Авторитарлық және автостереотип туралы түсінік

0
1503
Freepik.com

Авторитарлық (лат.аиtоritas –қаз.ықпал ету, билік)–тұлғаның өзара әрекет пен қарым-қатынас серіктестерін өз ықпалына барынша бағындыруын, өктемдігін бейнелейтін әлеуметтік-психологиялық сипат.

А. мынадай жеке мінез-құлық ерекшеліктерімен тығыз байланысты: агрессивтілік (қ. Аг-рессия),өзін-өзі асыра бағалау және талап етудің жоғары деңгейі, таптаурындылыққа бейімділік, әлсіз рефлексия, т.б. А. мінез-құлықта әдетте кез келген тәсілмен топтағы басым орынға ие болуға, билік құрылымында ең жоғарғы бағытты ұстауға ұмтылысы көрініс табады.

Едәуір айқын түрде А. басшының қол астындағы адамдарды билік күшімен ұстаудан, басқа адамдардың мәнді шешімдерді қабылдаудан шеттетуден көрінеді.

Mұндай басшы кез келген тапсырманың шешімін және міндеттің орындалуын қатал қадағалайды, өз еркін көрсеткен, оның өз беделімен өзi өкілетті биліктің беделіне нұқсан келтіретін топ мүшелерінің ынтасын қатал басып отырады.

Автостереотип (автотаптаурын) этностың өз салт-дәстүрі, мінез-құлық ерекшеліктері, мәселелерді шешу тәсілдері мен сыртқы бет-пішіні жөніндегі тұрақты түсініктері мен бейнелері.

Олар көбінесе жағымды пікірлер кешенінен тұрады. Әдетте, жағымды автотаптаурындар сан жағынан басым болады. Сонымен қатар, жағымсыз автотаптаурындар да орын алады және олардың мәні кейбір тарихи кезеңдерде арта түседі.

Жағымсыз автотаптаурындардың негізгі функциясы туралы болжамдар екеу:

1) өз этносын дискредитациялау ( өз этносына көңілі толмағандардың саны өскенде немесе бұл этностың санасында терең кемістік комплексі болған жағдайда);

2) өздері туралы жағымсыз таптаурындар өзіне деген сыни көзқарастың қажеттілігімен және ұлт өкілдерінің өздерін жетілдіру қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін. Алайда осындай жағымсыз автотаптаурындардың көбеюі этностың қорғаныс механизмінен айырылуына, оның өзіндік дискредитациясына алып келеді.

Кейде осындай жағымсыз автотаптаурындарды басым этностың өкілдері жасанды түрде белгілі бір этностың өкілдерінің санасына сіңдіреді.

Мұндай жағдайларда берілген этностың өкілдері фрустрацияға ұшырап, өзіндік қадір-қасиеттің жойылуы, өзіндік төмен бағалаудың қалыптасуы, халықтық рухының төмендеуі көрініс табады. Бұл кейде этностардың наразылығын тудырып, ұлтаралық шиеленістерге алып келеді. Сонымен қатар, автотаптаурындардың негізіне сублимация (өз этносын асыра жоғары бағалау) механизмі де жатады.

Дереккөз: Психология:Энциклопедиялық сөздік./ Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011

Басқа материалдар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ