Ағылшын тілі сабағында ойын элементтерін тиімді пайдалану

0
8985
Ағылшын тілін үйрену

Қазірде  мемлекеттік  тілді  жетік  меңгерген  ересек адамдар  үлесі  басым… Мен жаңа заманғы Қазақстандық үшін үш тілді меңгеру өз игілігі үшін міндетті шарт деп үнемі айтамын. Сондықтан 2020 жылы ағылшын тілін меңгерген халық үлесі 20 пайыздан кем болмауы тиіс деп есептеймін.

Н.Ә.Назарбаев.

 

Үш  тұғырлы  тіл саясаты  бұл – Елбасының халыққа қойған міндеті. Қазақ тілі – бұл мемлекеттік тіл, әрине, әр елдің мемлекет болып қалыптасуы үшін мемлекеттік тілдің  орны ерекше. Орыс тілі – заңға сай ұлтаралық қатынас тілі, ал ағылшын тілі –  халықаралық  тіл, сіздің  шетелге аяқ  басуыңызда  ажырамас  құралыңыз.

Тіл – халықтың ең басты қазынасы. Үш тұғырлы тіл саясатын қолға алсақ та, өз еліміздің ішінде қазақ тілін өгейсітуге болмайтынын әсте естен шығаруға болмайды. Мұндайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» — деген даналық сөз ойымызға орала кетеді. Тіл білу – байлық. Әсіресе, өркениеттік өрелік алға шығып, жаһанданудың лебі есіп тұрғанда көп тілді игергенге ешкімнің таласы бола қоймайтыны анық. Сондықтан қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген ұрпақ қалыптастырып, бәсекеге қабілетті болу мақсатында мемлекетіміз аямай қаржы бөліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Бүгінгі күні елімізде 12 жылдық білім беруге көшу қызу пікір-талас туғызуда, оқытудың жаңа жүйесіне көшу – әлемдік білім кеңестігіне енуді көздейтін заман талабынан туындаған мәселе. 12 жылдық оқу мерзімінде оқытуға жалпы орта білім беру мазмұнында қазіргі білім беру салалары сақталады: тіл мен әдебиет. Әсіресе 12 жылдық білім беру жағдайында ағылшын тілін оқыту әдістемесінің бірі – ойын элементтерімен іс-әрекеттер арқылы оқыту. Ойын элементтері оқытудың бірі болып табылады. Бұл әдістің тиімділігі оқушылардың белсенділігін пәнге деген қызығушылығын, ынтасын арттыруында болып табылады.

«Ересек адамдардың ісі, жұмысы, қызметі сияқты ойын да бала өмірінде маңызды болып саналады. Бала ойында қандай болса, өскенде жұмыста да сондай адам болады» деген А.С.Макаренко.

Ойын – оқу үрдісіндегі оқытудың әрі формасы, әрі әдісі ретінде дербес дидактикалық категория. Сонымен бірге ойынды мұғалім мен оқушының  бірлескен оқу әрекетінің өзара байланысты технологиясы ретінде қолдануға болады. Ағылшын тілі сабағында ойын формаларын енгізу барысында интерактивтік тақтаны қолданудың да маңызы бар.

Ойынның мақсаты – оқушылардың  алған білімдерін қалыптастыру, тиянақтау, пысықтау және сөйлеу дағдыларын қалыптастыру.

Ойынның міндеті – баланың  қызығушылығын ояту, белсенділігін арттыру, ойын арқылы оқу мен тәрбие ұштастыра отырып, білім деңгейімен дағдыларын жетілдіру, оқушыларды бір-бірін сыйлау білуге, көмектесуге, адамгершілікке үйрету.

Ағылшын тілін оқытуда ойын түрлерін мынадай мақсатта қолдану тиімді:

1.Альфавитті дұрыс меңгерту

2.Орфографияны дұрыс оқыту

3.Дұрыс оқу дағдысын қалыптастыру

4.Лексиканы меңгерту

5.Оқушылардың ойын дамыту, дұрыс жазу, дұрыс айту, дұрыс білу дағдысын қалыптастыру.

Мұғалім ағылшын тілі сабағында ойын әдістерін пайдаланып отыруы керек, сабақ қызықты өтуге, оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттыруға  білім деңгейін тексеру құралы ретінде де пайдалануға болады. Таңдап алынған ойындар оқушылардың сөз байлығына, тілдік қорына сай болу керек. Мұғалім кез келген ойынды өткізу үшін алдын ала жоспар құрып алуы керек. Сонымен бірге мұғалім ойынға қойылатын әдістемелік талаптарын біліп, орындалуы тиіс.

Оқу әдістемелік тұрғыдан алғанда мынадай бөліктерден тұрады:

1.Өтілетін ойын сабақтың мазмұны мен тақырыбына сай болу керек;

2.Ойынға берілетін уақытты нақтылап белгілеу керек;

3.Ойынның ойналу түрі – топ  болып ойнау;

4.Ойынға қажетті материалдарды түгелдеп дайындап қою;

5.Қолданылатын сөздер, сөз тіркестері, өлең тыңдау;

6.Ойынды ойнау барысында дұрыс жоспар құру.

Мұғалім алдымен оқушының оқуға деген қызығушылығын оятуы керек. Оқушының қызығу жәрдемімен оқып үйрену барысында қабілеті ашылып, дарыны ұшталады, өз күшіне, мүмкіндігіне сенімі артады, кісілігі қалыптасып дара тұлғалық сипаттарға ие бола бастайды.

Қызығушылықты ояту үшін ойын элементтерін пайдаланудың орны ерекше болады. Тиімді пайдаланылған ойын түрлері мұғалімнің түсіндіріп отырған материалын оқушылардың зор ынтамен тыңдап, жақсы меңгеруіне көмектеседі, себебі төменгі сыныптағы оқушылардың аңсары сабақтан гөрі ойынға ауыңқырап отырады. Қызықты ойын түрінен кейін олар тез сергіп, тапсырманы ықыластана әрі саналы орындайтын болады. Ойындар жас ерекшеліктеріне қарай барлық сыныптарда сабақтың тақырыбына қарай қолданылады.

Сонымен бірге, сынып ішінде ойнайтын ойындар мен іс- әрекеттер арқылы да оқытуға болады. Біз сыныпта отырып ойындарды қай уақытта қолдануымыз керек? Мысалы, сабақ үстінде жаңа сөздерді қайталау үшін, өткізген сабақты қайта еске түсіру үшін қолданған жөн.

Сынып ішінде мынандай әр түрлі ойындарды қолдануға болады:

What is in the bag?

Around the world

Board Race

Order Race

Question Race Bingo

Go fish

Let’s draw

Let’s count

Бұл ойындар арқылы оқушылардың танымын кеңейтіп, білім мен білік шеберліктерінің жан-жақты дамуына, қалыптасуына, тілдік материалдарды жақсы біліп, сөз тіркестерін меңгеруіне көп көмектеседі.

Ағылшын тілі пәнінде көбіне рольдік ойындар, грамматикалық ойындар, танымдық ойындар қолданған тиімді. Ойын-оқу, еңбек іс-әрекеттерімен бірге адамның өмір сүруінің маңызды бір түрі. Іс-әрекет оқушының белсенділігі мен білім сапасын көрсетеді. Осы әрекеттер арқылы оқушыларды оқытуға болады. Іс-әрекеттің мынандай түрлеріне тоқталайық:

Matching

Categories

Fill in the blanks

Dialogues

Drawing

Singing

Осындай іс-әрекеттерді сабақта жиі қолданып отырса өте жақсы нәтиже береді.

Ойынның өзіне тән мотивтері болады. Мысалы: мазмұндық, рольдік ойындар баланың зейінін, есін, ойлауын, қиялын қалыптастыруда зор маңызды роль атқарады.

Ойын сабақтың әр кезеңдерінде, тақырыбына қарай мұғалім өзі таңдап алып, қолданып отырады. Мен енді тілді меңгерту мақсатында қолдануға болатын бірнеше ойындар туралы айта кетейін:

«What is in the bag?» «Сөмкеде не бар?» ойыны

Мұғалім алдымен балаларға бір сөмке алып келеді, балалардан сұрайды: «Балалар сөмкеде қандай зат бар?».  Балалар сөмкеде дәптер, кітап, қаламсап және басқа заттар бар деп айта бастайды. Мұғалім сұрақты өтілген тақырыпқа байланысты сұрайды және бұл ойынды сабақтың соңында, әсіресе сол күнгі өтілген жаңа сөздерді еске түсіру үшін қолданғаны жөн. Мұғалім алдымен сөмкенің ішіндегі заттарды таныстырады, содан соң сұрақ қояды: «Сөмкеде не бар?», «What is in the bag?» Мұғалім оқушыларға сол затты көрсету арқылы сұрайды. Мысалы a pen, a copybook, a pencil, a ruler, a rubber деп көрсетеді. Сөздерді ұмытпау керек. Сосын оқушыларға сөмке ішіндегі заттарды таратып беріп, оқушылардан осы заттарды сұрауға болады.

Бастауыш сынып оқушыларына жиі қолданатын ойынның бірі – ‘Let’s draw a Rainbow’’ ойыны. Бұл ойынның мақсаты: оқушылар түстерді ағылшын тілінде қалай айту керек.

Ойынға қажет құралдар: түрлі түсті қарандаштар, кемпірқосақ салынған сурет, түрлі түсті шарлар т.б. Ойын барысы: мұғалім кемпірқосақ суретін тақтаға іледі. Оқушылар 7 түрлі түсті карандашты партаның үстіне қояды. Мұғалім «This is rainbow I can see red colour (сол түсті көрсеткен кезде,оқушылар сол түстегі қарандашты көрсетеді) orange, blue, yellow, green, dark colour» деп барлық түсті ағылшынша айтып түсіндіреді. Мұғалім оқушыларға кемпірқосақтың барлық түстерін алдымен ағылшын тілінде суретіне қарап айтады. Соңында ағылшынша «The rainbow is colourful It is beautiful Let”s draw a rainbow!» деп  кемпірқосақтың суретін дәптерлеріне салдыртады.

Келесі бір ойынымыздың аты – «Доппен ойын».  Балалар допты бір-біріне лақтырып, заттардың атауын, түсін немесе әріптердің атын айтып жалғастыруы керек.

«Сұрақ қой» ойыны

Үстелдің үстіне бірнеше заттарды қояды оқушылар сол заттарға сұрақ қояды, келесі оқушы сұраққа жауап береді.

«Bingo» ойыны

Әр оқушы бір сөйлемді таңдап, сонымен ғана жұмыс істейді. Мұғалім оқылған сөздерді бейнеленген  флэш-карталарды мөлдір емес дорбаға салады. Балалар кезек-кезек бір карточкадан шығарып, сөзді айтады. Бірақ сыныпқа көрсетпейді. Қолындағы сөзді бейнелейтін суреті  бар оқушылар өздерінің жолынан оны сызып тастайды. Жолдағы барлық сөздерді сызып тастаған бала «Bingo» деп айқайлайды. Мұғалім жаттығудың дұрыстығын тексереді. Егер сөздердің барлығы аталған болса, бұл бала жеңімпаз аталады. Қорыта келгенде, ойын әрекетін, сіз ағылшын лексикасын оқушының есінде қалдыру тиімділігі және ақыл ой күшіне қажет етеді.

« Board race» – «Тақта сайысы» ойыны. Бұл ойынның шарты: мұғалім оқушыларды екі топқа бөліп, ойынның шартымен таныстырады. Бұл ойында мұғалім түстер, сандар, сөздер айтады, сол айтылған сөздерді оқушылар қатесіз жазу керек. Келесі оқушы әрі қарай жалғасын жалғастырып отырады. Соңында оқушылардың жазғанын тексеріп қателерін жөндеп қай топтың жеңгенін анықтайды Мысалы :

P-1                                                     P-2

Red                                                   Red

Ten                                                   Ten

Stone                                                Stone

Winter                                              Winter

Book                                                 Book

Бұл ойында балалар шапшаңдықты, дұрыс жаза білуді, өткен сабақты есте сақтай білу қабілеттері артады.

Ендігі біздің ағылшын сабақтарында өте жиі қолданатын ойынымыздың аты – «Question race» – Сұрақтар сайысы. Бұл ойынның шарты: мұғалім сол күнгі өтілген сабаққа қатысты сұрақтар қояды. Осы сұрақтар оқушыларға таратылып беріледі. Оқушылар берілген сұрақтарға дұрыс жауап беруі керек. Мысалы, жыл мезгілдері тақырыбын өткен кезде суреттер арқылы да мынандай сұрақтар қолдануға болады:

1.How many seasons are there in a year?

2.What are they?

3.How many months are there in a year?

4.What are they?

5.What season it is now?

6.What month is it now?

7.How many days are there in a week?

8.What are they?

Осы сұрақтар арқылы оқушылардың сөйлеу қабілеттері артып, сөздік қорлары молайып, сабаққа деген қызығушылығы артады.

Қорыта келгенде, оқу үрдісінде ойын түрлерін ағылшын тілі сабағында пайдалану, біріншіден, оқушылардың білімін берік меңгерту құралы болса, екіншіден, балалардың сабаққа деген қызығушылығын көтеру болып табылады. Ойын түрлерін пайдалану мынадай нәтижеге жеткізеді: :

1.Әр оқушының шығармашылығы артады;

2.Жылдам жұмыс істеуге дағдыланады;

3.Оқушының жеке қабілеті анықталады;;

4.Оқушы топ жаруға ұмтылады;

5.Оқушының сөйлеу қабілеті дамиды;

6.Әр оқушы өз деңгейімен бағаланады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Мектептегі шет тілі Республикалық әдістемелік журнал № 6.2011

2.Қазақстан мектебі № 1. 2004  Ғылыми- педагогикалық журнал

3.Қазақстан мектебі « 7-8: 2001

  1. Бастауыш мектебі № 5: 2005
  2. Мектептегі шет тілі № 1: 2009

 

 

Тәжібаева Айшарат Сапақызы

№ 131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектебінің 

«Ағылшын және неміс тілдері» мамандығының мұғалімі 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ