймын. Олардан  үлкен үміт күтемін. Үлкен қызым Гүлім, «әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің» заң факультетін бітірген, қазіргі уақытта  «Сарқан аудандық халыққа қызмет көрсету орталығында» қызмет етеді. Қызымның жолдасы, күйеубаламыз Дархан — ішкі істер бөлімінде қызмет етуде. Ұлымыз Бағлан- «М. Тынышбаев атындағы көлік және коммуникациялар академиясын» аяқтап, қазір әскери қызметте жүр. Кіші қызым Гүлнұр болса,»Қ.И.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетін» қаржы мамандығы бойынша үздік бітірді. Қазір мамандығы бойынша ел игілігіне қызмет етіп жүр. Көз алдымызда қуанышымыз болған  Ислам мен Әмір атты немерелеріміз өсіп келеді. Балаларыма кейде біреуің мұғалім болмадыңдар деп назымды айтып қоямын. Бірақ мамандық таңдауда әкесі екеуіміз балалардың өздерінің жүрек қалауларына ерік бердік, өйткені ұнатқан мамандықпен жұмыс жасау – нәтиже береді, биікке, асқар шыңдарға жетелейді.

Отбасыларыңыздың берекесі бекем болсын! Әдебиетте Ахаңның: «…Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім»,-деген сөзі бар. Жалпы, сабақ өткізуде, шәкірт оқытуда қандай тың әдістерге жүгінесіз?

Мен еңбек жолымды, әуелде,  1983 жылы бастағам. Ол кездегі әдіс-тәсілдер мен қазіргі кездегі әдіс-тәсілдерді мүлде салыстыруға келмейдін еді. Айырмашылық – жер мен көктей болатын.Кітаптан ары аса алмай қалатын да кездеріміз болды.  Заман көрсеткендей, білім мен ғылым дамыған сайын сабақ өткізудің әдіс-тәсілдері де өзгеріп отырады екен.  Сонау ХХ ғасырдың басында Ж. Аймауытов: «Сабақ беру – жай үйреншікті нәрсе емес, ол – жаңадан жаңаны табатын нәрсе» деген ғой. Ұстаз пән мұғалімі ретінде қай технологияны, қандай әдіс – тәсілді таңдаса да қазір өз еркі.
Ал мен пән мұғалімі ретінде әрбір сабағымда қай озық технологияны игерсем де, қандай да бір әдіс – тәсілдерді қолдансам да шәкірттерімді  ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен бабаларымыз қорғаған ТУҒАН ЖЕРДІ қастерлеуге, қазақ халқы үшін әдебиет пен мәдениеттің тілі, ғылым мен білімнің тілі, түрлі іс қағаздарының тілі, көркем әрі бай ТУҒАН ТІЛІМІЗДІ құрмет тұтуға, ұлттық тамаша САЛТ – ДӘСТҮРІМІЗДІ ұмытпауға, сан ғасырлық ТАРИХЫМЫЗДЫ таразылай білуге үйретіп отырамын.
Сондай-ақ, мен жылына бірнеше облыстық, республикалық байқаулар мен педагогикалық оқуларға үнемі қатысып жүремін, ондағы  мақсатым марапатта емес, облыстың, республиканың түкпір-түкпірінен келген әріптестеріммен тәжірибе алмасу, білімімді толықтыру, үйренуде жатыр.

Қызметіңіздегі жетістіктеріңіз қандай? Сіз үшін ұстаздық даңғылдың қайсысы маңызды: шарапаты ма, жоқ әлде марапаты ма?

Иә, сәйкесінше, еңбек еткен жылдарым да қазір өз жемісін беруде. Бірақ адамның жұмыс барысында белгілі бір нәтижеге жетуін оның қанша жетістікке жеткенімен емес, оның осы жолда қанша қиыншылықтан өткеніне қарап бағалау керек қой! Ал қазіргі таңда ұстаздар қауымы үшін марапат та, шарапат та маңызды, себебі мұғалім бес жылда бір рет ғана санатын растайды немесе санатын көтереді. Сол кезде оның барлық  марапаттары есепке алынады. Міне, осы үшін ұстаздарға марапат  қажет. Өзің ойлашы, кейде жап-жас әнші балалар «ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері» және сол сияқты басқа да марапаттар алып жатады, ал біздің мұғалімдер үнемі атақ пен даңқтан кенде қалады… Осындайда отыз-қырық жыл еңбек етіп не министрліктің, не басқаның еңбегіне лайық бір марапатын иелене алмай зейнеткерлікке кетіп жатқан қатарластарымызды көріп кейде көңілің түседі, ішің ашиды.  Ал теледидардағы жылтырақ бағдарламалардың барлығы  шоу, ол -әнші жұлдыздардың ғана  бағын ашады. Тіпті, қазір біздің елімізде әншіліктен басқа құрметтелетін мамандық та жоқ деп те қаласың кейде. Әрине, бұл құбылыс ұстаздар қауымын қатты  қынжылтады. Бұл бір менің ғана емес, барша мұғалімдердің көкейінде жүрген мәселе деп ойлаймын.

– Пікіріңіз орынды, апай. Жасыратыны жоқ, әдебиетшілік арға жүгінсе де былығы мен шылығы тазаланбайтын мамандық. Шәкірттеріңіздің аузынан сіз жайлы: «Ол – әділеттің бұрымын өрген, ақиқаттың жүгін арқалаған ұстаз» дегенді жиі естіп қалып жатамын. Оған өзім де бір кездері қанық болғаным бар. Жалпы байқауларда оқушылардың талантына көз жұма қарап, талабына қиянат жасайтындарға не айтасыз. Қайтпек керек? Қоғамды қазақ тілі мен әдебиетінің қасапшыларынан қалай арылта аламыз? Сіздік пікір?

 Әрине, бұл ойланатын жайт. Қазір талабы мен таланты қатар үйлескен оқушыларымыз көп. Кейде баптаған шәкірттеріміздің талабы болса – таланты, ал таланты болса – талабы кемшін соғып жататын кездеріміз кездесіп жатады. Оған қарамай әрқайсымыз орын менікі болса екен деп те жатамыз кей сәттерде… Оның бір себебі, жарысқа кетіп бара жатқан кезде мектеп әкімшілігі орын керек, жыл соңында рейтингке кіреді деп ескертіп, соған бізді міндеттейді. Дегенмен біз болашақтың иелерін тәрбиелеп отырған ұстазбыз, сондықтан әр уақытта әділ болуымыз керек. Жүлде әмсе шын мықтының жетегінде кетуі тиіс. Ал шын талантты бала бірден белгілі,ол бір табан болса да өзге қатарластарынан  суырылып алға шығып тұрады, сондықтан оған ешкім қиянат жасай алмайды, жасауы мүмкін де емес деп ойлаймын.

САБАҚ ҮСТІНДЕ

«Шәкіртсіз ұстаз — тұл» деген даналық бар. Зейіні мен зердесі келіскен шәкірттеріңіз жайлы айтсаңыз?

Шәкірттерім – үкілеген үміттерім. Олар республиканың түкпір-түкпірінде еңбек етеді. Мен шәкіртпен бірге қуанып, шәкіртпен бірге өскен ұстазбын. Тынымсыз еңбегімнің арқасында оқушыларым мені, мен оқушыларымды жақсы көрдім. Оқушыларымды КҒА, «Дарын», «Жарқын болашақ» және қазақ тілі мен әдебиетіне арналған түрлі бағыттағы оқулар мен пәндік олимпиадаларға қатыстыру менің жылдағы дағдыма айналған. Өз жолымды қуған төл шәкірттерім: А.Ескендірова қазірде Алматы қаласында баспа саласында қызмет атқарады., Б. Хасенов —  танымал журналист, Астана қаласындағы республикалық арнада қызмет етеді. А.Ахметова деген қызым Кореяда білімін жетілдіріп келіп, Астана қаласында еңбек етіп жатыр. Тағы бір шәкірттерім: Есенбеков Алмат пен Жетпісбаева Әсел – Алматы қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім; Былтыр мектепті бітірген Шаймуратова Гүлжан – әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің филология факультетінің І курс студенті; Бейсенхан Самал – Сулейман Демирель атындағы университеттің филология факультетінің І курс студенті. Міне, осындай есімдерді мақтанышпен атаймын. «Ұстаздан шәкірт озады» деген жақсы сөз бар, оқуларын бітіргеннен кейін Самал мен Гүлжанның бірі ғылым жолына түсе ме деген үмітім бар. Оны болашақ көрсетеді.

Өзіңіз білесіз, биылғы ҰБТ-ға жаңа формат заңдылықтарына сәйкес біраз өзгертулер енгізілді. Талапкерлер сынақта  200-250 сөзден тұратын шығармашылық эссе жазулары керек. Алдын-ала ұсынылған эссе тақырыптарын көргенімде тым күрделі көрінді. Бұл үрдіске сіз маман ретінде не айтасыз?

-Иә, Ұлттық бірыңғай тестілеу — мектеп бітірушілер үшін үміт пен күдік арпалысқан сәт. Дәлірек айтқанда, әр оқушының тағдыры шешілетін кезең деп айтсақ та болады.Мұғалім үшін оқушының жақсы-жаманы жоқ, сондықтан біз оқушылардың қабілет-қарымына қарамай, барлығы да жоғарғы балл алса екен деген ниетпен уақытпен санаспай еңбек етеміз.Кейде бұл ұстаздар қауымына ауыр тиіп те жатады. Расында да биыл жаңа формат бойынша талапкерлер бірінші кезеңде мектеп бітіру емтиханын тапсырады. Ал қазақ әдебиетінен 200-250 сөзден тұратын эссе жазу керек. Оқушылардың барлығы бірдей әдебиет пәніне бейім емес. Оның үстіне алдын ала берілген тақырыптарды мен де қарап шықтым. Шынымен күрделі екен. Бұл қаншалықты нәтиже береді, ол — уақыттың еншісінде.

ҰСТАЗДАН ШӘКІРТ ОЗАР…Жүлделі болған сәт

 Биыл қазақ санасындағы тәуелсіздікке деген сілкіністің бастауы болған Алашорданың құрылғанына 100 жыл. Бұл мерейтой жүрегі қазақ деп соққан әр азамат үшін қастерлі һәм қадірлі екені сөзсіз. Болашақтың иегерлерін баптаған ұстаз ретінде осы мерейтоймен барша қазақстандықтарды, әріптестеріңізді құттықтап өтсеңіз.

Биылғы оқу жылы өзінің ерекшеліктерімен есте қалады. Алашорданың құрылғанына 100 жыл болса, оны құруға өзіндік үлесін қосқан А. Байтұрсынұлының 140 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері үшін, барша әдебиет сүйер қауым үшін үлкен мереке деп ойлаймын.Осы атаулы күнге орай ҚР Білім және ғылым министрлігі, «А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты» және «М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының» қолдауымен «Үркер» шығармашылық орталығы өткізген «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылған І республикалық «Ұлы даланың ұлы ұстазы – А. Байтұрсынұлы оқулары» жоғары деңгейде өтті. Оқушылар қатынасып, өз білімдерін ортаға салды. Одан, әрине, мен де қалыс қалмадым. 4 оқушы қатыстырып, екеуі дипломант атанса, екеуі «Сөз шеберлері» номинациясын иеленді. Осынау мерейлі мерекемен әріптестерімді,барша қазақстандықтарды шын жүректен құттықтаймын!

  Жетістіктеріңіз еселене берсін, апай! Арнайы уақытыңызды бөліп, әсерлі әңгіме қалыптастырып, саналы сұқбат бергеніңізге көп рақмет!

Сұқбаттасқан: Дастан Қастай

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ