Авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтау және құюға беру қағидалары

0
1512
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнайы сұйықтықтарды сақтаудың, құюға беруге дайындаудың және олардың сапасына бақылау жүргiзудiң қағидасы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 15 шiлдедегi Заңының 13-бабының 34) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының азаматтық авиация ұйымдарында (бұдан әрі – ААҰ) авиациялық жанар-жағармай материалдары (бұдан әрі – авиаЖЖМ) мен арнаулы сұйықтықтарды сақтау, құюға беруге дайындау және олардың сапасын бақылау тәртібін айқындайды.

Азаматтық әуе кемелерін авиациялық жанар-жағар май материалдарымен азаматтық авиация ұйымының құрылымдық бөлімшесі болып табылатын жанар-жағар май қызметі немесе дербес заңды тұлға – авиаотынымен қамтамасыз ету жөніндегі ұйым ( бұдан әрі – ЖЖМҰ) қамтамасыз етеді.

Азаматтық авиацияның әуе кемелеріне құюға арналған авиаЖЖМ мен арнаулы сұйықтықтарды сақтауды, құюға беруге дайындауды және олардың сапасын бақылауды жүзеге асыру белгіленген тәртіппен азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган беретін сертификат негізінде жүргізіледі.

Авиациялық жанар-жағармай материалдары мен арнаулы сұйықтықтарды сақтау, құюға беруге дайындау және олардың сапасына бақылау жүргізу үшін әуеайлақ аумағында немесе оның маңындағы аумақтарда:

1) көлік құралдарынан авиаЖЖМ-ді төгуге және ыдыстардағы өнімдерді қабылдауға арналған объектілерді;

2) құйылған авиаЖЖМ-ді сақтауға арналған резервуарлық паркін;

3) қоймалық үй-жайларды;

4) төгу-құю операцияларын жүргізуге арналған сорғы станциясын;

5) авиаЖЖМ-ді сүзу және су бөлу пункттерін;

6) құю құралдарына құю пункттерін;

7) құбыржол коммуникациясын;

8) автоматтандырылған немесе оңайлатылған орталықтандырылған құю жүйелерін;

9) құю құралдарын;

10) авиаЖЖМ зертханаларын;

11) өрт сөндіру объектілерін;

12) мұнай аулағыштар мен басқа да көмекші технологиялық объектілер мен пункттерді қамтитын отын құю кешені орналастырылады.

АвиаЖЖМ және арнаулы сұйықтықтарды сақтау

ЖЖМҰ-да авиаЖЖМ мен арнаулы сұйықтықты сақтау авиаЖЖМ мен арнаулы сұйықтықтың қоймаға түскен және қабылданған кезінен бастап жүзеге асырылады.

Келіп түскен авиаЖЖМ мен арнаулы сұйықтықтар ААҰ-ның қабылдау немесе шығыс резервуарларында және ыдыс қоймаларында сақталады.

Кондициялық авиаЖЖМ және арнаулы сұйықтықтарды сақтау мерзімі ӘК-ге құю үшін ағымдағы қажеттіліктермен немесе резервті құру қажеттілігімен анықталады. Резервтік сақтау мерзімі авиаЖЖМ мен арнаулы сұйықтықтарға техникалық талаптарда айтылған сақтаудың кепілдік мерзімі шегінде белгіленеді.

Ашық зауыт ыдысындағы авиаЖЖМ-ге сақтаудың кепілдік мерзімі қолданылмайды. Пластикалық жағар майларды ашық 150-200 литрлік бөшкелерде сақтауға мұқият араластырылғаннан кейін әр үш ай сайын осы Қағидаға 1-қосымшаның 5-бағанына сәйкес көрсеткіштер бойынша сапаны тұрақты бақылай отырып дайындалған кезден бастап 1,5-2 жылдан аспайтын мерзімге жол беріледі.

АвиаЖЖМ-ды кепiлдiк мерзiмi iшiнде сақтау кезiнде жеңiл фракциялардың ұшуы, ластануы немесе авиаЖЖМ-нің басқа түрлерiмен (маркаларымен) араласуы, зауыттық ыдыстың саңылаусыздығының бұзылуы есебiнен олардың сапасының өзгеру шарттары ескерiлмеуі тиiс.

АвиаЖЖМ-нің сапасы мен санын сақтау технологиялық жабдықтың уақтылы қызмет көрсетуін сақтаумен, кондициялық емес авиаЖЖМ-ді бөлек сақтауды жүзеге асырумен, резервуарлардан еркін су мен ластауды жоюмен, ЖЖМ тазалығының деңгейін бақылаумен, саңылаусыз ыдыстың жай-күйін айына кем дегенде бір рет тұрақты қараумен қамтамасыз етіледі.

Ластанған авиаЖЖМ тұндырылуы тиiс. Тұндыруға қажеттi уақыт салмаққа және ластану дисперсиялылығына байланысты болады. Авиациялық керосин құюдың әр метрiне ең аз дегенде 4 сағат, ал авиациялық бензинге 2 сағат тұндыру уақыты талап етiледi.

Сақтау кезінде авиаЖЖМ сапасы сақталымы осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес қоймалық бақылау көлемінде оның сапасын тұрақты бақылаумен расталады.

Қоймалық бақылау нәтижелерi қанағаттанарлық болғанда, өнім одан әрі сақталуы немесе құюға берілуі тиіс. Сапа паспортында талдау жүргізілген күн туралы белгі қойылады. Мөлшердің белгіленген шегінде сапаның тексерілетін көрсеткіштерінің біреуі немесе бірнешеуі өзгерген жағдайда, көрсеткіштердің өзгерген мөлшерлері сапа паспортына енгізіледі.

Талдаудың қанағаттанарлықсыз нәтижесiн алғанда, өнiмдi қолдану жағдайларын анықтау үшiн сынамалар іріктеп алынады және қосымша талдау жүргізу үшін олар азаматтық авиацияның базалық зертханасына жiберіледі.

Сақтау мерзімі аяқталғанға дейін стандарттарда немесе техникалық талаптарда белгіленген сақтау шарттарын орындау кезінде ыдыста саңылаусыздықты сақтаған авиаЖЖМ құюға жіберіледі.

Сақтаудың кепiлдiк мерзiмi аяқталғаннан кейiн ораманың саңылаусыздығы бұзылған немесе өнiмнiң бүлiнгендiгiне күдiк болған кезде сынамалар іріктеп алынады және олар азаматтық авиацияның базалық зертханасына зерттеуге жiберіледі. Өнiмдi өткізу туралы шешiм азаматтық авиацияның базалық зертханасының қорытындылары және ұсынымдары негізінде қабылданады. Шешiм қабылдағанға дейiн өнiм жеке резервуарда сақталады және оның коммуникацияға түсу немесе құю үшін ыдыста беру мүмкiндiгiн болдырмайтын шаралар қабылданады.

Темiр жол, теңiз (өзен), автомобиль көлiгiмен немесе құбыржол бойынша түсетiн авиаЖЖМ-ды құюға беруге дайындау бойынша операция:

1) тасымалдау құралдарынан құю;

2) резервуарларда сақтау;

3) сүзу және су бөлу;

4) сапасы мен тазалығын бақылау;

5) қоймааралық және қоймаішілік тартулар;

6) құю құралдарына және орталықтандырылған құю жүйесінің жүйесiне беруді;

7) судың кристалдануына қарсы сұйықтықтарды (бұдан әрі – СКҚ сұйықтығы) авиациялық керосинге мөлшерлеп енгізуді қамтиды.

Технологиялық жабдықтар мен техникалық құралдарға техникалық қызмет көрсету жөніндегі регламенттік жұмыстарды жүргізу жоғарыда көрсетілген операциялардың құрамдас бөлігі болып табылады.

Зауыт орамасында түскен авиаЖЖМ мен арнаулы сұйықтықтарды (гидрожүйелерге арналған жұмыс сұйықтықтарын, пластикалық жағар майлар мен майларды және басқаларды) құюға беруге дайындау бойынша операция:

1) ыдыстық үй-жайды, қабылдау және сақтау орындарын дайындауды;

2) зауыттық орамада сақтауды;

3) сақтаудың кепiлдiк мерзiмi iшiнде тұтынушыға өтінім бойынша беруді қамтиды.

Дайындау бойынша операцияны толық көлемде өтпеген авиаЖЖМ құюға беруге жіберілмейді.

АвиаЖЖМ-ді әуе кемелеріне құюға беруге дайындау бойынша технологиялық операцияларды жүргізу тәртібі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін нұсқаулықпен, сондай-ақ ААҰ-ның жұмыс технологиясымен және технологиялық нұсқаулықтарымен анықталады.

 

Авиация колледжінің студенті Озықбай А.

Жетекші: Авиация колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Абдиматова Т.Д.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ