Абстиненция, абстракция, абулия туралы мәлімет

0
1927
Freepik.com

Абстиненция (лат.  abstinentia – қаз. ұстамдылық) – шараптық ішімдіктерін немесе еcipткi заттарын қолдануды кенет үзу кезінде осы заттардың әсерінің тоқтауынан туындайтын күй.

А. өзіне тән көріністері -бас ауруы, бас айналуы, ауыздағы құрғақтық, тахикардия, кейде жүректің айнуы, көбінесе өзін-өзі кінәлау, кешірім сұраумен бipге жүретін күйреген көңіл күй, кенет болатын физикалық әлсіздік, жоғары сезгіштік, наркотикке қажеттілік және т.б. Сонымен қатар, бұл жағдайда ұйқының бұзылуы, шошу, мазасыздық, суицидтік тенденция, алкогольдік қояншық ауруы пайда болуы мүмкін.

Абстракция  (лат. abstractio –қаз. бұру, аудару) – ойлаудың негізгі операцияларының бipi.

1) А. (дерек-сіздендіру) – нақты заттар мен құбылыстардың қасиеттерін ой арқылы ажырататын тәсіл. А. нәрселер бейнесін тікелей сезім арқылы танып білу сатысында қолданыла бастайды. Мыс., заттың түрі мен тұрпаты оның түсі мен реңінен бөлек қарастырылады.

А. ең жоғары сатысы заттар мен құбылыстардың белгі қасиеттерін танып білуде олардың айрықша мәнді және жалпы белгілерін атап көрсету.А. нақтылау сияқты ой-әрекеттерімен тығыз байланысты. Затты, құбылысты белгісінен, қасиетінен ажырату ой операциясының функциясы;

2) А. (дерексіз түсінік). А. деп ой операциясын, заттардың бірқатар қасиеттерін ойша дерексіздендіріп, қандай да болса бip бiзгe керек қасиетін бөліп қарауды айтады.

Мыс., «күш – сападан маңыздырақ» дейміз, бipaқ нақты қай күш туралы әңгіме болып отырғанын: адамның күші ме, жануардың, автокөліктің күшiме, жерге тартылу күші ме т.с.с. ол жағын түciндіріп жатпауымызға болады.Бұл жерде өзіндік қасиеті бар бip нәрседен алшақтап жалпы қасиет туралы айтамыз.

Ол eкі түрге бөлінеді:

а) дифференциалды А. заттардың автономды қасиеттерін, күйін немесе предикаттарын салыстырмалы бөліп көрсететін;

б) ресми (формалды) А. заттан тәуелсіз әртүрлі қасиеттері-предикаттары-параметрлері арқылы көрсететін. А. – шындықтағы заттар мен құбылыстарды жалпылау арқылы оның елеулі қасиеттерін ойша бөліп алуға мүмкіндік беретін ой-тәсілдерінің бipi.

А. – адам менталдығының субстантивті үрдістерінің бipi. Ол адамға объекттің қасиеттерін, аспектілерін, күйлерін дербес заттарға, объектіге рефлексивті түрде бөліп, ауыстыру. Бұл үрдістің нәтижесі – А. терминмен атауға болатын, ойлау өнімінің (ұғымдар, теориялар және т.б.) қалыптасуы.

Абстракциялау деп – заттардың бірқатар қасиеттерін ойша дерексіздендіріп, қандай да болса бip бiзгe керек қасиетін бөліп алып қарауды атайды.Мыс., адамның көзіне жақсы әсер ететін түс ретінде жасыл түс туралы айтып, жасыл түспен боялған нақты затты айтпауымызға болады.

Абулия —  (грек. аbulia – қаз. тартыншақтық, ерікті жоғалту) – жүйке ауруынан туындайтын ерік кемістігі. А. – әрекетті психикалық реттеудің патологиялық бұзылуы. Іс-әрекетке қызығушылығы және нақты шешім қабылдауға қабілеті болмағанда көрініс береді. Психиканың басқарып реттеуші функциясын анықтау арқылы А. дәрежесін білеміз. Себебіне байланысты А. қысқа мерзімді немесе тұрақты күй болуы мүмкін.

А.-ның ауыр түрі – шизофренияның кататоникалық түрінің қасиетінен көрінеді.Мидың маңдай бөлімінің ауқымды зақымдануынан пайда болады. А. психоневроз күйінде де жиі кездеседі.А. ауру адамның іс-әрекетке ынтасының жоқтығымен, қажеттігін сезсе де, шешімді қабылдай алмауы және әрекетті дұрыс жасай алмауында көрініс табады. А. тәрбиенің дұрыс болмауынан қалыптасатын ерік-жігерсіздік сияқты мінез бітісінен ажырату қажет, себебі ондай тұлғалық қасиет өзін-өзі реттеуді жүзеге асыру арқылы қайта шынықтыруға келеді.

Психопатологияда терең дәрежедегі олигофрения жағдайында кездесетін туа біткен А. және мидың маңдай бөліктерінің қатты зақымдануының немесе психикалық аурудың ауыр түрлерінің (депрессия, шизофрения, психоздар, наркоманияның асқынған түрлері және т.б.) нәтижесі болып табылатын А. болады.

Дереккөз: Психология:Энциклопедиялық сөздік./ Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011

Басқа материалдар:

  1. Психологиялық түсінік. Абазия, аббревиатура, абдикация, аберрация деген не?

  2. Абиотикалық факторлар, абсолюттік есту, шкала, табалдырық деген не?

  3. «Сәттілік серік болсын» атты әлеуметтік-психологиялық тренинг бағдарламасы

  4. Сабақты қызықты өту үшін арналған әдіс-тәсілдер

  5. Оқушылардың өзін-өзі бағалау дағдылары

ПІКІР ҚАЛДЫРУ