Армандар қалашығы

0
2122

 Арман- адам баласының болашаққа деген сенімінің түпқазығы. Мейлі қаншама қорқыныштар, қаншама уайым қайғы болса да үміттің  шамшырағы сөнбесе қалай да нысанасын табады. Мен армандар ордасы саналған Алматыдағы білімнің қара шаңырағы  ҚазҰУ-дың студенті атандым. Бұл менің 11 жылғы бабымның бас жүлдесі. Қаншама ұйқысыз түндер, ата-ана үмітін ақтау туралы ойлар талай таңдарды кірпік қақпай қарсы алуыма себепкер болды. Мақсат қойдым, талаптандым осылайша арманымның баспалдақтарымен алып қаланың тұрғынына айналдым. Білімі бойынша республикада  1 орынға ие университетке бұл жылы қаншама жас түлектер оқуға түсті. Дегенмен бағы жанбағандар да жетерлік. Мен бақытты студентпін. Себебі аядай қана Қараталдан түлеп ұшып білімнің бастау көзіндей оқу ордасында дәріс тыңдау бақыты бұйырғаны үшін де. Мектеп қабырғасындағы еркелікті ұмытып студенттік өмірдің де қызығы басталып, жатақхананың шаттығына топ ете түскендегі сезім ерекше. Ауылға деген сағыныш, ата-ананың аялы алақанын аңсап басында бөтенсінетінің шындық. Дегенмен де жаңа орта, жаңа таныстар, жаңа мүмкіндіктер басқаша шабыттандырады. Басқаша тәрбиелейді. Армандарды ақиқатқа айналдырады. Бұл студенттік өмірдің ерекшелігі. Тіпті кейде қарныңның ашқаны да қызықты естеліктердің қатарын толықтырмақ. Ендігі мектеп бітіруші түлектер уақыт өткен сайын бәйгенің бестілеріндей білім жарысында дара шабуға дайындалуда.  Жаңаша армандар, мықты мақсаттар сені шыңға жетелейді, жас түлек! Арманда, мақсат қой сонда ғана болашақтың қақпасы саған ашылмақ. Келешегіңе қиялмен сапар шек. Ол сені шыңдай түспек. Тек шынайы талпынған адамға алынбас қамал болмайды.  Кешегі өткен Мұхтар Әуезовтың, Зейнолла Қабдоловтың дәріс залдары ертеңгі сенің де орының болуы мүмкін. Мен сені армандар қалашығы саналған ҚазҰУ-ға шақырамын. Студенттің көктемді бізбен бірге қарысы ал да ең үздік университеттің студенті атан! Сені күтеміз! Еш қаймықпа! Болашақ белестеріңдегі білім сынынан барлықтарың сүрінбей өтіп, мақсаттарыңның орындалуына шын жүректен тілектеспін!
Думанқызы Нұржан
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің І курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ