Ата-аналарға кеңестер

0
27311
Менеджмент қағидасында мектепішілік басқару дағдыларын жетілдіру, педагогикалық квалиметрия әдістері

Ата-аналарға кеңестер

БЕЙІМДЕЛУ КЕҢЕСТЕРІ:

Кеңес береміз:

— Үйдегі жағдайды балаңыз келетін топтың күн режимімен бірдей етіп ұйымдастыруға жұмыстаныңыз.

— Балабақшаның тамақтану ас мәзірімен танысып баланың үйдегі тамақтануына балабақшада ішетін тамақтар түрін қосыңыз

— Үйдегі жағдайда баланың өзіне — өзі қызмет етудің алғы шарттарына үйрете беріңіз: жуыну, қолын сүрту, шешіну, өз бетімен тамақтану, тамақ ішкенде қасықты пайдалану, горшокқа сұрану. Киімдері міндетті түрде өзіне ыңғайлы болуы шарт: шалбар не болмаса шорты замоксыз, белдеушесіз.

— Баланың «социалдық көкжиегін» кеңейтіңіз, ауладағы өзімен құрдас балалармен көбірек ойнатыңыз, жолдастарына қонаққа барсын, әжесінде қонуға қалсын т.с.с. Осындай тәжірибе жинақтаған бала өз құрдастары мен үлкендер арасында тез үйренісіп, тіл табысатын болады.

— Баламен жағымды эмоционалдық жағдайлар жасау қажет, ол көбіне ата – ана жағынан болуы қажет, балабақша туралы, оның өзіне керектігін түсіндіріп балаңызды сүйіп, аймалап, жиі оған өз мейіріміңізді көрсетіңіз. Есіңізде болсын Сіз көбірек осындай жылылық білдірсеңіз Сіздің балаңыз балабақшаға тез бейімделеді. Балаңыздың көзінше балабақша туралы өзіңізді толғандыратын мәселені айтудан аулақ болыңыз.

— Бірінші күні балабақшаға серуенге келген дұрыс, тәрбиешімен танысып, балаңызға жаңа достар табуға. Сондай – ақ балаңыздың сүйікті ойыншығын балабақшаға беріп жібергеніңіз абзал.

— Жоспарлаңыз, балабақшаға бірінші келген мезгілінде балаңызды бірінші күні – ақ күн ұзағына қалдырмауды. Балабақшаға жаңадан келген балалар алғашқы аптада 3 – 4 сағат, одан әрі түске дейін, айдың аяғына таман егер тәрбиеші кеңес берсе күні бойына қалдырылады.

— Кейбір балалар үшін аптаның ортасында жүйкесін тоздырмау үшін «демалыс» алуға болады. — Бейімделу мерзімінде үйде демалыс кезінде баламен көп шұғылдануды қажет етеді, серуен жасау, күн режимін сақтау, эмоциялық жүктемесін түсіру қажет.

— Бала балабақшаға тек ауырмай келуі қажет. ОРЗ, ОРВИ сақтану үшін түрлі витаминдер пайдалану қажет, мұрын қуыстарын оксолин мазмен сылап тұру қажет. Егер Сіздің балаңыз көпшіл, өз жақындарыңыз бен бірге бөтен адамдарды жатырқамаса, ойын кезінде өздігімен ойнай білсе, мінезі ашық, өз құрдастарымен мейрімді болса балабақшаға келген күннен бастап – ақ үйреніп кететіне сеніңіз. Баланың балабақшаға барлық бейімделу уақытында психологпен балабақшаның медика – педагогикалық қызметі бақылауға алады.

Ата-аналарға арналған бала тәрбиесіне қажетті 14 кеңес

1. Баланың міндетті түрде өздігінен орындайтын жұмыстары болуы қажет. Сіз тек осы жұмыстардың орындалуын қадағалауыңыз керек.

2. Мейлі қаншалықты тиянақты әрі жылдам орындасаңызда, балаға жүктелген жұмыстарды өзіңіз орындауға тырыспаңыз.

3. Балаңызды тыңдауды үйреніңіз.Шыдамды болыңыз, балаңыздың сөзін бөліп, оның ойын өзіңіз аяқтауға тырыспаңыз және баланы асықтырмаңыз.

4. Балаңызға өз көзқарасыңызды тықпаламаңыз. Өзіңіздің нұсқаңыздың дұрыс екенін дәлелдермен түсіндіріңіз.

5. Баланың кез-келген қалауын орындауға асықпаңыз.

6. Балаға өзінің іс әрекетін түсіндіруді үйретіңіз. Яғни бала ең алдымен ойланып содан соң ғана шешім қабылдауды үйрену керек. Ең жақсысы өзі сенімсіздік танытқан мәселелерде ата-анасымен кеңесуге болатынын білуі қажет.

7. Баланы қоршаған әлемді танып білуге дағдылаңыз.

8. Баланың жан-жақты дамуына қолайлы қауіпсіз жағдай жасаңыз.

9. Баланы тым еркелетпеңіз. Онымен өзіңізбен тең дәрежедегі адам ретінде сөйлесіңіз. Есіңізде болсын сіздің сөйлеген сөзіңізді, іс әрекетіңізді балаңыз қайталайды.

10. Балаға өз бетінше жеке басының тазалығын қадағалауды және де әр түрлі жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін түсіндіріңіз.

11. Жақсы іс әрекеті үшін сөзбен немесе сыйлықпен мадақтап көтермелеңіз.

12. Бала кішкентайынан бастап ата-анасын, үлкендерді, жақындарын сыйлау керектігін білу тиіс.

13. Ешқашанда баланың икемсіздігін күлкіге айналдырып және де қорқыныштарына күлмеңіз. Қайта керсінше баланың қорқыныштарын бірге шешіп сенімді қарым-қатынас орнатыңыз.

14. Қаншалықты уақытыңыз аз болсада балаңыздың жан-жақты дамуына көңіл бөліңіз. Есіңізде болсын балаңыз сіздің ең басты байлығыңыз.

Ата-аналарға психологиялық кеңес

Отбасындағы тәлім-тәрбиенің мақсаты баланың; жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, жарасымды жетілген ұрпақты тәрбиелеу. Аталған нысаныға жету үшін отбасындағы тәрбие төмендегі міндеттерді шешеді.
-Отбасында баланың өсіп жетілуіне, денсаулығына қамқорлық жасау,нығайту,бекіту. Тазалық дағдыларын қалыптасыру.
— Еңбек сүйгіштікке, еңбекті қажетсінуге баулу баланың күнделікті өмірін мәнді ұйымдастыру тұрмыстағы, үй  шаруашылығындағы еңбекке құлшынысын арттыру өзіне-өзі қызмет ету дағдыларына үйрету.
-Отбасы мүшелерінің өзара дұрыс қарым-қатынасын, тіл табысып түсінісуін, бірін-бірі тыңдап, ата-ананы, туған туыстарын, жасы үлкендерді сыйлап, құрмет тұтуға үйрету.
-Оқудың,білім алудың, мәдени мінез-құлықтың әдеп-дағдыларын қалыптастыру.
-Отбасында баланың икемділігі мен қабілетін байқап, кәсіптік жағынан бағдарлау.
-Өнерге, мәдениетке, ғылымға құштарлығын тәрбиелеу, уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру.
-Баланың ақылына, күшіне, біліміне сай берілген тапсырманы, талапты орындауға дайын болуға үйрету.
-Бақылау, тексеру, бағалау.
-Тәртіптікке, ұқыптылыққа, жауапкершілікке, ойшылдыққа, сергектікке, естілікке, т. б. баулу.
Өзін-өзі тәрбиелеуге, дербестікке, шығармашылыққа баулу.

Ата — аналарға арналған 10 кеңес

1. Балам өзім секілді, немесе өзім ойлағандай болады деп күтудің қажеті жоқ. Оған өзі секілді болуға көмектес.

2. Балаға жасаған еңбектерің үшін ақы сұраушы болма. Сіз оған өмір сыйладыңыз, ол басқаға өмір сыйлайды, ол тағы біреуге, бұл адамзат сапарының ұлы жолы осылай жалғаса береді.

3. Өзіңнің өкпе — ренішіңе баланы араластыра берме, әйтпесе қартайғанда ол қылығыңның ащы дәмін татуың мүмкін. Не ексең, соны оратыныңызды ұмытпаңыз!

4. Баланың мәселесіне бей — жай қарауға болмайды. Әркім өмірде әліне қарай күреседі. Сіз тапқан жолды бала таба алмауы мүмкін, өйткені онда тәжірибе жоқ.

5. Баланың көңілін ешқашан қалдырмаңыз!

6. Адам өміріндегі ең қызықты кездесу, баламен кездесу, оған үлкен дайындық керек, себебі сіз өзіңіздің ертеңгі күніңізбен кездесіп тұрғаныңызды ұмытпаңыз!

7. Балаңызға қолыңыздан келмей тұрған нәрсені істей алмадым — ау деп қиналмаңыз. Ал қолыңыздан келіп тұрғанда істемесеңіз, онда сіздің қиналуыңыз әбден орынды. Бастаған істі аяғына дейін жеткізбесеңіз, онда ештеңе істемеген болып шығасыз.

8. Бала өміріңді билейтін әмірші емес, тіршілік сыйлаған өмірдің қымбат қазынасы, сіз осы қазынаны көздің қарашығындай сақтауға, дамытуға және оның жүрегіне шығармашылықтың алауын жағуға міндеттісіз. Бала — әке мен ананың махаббатын сақтайтын алтын қойма.

9. Басқаның да баласын жақсы көріп үйрен. Өз балаңа істемейтін нәрсені басқаның баласына да істеме!

10. Балаң дарынсыз, жолы болмайтын болса да және есейіп кетсе де жақсы көруге міндеттісіз. Онымен қарым — қатынас жасағанда қуануға тиістісіз, өйткені оның сізбен болған әр күні мереке.

Ата-аналарға психологиялық кеңес

1. Балаларыңызды жетістік пен дәрежесі үшін емес, сол қалпында сөзсіз қабылдап жақсы көретіндігіңізді сездіртіңіз.
2. Қателескені үшін баланы кекетіп, бетінен алмаңыз, басқа балалармен оны салыстырмаңыз.
3. Баланың сұрақтарына жауап берген кезде шын және шыдамдылықпен жауап беріңіз.
4. Күнде балаңызбен жеке сөйлесуге уақыт бөліңіз.
5. Жас мөлшері әртүрлі адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйретіңіз.
6. Баланың әрір жетістігі үшін мақтап отырыңыз.
7. Балаға баға бермеңіз, оның іс-әрекетін бағалаңыз.
8. Табысқа күшпен жетуге болмайды, сондықтан балаңызға күш көрсетіп, тапсырманы орында деп талап етпеңіз.
9. Баланың қателік жіберуге құқығы бар екенін айтыңыз.
10. Баланың «бақытты кездер банкісі» туралы ойлаңдар.
11. Үлкендер балаға қалай қараса, бала да өзіне солай қарайды.
12. Жалпы, өзіңізді баланың орнына қойып отырыңыз.

Ата — ананың маххабаты мен бала тәрбиесіндегі салғырттықтың (баланы бетімен жіберудің) шекарасы қайсы? Ол үшін мына кеңестер кез — келген ата – анаға

көмек бола алады.

1.Балаға ата — анасы көшбасшы.

Ата — ана мен баланың арасында екі түрлі көзқарас болмауы тиіс. Бұл әлі өмірге деген өз көзқарасы қалыптаспаған, жасы кәмелетке толмаған балаларға қатысты. Ата — анасы көш бастайтын көсем болуы қажет бала үшін. Демек, ата — ана әрбір іс — әрекетіне мән беруі қажет. Білікті, білімді, қайсыбір жағдай болмасын, сабырмен қабылдап, нені болмасын, сабырмен қабылдай алатын көшбасшының (ата — ананың) соңынан ереді бала да. Өйтпеген жағдайда бала тарапынан қарама — қайшылықты анық көретін боласыз. 4 — 5 жасында — ақ өз қалауын ата — анасына сөзсіз орындататын бала ерке. 2 жасқа келгенде баланың қалауы (орынды болса ғана) ата — ана үшін заңды. Одан кейінгісі — еркелік. Демек, уақыт өткізбей ертерек қателіктердің орнын толтырып, бала бойындағы еркелікті түзеуге ұмтылған дұрыс. 4 — 5жасқа келгенде бала ата — анасының неге рұқсат етіп, қай қалауының теріс екендігін түсіне білуі тиіс. Егер осы жасқа дейін ата — ана мен баланың арасындағы қарым — қатынас өз деңгейінде қалыптасса, демек, әрі қарай да олардың арасында қандай да бір үлкен түсініспеушіліктер болмайды.

2. «Болатын» және «болмайтынның» шекарасы.

Балаға берілетін дұрыс тәрбие «болатын» және «болмайтын» іс — әрекеттерді айқындайтын нақты шекарадан тұрады. Бұдан бала, ненің дұрыс, ал ненің бұрыс екендігін, қандай іс — әрекеттердің оң, қай қылығының теріс екендігін анық ұғып өседі. Егер кеше балаға тырнақты тістемеуді немесе қолын аузына салмауды ескерттіңіз бе, ол әрекетін бүгін де байқасаңыз, тағы да ескертуге ерінбеңіз. «Ой, қанша айттым, тыңдамайды бәрібір» деп бір — екі күннен соң қол сілтей салсаңыз, бітті. Сіздің бала бойындағы көптеген қателіктерге түйсікті түрде баруға болатындығына жол бергеніңіз. Сонымен қатар, баланың алдында емес, соңынан жүруді ерте бастан — ақ қалыптастырғаныңыз. Ата — ананың бала үшін қойған шекарасынан ол әдеттегі айтыла беретіндей « жалтақ» болып кетпейді. Шекара — бала өмірін жеңілдетеді, болашақта қандай — да бір үлкен қателіктерге жол бермеуге үйренеді. Керісінше жағдайда, яғни шекара болмаған отбасында бала адасады, оның өмірі қиындайды.

3. «Болмайды!» деп айғайлауға болмайды.

Бала да ата — анасы сияқты отбасының бір мүшесі. Оның өз орны және құқығы бар. Дегенмен, отбасы мүшелерімен қарым — қатынасында да шекара болуға тиіс. Егер баланың қандай да бір іс — қимылы сізге жағымсыз болса, ыңғайсыздық тудырып жатса, оған шектеу қойғаныңыз дұрыс. Бірақ, әрине бірден түріңізді өзгертіп «болмайды!» деп айғай салу дұрыс емес. Одан да баланың назарын басқа бір қызықты іске айналдырып жіберуге болады. Мұнда сізге сабыр қажет. Сонымен қатар, бала тілімен, оған түсінікті түрде бұлай жасау өзіңізге ыңғайсыздық тудыратынын түсіндіріп айтсаңыз, жетіп жатыр.

4. Іс — әрекетіне лайықты мақтау сөздер айтыңыз.

Мұны өзіңізге ереже ретінде ұстансаңыз да болады. Жоғарыда айтқанымыздай, «болатын» және «болмайтын» іс — әрекеттер үшін өз ойыңызды айтып отырсаңыз, бала бірден болмаса да, біртіндеп оны түсіне бастайды. Мысалы, үйге келген қонақпен сәлемдесіп, ол қайтар кезде қоштасуды ешкім үйретпей — ақ өз бетінше орындаған баланың ісі — мақтауға тұрарлық. Алғашқы байқаған сәтіңізде — ақ оның дұрыс жасағандығын, жақсы баланың үнемі осылай жасайтындығын т. б. мейірімді жүзбен күлімсірей айта отырып мақтасаңыз, оның бойында жақсы әдетке деген қызығушылығын оятасыз.

Себебі, кез — келген бала мақтауды сүйеді. Ол үшін жақсы әдеттер санын арттырғысы келеді, талпынады. Өзінің айтқанын орындату үшін жерге өзін тастай салып, жата қалып жылайтын баланы жазалаудың ең дұрыс әдісі — оны жалғыз қалдыру. Үнсіз ғана оның бұл әрекетін елемеген болсаңыз, осы жазаңыз да жеткілікті болады. Мұның да себебі бар, өйткені бала өзіне назар аудартқанды жақсы көреді. Жата қалып жылай бастағанына назар аудармасаңыз, оның орынсыз екенін сезіне бастайды. Ал оған ұрысып не болмаса өзге де жазалау түрін қолданып жатсаңыз, демек оған назар аударғаныңыз. Балаңыз ол әдетін тағы да қайталайды деген сөз.

5. Түсініспеушілікті баламен бірге шешуден қорықпаңыз.
Баланың кейбір қылықтарына ашуланбау мүмкін емес. Ол жиі болмаса да кей — кейде орын алып тұрады. Міне, осындай кездері оған ашулануыңыздың себебін сабырлы кезіңізде түсіндіруден қашпаңыз. «Кішкентай ғой, не түсінер дейсің?» деген түсініктен де аулақ болыңыз. Оның қай жерде дұрыс жасамағандығын айтыңыз және неге бұлай еткендігінің себебін сұраңыз. Сонда араларыңызда бір — біріңізді еркін түсінетін көпір қалыптасады. Оны жазалаудың сіз үшін ауыр екендігін және жазалағыңыз келмейтінін де айтқаныңыз артық болмайды.

Есте сақтағаныңыз дұрыс:

— Баланы жазалау кезінде ата — ананың жүйкесі тыныштанғаннан басқа ешқандай пайда жоқ. Таяқ жеген бала келесі кезекте де қалай әрекет жасайтынын білмей, бір жасаған қателігін екінші рет қайталайды. Оған түсіндіріңіз және түсіндіріңіз!

— Қол жұмсамай — ақ жазалаудың түрі жеткілікті. Мысалы: бала қанша жаста болса, сонша минут бұрышта тұру, орындықта қимылдамай отыру, сол күнгі балмұздақ немесе тәттіден қағу. Дұрыс көтеріп, жүйке жұқартудың оң нәтижесі мүлде болмайды.

— Өзіңізге өзіңіз сырттай назар салыңыз. Сабырлы болыңыз! Бала бірдеңені дұрыс істемеді ме, алдымен түсіндіріңіз. Ол нәтижесін бермесе, ескерту жасаңыз. Ол да көмектеспесе ғана за қолданыңыз. Баланың сізге айтқанын жасатуға жол бермеңіз. Сонда ғана кішкентай ғана бауыр етіңізге қол жұмсамайтын боласыз.

Алимбаева Салтанат Сулеймановна
Қостанай облысы Ұзынкөл ауданы Новопокров селосы
«Ұзынкөл ауданы әкімдігінің Ұзынкөл ауданының білім беру бөлімі
«Балауса» балабақшасы» МКҚК


ПІКІР ҚАЛДЫРУ