Қайсар рухты қазақ

0
1729

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар,

«Еркек тоқты – құрбандық»,

Атам десең, атыңдар!-

деп қайсар рухымен ел есінде қалған, Желтоқсан оқиғасы батырларының бірі Қайрат Рысқұлбековтың туған күні.

 

1966 жылы 13 наурызда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында малшы әулетінде дүниеге келген. 1973-1981 жылдары Сәду Шәкіров атындағы мектеп-интернатта сегіз жылдық білім алды. Мектепте қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болды.  Ал 1981-1983 жылдары Бірлік ауылында, бұрыңғы Киров атындағы орта мекебін бітірген. 1984-1986 жылдары Амур өлкесі Белогор қаласында әскери міндетін абыроймен өтеп, сол жылдың мамырында Алматы сәулет-құрылыс институтына келіп сынақтан сүрінбей өтіп, оқуға түсті.

 

1986 жылы 16 — 19 желтоқсан аралығында Алматыда болған қазақ жастарының Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық көтеріліске шығып, ең жоғары жазаға іліккендердің бірі — Қайрат Рысқұлбеков.

Қаймана қазақ қамы үшін

Қарусыз шықтық алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін,

Кез болдық мынау заманға-

деп («Ақтық сөз») жыр нөсерін төккен бозбала Қайрат еді ол.

 

Тұтқынға түстім жаутаңдай

Жоламай ешкім қасыма.

Бара қалсаң сәлем айт,

Елдегі құрбы-досыма…

Қайрат астана халқы жаңа жылды қарсы алып жатқан алғашқы күні ұсталды.

 

Ақтық демі таусылғанша тергеу кезінде айтқан сөздері:

«Иә, мен сіздерден еш жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым. Барғанда да Қонаевты да, басқаны да қоғауға емес, алаңда қазақтың уыздай  жас қыздарын ұрып-соғып, өлтіріп жатыр дегенді елден естіген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң тұл бол» деп отыруға еркектік ар-намысым жетпеді.  Ер қатарында, ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспін. Құдайға шүкіршілік, кеудемде нағыз ерге лайық намыс баршылық. Оның үстіне, «қыздық жолы жіңішке» деген. Менің түсінігімше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардан – хайуандардың еркегі де – ұрғашысына мүйіз, я болмаса тұяқ көтермейді. Ал біз – бәріміз де аң емес, адамзаттың ұлы – адамбыз…

Иә, мен сорлығымнан жазықсыздан-жазықсыз ату жазасын алдым. Өйткені, өзімнің кінәлі емес екенімді, адалдығымды, қолымнан қан емес қанша зар еңіреп айтқаныммен өзімді еш ақтай алмадым.

Дүниеде адам баласының өзі-өзін ақтауы өте-мөте қиын екені кеудесіне жаны барлардың бәріне жақсы белгілі. Сондықтан, маған да бұл жағы өте қиын…»

 

Армандаған ақ сәулеге жетпедім…

 

«Менің тағдырым»

Өмір бойы жолым болы көрмеді,

Жылап келем бұл дүниеге келгелі.

Қайғы шаңы басты менің денемді,

Түспейді шаң сілкінсем де мен енді.

 

Тағдыр мені аямады, қорлады,

Жалынсам да, жыласам да болмады.

Қараңғы өмір, бақытым жоқ, жоқ менің

Армандаған ақ сәулеге жетпедім…

 

Жолдаған сәлемімді дос алмады,

Шын ба екен-ау, тас керең боп қалғаны.

Айта берем, айта берем – қайбірін..,

Ауыр менің, ауыр менің тағдырым…

 

«Бір досыма»

Өмірдің азабы мол, тәттісі аз,

Тәттіні шыққан жерден беліңнен қаз.

Су ақса, мұз боп қатар қар жауғанда

Ұмытпа, болмайтынын мәңгілік жаз.

 

Қателік менен де өткен, сенен де өткен,

Данышпан, даналардан – одан да өткен.

Кеңпейіл жылу шашқан жүрек болса

Жастықтың албырттығын кім кешпеген?

 

Айналып, бір қазыққа біз байландық,

Қай жерден жүз жаңылыстық – жүз ойландық.

Қолында билігі бар ағалардың

Мейіріміне сусап едік, бір тоймадық.

 

Кім бар-ау, түсінетін жанымызды,

Не үшін төгіп едік қанымызды.

Көгенге байлап қойған қозы –лақтай,

Неге еркін жібермеді бәрімізді?..

 

Далада Күн күлімдеп күлген шығар,

Құлын-тай шұрқырасып жүрген шығар.

Алыста, мың бұралған Шу бойында

Гүл теріп құрбыларым жүрген шығар.

 

Осының бәрін қалай айырбастап

Кеттім деп, мен отырған шығармын-ау.

Кеттің деп, сен отырған шығарсың-ау.

Ойланшы… Сонда ғана ұғарсың-ау.

Ойланшы, сонда ғана ұғарсың-ау!

 

«Ағажан»

Ауылдың барлық баласы,

Өзіңе қарап өсетін.

Ағажан, сынай қарашы,

Шәкіртің едім кешегі.

 

Өзгеріс бар ма бойымда,

Төңкеріс бар ма ойымда.

Көзіме бірақ мақтама,

Кемісім болса мойында.

 

Не дейін аға, не дейін,

Шалқыдым ба көлдейін.

Найзағай болып жарқылдап,

Жауа алдым ба селдейін.

 

Таныдың ба бала бүркітті,

Шыға алдым ба биікке.

Әлде, ақтамай үмітті

Қалдырдым ба күйікке.

 

Төмендеп, кейде биіктеп,

Өзіңнен сұрақ сұраймын.

Қансырап бала киіктей,

Құшағыңа келіп құлаймын…

 

 

«Құйынға» түскен ғұмырлы Қайраттың жасы небәрі 22-де еді. Көзі тірі болғанда 55 жасқа толып, бір буынның ұстазы, күн нұрындай шуақ шашар, дуалы ауызды қаламгер, қазақ әдебиетінің гүлденіп, көркеюіне үлесін қосар ақын болар ма еді?..

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген.

Арғымақ мінген жаратып,

Ақ сауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!..

 

Дерек:

Табей Қ.

Т 12 Қайсар рухты қазақ: Қайрат Рысқұлбеков. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1994, — 120 бет.

 

Мөлдір АУБЕЛ,

«Тұран» университеті

Журналистика мамандығының студенті.

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ