«Қаһар» романы туралы. Шығарманың тілдік ерекшелігі

0
33495

Кенесары, Наурызбай
Атағы шықты аңқылдап.
Жауды үркітіп, қашырды,
Ақ алмастай жарқылдап,
Зәресін алды дұшпанның,
Найзағайдай шартылдап.
Нысанбай жырау
Алашта Кенекеме ер жетпейді…

Мағжан Жұмабаев

Ілияс Есенберлин қазақтың ұлттық санасының оянуына, тарихи зердесінің
жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты. Егер ол ХХ ғасырдың бас кезінде өмір сүрсе, сөз жоқ, Алаш қозғалысының жуан ортасында жүрер еді. Кейде ол менің көзіме кешегі Ахмет пен Әлихан, Міржақып пен Мағжанның сарқыты сияқты болып көрінетін. Өз ұлтын жан-тәнімен сүйген Ілекең тәуелсіздік таңын көре алмай, арманда кетті. Алайда біздің азат заманымыздың әр сәтінде Кенесары секілді құрбандардың киелі қаны болғанындай, Ілияс Есенберлиннің де қалам ізі жатыр.

Қабдеш Жұмаділов

Та­ри­хи эпо­пеяны жа­зу­ды соң­ғы кі­тап­тан бас­тау­ым­ның се­бе­бі, о бас­та, та­ри­хи дерек­тер­ді жи­нау ке­зін­де, ро­ман­ға кі­ріс­пес бұ­рын, іш­тей жос­пар жа­са­ған едім. Яғ­ни
кө­ңі­лім­де, іс-жос­па­рым­да хал­қы­мыз­дың 500 жыл­дық та­ри­хын қам­ти­тын три­ло­гия
бо­лып қа­лып­тас­ты. Бі­рақ три­ло­гия­ның ең со­ңы­нан бас­тау­ыма се­беп бол­ды. Ең алды­мен, тір­ші­лік­тің кей­бір тау­қы­ме­тін тарт­қан­дық­тан ба, үшеуін бір­ден қам­тып жазу­ға өмі­рім же­те ме, жет­пей ме деп те қау­іп­тен­дім. Со­дан бо­лар ха­лық­қа, бо­ла­шақ
үрім-бұ­тақ­қа айт­пақ бол­ған ой­ым­ның та­ри­хи оқи­ға­лар­ға де­ген жа­зу­шы­лық тен­денциям мен по­зи­циям­ның ай­қын кө­рі­ні­сі бол­ған бас­ты те­мір­қа­зы­ғым – «Қа­һар» еді.
Егер ал­дың­ғы­ла­рын ай­тып ке­ліп, көк­се­ген не­гіз­гі ой­ыма қол жет­пей қал­са, өмір­ба­қи
ар­ман­да, ор­ны тол­мас өкі­ніш­те өтуім мүм­кін ғой.

Ілияс Есен­бер­лин

Ілияс Есен­бер­линнің «Қа­һа­рын­да­ғы» Ке­не­са­ры шы­найы өмір­де­гі Ке­не­са­ры
емес. Ке­не­са­ры­ның фольклор­да­ғы об­ра­зын мен зерт­те­дім, он­да ол – идеал. Ал
Есен­бер­лин оны өз ұғы­мын­ша бе­ріп отыр. Та­ри­хи шы­ғар­ма өз ал­ды­на, ол еш­қа­шан
та­ри­хи ең­бек­ті ау­ыс­ты­ра ал­май­ды. Бі­рақ оқыр­ман­ға ой са­ла­ды. Көр­кем әде­би­ет­тің
кү­ші адам­ға әсер етуін­де.

Сейіт Қас­қа­басов

«Қа­һар» – І.Есен­бер­лин­ниң «Көш­пен­ді­лер» три­ло­гия­сы­ның үшін­ші кі­та­бы болға­ны­мен, бі­рін­ші жа­зыл­ған шы­ғар­ма. Бі­рін­ші кі­тап бо­лып шық­са да, три­ло­гия­ның үшін­ші кі­та­бы­на ай­на­лу се­бе­бі – үш кі­тап­тың не­гіз­гі түй­іні осы «Қа­һар­да» тұр­ған­дығын­да. 

«Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы – «Алмас қылыш» (1971 ж.),
екінші кітабы – «Жанталас» (1973 ж.), үшінші кітабы «Қаһар» (1969 ж.) деп
аталды. Орыс тіліндегі нұсқасы 1978 жылы Мәскеуде жарық көрді. Аударған – Морис Симашко. Сондай-ақ «Көшпенділер» трилогиясы 1983 жылы Польшада және 1986 жылы Венгрияда басылып шықты.

Үшінші кітаптың атауы алғашында «Хан Кене» болады. Бірақ саяси жағдайға байланысты «Қаһар» деп өзгертіледі. Бұл туралы жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Қаһардың» алғашқы аты «Хан Кене» болатын. «Хан Кене» болып
шығару қиын болды. Содан ақылдаса келе, кітап баспадан шығарда біз «Қаһар» деп ат қойдық. Біз деп отырғанымыз кімдер? Ілияс өзі баспаға директор
болып келген соң жан-жақтан жастарды шақырды. Мені «Қазақ әдебиетінде»
істеп жүрген жерімнен шақырды. Мұхтар Мағауинді, Рамазан Тоқтаровты,
Тұтқабай Иманбековті шақырып алды. Кілең жастарға арқа сүйеді.

Ілекеңнің сол кезде ең даулы– тарихи тақырыпқа баруы оның керемет жүректілігін, отансүйгіштігін, ұлтшылдығын көрсетеді. Ол кісі кейінгі қаламдас інілеріне
жол ашты. Тарихи мектепті қалыптастырды. Менің «Дарабозды», «Соңғы көшті»,
Мұхтардың «Аласапыранды» жазуына… бәріне жол ашқан Есенберлиннің романдары. Мұзжарғыш кемедей алға жол тартты», – деп еске алады.

«Қаһар» тұңғыш рет 1969 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.
1970 жылы орыс тілінде «Простор» журналына (№5,6) «Хан Кене» деген атпен
жарияланып, 1971 жылы Мәскеудің «Советский писатель» баспасынан жеке
кітап болып шықты.

«Алмас қылыштың» бас кейіпкері – Әбілхайыр, «Жанталаста» – Абылай
хан, «Қаһарда» – Кенесары. Мұнда автор Кенесары образы арқылы қазақ хандығының жер бетінен жойылу себебін баяндайды. Романдағы бас кейіпкер Кенесары (1802–1847 жж.)– қазақтың ең соңғы ханы (1841–1847 жж.). Ол – Шыңғыс ханның 27-ұрпағы, Абылай ханның Қасымнан туған немересі. Жазушы Кенесарыны айбынды хан, айбарлы қолбасшы, халқын ерекше сүйген батыр азамат, мемлекет қайраткері ретінде сомдайды. Трилогияның екінші кітабы «Жанталаста» қазақтар Абылай ханды ақ
киізге отырғызып, үш жүзге хан көтергенімен, патша өкіметі мұны бекітпейді.
Орта жүз ханы боп қана қалған Абылай үш жүздің басын қосып, ешкімге тәуелді
болмауды мақсат еткенімен, жеңіске жете алмайды. Бірақ халық рухы бұдан
кейін де өшкен жоқ.

Оны 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары хан дәлелдеді. Міне, романның негізгі идеясы – еркіндік
рухының өшпеуі. Ол – тәуелсіздік идеясы. «Көшпенділер» трилогиясының жанрын кезінде тарихи роман зерттеушілері Шерияздан Елеукенов пен Рахманқұл Бердібаев «роман-хроника» деп атады. «Роман-хроникаға жан-жақты суреттеу тән емес, сондықтан Есенберлин, негізінен, қазақ елі тәуелсіздігінің идеологиялық мәселелеріне баса назар аударған.

Идеология дегеніміз – белгілі дүниетаным көзқарасы бойынша жүйеленген
идеялар. Есенберлиннің көшпенділер туралы роман-трилогиясының сындарлы
идеологиясы – ұлттық идея», – дейді Ш.Елеукенов («Ғасырмен сырласу»).
Ал Р.Бердібаев: «…түрлі кітаптар, қолжазбалар, шежірелер арасында
шашырап жатқан анық фактілерден құралғандықтан және оқиғалардың жылнамасы сақталғандықтан, мұны роман-хроника деп атаған абзал… Қазақ жырлары мен аңыздарының бірқатары халықтық роман тәрізді. Оларда әлеуметтік
сипат, адамдар ісіне дәл, нақты мінездеме беру де жиі ұшырайды. Бұларды
ретіне қарай жазба профессионал әдебиеттің қажетіне жаратуға әбден болады», – деген пікір білдірді («Қазақ тарихи романы»).

«Қаһар» романында ХІХ ғасырдың І жартысындағы Кенесары Қасымұлы
бастаған халық көтерілісі сөз болады. Патша отаршылдарының шектен шыққан
қысымы, әсіресе, ата-бабасынан мирас боп келе жатқан туған жерінен зорлықпен ығыстырылуы халықтың қанын қайнатып, ашу-ызасын туғызды. Бұл наразылықтың көтеріліске ұласуына Абылай ханның немересі Кенесары тікелей
басшылық етеді. Шығармада Кенесарының жеке басы ерлік пен мәрттікке толы.
Романда кездесетін орыс сөздері қазақтың өз тіліне бейімдеп айтылуы бойынша
берілген. Мысалы, устав – ұстап. Бұл сөз патшаның 1822 жылғы Сібір қазақтарын басқару жөніндегі уставына байланысты қолданылған. Жазушы архивтік
құжаттар мен Кенесарының орыс билеушілеріне жазған хаттарына сүйене
отырып, шығарма мазмұнын нақты деректерге құра білген.

Ха­лық Ке­не­са­ры хан­ның со­ңы­нан не­ге ер­ді?

Автор күндердің күнінде осы сұрақтың қойылатынын алдын ала болжап білгендей, романның бірінші, екінші бөлімінде тек осы мәселеге көңіл бөліп, жан-жақты ашады. Арқадан Оңтүстікке беттеген көшті бастап келе жатқан Баянауылдағы Қаржастан шыққан Азнабайұлы Сейтен батырдың қасынан бір елі қалмай келе жатқан Ожар Қубетұлының арнайы қойылған патша өкіметінің тыңшысы екені шығарма басталған бетте-ақ бірден белгілі болады. Бұдан патша өкіметінің ел бастаған қазақ батырларының көзін біртіндеп жою мәселесі зымияндықпен жүргізілгені көрінеді.

Ожар – Сейтеннің бір кезде барымтаға да, жауға да қатар шапқан үзеңгілес жолдасы әрі руласы. Қазақ «батыр аңғал болады» деген сөзді бекер айтпаған. Сейтен Ожарға сыр ашып, патша өкіметі қазақ ісін екіге бөлгенін айта келіп: «Бірі – ауыл арасындағы жер дауы, алысберіс секілді кәкір-шүкір. Мұны ақсақалдар мен билер өзі шешеді деген. Екіншісі – кісі өлімі, барымта, үкіметке бағынбау тәрізді ауыр күнәлар. Мұны аға
сұлтан басқарған өңірлік пірказ (комиссия деген мағынада) қарайды. Өңірлік
пірказ екі патша қызметкері және екі жылға сайланған екі қазақ жәсиәтірден
(заседатель) құралады. Бұлардың шешімін губерниялық сот бекітеді. Онда бірде-бір қазақ жоқ. Сөйтіп біздің тағдырымыз бәрібір өз қолдарында», – дейді.
Бұл тарихи шындыққа М.Әуезовтің «Абай жолы» романында суреттелетін
Құнанбай сұлтан заманындағы басқару жүйесі дәлел.

Әңгімесін жалғастырған Сейтен: «…қазақ – Мұхаммед пайғамбардың жолын берік ұстанған діншіл халық емес, оны шоқындырып алу оңай, тек ауылға уәкілдер жіберілсін», – дегенде, Ожар: «Ол уставта шоқынғысы келген адамға зорлық жасалмауы тиіс, «өз еркімен шоқынсын деген сөз бар ғой», – дейді. Сөзінен Сейтеннің секем алып қалғанын байқаған ол: «Ел құлағы елу ғой», – деп, осы жайтты кездейсоқ білгендей сыңай танытады.

Енді Сейтен: «Қасым төре біз секілді ақымақ емес еді. Арқа жерінде сегіз өкіріктің (округ) не үшін құрылғанын бізден бұрын түсінді», – дей келе, оның тоқа, алтын, алтай, уақты ертіп, патша құрығы жетпейтін Бестаңбалы жеріне қарай көшкенін, ермей қалған бұлардың шекесі қызбағанын, сол 10 жылдың ішінде Талды өзенінің сағасында Қарқаралы бекінісі, Қызылжар бекінісінің жанында Көкшетау бекінісі, Семей бекінісінің тұсында Аягөз бекінісі, Омбы қаласынан төмендеу Ақмола бекінісі, Жәміш бекінісінің қасынан Баянауыл бекінісі, Аманқарағайдан жоғары Құсмұрын округі, Омбының оңтүстік саласында Үшбұлақ округтері құрылып, бүкіл Арқа жеріне тырп еткізбейтін темір тор жабылғанын, қарамағындағы елі түгіл, туған інісінің баласын арашалауға
күші жетпей қалғанын ашына баяндайды.

Сегіз округке бөлінген Орта жүздің әр округіне 15–20 болыс, әр болысқа 10–12 ауыл кіреді, әр ауылда 100 шақты үй. Ауылды үш жылға жұрт сайлаған – старшын, ал болысты Шыңғыс төренің тұқымынан шыққан сұлтандар басқарады. Округке үш жылға сайланған сұлтандар ие… Міне, бір қазақты екіге бөлген осы жағдайдың бәрі «бөліп ал да, билей бер» деген саясат бойынша жүзеге асып жатқаны айқын көрінеді.

Шыңғыс тұқымының қараша халыққа қарсы қойылуы, патша берген шен-шекпенге сұлтандардың сатылуы, Кенесарының сұлтандарға өшігуі, сұлтандық биліктің жойылуы сияқты мәселелер де нақтылы деректерге негізделген. Сейтеннің ашынатын жөні бар. Қазақ қыздарын 15 сомға сатып алып, шоқындырып, Сібірдегі әйел жынысына мұқтаж үйлерге тапсыратындығын, мұның бәрі І Николай патшаның 1825 жылы 11 ақпан күнгі жарлығы бойынша іске асып жатқандығын, інісі Тайжанның патшаға қарсы ереуіл ұйымдастырғаны үшін өлім жазасына кесілгенін, оның ержетіп қалған үш ұлының Сібірге айдалуын, ал кәмелетке толмаған қызы Алтыншаштың қолға түскендігін, осының бәріне көмектесуге шамасы жетпегенін жіпке тізгендей баяндайды. Бұдан
бұратана елдегі тәлкекке түскен қазақ қыздарының ауыр тағдыры көрінеді.

Сондай-ақ Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұлжадан қорлық көріп, намысы
тапталған жалшының қызы Күмістің де жағдайы өте ауыр. Қоңырқұлжа – қарапайым халыққа жаны қас, өзімшіл, озбыр, Омбы генерал-губернаторының
сеніміне ие болып, ойына келгенін жасайтын адам. Елдің бас көтерер адамына
жала жауып, жазықсыз ұстап беріп отырады. Жоғары қызмет, «шен-шекпен»
жолында халық мүддесін аяққа таптап, кез келген опасыздыққа бара салады.
Ал Кенесарының қарындасы – ержүрек, қайсар, батыл Бопай сұлу ағасына көмектесу үшін қолына қару алып, атқа қонады.

Алғашында Сейтеннің көңіліне Ожар туралы күмән кіргенімен, ол өзінің
де басынан тура осындай жағдайлар өткендігін айтып, күмәнді сейілтеді. Сейтенде бір-ақ арман бар. Ол – артынан ерген көпшілікті діттеген жерге жеткізу.
Арманда кеткен батырды жау қолына ұстап берген Ожар өзінің тыңшы екенін
сездірмеу үшін «мені де байлаңдар» деген бұйрығын Сейтен ап-анық естиді.
Бірақ бәрі енді кеш. Құрылған торға мықтап ілінген Сейтен абақтыда мерт болады. Жазушы Сейтен арқылы күрес жолының аса ауыр, қиын, азапты екенін
барынша дәл көрсете алған. Сейтен мен Ожардың сөзін естіп қалған Таймас
жалғыз өзі қарулы топқа қарсы шыға алмайды. Кейіннен Ожар абақтыдан
қашып шығыпты, Тайжанның қызы Алтыншашқа үйленіпті дегенді естіген
Таймас мән-жайды Кенесарыға айтады.

Кезінде Алтыншашты Омбының бір бай саудагері сатып алып, генерал Фондерсонға тарту етеді. Ожардың Сейтен батырды ұстап берген «адалдығына» риза болған Фондерсон екі аптадан кейін абақтыға өзі келіп, одан «не тілегің бар?» деп сұрайды. Ожар Омбыға бір келгенде 16 жастағы Алтыншашты жәрмеңкеден көріп, сұлулығына тәнті боп қалған. Ожар: «Есігіңізде жүрген малай қызды берсеңіз болады», – дейді. Орыс шенеунігі: «Әкесін ұстап берген адамға қыз қалай көнеді», – деп, еркінен тыс
беру заңға қарсы келетінін айтады. Ожар: «Қызды көндірудің міндетін өзім
алайын», – дейді. Генерал амалсыз айтқанынан қайта алмайды. Алтыншаш
Ожардың екіжүзділігінен бейхабар болатын. Осылайша, Алтыншаш өзінің тағы да азапқа түсетінін білмеген еді.

Ожар ауылда жоқ болғандықтан, хан Алтыншашты шақырып, Ожардың
іштен шыққан жау екенін айтады. Оның әкесі мен ағасын өлтіртіп, туыстарын
итжеккенге айдатқанын хан сөзінен ұққан Алтыншаш осындай бір күдіктің
бар екенін сезіне бастағанын айтып, әке кегін қайтаруды өзіне қалдыруын
сұрайды. Хан: «Қапы қалып жүрме», – деп ескертеді. Ұзақ уақыт ақсүйек офицердің үйінде үй қызметшісі болған зерек Алтыншаш орыс тілін ғана емес, француз тілін де меңгеріп алады. Өйткені олар үйде ақсүйектерге тән әдетпен бір-бірімен тек французша сөйлескен.

Бұл тілді білетіндігін оларға сездірмеген Алтыншаш Кенесары туралы талай мәліметтің шет-жағасын естіп-біліп жүреді. Жас болса да, көрген-түйгені мол Алтыншаш  жолай алтыбақан ойнап жатқан жастарға қосылып, ән салады. Сол жерде 23 жастағы Байтабан батырмен танысып, екеуі бірден тіл табысады. Бірін-бірі
тез түсінген екі жас қалтқысыз араласа бастайды. Сәмен жолаушылап келген
досы Ожарға мұны айтады және Алтыншаштың хан ордасына барғанын, Таймастың осында екенін жеткізеді. Әшкере боп қалғанын бірден аңғарған Ожар
Алтыншашты өлтіріп, қашпақ болады. Ол Алтыншашты дырау қамшымен
сабап, әкесі Тайжан мен Сейтен батырды ұстап берген өзі екенін ашық айтады.
Алтыншаш кешіккеннен кейін үйіне іздеп келген Байтабан қызды дер кезінде
құтқарып қалып, Ожарды өлтіреді. Талықсып жатқан Алтыншашты көтеріп,
хан ордасына келеді. Кенесарыдан рұқсат сұрайды. Екеуінің тойы дүрілдеп
өтеді.

Бұл кезде Қоңырқұлжадан көрген зорлық-зомбылығына жаны күйген
Күмістің әкесі үй ішімен Кенесары қолына кеп қосылған. Орысша тіл білмейтін
Күмісті Орынбор генерал-губернаторы Генске алып кірген Алтыншаш Қоңырқұлжаның үстінен шағым айтады және жазықсыз айдалып кеткен ағаларын
тірі болса, шығартуға көмектесуін сұрайды. Орысша таза сөйлейтін Алтыншашты генерал мұқият тыңдайды.

Кенесары Орынбор генералынан «Қоқандықтармен соғысқанды қойып,
бітім жасап, уәде бойынша Орынбор шекарасына қайтып келіңдер» деген мазмұнда хат алады. Амал жоқ, Кенесары уәдеде тұратындығын айтады.
«Зеректік, ойшылдық, сезімталдық – ана сүтімен бірге бітетін қасиеттер.
Мұны адам сатып ала алмайды, егер жүрегінде осы бір қасиеттердің ұшқындары болса ғана өмір, қоршаған қоғам оны не ұлғайта түседі, не өшіреді» деген
сөзді автор Есіркегенге қаратып айтып отыр. Өйткені талапты жас жігіт көп
нәрсенің мағынасын түсінгісі келеді. Семейде төрт жыл орысша оқыған атақты
Масан бидің немересі Есіркеген Петербургтегі кадет корпусына түспек. Есіркеген Кенесары ауылының үстімен жүріп, кетерінде Күмісті бір көріп қалуды
армандап келеді.

Ақ патшаның бір топ «кәрі қылыш» жендеттері Кенесарыға қол ұшын берген алтай руының бір ауылын қаннен-қаперсіз отырған жерінде шабады. Отыз
шақты адам қайтыс болады, ажарлы қыз-келіншектері мен бар малын айдап,
«Кенесары жағына шыққандардың көретін күні осы» деп, сәлем айтып кетеді.
Орынборға жеткен Есіркеген Күміспен кездесіп, келесі күні Петербургке
аттанады. Орынбор шешімі бойынша Петербургке барған Күміске Есіркеген
көмектесіп, Қоңырқұлжаны орнынан түсіртеді. Есіркеген мен Күміс үйленеді.
Кенесары қолы 1843 жылы полковник Бизанов басқарған орыс әскерімен
соғысып, ығыстырады.

Кеңес өкіметі тұсында «патша өкіметінің жымысқы саясаты» деген сөз көп
айтылып, көп жазылатын. Бірақ оның қандай жымысқылығы бар екені анық
айтылмайтын. Міне, осы мәселені сол кездің өзінде тұңғыш рет қазақ әдебиеті
мен тарихында ашық жазған І.Есенберлин болды.

Сол кезеңдегі патша өкіметінің басқару жүйесі опасыздық, алдап-арбау,
қорқыту, тартып алу дегеннің барлығын жоспарлы түрде жүргізгені романда
толық бейнеленеді. Тіпті «Жанталас» романының алғаш рет қазақ тілінде емес,
орыс тілінде «Отчаяние» деген атпен Мәскеуден шығуы да қазақ баспагерлерінің жасқаншақтағанын көрсетеді. Барлық мәселе Мәскеу арқылы шешілетіндіктен, осылай болған.

Бұ­дан қан­дай қо­ры­тын­ды шы­ға­ру­ға бо­ла­ды?

Бұл бір кезде қылышынан қан тамған Кеңес өкіметі саясатының тоқырауға ұшырай бастағанын көрсетеді. Егер 1937–1938 жылдары болса, ең бірінші І.Есенберлин ұсталар еді. Тіпті М.Әуезовке «байдың тұқымын насихаттады» деген айып тағылғаны үшін «Абай» романы бойынша қаншама ақталуға тура келгені тарихтан мәлім. Ал І.Есенберлиннің бірден хан тұқымы туралы жазуытжәне кітаптарының алдымен орыс тілінде жариялануы – адам сенгісіз жағдай. Десе де, жазушыға мүлде тосқауыл қойылмады деуге болмас. Әдеби сараптама тұрғысынан келгенде, Кеңес өкіметі тұсында «Көшпенділер» трилогиясы туралы пікір айтқан ғалымдардың көпшілігі «Қаһарға» келгенде Кенесарыны ауызға алмай, сипай қамшылап өтіп отырған.
Кенесарыны зерттеп, хан туралы тарихи еңбекті алғаш жазған тарихшығалым Ермұхан Бекмаханов 25 жылға бас бостандығынан айырылады. Тек тәуелсіздікке қол жеткізген тұстардан бастап ғалымдар да өз пікірін ашық жариялай бастаған.

Абылай дәуірінен бастап қазақ психологиясын жіті зерттеп келе жатқан
патшалық өкімет тұзақты бір емес, бірнеше жерден құрған. Ресейдің Абылай заманынан бері жүргізіп келе жатқан отарлау саясаты ғана емес, қазақ халқының басына түскен басқа да қауіп бар. Ол – Оңтүстік қазақтары тәуелді болып, зорлық-зомбылық көріп келе жатқан Қоқан, Хиуа хандықтары. Ресей патшалығы тарапынан қауіп төнетінін сезгенімен, Орта Азия хандарының қазақтармен одақтасуға құлқы жоқ. Керісінше, қазақ даласын талан-таражға салатын оңтайлы сәтті күтіп отырғаны Ташкенттің құшбегісі (билеушісі) Бегдербекке көмек сұрап келген Есенкелді мен Саржан сұлтандардың қасындағы 18 нөкерімен қоса, ұйықтап жатқанда өлтірілуі арқылы ақиқат ашыла түседі. Тек Ағыбай батыр мен Саржанның баласы Ержан атқора
жақта жүріп, тірі қалады. Бұларға сол жерде жұмыс істейтін бір құл көмектесіп, қашырып жібереді. Бауырларынан қапыда айрылып, ыза болған Кенесарының «Ташкентті шабу керек» деген мәрт мінезін көреміз. Бірақ ел билеушілері бұған қарсы болады. Кенесарының кектенген сұлтандар мен патша бекіністеріне жасаған шабуылы ерекше сипатталады.

Романда Кенесарының інісі Наурызбай, шұбыртпалы Ағыбай, табын Байтабан, алтай Төлебай, тоғызтаңбалы Бұқарбай, бағаналы Құдайменде, қыпшақ
Иман сияқты қазақ батырларының кесек тұлғалары сәтті сомдалған. Қан
майданда қайтпайтын, жасымайтын, өршелене түсетін бұлардың көзсіз ерлігі
туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі арқылы көрінеді. Кенесары қозғалысы 10 жылға созылған. Кенесарының бар мақсаты – тә­­уелсіз хандық орнату, ел басқару жүйесіне реформа жүргізу, билік айту, саудасаттық жасау. Оның сауда-саттық керуендеріне тиіспей, салық төлетуі бүгінгі кедендік саясатты көрсетсе, салық салуға байланысты құрылған жасауылдар бүгінгі салық полициясын елестетеді.

Бұрын құл мен күңін өлтіргендер жазаланбайтын. Кенесары олардың және барымташылардың жазасын да қайта қарап, әділетті түрде шешкен. Атасы Абылайдың заманындағы хандық кеңес жұмысын қайта жандандырады. Роман соңында Абылай сияқты көрген түсі дәл келіп, Кенесары Көкілтау баурайында ажал табады. Көрген ұзақ түсінің қысқаша мазмұны мынадай: «Қырғыз манаптарына «Ағайынды екі жұрт бірігіп, Қоқанды жояйық. Жеке ел болайық» деп хат жазыппын. …Келісім сұрап барған Саурық батырды олар өлтіріпті. …Біз соғыспақ болып жатқанда Сыпатай батыр мен Рүстем төре біздерді тастап кетеді. Қалың қол қоршауға түседі. Бір жағында патша солдаттары, бір жағында қоқандықтар, бір жағында ала қалпақ манаптар.

«Жекпе-жек» десем, манаптар күледі. Мен бір-екеуі болса ғой деп арман еткен патша
зеңбірегі патшаның 5000 адамына бой бермеген әскерімді қырып барады. Бір уақытта Ақауыздың жалын құшып, Наурызбай құлады. Мен Қарасу өзеніне секіріп, арғы бетке өтсем, Төрегелді манап басқарған Қалиғұл жасағы тұр екен. Қалиғұл: «Иманыңды айт, басыңды аламыз», – дейді. Мен басымнан өткен өмірімді, туған-туысымды, қатын-баламды, үзеңгілес серіктерімді, туыпөскен Көкшенің көгілдір тауларын, Сарыарқаның айдын шалқар көлдерін көз алдыма елестетіп, ән салдым. Сондағы қоштасуымның екі ауызы қазір де есімде: «Қош, аман бол, Сарыарқа, өскен жерім», – деп басталады. …«Кенесарыөлді» дегенді естіп жатырмын. Нысанбай жоқтауы дара естіледі …

Бұдан кейін сыбан, албан жігіттері менің кегімді алам деп, Төрегелдіні ат құйрығына байлап өлтіріпті. Мұны көре алмадым…» дей келе, Кенесары оны көре алмауының себебін айтады. Қалған жағдайлар жіпке тізгендей баяндалады. Роман «Ал мынау көш Шыңғысхан шабуылынан бастап, алты жүз жылдан астам өзінің жері, суы, тәуелсіздігі үшін күрескен қазақ атты көшпенді көкжалдардың ең соңғы ұлы көші еді», – деп аяқталады. Ресейде оқып, білім алған қазақ жастарының типтік бейнесі Есіркеген
арқылы тәуелсіздік идеясының үміт оты, арманы сөнбегендей көрінеді.

Ро­ман­ды кім­дер зерт­те­ді?

«Қаһар» романы туралы пікір айтып, мақала жазып, зерттеулер жүргізген Ә.Марғұлан, Ә.Әлімжанов, Р.Бердібаев, Х.Әдібаев, М.Қаратаев, Ш.Елеукенов, Р.Нұрғали, Қ.Алпысбаев, Ж.Дәдебаев, Г.Ломидзе, В.Осацкий, Н.Ровенский, П.Косенко т.б. әдебиетші-сыншылардың зерттеулері бар. І.Есенберлиннің 10 томдық шығармалар жинағы 1984–1988 жылдар аралығында «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Алғы сөзді Р.Бердібаев, соңғы сөзді Р.Нұрғали жазды.

Дереккөз:  Қазақ әдебиеті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының
қоғамдық-гуманитарлық бағытына арналған оқулық. Р.Зайкенова,
Р.Сакенова, Л.Н.Нұрланова, 2020 жыл.

Ұқсас материал:

  1. Ілияс Есенберлиннің өмірі туралы мәлімет

  2. Сәкен Сейфулиннің өмірі мен еңбек жолы
  3. Сәкен Сейфуллин өлеңдерінің идеясы мен мәні

  4. «Қайталау» теориясы туралы түсінік


ПІКІР ҚАЛДЫРУ