Зияткерлік миграция

0
11388
Freepik.com

Жаһандану процесінде білікті мамандарға қол жеткізу­дегі бәсекелестіктен зияткерлік миграция (маманның белгілі бір себептерге байланысты басқа мемлекетке қоныс аударуы) туындады.

Анағұрлым «өтімді» мамандықтардың қатарына медицина қызметкерлерін жатқызуға болады. Денсаулық  сақтау саласында дәрігерлер, медбикелер және кіші медициналық қызметкерлер мансапқа жету және жаңа мүмкіндіктерді іздеу мақсатында миграция мүмкіндіктерін пайдалануға тырысады. Соңғы жылдары мұндай миграция деңгейі айтарлықтай өсіп келеді.

Әлемдік денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерлер мен халықтың саны жағынан теңгерімсіздік айқын көрініс табуда. Ал медицина қызметкерлерінің миграциясы осы сандық айырмашылықты одан әрі өршітеді.

Табысы жоғары елдерде медициналық қызметкерлерге деген сұраныс үнемі өсіп отырады. Медициналық қызметкерлердің миграциялық үрдісіне  сәйкес, елдер негізгі екі топқа бөлінеді: бастапқы немесе тудырушы (донор) елдер және қабылдаушы (реципиент) елдер.

Бастапқы елдер мамандар дайындауды жүзеге асырады. Ал қабылдаушы елдер денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлерін лайықты жалақымен және еңбек шарттарымен қамтамасыз етеді, өтемақы жүйесін әзірлейді.

Еуропа елдерінде соңғы 30 жылда денсаулық сақтау саласындағы мигрант-қызметкерлердің саны әр жыл сайын 5%-ке өсіп отырған.  Қазір әлемде медициналық қызметкерлердің тапшылығы  байқалады. Әлемдік еңбек нарығында жалпы медициналық  қызметкерлер құрамының тапшылығы 4,3 млн адамды құрайды.

Медициналық қызметкерлердің 86%-і АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Аустралия сияқты ірі бес елде жұмыс атқарып жүр, ал әлемнің 57 елінде қызметкерлердің жетіспейтіндігі анықталды.

Денсаулық сақтау саласындағы миграцияның негізгі бағыты – Германия және Ұлыбритания. Мұнда мигранттардың кейбірі мемлекеттік құрылымдарда, яғни емханаларда еңбек етсе, кей жағдайларда науқастардың үйіне барып та жұмыс
жасауына тура келеді.

Миграциялық саясаттағы маңызды бағыт – мигрант-қызметкерлердің құқықтарын ескеру.

Дереккөз:

  1. Қазақ тілі: жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
    жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. / Т.Н.Ермекова, К.Ә.Бертілеуова, Р.Н.Мұнасаева.
  2. Ләззат Спанқұлованың «Әлемде төрт миллионнан астам медицина маманы жетіспейді» мақаласынан

Басқа да материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ