Қазақ балалар драмасының шағын түрлері

0
3355
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Қандай да болмасын жанр өз ішінен шығармада суреттелген өмір шындығының мазмұны мен көлеміне қарай ішкі түрлерге жіктеледі. Осындай табиғи процесс балалар драматургиясынан да байқалып жатады. Жалпы драмаға қарағанда, балалар драматургиясынан шағын түрлері едәуір орынға ие болады. Бұл тұтастай алғанда балалар әдебиетінің төл ерекшеліктерінен туындап жатады. Сол себепті де қазақ балалар драматургиясының дамуы көлемді пьесалармен бірге шағын түрлерінің тууына әкелді.

Қазақ балалар драматургиясының интермедия, скетч, бір актылы пьесалар, әдеби музыкалық қойылымдар сияқты ұсақ түрлері де дами түсті. Әсіресе, мектеп, балабақша өміріндегі дәстүрлі мерекелердің көбейе түсуі ұсақ драмалық шығармалардың көптеп тууына себеп болды [1, 3].

Қазақ балалар драматургиясының ұсақ жанрларын топтасақ, Қ.Ыдырысовтың 1963 жылы шыққан «Ойнайық та, ойлайық» жинағына кірген интермедиялары мен инсценировкалары алғаш болып көзге түседі. Қ.Ыдырысовтың шағын шығармаларындағы негізгі кейіпкерлері: мектеп оқушылары Болат, Орақ, Маржан, Сәрсен және үнемі ақылшы ретінде көрінетін Жұмбақбай атай (кейде жай ғана «атай» аталады).

«Интермедия дегеніміз концерттік қойылымдардың арасында көрсетілген шағын күлкілі пьеса немесе көрініс».

Қ.Ыдырысовтың аталған кітабына кірген алғашқы интермедия «Танысу» деп аталады. Бұл шағын қойылымда Болат Орақты дұрыс сөйлеуге, ұқыпты киінуге, таза жүруге баулиды. Орақтың сахнаға алқам-салқам киімімен қалай болса солай келуі, сөзін ұмытып қалуы салақ балаларда жиі кездесетін сипаттар болуымен ерекшеленеді. Ал, «Ешкімді де бермейміз» интермедиясы халық ойыны «Айгөлек» негізімен жазылған. Мұнда балалар екіге бөлініп, өз жетістіктерін ортаға салады. Шағын көріністе ойын элементтерімен бірге айтыс та қамтылған.

Қ.Ыдырысовтың аталған кітабына енген интермедиялардың көбі жұмбақ шешу түрінде, ойын түрінде келеді. Мәселен, «Ертіс бойын жағалап» интермедиясында Жұмбақбай атай Ертіс өзені бойындағы қалаларды жұмбақтап жасырады. Бұл балалардың географиялық білімін толықтырса, «Көктем келді күлімдеп» сияқты шағын қойылымдарды көру арқылы табиғат құбылыстарын дұрыс бағалауға үйренеді. Өлең жолдарымен берілген тұстары жаттап алуға жеңіл, айтуға ыңғайлы.

Кітапқа кірген «Кім қалай дем алады?», «Кім таба қояды?», «Әрқашан күн сөнбесін» және т.б. интермедиялардың жас көрерменге берері мол. «Еркін қандай бала екен?» интермедиясында Қ.Ыдырысов негізгі кейіпкер ретінде мектепте озат, тәртіпті, үлгілі баланың жиналыста қаралғаны туралы айтады. Негізгі тартыс Еркін деген баланың үйдегі әрекеті мен мектептегі өзін ұстауының қарама-қайшылығынан шығады. Баланың үйдегі қылығын көршісінің аузынан естісек, мектептегі өзгерген қалпын сыныптас досының айтқанынан білеміз. Екі суреттеуде бір кейіпкер екі түрлі, екі бала сияқты көрінеді.

Мектепте:

Қай жұмысқа жұмсаса,

Көремін алда жүргенін.

Үйде:

Көрдік біз де жұмысын,

Ондай ісі құрысын.

Ойыншығын тартып ап,

Жылатты кеше інісін.

Осы тұста тағы да мектептегі құрбылары Еркіннің үйде мұндай оспадар қылықтар жасайтынына сенімсіздік білдіріп, оның мектептегі үлгілі істерін алға тартады.

Мектепте:

Естімедік біз мұны,

Мектепте Еркін үлгілі.

Баяндама жасады,

Еңбек жайлы ол бір күні.

Үйде:

Еңбек жайлы деймісің?

Ондай болмас жай кісің.

Бізге салса берер ек,

Еріншектің бәйгесін, -деп автор Еркіннің екі түрлі келбетін суреттей келіп, былайша тұжырым жасайды:

Газетте тұрса суреті,

Ол Еркіннің бір беті.

Бір Еркінді екеу қып,

Жаратқан екен құдіреті!

Көріп отырғанымыздай, мектептегі Еркін мен үйдегі Еркіннің іс-әрекеттері бір-біріне мүлдем сай келмейді. Осы арқылы автор жұрт көзіне дұрыс көрініп, оңашада басқаша күй кешетіндердің алдамшы қылығын сипаттайды. Балаларды ондай әрекеттерден аулақ болуға тәрбиелейді.

Шағын, драмалық қойылымдарда бүлдіршін баланың ой-санасын дамытумен қатар, оның белгілі бір ұғым төңірегінде кеңірек мәлімет алуына жағдай жасалады. 1990 жылы жарық көрген «Мектеп кеші көңілді» деген кітапқа жинақталған сценарийлер мен әдеби-музыкалық қойылымдарда да негізінен алғанда осындай мақсат көзделген. Жинақты құрастырушы кітаптың алғы сөзінде өз мақсатын былай деп көрсетеді:

«Әсіресе, төменгі класс оқушыларының өмірінде мектеп ертеңгіліктері ерекше орын алады. Бұл жаста балаларға сезімталдық, әсерленгіштік қасиеттері тән. Жолда жүру ережелеріне арналған танымдық ойыннан сол ережелерді тікелей жаттатқаннан гөрі, көбірек ұғынып, жадында сақтайды. Кештерді әзірлеу барысында балалар өз беттерімен ізденуге, творчестволық қабілетін танытуға мүмкіндік алады. Өнерпаздық, білімпаздық қасиеттері ұшталады, арман-қиялдарына қанат бітеді» [2, 3].

Аталған кітапта «Қош бол, сүйікті әліппем», «Айналайын, ақ мамам», «Жасыл шырша жанында», «Жол тәртібін жадыңда ұста», «Кім болам?», «Сыңғырла соңғы қоңырау» сияқты мектеп дәстүріндегі әр түрлі мерекелерге арналған әдеби-музыкалық қойылымдар мен Т.Дәуренбековтің «Қонбаған ем», Ә.Шынбатыровтың «Жұлдызды түн» пьесалары жинақталған.

«Қонбаған ем» пьесасы өтірік балгер болып жүрген Бибі деген кемпірдің іс-әркетін әшкерелеуге құрылған. Оның бал ашып жүрген кітабы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының ескі нұсқасы болып шығады. Пьеса мақсаты – діни уағыздарды өз пайдасы үшін, олжа табу үшін арам пиғылда пайдаланатын адамдарды сынайды.

Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі ойнақы, жеңіл қалжыңға құрылып, тәрбиелік мақсатты орындауға бағытталған. Жазушы ұстаз Ә.Табылдиевтің мектеп өміріне арналған интермедиялары көбінесе эстетикалық-этикалық, дүниетанымдық, тәрбиелік мақсаттарды қамтиды. Ә.Табылдиевтің интермедияларында кейіпкерлер тұрақты: Күлдірген мен Бүлдірген. Кейіпкерлердің тұрақтылығы ұсақ драмалық шығармаларда жиі кездесетін құбылыс. Автор екі тұрақты кейіпкердің көмегі арқылы әдеп, әдет, адамгершілік, экология, эстетика-этика, дүниетанымдық және т.б. көптеген тақырыптарда әңгіме өрбітеді.

Ә.Табылдиевтің «Бір үзім нан» интермедиясында балаларға нанды қадірлеу, оны аяққа баспау керектігін көрсетеді. Шығармада сонымен бірге нанның қасиеті туралы өлеңдерден үзінді келтірілген. Бұл өлең жолдары көрермен жас баланың есінде тез қалу мүмкіндіктерімен ерекшеленеді. Бала үлкеннің өсиет қып айтқан ақылынан гөрі өзі сияқты баланың шынайы сөзін тезірек қабылдайды.

Ә.Табылдиев шығармаларында пьеса кейіпкерлері сахна төрінен көпшілікке ой тастап, оларды да әңгімеге тартып отырады. Сахнадан балаларды әңгімеге тартып, көрерменді қоса ойландыратындай жағдай тудырудың мәні зор. Белгілі бір ұғымның мәнін ашып, түсіндіретін шағын шығармалар Ә.Табылдиевтің «Тағылым»  жинағына жинақталған.

«Тыныштық» интермедиясында Күлдірген мен Бүлдірген «тыныштық» деген сөздің мәнін түсіндіреді. Үзінді келтірсек:

«Күлдірген:

— Балалар, мен сендерге бір қызық сұрақ қоямын. Бұл жерде не жақсы?

Бүлдірген:

— Дүние жүзінде бәріміз жақсы көретін қымбат нәрсе – тыныштық.

Күлдірген:

— Балалар, Бүлдірген дұрыс айтып тұр ма? Меніңше, дүние жүзінде «ана» деген сөзден асқан ардақты, қымбат сөз жоқ қой деймін».

Осыдан кейін көрерменді әңгімеге тарта отырып, екі бала «тыныштық» деген сөздің мәнін ашады.

Автор «жыртқыш» сөзінің омонимін орынды пайдалана отырып, кітап жыртудың жаман екенін, кітап жырту да хайуандық екенін түсіндіріп өткен.

Жалпы мектеп сахнасына арналып жазылған интермедиялардың көбі юмормен көмкеріліп, тәрбиелік, дүниетанымдық мақсатты көздейді. «Тағылым» жинағына кірген интермедиялар да әдептілік, экологиялық, тәлімдік, дүниетанымдық мәселелерді көтеріп, оқырман, көрермен балалардың білімі кеңейе түсуіне мүмкіндік тудырады деп айта аламыз.

Кейінгі кезде мектеп сахнасына арналып жазылған скетчтер де шағын драма түрі ретінде дамып келеді. Скетчтер сатиралық ойын-сауық кештерінде қойылатын шағын көріністі шығармалар. Белгілі бір рөлді ойнаушы баланың юморлық қабілетін скетч дамытып, оның сөйлеу тілінің ұшқырлығын нығайтады, ой-санасын, психологиясын өрбітуге қызмет етеді.

Қазақ балалар драматургиясында скетчтердің туып, қалыптасуына Қ.Ыдырысов, Ә.Табылдиев сияқты жазушы-педагогтар үлкен үлес қосты. 1970-80 жылдардағы барлық балаларға арналған шығармалардағы сияқты скетчтердің де негізгі тақырыбы – жақсы оқу, тәртіпті болу мәселелеріне құрылған.

Кейінгі кезде мектеп сахналарында көркем шығармалардың инсценировкалары да көбірек қолданыла бастады. «Инсценировка – прозалық немесе поэзиялық туындыны сахнаға, теледидар, радио қойылымдары үшін арнап, қолайлап, шығарманың мазмұнын, идеялық мәнін, көркемдік ерекшеліктерін сақтай отырып, драмалық формада автордың өзі яки өзге қаламгердің қайта жазып шығу түрі» [4, 169].

Жазушы Ә.Табылдиев мектеп бағдарламасындағы эпостық жырлардың инсценировкаларының үлгісін өз еңбектерінде көрсетіп жүр. Инсценировкалар арқылы эпостық шығармалардың эстетикалық, этикалық, тарихи және көркемдік мәнін ашу құр оқығаннан әсерлірек болмақ. Ә.Табылдиев мектеп сахнасына арналған инсценировкалары туралы былай деп ой бөліседі:

«Орта мектеп сахнасына арнап, эпостық шығармалардың инсценировкаларын көркемдеп қою керекті нәрсе. Мектепте эпостық шығармалардың инсценировкаларын толық түрінде және үзінде ретінде қуыршақ театры арқылы көркемдеп көрсетудің тәрбиешілік, ұйымдастырушылық мәні зор» [5, 113]. Бүлдіршін жасындағылар үшін ертегілер мен шағын әңгімелердің инсценировкалары да балабақшаларында қолданылады.

Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі – бір актылы пьесалар. Шағын пьесалардың ерекшелігі – олардың ойды нақтылы, тез жеткізуінде және оқиғаның тез басталып, жедел өрбуінде. Драматургия – әдебиет жанрларының ең қиыны. Сөйлеу тілімен ғана сомдалатын көркем шындықты көрерменінің жас ерекшелігіне бағындыра отыру талабы да бар. Бала жасы кіші болған сайын оған арналған драмалық шығармаларға қойылатын талап та күшейе түседі.

Ересек адамдар үшін 2-3 жастың айырмашылығы ескерілмесе, балалар үшін маңызы зор. Сондықтан да балаларға арналған драмалық шығармаларды жас ерекшелігіне сәйкес жіктеп қарастырған жөн. Бүлдіршін жасындағылар үшін көбінесе бір актылы шағын пьесалар арналуы да олардың жас ерекшелігімен байланысты. Шағын пьесалардың оқырмандар мен көрермендерге жол табуы балалар газет-журналдары арқылы болып отырады. Әсіресе, «Балдырған», «Қазақстан пионері», кейіннен «Ұлан», «Пионер», кейін «Ақ желкен» басылымдарының беттеріне шыққан шағын пьесалар оқушы балалар үшін, мектеп сахнасы үшін маңызы зор болды.

Осындай шағын пьесалардың бірі – А.Сатаевтың «Айға сапар» деп аталатын шығармасы. Пьеса 1960 жылы «Балдырған» журналында жарық көрген. «Айға сапар» пьесасына балалардың ойын кезіндегі шағын тартыстары негіз болған. Ойынға келген Сәуле түйіншекке нан, май, колбаса салып ала келеді. Асқар оған: «Күнге жақындағанда еріп кетеді, майды нанға жағып жеп алайық», – деп ұсыныс жасауы бала психологиясына сай шыққан сөздер болуымен әсерлі.

Сәулені өздерімен бірге «айға» ала барғысы келмей, онысын білдірмегенсіген Асқардың: «Басыңда шлемің жоқ, аспанда жел қатты болады, құлағыңа жел тиеді», – деуі де бала ұғымына сай сөздер. Төкен деген баланың дүрбісін қызғанған Асқар: «Дүрбі керек, бірақ ауыр болады» – деуі, Төкеннің: «Мұның салмағы түспейді, мойнымнан тастамаймын», – деп жауап қайтаруы бала мінезінің аңқаулығын көрсетеді. Соңында айға бара жатқан балалардың қызыл ту ала кетулері де сол кездегі кеңестік идеологияға сай нанымды шыққан.

Жанұядағы бала мінезін, оның өзіндік психологиясын көрсетуге талпынған пьесалардың бірі – Ж.Молдағалиевтің «Жез қоңырау» туындысы. Пьеса әкесіне өкпелеп үйден кетіп қалған баланың монологымен басталады. Өзімен-өзі қалған Жақып әкесінің мінезін түсінбей былай дейді: «Әкемнің мінезі қызық. Апама ұрса береді. Бүйте берсе мен оны жақсы көрмеймін. Бүгін жылқыдан келді де, шай неге қойылмаған деп айқай салды. Ал мамамның қолы тиді ме?» Осылайша әкесіне ренжіген бала мамасын жақтап: «Түске дейін кір жуды, сиырды өріске айдады, жүгіріп ләпкеге барды, ферманың ыдыстарын жуды», – дейді.

Іздеп жүрген әкесіне оның бірден шықпауы, қоңырау үні арқылы «хабар» беруі баланың мінезіне, психологиясына сай шыққан. Автор пьеса кейіпкерлері арқылы шағын болса да психологиялық портрет жасауға тырысқан. Шығармадағы тартыс та бала жан дүниесінің ішкі тартысы ретінде көрінген.

1920-30 жылдардағы әдебиетке баға бере келе, академик Р.Нұрғали былай дейді: «Қазақ драматургиясының төркінін іздегенде, ең алдымен ұлттық әдебиет үлгілеріне ден қою қажет. Жанрдың жалпы заңдылықтарын, драматургия сабақтарын Европа нұсқаларынан үйренген қаламгерлер, өмірлік материалдарды сұрыптап, шығарма мақсатына орай пайдалануға келгенде – ана топырағындағы дәстүрлерді ілгері жалғады» [3, 222].

Аты аталып талданған ертегілік тақырыпта жазылған балаларға арналған туындылардың сол кездегі басқа да балаларға арналған пьесалардан биік тұруы ұлттық ерекшеліктің сақталуында.

Балаларға арналған шағын драмалық шығармалардың көбі бүлдіршін жасындағылар мен төменгі сынып оқушыларына арналған. 1970 жылдары жазылған осындай шығармалардың бірі – С.Омаровтың «Ақымақ арыстан» пьесасы. Пьесаның тақырыбы бір қарағанда бірлік, ынтымақ, жауыздық, сатқындық тартысына құрылғандай көрінеді. Автор аталған күштердің қақтығысы арқылы бейбіт өмір идеясын алға шығарады.

Қорыта айтқанда, шағын драмалық шығармаларды екіге бөліп қарастыруға болады:

  • интермедия, скетч;
  • бір актылы пьесалар, шағын инсценировкалар.

Интермедия, скетч сияқты ұсақ туындылар концерттік қойылымдар арасында қойылып, балалардың юморды түсінуіне ықпал етеді. Қазақ балалар драматургиясында балаларға арналған юморлық шағын шығармалардың авторлары Қ.Ыдырысов, Ә.Табылдиевтар өз шығармалары арқылы жеткіншектерді күлдіре отырып тәрбие беруге, үлгі-өнеге айтуға негіздей жазған. Мұндай шығармалардың ұтымды тұсы кейіпкерлерінің аз, оқиғасының тез туып, жылдам шешімге келуінде.

Барлық драмалық туындыларға тән интермедия мен скетчтерде өзіндік тартыс болады. Тартыс көлемді пьесадағыдай болмаса да, белгілі бір дәрежеде негізгі идеяны ашу үстінде қолданылатыны белгілі. Интермедия, скетчтерді қазақ балалар драматургиясының дамуының бір баспалдағы деп айта аламыз.

Бүлдіршіндерге арналған пьесалардың бір актылы, шағын болып келуі, олардың даму, жетілу психологиясы мен берілген ақпаратты қабылдау мүмкіндіктеріне байланысты. Мұндай пьесаларда оқиға тез өрбіп, жедел дамиды. Бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне байланысты шығарма тілі де белгілі бір дәрежеде қарапайым, түсінулеріне жеңіл болып келеді. Себебі, жазушы жазып отырған оқиға, әрекетке бүлдіршін көзімен қарауы керек. Мұндай талаптарды орындаған бірқатар туындылар жоғарыда талданып сараланды.

Қазақ балалар драматургиясында бүлдіршіндер мен төменгі сынып оқушыларына арналған пьесалар әлі де болса жинақталып, талданып, өз бағасын тәуелсіз әдебиет тұрғысынан алатыны даусыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қуандықов Қ. Театрда туған ойлар. –Алматы: Жазушы, 1972. -241 б.
  2. Мектеп кеші көңілді / Құрастырушы: Боранғалиев Т. –Алматы: Балауса, 1990. -321 б.
  3. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі / Құрастырушылар: Ахметов З., Шаңбаев Т. –Алматы: Ана тілі, 1998. -342 б.
  4. Табылдиев Ә. Халық тағылымы. –Алматы: Балдырған, 1992. -141 б.
  5. Табылдиев Ә. Тәрбие өрнектері. – Алматы: Балдырған, 1989. -189 б.

 

Нувти Айғайша

Қарағанды облысы Теміртау қаласы №19 жалпы білім беретін орта мектебінің қазақ тілі және әдебеті пәні мұғалімі

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ