Ажырасу шешім емес

0
1335

2019 жылы 60 мыңға жуық ажырасу, жалпы тіркелген 139,5 мың некенің 43 % құрап отыр. «2019 жылғы қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасына сәйкес некені бұзудың негізгі себептері: туыстарының араласуы, ерлі-зайыптылар сатқындығы, құмар ойындар, жаман әдеттер(спиртті сусындар, т.б.) тұрмыстық зорлық-зомбылық, ерлі-зайыптының өз міндетін орындамау болып табылады.

Отбасы — қоғамның негізгі іргетасы, бақыттың кілті мен тәрбиенің ошағы. Қазақ халқының ежелден келе жатқан отбасы құндылықтарын, сайып келгенде осы ұғымдармен сәйкес келетіні анық. Біздің бүгінде өз тарихын, салт-дәстүрін, Абай атамыз салған сара жолы мен тілін білетін, тәуелсіз мемлекет болып, қыран құстай самғап жатқанымыздың бір белгісі «отбасы» құндылығында.

 «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің». Кезіндегі қазақилықтың тәлім-тәрбиесімен өскен жандардың бүгінде орта жасы қырықтар шамасында. Қазіргі қоғам жастарының батыс өркениеті мен мәдениетіне еліктеушілік дейміз бе, әлде заман талабы дейміз бе, адамдар өзгеру үстінде. Отбасын құру, ажырасу бір ұғым секілді.

Балаға кері әсері

Екі тараптың ортақ шешімге келе алмай жанжал тууы баланы қиын жағдайда қалдырады.  Әке мен ананың махаббатын, толық отбасының ошағында, ата-ананың құшағында тәлім мен тәрбиені сезінбегеннен кейін балаға кері әсері тиеді. Ата-ананың ажырасуы әр жастағы балаға әртүрлі әсер етеді. Оның бойында психологиялық ауытқулар, реніш, агрессия, қорқу сезімдері оянады.  Осы мәселелердің туындағанына тікелей өздерін жауапты деп санайды. Ата-ана арасында балаға деген таласуды көрсе, өзін кінәлі сезінеді. Ана немесе әке үйге белгілі бір жағдаяттармен келмей қалса,  балада «Мені жақсы көрмегендіктен келмеді» деген түсінік қалыптасады. Осы сынды жағдай баланың басында әртүрлі сезімдердің пайда болуына және мінез-құлқының өзгеруіне себеп болады.

Алимент. Ата-ана міндеті

Қазіргі қоғамда ажырасу проблематикасы өршіген сайын,  алименттің де бір төбе болып бой көрсетуі бекер емес. Ата-ананың ең негізгі міндеті — баланы асырап, ер жеткізу. Біліммен сусындатып, «тұлға» ретінде қалыптасуында өз үлесін қосу. Бірақ, бұл міндетті де, өз борышы мен ата-аналық парызын өтеп жатқан жандардың да аз екенін ескере кеткен жөн. 2019 жылы алимент төлемегендер бойынша 192 мың іс қаралған.14 мың адам алимент төлемеген. Осы мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2019 жылдың біз үшін ауыр кезеңдердің бірі екенін ұғамыз. Ата-ананың баланың алдында өз борышын, ата-аналық міндетін жөнді орындамауының себебінен қаншама бүлдіршін таршылық, жоқшылықтың күйін кешуде.

Кемшіліксіз адам болмайды

 «Біреудің бойынан кемшілік іздеме — өнер ізде». Мінсіз дос пен жар табылмайды. Адам баласының нағыз ерлігі —  кемшілігі бар жанды бар болмысымен қабылдап, тату-тәтті өмір сүру. Сондықтан шаңырақ көтерген кезде келеңсіз жағдайларға дайын болып,  түсіністік пен сабырлық таныту керек. Асығыс үстінде шешім қабылдаудан аулақ болған жөн. Белгілі журналист Бейсен Құранбек «Ешқашан ажыраспаймыз. Маған әйел табылады, оған күйеу табылар, ал балаларға бөтен біреу әке-шеше бола алмайды» деген қағиданы ұстанған. 

Жастар-елдің келешегі, қоғамның келбеті. Жаңа тыныс пен жаңа лептің нышаны. Елдің ертеңі берік, көк байрағы желбіреген егеменді ел болуы үшін, іргетасымыздың берік болуынан бастауымыз керек. Отанды сүю отбасынан басталады.

 

Мөлдір АУБЕЛ,

«Тұран» университеті

Журналистика мамандығының студенті.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ