Әнші-ақындардың өлеңдеріндегі серілік табиғатын талдап жазыңыз!

0
8850

Қазақ даласы ғасырлар бойы шабытты поэзиямен, орынды шешендікпен, жалынды күйлер және шын жүректен шыққан әндермен өмір сүрген. Әуенмен қазақтың бүкіл өмірі байланысты – ол тойларда, салт-дәстүрлер мен ырымда, күнделікті еңбекте және басқа жерлерде айтылады. Қазақ халқы таңқаларлық музыкалық дарындылығымен ерекшеленеді, әр отбасында дерлік жақсы ән айтатын немесе халық аспаптарында дарынды ойнайтын ең болмағанда бір адам табылады. Халық арасында былай дейді: «Құдай әрбір қазақты жаратқанда жүрегіне күйдің бір бөлігін сіңірген».
Ғасырлар бойы музыкалық мәдениеттің сақтаушысы да, оны көтере білген де халықтың өзі. Ұқыпты сақтап және жақсы дамыта келе ол ұрпайқтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Көптеген 18-19 ғасырларда қазақтардың  өмірі мен тіршілігін зерттеген ғалым-фольклористер, өздері басқа ұлт пен мәдениет өкілдері болса да, қазақ халқының ерекше ақындық, прозалық және музыкалық таланттарына, халықтың шығармашылыққа, қарқынды музкалық-ақындық импровизацияға қабілеттілігіне, халықтың музыкалық өнерге молынан қатысуына таң қалғанын қоймаған.
Қазақ халқының дарындылығы туралы Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша «Қазақ даласының Геродоты» А.И.Левшин былай деп тура айтқан: «Қазақтер адамның сазгер немесе ақын болып туылатынының бір дәлелі болып табылады». А.Эйгхорнның қазақтар музыкасы туралы өз еңбегінде жазғаны: «Қазақтың әндері көкке көтеріліп бара жатқан бүркіттей өктем де, ерікті. Олар кішкентай баладан қария шалдарға шейін, бойжеткен қыздардан үлкен апаларға шейін барлығы айтатын мызғымайтын халық игілігі». Қазақ халқының ән дәстүрлеріне таң болған танымал орыс ғалымы Г.Потаниннің жазғаны: «Мен үшін бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай».
Біз қарастырғалы отырған сал-серілер тұлғасы – ғасырлар бойы ұлт мақтанышы болатын, жаратылысында дарынды, қазақтың өзгеге ұқсамайтын дара болмысын жаһандану үрдісінде жарқырата көрсететін сегіз қырлы, бір сырлы, импровизаторлық, синкретті өнерді дәріптеуші, дарынды өнер иелері. Ұлт әдебиеті қазақтың халықтық музыка мәдениетінде өзіндік орны бар ХIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Құлтума, Естай, Қанапия т.б.
Ұлттық әдебиет пен халықтық музыка мәдениетінің көрнекті өкілдері – сал-серілер мұрасы мен дәстүрі ерте дәуірден осы заманға дейін сақталған. Сал-серілер дәстүрді ұстанған, адамзаттық құндылығы бар, танымдық, тағылымдық мұраларға бай жан-жақты өнер иелері – қазақ сахарасының рухани келбеті. Дәл нақты кезеңі белгісіз, сал-сері типі ескі дәуірден сақталған. Тарихи-археологиялық мәліметтерге сүйенген Е.Тұрсыновтың зерттеуінде андронов дәуірі кезеңінде, б.з.б. ХIҮ–XIII ғасырларда ру, тайпалардың өз ішінде отау құрып, даралау болған. Үлкен отаулар рудан бөлініп, аруақтарды қастерлеу, ас беру салтын ұстанған. Бұдан шығатын қорытынды сал және сері типінің пайда болуы мифологияның жаңғыруы нәтижесінде «даралану», яғни құпия одақтардың, тотем-ру атасының болуы төркінінде жатса керек.
Е.Ысмайыловтың, Ә.Марғұланның, Е.Тұрсыновтың, А.Сейдімбектің, М.Мағауиннің, С.Кенжеахметұлының, С.Негимовтің, Қ.Әбдезұлының ғылыми еңбектерінде сал-сері феноменіне жан-жақты анықтамалар беріліп, құнды пікірлер айтылды. Академик Ә.Марғұлан сал және сері типінің өзгешелігі мен ұқсастығын жан-жақты талдап көрсетеді: «Бір айтатын ой, сал мен сері бір типті емес, екеуі алуан, екі дәстүр өрнектері. Олардың бірінен-бірінің өзгешелігі — тұрмыс көрінісінде, типінде. Ең алдымен сал, сері деген сөздер қалай туған? Осыдан бастайық. «Сал» европа тілімен айтқанда эксцентрик, немесе өз бағытымен жүретін бір алуан адам. Оның бар арманы сылқымдық, кербездік, киімді әдемі киіну, өзімен қатар жүрген адамның бәрінен де қияпатымен де, киімімен де артық болу, асып түсу. Ертоқымның өзі де басқаныкіндей болмайды, алтынмен, күміспен өрнектеліп, ерекше салтанатпен жасалады.
Орта Азия сопыларының басты пірі-Қожа Ахмет Ясауи. Осы Қожа Ахметтің көп шәкірттерінің бірі және ең қабілеттісі- Бекташ есімді сопы болған. Қазақтың сал-серілерінің пірі-осы Бекташ. (Осман империясының тарихында Қожа Ахмет пен Азияда шыққан сопылардың есімі ерекше құрметпен аталады. Қазіргі Ыстамбұл, бұрынғы Византияның астанасы Константинопольді жаулаған әскердің алдыңғы легі тұтастай Қожо Ахмет Ясауидің жаужүрек шәкірттері болған деседі). Қазақтың сал-серілері соғысқа жеке шерік болып және сауытсыз, жанболатсыз шығатын болған.
«Сал» сөзі киімді салпаңдатып кең тігуден шыққан. «Сал», «салпаң». Әрбір салдың шалбарының балағы сондай кең, оған бір кісі толығынан сиып кетеді. Ақселеудің «сал» сөзі «Сал ауруынан алынды» деуі келіңкіремейді. Халықтың әдеті бойынша, өнер иесіне ондай ат қоймайды. Қайта сол «сал аурудың» өзі осы «сал» сөзінен шыққан болу керек. «Атым сал бөксе болып жүр» десе, салды басқан кең киім сияқты атты да ауырлатып жүр дегенді білдіреді. Демек, бұл сөздің өзі салдың киімінен шыққан. Құлағы үлкен кісі мен құлағы үлкен малды да «салпаң құлақ» дейді, о да үлкендікті, кеңдікті көрсетеді. Ілгеріде мысалмен келтірілмек «Серілік», «салдықтан» бүтіндей басқа, ал екеуінің қосылатын жері, екеуі де ақын, күйші, әнші, екеуіне де ортақ болатын музыка аспаптары. «Сері» сөзі серпілуден шыққан, бой жазу, шалқу, асқақтау дегендерді білдіреді» [3, 175]. Ғалым Е.Тұрсынов «сал» мен «серінің» кейде қатар айтылатынын, серілер салдардан кейін пайда болған богема сарындарын жырлаушы өнер адамдары деген қорытындыға келеді. «ХIX ғасырда сал дәстүрінің түр ерекшеліктерінің ғана кейбір элементтерін сақтап қалған Біржан секілді жаңа сапалы салдармен қатар серілер тобына жататын Ақан сияқты өнер иелерінің пайда болуына және осы кезде «сал», «сері» деген ұғымдардың бір тектес ұғымдар есебінде пайдалана бастауына қарағанда, сал, серілер творчествосы мен дәстүрлерінің тығыз ішкі байланыстылығына қарағанда, серілер – сал типінің негізінде өткен ғасырда қалыптасқан өнер иелерінің жаңа түрі деп айтуымызға болады. Генезисі жағынан алғанда, серілер- ыдырай бастаған құпия одақтар мүшелерінің соңында жүріп, олардың ойындары мен билеріне қатысқан «фанаунау» секілді серіктерімен тамырлас болғанға ұқсайды. Серілердің жүріс-тұрыстары мен репертуарларында оларды салдардан спецификалық айыратын элементтер жоқ. Алайда салдар творчествосына тән негізгі сарындар-богема сарындары өз дамуын серілер поэзиясынан тауып отыр» [4, 148]. Ендеше, сал-серілер –музыкалық шығармаларды, ән-күйді қазақ даласында өркендетіп, таратушы өнер иелері. Олардың ерекше қасиеті – ақындығы, әншілігі, күйшілігі, елді ән мен сәнге бөлейтін, адам жанына ізгілік нұрын себетін зиялығы.  Сал-серілер тобының көш салтанаты сияқты сәнін, өзгеге ұқсамайтын ұлттық ерекшелігін С.Жүнісов «Қазақтың кең сахарасында бұлайша топ-тобымен жүру, бүгінгі күнгі бір мекемеге бағынған артистер ұжымы секілді гастрольдік сапармен жүру салты бұрын-соңды тап осындай болды ма екен? Бұл топ – орыс халқының трубадурларына да, француздың жонглерларына да, испандық хугларлерге де, немістің шпильмандері мен тәжіктің масқарапаздарына да ұқсамайтын, тағдыры, сүйегі жағынан паяциларға, өзбектің қызықшыларына, Шолом Алейхан жазатын еврейлік «қаңғырған жұлдыздарға» аздап жақындайтын, тіршілігі жағынан тек қазаққа ғана тән Ақан сері, Біржан сал атымен байланысты өзінше бір жаңа серілер, салдар тобы еді» [5, 2]. Сал-серілердің даму эволюциясы қазақ музыкасымен, драмалық, сонымен қатар спорт, жонглер, плоди өнерімен тығыз байланысты. Сал-серілер импровизаторлық, жыршылық, орындаушылықпен қатар драмалық элементтерді ұштастырған. Мимика, жесть, яғни бет-жүзін құбылту, бас терісін қозғалту, бір орында тұрып бірнеше қимылды кезекпен сәтті орындау негізінен салдарға тән құбылыс. Адамзат баласы өмір сүрген уақыт, өткен дәуір тарихи фактілерімен құнды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ