Қайсар ұлдың жан сыры

0
776

Қайрат Рысқұлбековтың ой-толғауын, кеудеңізге күш-қуат, жігер беріп рухтандыратын ағалық ақыл-кеңесін оқи отырыңыз!

***

…Бұл дүниедегі ең зор бақыт – еркіндік екен ғой, кім білген. Адамның бостандықтағы бір күні қапастағы бір ғұмырдан әлдеқайда қымбат екенін енді білгендеймін. Осы түрмедегі біздің күнімізді адам түгіл, итіңе бермесін.

***

…Арман қудың ба, алдыңа қара, артыңа алаң болма! Өмірдің өткелін іздеп таптың ба, жүрексінбе, көзді жұм да, қойып кет, белді шеш те, кешіп өт.

***

…Дүниедегі ең жаман нәрсе – күдік. Бұл шаққа дейін мен тыныстаған күндер, мен кешіккен тіршілік онша ұзақ емес. Бірақ күрделі, аумалы-төкпелі, бұрмалаңы мен шырғалаңы да бірқатар… Осынау нақақтан күйген үш айдың ішінде мен шерменде, күдік дегеннің не екенін білгендей болдым. Тірі кісі үшін, әсіресе, өзін жазықсыз жазықты сезінуден жаман нәрсе жоқ.

***

…Қорқу, сескену дегеніміз қорқақтық емес, ол – жүрек тебіренісі, өзін-өзі шектеу сезімі. Қорқақтық – ол қиын жерден бас сауғалай шегіну, қашқақтау, алда тұрған асыл міндеттен өз қара басын жоғары ұстау.

***

  • Алла-ай, өзің бір сәтсіздіктік үшін ғана туған адам екенсің, — деп қалды досым маған сенімсіздікпен қарап. Бар болмысымен күйзеліп айтты.

Бұл не дегені? Сонда не, ол да сенбегені ме? Менің аз, таза екендігіме. Менің жаладан, нақақтан күйген жаралы жүрегіме де қарамағаны ма? Егілген жанымды сезбегені ме? Егізімнің сыңарындай көретін досымның да мен туралы бар ұғымы осы болғаны ма?

***

…Адам махаббаты – аса жоғары адамгершілік мәдениеті. Махаббатына қарап, оның қандай адам екені жайлы айна-қатесіз тұжырым жасауға болады. Өйткені, біздің қоғамымыздың келешегі, оның адамгершілік негіздері үшін жауапкершіліктің ең айқын көрінісі махабаттан басталады.

***

…Неғұрлым адамның рухы шырқау биік әрі берік болса, ол ешнәрсеге бой бермейді, ондай адамға өлім де бата алмайды.

***

…Ошақ – үйдің жүрегі,

Бұлақ – ауылдың жүрегі.

***

Ұстадан – біз,

Тұлпардан – із қалады.

***

Аң таппаған атынан,

Ата алмаған мылтығынан көрінеді.

***

Жас жаңылады, үлкен кешіреді.

***

Ақылды қария – ағынды дария.

***

Кішкентай ауыз үлкен сөзді де айтады,

Кішкентай оқ үлкен кемені де теседі.

***

Жаман – табысқа, жақсы – талапқа құмар.

***

Сөз ең мықты оғың – оны босқа жұмсама.

***

Аяғы лас төрге дейін былғайды,

Тілі лас көрге дейін былғайды…

 

Дерек:

Табей Қ.

Т 12 Қайсар рухты қазақ: Қайрат Рысқұлбеков. – Алматы: Атамұра – Қазақстан, 1994, — 120 бет.

 

Мөлдір АУБЕЛ,

«Тұран» университеті

Журналистика мамандығының студенті.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ