Айтыс – қазақтың төл өнері

 «(Айтыста) халық театрының анық, дәл ұрығы бар»

М.Әуезов

Қазақтың қанына сіңіп кеткен суырыпсалмалық айтыс өнері күні бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Ол – ауыз әдебиетінде қалыптасқан ерекше жанрлардың бірі. Оның ерекшелігі сонда, айтыскерлер өлең шумақтарын аяқ астынан, тосыннан ойлап табады. Осындай өнерге тәнті болған жұрт айтыскерлерді қолпаштап, қолдау көрсетіп, шабыт беріп отырады. Төл өнеріміз ортамызға қайта оралып, бүгінгі таңда ақындарымыз Сүйінбай, Жамбыл секілді айтыскерлеріміздің ізін жалғастыруда. Айтыскерлер санаулы ғана болғанымен, жыл санап олардың саны артуда. Төл өнерімізді насихаттап жүрген жастар қарасы көбеюде.

Айтыс өнері жайлы кеңірек түсінік алу үшін, адуынды ақындар Жандарбек Бұлғақов пен Дидар Қамиевтің айтыстағы өлең шумақтарына шолу жасағанды жөн көрдім.

Жандарбек Бұлғақовтың сөздерінен:

…Алтын домбыра секілді музейдегі,

Нақты бір қожайыны болмайтын қыз.

Сахнада жігіттерді қапсатқанмен,

Билікке еш салмағын салмайтын қыз.

Өйткені 21мың теңге сұрап

Өкіметтің мазасын алмайтын қыз

Дау қылып пособья мен баспананы

Ешқандай митингіге бармайтын қыз…

Осы шумақтарымен Жандарбек ақын қарсыласы Жансаяға сөзден оқ жаудырып халықтың түйіткілді мәселелерін де назардан тыс қалдырмай атап өтеді. Айтысты халық осы үшін, яғни, астарлы шындығы мен қағытпа қалжыңы аралас болғаны үшін сүйіп көреді. Ащы шындық ашық айтылатын айтыстар көбіне халық арасында шу тудырып жатады. Сондай айтыстардың бірі Дидар Қамиев пен Жандарбек Бұлғақовтың айтысына назар салсақ.

Айтыскер Дидар Қамиев:

Жүкеңе жолай алмай жүр едің ғой,

Білмеймін бүгін кімнен қайрат алдың?

Алған жарың қызы еді Жалайырдың

Сен жайында осындай жайға қандым.

Сен үшін бір керемет күн болған-ау

Тоқаевты патша ғып сайлатар күн.

Қатысып кеткеніңе қарағанда

Қатысы боп кеткен ау қайын атаңның…

Жоқ әлде бұл патшаға күйеу бала деп

Бейшара ғып қойдың ба бізді демде?

Негізі қорқатұғын түгі де жоқ

Ілескен ілік едім ізгілерге.

Екінші президентке күйеу бала деп,

Таңқалар ештеңем жоқ үздік елде.

Жандарбекжан сен де көп шіренбегін

Салатын адамға ұқсап бізді жөнге.

Өйткені ең бірінші президенттің

Өзі де күйеу бала ғой біздің елге…

Халықтың сүйікті айтыскеріне айналған Дидар ақын бұл сөздерімен Жандарбектің айтыста ұзақ көрінбей кеткенін сөз ете келе, еліміздегі саяси өзгерістердің де астын сызып өтті. Оған қоса, бүгінде мінбердегілердің ықпалды екендерін әзіл мен шындық араластыра жеткізеді.

Жандарбек Бұлғақов:

…Күйеу бала болдың деп Тоқаевқа

Менің қайын жұртымды санап өтті.

Кемпірдің де шешесі бар дегендей

Қайталайын ол қызметке жаңа жетті.

Шындықты бірақ бәрі біліп отыр

Халықты кім алданғыш бала депті?

Рөлде екі пилот отырғанмен

Бір адам басқарып тұр самолетті.

Менің қайын атамда не бар дейсің

Жездеңіз болып тұр ғой шамалы епті

Сенің жездең кабинет бергенменен,

Креслосын өзімен ала кетті…

 

Себебін мен қалжыңмен жеткізейін

Ешкімнің қар жатпасын қабағында:

Сталиндің қысымды  көріп қалдық

Жүрсек те «Нұр Отан»-ның заманында

Ерманов репрессия ғып жіберді ғой

Тар жол тайғақ кешу бар табанымда.

Туылсам бес арыстың заманында

Сібірдің жатар ма едім барагында,

Түрмеден қашып шыққан Сәкенге ұқсап

Әйтеуір әрең жеттім жаңа мұнда…

Ақын Жандарбек ақын өз жауабында ел басқарудағы халық көріп отырған шындықты тайға таңба басқандай қылып айтып салды. «Сенің жездең» , «менің қайын атам» деген псевдо-туыстық қатынастармен өлеңдерінің салмағын жеңілдете білді. Ал айтыстан шеттетілгенінің себебін тарихтан сыр шерте отырып, халқына түсіндіріп берген болатын.

Ақындар айтысынан сан-мыңдаған мысалдар келтіруге болады. Себебі, айтыс көбіне осындай эпигондармен көмкеріледі. Кез келген айтыс сатира мен сарказмға толы болады. Шындық араластыра қалжыңдап, халықтың жүзіне күлкі үйіре отырып, жылата алады. Ақындар қара домбырасы мен қанжардай тілі арқылы шындықты тұспалдап, қағытпа қалжыңмен жеткізеді. (Одан соң цензураға бас иген арналар оның барлығын эфирден қиып тастайды). Cөз түсінер халық айтысты сүйіп көреді. Және де ақындар әрдайым халықпен бірге.

Қорытындылай келе, ертеден келе жатқан ақсүйек өнердің біздің заманымызда көрініс тауып, көрермендердің көзайымына айналуы көңіл қуантарлық жайт екенін айтқым келеді.

Гүлманат Райымбаева


ПІКІР ҚАЛДЫРУ