ҰБТ-2019: ҰБТ-дан 140 балл жинаған алғашқы оқушы анықталды

0
4126

Ұлттық бірыңғай тестілеуден әзірше ең жоғары баллды Түркістан облысы Сарыағаш ауданында Қасымжан Жұбай алды. Ол ҰБТ-дан 140 балл жинап алтын белгісін қорғап шықты. 2019 жылғы түлек биология және химия пәндерін таңдаған. 

Қасымжан — Сарыағаш тумасы, Бейімбет Майлин атындағы № 37 орта мектебін тәмамдап отыр. Ол тестілеуге дайындықты 10-сыныптан бастаған. 

«9-сыныптан бастап биология, химия пәндерін бейінді оқи бастадым. ҰБТ-да мақсатым 140 балл жинау болды. Қорыққаным жоқ. Мен үшін барлық пән бірдей жеңіл болды. Әсіресе Қазақстан тарихы, себебі анашым мектепте осы пәннен сабақ береді. Жақсы дайындалдым. Тестілеуде соңына дейін отырдым, жауаптарымды қайтара тексеріп үлгермедім. Сұрақтардың барлығы мектеп оқулығынан келді. Тестілеуден кем дегенде 135 балл жинаймын деп ойладым, нақты қанша екенін білмедім. Үйге келген соң есімде қалған, күмәнданған сұрақтарды кітаптан қарадым», — дейді ол. 

Оның айтуынша, тестілеуге дайындық уақытында спортпен айналысқан өте пайдалы. Өзі дзюдоға қатысқан екен және шахматтан Сарыағаш ауданы бойынша жүлделі болыпты. 

«Тек оқу керек. Мақсатың айқын болсын. Ата-ананың үмітін ақтауға тырысу қажет. Тек жақсы ойлап, адамдардың ризашылығын алған қандай керемет. Дайындық барасында спортпен айналыссаң, миға көмектеседі. Өзім футболды жақсы көремін. Дұрыс, пайдалы тағамдарды да жеу керек», — дейді ең жоғары балл алған түлек.

ҰБТ-2019 нәтижелері edu.mail.kz сайтында және телеграм-ботта – edu.gov.kz bot, сонымен қатар ұлттық тестілеу орталығының сайтында – www.testcenter.kz жарияланады.

 

Дереккөз: Тенгриньюс порталы  

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ