Ажырасқандарың құтты болсын!

0
768
Иллюстрация: Freepik.com

Мұхтар Шерімнің сатирасы көлемі жағынан көлшіктей азда болса, мағынасы жағынан келгенде теңізден терең. Қазіргі қоғамда белең алып келе жатқан ахуалды мысқылдай, кемсіте, күлдіре  оқырманға жеткізген. 

Ой толғау

 Тойдың түрлері өте көп. Бірақ «ажырасуды» той деп ата-бабамыз ешқашан санамаған, тойламаған. Тойлардың қатарына қоспақ түгілі, ажырасу деген дүниені ойларына да алмаған. Бұл туындыда қазіргі ене мен келіннің жағдайы туралы сөз қозғалған. Жанұялы отбасының бүгінгі келбеті, келіннің парызы,  қызметі, тәрбиесі баяндалған. 

Сатираға тоқталсақ, қуаныштан көзіне жас алып, қуана сөйлеген әжейді, қарт кісіні көргенім жоқ. Ата-ана бауыр еті баласының бақыты үшін барлығына барады. «Баламның таңдауы, балам бақытты болсын. Мен ертең мәңгілік жанынан табылмаймын. Киелі қара шаңырағын шайқалтпайын, жастар бақытты болсын.  Үбірлі-шүбірлі болсын» — деп жастардың арасына кіріспеуге тырысады. Ене — сенің екінші анаң. Саған білмеген дүниелеріңді үйретіп, ендігі сені тәрбиелеуші.  Осы тұста, 5 саусақтың бірдей еместігіне, ене мен келіндердің барлығы жақсы немесе жаман екенін білдірмейді. 

Мен, әжейдің және автордың баяндаған, суреттеген оқиғасын шынайы толғағым келіп тұр. Әженің «қайтейін» деп өкінішпен  бастаған жолдары әлі де баласының қамын ойлағандығы. Ажырасып жатқан жандарға алдағы өмірде  бақыт тілеп жатқандығы. «Қазір не көп той көп, енді ажырасу тойында сөз сөйлеп жатырмын».  Әженің сөздерінен уайым, өкініш, ұят сезімі, қапалану, жігерсіздік, шарасыздық сезімдері білінеді. Автор осы арқылы  қазақ халқында отбасы құрудан ажырасудың жиілеп, жанұя деген ұлылықтың мән-мағынасың кетіп бара жатқандығын көрсеткісі келді.

Қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, ұлылығы, сыйластығы, тәрбие негізі жанұядан бастау алады. «Отан – отбасынан басталады». «Ел боламын десең, бесігіңді түзе». Ата-бабаларымыз осы сынды  принциптерді ұстану арқылы біз бүгінімізге жеттік. Ендігі таңда келешегіміз не болмақ? Отанның бастауы — отбасы, елдіктің бастауы — бесік. Оны тәрбиелейтін ата-ана! Бала тәрбие алатын орта — отбасы.  Жанұя — қоғамның негізгі іргетасы. Әрбір ғимарат берік іргетастан қалануы тиіс. Ол берік болмаса ғұмыры ұзаққа бармайды. Титтей сілкіністен-ақ қирап қалады. Егер қазірден негізді дұрыс қаламасақ, келешекте жас ұрпақтарымыз сілкініс зардабын тартып, бақытсыздық, рухани аштық шырқау шегіне жетеді.

«Келінжан, келесі барған жеріңе тастай батып, судай сіңіп кетші. Жоқ болшы! Құдай үшін! Біздің үйге Құдай қайтып әкелмесін!» Қайтып келген қыз жаман. Қазір  қайтып келген келіннің соры жаман! «Ұрысқақ болса, ұлың жау, керіскек болса, келін жау». Бір-бірімізге жау болатын кезге де жетіппіз. «Жақсы енені — жаман келін жер қылады. Жақсы келін жаман енені ел қылады». Ененің осындай адуынды сөздерді айтуына қандай келін себепкер болды? Мен айтпасам да біліп тұрған шығарсыз. Жеңге деген сөзді еркелете айтатын жас бүлдіршіндер күніге не көріп, не үйреніп жүр? Ата-бабамыздан келе жатқан мәнді керемет сөз бар. «Қызым келіннен ғибрат алып өседі, ұлым елімнен ғибрат алып өседі».  Бұл жағдайда келінге ғибрат керек сынды.

«Үйге келін болып түскелі жаным кіріп қалған еді.» Мысқыл күлкі! Шынында үйге келін түссе ене мен атаның жаны кіруші еді. Мына жағдайда керісінше жан рахатының не екенін сезіну тұрмақ ойлаудан қалған сияқты. Сонымен, не себепті жаны кірген екен? «Таңертең бетімді ыстық шәймен жуатын болдым. Өйткені, сәл нәрсеге бұртиып, бетіме шәй шашып жібересің. Тәлпіштігің мен әртістігіңді көтере алмай көз жасым бір шелек болды. Төсегің сен кеткелі әлі жиналған жоқ. Ескерткіш болсын деп отырмыз». Келінжан, сен жайлы естеліктер көп сыңайлы. Әжеміз қайта ұялып, тілге бата алмай отыр.  Балдай тәтті шайыңды аңсайтын болды. Сенің тәлпіштігіңді, әртістігіңді сағынатын болды! Бірақ ендігі ененің денесі мен жан дүниесін қара күйік шалмай, көз жанарынан шелек тұрмақ, бір тамшы жас тамбайтын болады. «Әже» деген жақұтты сөздерді естіп, ақ жаулығын оранып отыратын шағында келіннен тамақ емес, опық жеп отырғаны кімге жағар?!

«Айналайын келінжан, «шешең ұнамайды, шешең ұнамайды!» деп, баламмен күнде төбелесетін едің, енді оны ұмытатын болдық. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген осы, оңай дәлелдедіңдер.» Бұл жалған өмірде саған біреу немесе сен біреуге ұнауға міндетті емессің! Егер маған мынау ұнамайды, анау ұнамайды деп жүретін болсақ, өмірдің мәні жоқ.  Жанұялық өмірдің ең негізгі жылулығы, біріктіруші құралы — шынайы жымиған күлкі. Сенің жан жарыңды дүниеге алып келіп, өсірген жанды қалай ғана жек көресің? Ол да сенің анаң! Ертең сенде ана , ене боласың.  Келіннің ұрысқаны мен төбелескенінен безген халықпыз. Келін отбасы ұйытқысы, Ол аяулы келін, сүйікті жар, ардақты ана, ғибратты жеңге, салиқалы ене болатын жан. Бір әулеттің бастаушысы, негізі.

«Сиырмен де селфи жасап, күні бойы ұялы телефоныңды шұқылап отырушы едің, құтылғаныма шүкір!» Телефонға байланып отыратындарды, бауға байлаулы итке теңеуші еді. Телефонның арбауынан шыға алмай, темірге байлаулы болған жанның сиырмен  селфи жасағаны мен үшін қызық көрініс! 

Жанұя — жанды тірі  жаратылыстардың ішіндегі тек адамға тән ерекше құнды құрылымы. Адамды басқа жандардан бөліп тұрған маңызды ерекшелігі. Қазіргі дәуірдің ең үлкен проблемаларының бірі, дәл оба ауруы секілді індеті — ажырасу. Бұл індет жұқпалы ауру құсап бүкіл жаратылысқа, барша әлемге таралуда. Бұл індеттің алдың алу тікелей өзімізге байланысты. Жаңашылдықтың арбауына кетемін деп, ар, намыс, адами, имандылық қасиеттерді біржолата сызып, тарихи мәдениетті, салт-дәстүрлерді түпкілікті ұмыту үлкен қателік!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ