Әл-фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жас тілшілер» форумы өтті

0
2274

Журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен Республикалық «Ұлан», «Дружные ребята» газеттерінің қолдауымен дәстүрлі XYII «Жас тілшілер» форумы өтті.

«Жас тілшілер» форумына еліміздің түкпір-түкпірінен келген болашақ жас журналистер мен мектеп оқушылары, журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессоры ҚазҰУ реторының кеңесшісі Бауыржан Жақып, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлағатты ұстаз Кәкен Қамзин, фотожурналист Асылхан Әбдірайымов, «Ұлан» газетінің бас редакторы Жадыра Нармаханова, Martebe.kz, Qaztest.kz және Ozattar.kz сайттарының құрылтайшысы Берікбол Төлеген және студенттер мен оқытушылар қатысты.

Шара барысында сөз алған журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы: «ҚазҰУ бұл киелі қарашаңырақ, Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов, Марат Барманқұлов сынды тұлғалар дәріс беріп талай-талай шәкірттерді тәрбиелеген құт қонған мекен. Міне сіздер де халықтың алдына шықсам, хабаршы болып сөз сөйлесем деген аппақ арманмен келдіңіздер. Әрқайсыларыңыздың жүректеріңізде от бар, саналарыңыз биік, талғамдарыңыз жоғары. Екінің бірінде ел мен жер арасында алтын көпір болып сөз сөйлесем деген рух бола бермейді, ал ол сіздерде бар. Сол рухты асқақ армандарыңызға жетуге біз әрқашанда тілектеспіз» деді.

Қазақстанның барлық аймақтарынан  қатысқан бұл форумда оқушылар «Журналист болғың келе ме?», «Мултимедиялық журналистика», «Әл-Фараби мұрасы», сондай-ақ «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананың рухани жаңғыруы» тақырыбында республикалық ең үздік шығармалар, эсселер, фото, аудио, видеоматериалдар мен графикалық туындылар бойынша байқауға түсіп жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болған ең үздік жұмыс жеңімпаздарына дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ аталмыш шара барысында жас тілшілер «Қазақ радиосы», «Ұлан», «Дружные ребята» редакцияларының ұжымдарымен кездесті. Және де ҚазҰУ кампусі мен «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығын аралып, «Сұңқар» студенттік кәсіподақ ұйымы мен Студенттік мәслихат мүшелерімен кездесті.

ҚАЗҰУ баспасөз қызметі


ПІКІР ҚАЛДЫРУ